Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:47, 29 Қараша 2018

Волейбол: Ақтөбе жарап тұр

Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында волейболдан жоғарғы лигадағы ерлер командалары арасында Қазақстан Республикасының XXVII чемпионатының I тур ойындары аяқталды.
Айтулы шара облыс әкімінің орынбасары Ақан ӘБДУӘЛИЕВТЫҢ жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілеуімен басталды: – Бүгінгі дүбірлі доданың Жетісу жерінде өткізілуі біз үшін үлкен мәртебе. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауында саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселесіне ерекше тоқталып, ұлт денсаулығын сақтаудағы рөліне баса назар аударды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңірімізде көптеген халықаралық, республикалық жарыстар өткізілуде, –деді ол.Республикалық демекші, дүбірлі додада Шымкент қаласынан «Динамо-Қазығұрт», Қостанай облысынан «Динамо-Қостанай», Ақтөбе облысынан «Ақтөбе», Қызылорда облысынан «Қайсар», Батыс Қазақстан облысынан «Жайық» және Алматы облысының «Жетісу-Жастар» командалары бақ сынасты. Осы ретте, өңір-өңірден әуе доп шеберлері ала допты ұршықша иіріп, жиналған жұртқа тартысты ойын көрсетті. Мәселен, алғашқы турдың қорытындысы бойынша «Ақтөбе» командасы көш бастап тұр. Тек алаң қожайындарынан жеңілген ұжым 12 ұпай жинаса, жергілікті «Жетісу – Жастар» мен «Динамо-Қазығұрт» еншісіне 10 ұпай бұйырды. Ал қызылордалық «Қайсар» командасы 9 ұпайға қол жеткізсе, «Жайық» әзірге 4 ұпайды місе тұтты. Тиісінше, түстік тұстан келген «Динамо-Қостанай» бұл турда ұпай жинай алмады.Айта кетейік, аталған шара аясында волейболдан жасөспірім қыздар мен ұлдар арасында өткен  Қазақстан Республикасының күзгі чемпионатында жүлделі орын алған облыс спортшыларын марапаттау рәсімі де өтті. Нақтырақ айтқанда, волейболдан Теміртау қаласында жасөспірімдер арасында өткен күзгі чемпионатта облыс қыздары жүлделі 1-орынды жеңіп алса, Қызылорда өңірінде өткен додада ұлдар командасы  тұғырдың екінші сатысынан көрінген болатын.Фото: inform.kz
Тегтер: