WSJ: Ресей Украинадағы соғыс тәжірибесіне сүйеніп, Иранға көмек көрсетіп жатыр
Украинадағы соғыс барысында Ресей Shahed үлгісіндегі дрондардың технологиясын жетілдіріп, енді бұл тәжірибесін Иранмен бөлісіп жатыр.
Сонымен қатар, Мәскеу Тегеранға спутник деректерін де беріп жатыр. Бұл туралы The Wall Street Journal жазды.
Ресей Ислам Республикасымен әскери ынтымақтастықты күшейтіп, Иранның АҚШ пен Израильге қарсы қақтығысында ақпараттық қолдау ауқымын кеңейткен. Басылымның 17 наурыздағы мәліметіне сәйкес, Мәскеу Тегеранға спутниктік суреттер ұсынып, аймақтағы америкалық күштерге соққы жасау үшін дрондардың жетілдірілген технологияларын берген. Бұл ретте Ресей Украинадағы соғыс тәжірибесін пайдаланып отыр.
WSJ дереккөздерінің айтуынша, Ресей беріп отырған технологиялар модернизацияланған Shahed дрондарының құрамдас бөліктеріне қатысты. Олар навигация, байланыс және нысананы анықтау жүйелерін жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар Мәскеу Иранға операция кезінде қанша дрон қолдану керектігі және оларды қандай биіктіктен жіберу тиімді екені туралы да кеңес беруде.
Бұған дейін WSJ Ресейдің Иранға Таяу Шығыстағы АҚШ және оның одақтастарының әскери күштерінің орналасуы туралы мәлімет беріп отырғанын хабарлаған. Басылымға сұхбат берген дереккөздер — Еуропа елдерінің бірінің жоғары лауазымды барлау қызметкері мен аты-жөні аталмаған Таяу Шығыс дипломаты — соғыс басталған алғашқы күндерден-ақ Ресей мен Иран арасындағы ынтымақтастық тереңдей түскенін айтады. Соңғы уақытта Ресей спутниктік деректерді тікелей Иранға бере бастаған.
Сарапшылардың пікірінше, Мәскеудің Тегеранға көрсетіп отырған көмегі соңғы жылдары АҚШ пен Еуропаның Украинаға берген қолдауына ұқсас. Бақылаушылардың болжамынша, дәл осы Ресейден алынған мәліметтер Иранға Таяу Шығыстағы АҚШ-тың радар жүйелеріне соққы беруге көмектескен болуы мүмкін. Атап айтқанда, Иорданиядағы THAAD зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі, AN/TPY-2 радарлары, сондай-ақ Бахрейн, Кувейт және Омандағы нысандар осы қатарда.
Айта кету керек, Иранның тактикасы — зымыран шабуылы алдында радарларды дрондар арқылы жою — Ресейдің Украинадағы соғыста қолданған әдісін еске салады.
Ресей мен Иран арасындағы әскери ынтымақтастық Украинадағы соғыс аясында күшейді. Киевтің мәліметінше, ауқымды басқыншылық басталғалы бері Ресей Украинада 57 мыңнан астам ирандық Shahed дронын қолданған. Қазіргі таңда бұл дрондар Ресейдің өзінде өндіріліп, әрі қарай жетілдіріліп жатыр. WSJ дерегінше, Мәскеу осы жетілдірілген нұсқаларды енді Тегеранға беруде.
Кремль бұл ақпаратқа әзірге түсініктеме бермеген. АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф Ресейдің Иранға барлау мәліметтерін беріп отырғанын жоққа шығарған. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей Иранға «аздаған» көмек көрсетіп жатқан болуы мүмкін екенін айтқан.
Сонымен қатар, Ирандағы қақтығыс Ресей үшін белгілі бір деңгейде тиімді болып отыр. Мысалы, осы жағдай аясында АҚШ-тың Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын жеткізуі азайған. Бұдан бөлек, Иранның әлемдік мұнай және сұйытылған газ тасымалында маңызды рөл атқаратын Ормуз бұғазын жабу қаупі мұнай бағасының өсуіне алып келді. Бұл Ресей экономикасына тиімді әсер етуде. Бағаны тұрақтандыру мақсатында Трамп әкімшілігі Ресей мұнайына қатысты санкцияларды жұмсартқан.
Дегенмен, сарапшылар Ирандағы жағдай Ресей үшін теріс салдарларға да әкелуі мүмкін екенін айтады, әсіресе егер Ирандағы қазіргі режим құлатылса. Соған қарамастан, Мәскеу әзірге өз одақтасына көмектесу арқылы АҚШ-қа қысым жасаудың мүмкіндігін көріп отыр.