XII Азаматтық форум – жаңа серіктестік формуласы
2025 жылғы 16 қазанда Астанада өткен XII Азаматтық форум – мемлекет пен қоғамның өзара қарым-қатынасындағы жаңа кезеңнің айғағы.
«Әділетті Қазақстан: Азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы серіктестік» деген ұранның өзі қазіргі саясаттың бағытын айқындайды. Іс-шараға 700-ден астам адам, соның ішінде парламент депутаттары, ҮЕҰ өкілдері, сарапшылар мен дипломаттар қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға арналған құттықтау хатын ішкі саясат жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев оқып берді. Онда Мемлекет басшысы Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлін ерекше атап өтіп, олардың елдің тұрақтылығын нығайтудағы үлесін жоғары бағалады: «Бүгінде елімізде 18 мыңнан астам ҮЕҰ жұмыс істейді. Сіздер “Адал азамат”, “Заң және тәртіп”, “Таза Қазақстан” қағидаттарын жүзеге асыруға белсенді қатысып келесіздер», – делінген хатта.
Мемлекет соңғы бес жылда әлеуметтік жобаларға бөлінетін қаражатты екі есеге ұлғайтқан. Бұл қаржы негізінен қоғамдағы өзекті мәселелерге бағытталады: жастарды қолдау, инклюзия, әлеуметтік бейімделу, экологиялық бастамалар. Форумда аталған сандар жай статистика емес – азаматтық сектордың ел дамуына тікелей қатысы бар екенін көрсетеді.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз сөзінде парламенттік реформа мен қоғамдық бақылау жүйесін жетілдірудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары азаматтық форумдарда көтерілген ұсыныстар нәтижесінде 2030 жылға дейінгі азаматтық қоғам тұжырымдамасы, «Қоғамдық бақылау туралы» заң, онлайн-петиция институты, қоғамдық кеңестердің қызметін күшейтуге бағытталған түзетулер қабылданды.
Биылғы форумның ерекшелігі – аймақтық деңгейде дайындық жұмыстарының кең көлемде жүргізілуі. Барлық өңірлерде өткен кездесулерге үш мыңнан астам ҮЕҰ қатысып, 200-ге жуық ұсыныс енгізді. Бұл ұсыныстар енді Үкіметтің әлеуметтік саясатындағы жаңа бастамаларға негіз болмақ.
Сарапшылардың пікірінше, азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы диалогтың институционалдық деңгейге шығуы – тұрақты даму мен сенім кепілі. Форум нәтижесінде ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың серіктестігі жаңа форматта жалғасады: енді ҮЕҰ тек грант алушы емес, мемлекеттік саясатты қалыптастырудың тікелей қатысушысына айналады.
Азаматтық форум – формалды жиын емес, елдің болашағын анықтайтын пікір алаңы. Ал мұндай алаңдар неғұрлым көп болса, «Әділетті Қазақстан» соғұрлым шынайы болмақ.