Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:41, 24 Желтоқсан 2025

WBO Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауына байланысты алғашқы шешімін жариялады

Әлімханұлы
Фото: из открытых источников

Бүкіләлемдік бокс ұйымы (World Boxing Organization / WBO) желтоқсан айына арналған кәсіпқой боксшылардың жаңартылған ресми рейтингін жариялады. Бұл тізімде допинг дауына іліккен қазақстандық боксшы Жанибек Алимханұлы әзірге әлем чемпионы мәртебесін сақтап қалды.

Жаңартылған рейтингке сәйкес, Жанибек Алимханұлы орта салмақта WBO нұсқасы бойынша чемпион ретінде қала берді. Яғни, оған қатысты бұрын айтылған ескертулерге қарамастан, WBO тарапынан әзірге титулынан айыру туралы шешім қабылданған жоқ. Сонымен қатар, ол International Boxing Federation (IBF) тұжырымы бойынша да әлем чемпионы атағын сақтап отыр.

Алайда беделді The Ring журналы Алимханұлын өз рейтингінен алып тастады. Бұл шешім халықаралық бокс қауымдастығында түрлі пікір тудырды.

WBO рейтингінде қазақстандық тағы екі боксшы бар. Екінші орта салмақта Әли Ахмедов 15-орындағы позициясын сақтап қалды. Ал екінші жартылай жеңіл салмақта Сұлтан Заурбек бір ай бұрынғыдай 14-орында тұр.

Алимханұлының мансабындағы ең шешуші кезең 2026 жылғы 8 қаңтарда басталмақ. Дәл осы күні оның В-допинг сынамасы ашылады. Нәтижесіне қарай боксшының тағдыры мен чемпиондық болашағы анықталуы мүмкін.

Еске сала кетейік, желтоқсан айының басында Жанибек Алимханұлының қараша айында алынған А-допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткені белгілі болды. Сынамада тыйым салынған мельдоний препараты анықталған. Бұл сынақ Алимханұлының WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы Эрисланди Ларамен өтетін біріктіру жекпе-жегіне дайындық барысында алынған.

Аталған жағдайға байланысты Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы ресми мәлімдеме жасап, істің әділ әрі ашық қаралуы тиіс екенін жеткізді. Ал Жанибек Алимханұлының командасы боксшының допинг қолданды деген айыптауды түбегейлі жоққа шығарып отыр.

Алдағы апталарда В-допинг сынамасының нәтижесі жарияланып, бұл іс халықаралық бокс ұйымдарының түпкілікті шешіміне негіз болмақ.