«Яшкино» мен «Кириешки» брендтерінің негізін қалаушы Ресейде террорист деп танылды
Ресейдің Қаржы мониторингі қызметі кәсіпкер Денис Штенгеловты экстремистік қызметке немесе терроризмге қатысы бар тұлғалар тізіміне енгізді.
Ол «Яшкино» және «Кириешки» брендтерінің негізін қалаушы ретінде белгілі.
Тиісті ақпарат ведомствоның ресми сайтында жарияланған.
Тізімге оның әкесі — Николай Штенгелов та енгізілген. Реестрде олардың бір ұйым құрамында екені көрсетілген.
Ресейдің Бас прокуратурасының мәліметінше, Штенгеловтар Украина Қарулы күштерін қаржыландырды деген күдікке ілінген. Тергеу нұсқасы бойынша, Николай Штенгелов Украина аумағында әскери сипаттағы бөлімше құрған. Кейін ол бірқатар әскери құрылымдардың кадрлық негізіне айналған.
Ал Денис Штенгелов украиналық қарулы құрылымдарға азық-түлік пен өзге де тауарларды жеткізді деген күдікке ілінген.
Денис Штенгелов — «КДВ Групп» холдингінің негізін қалаушы. Бұл компания «Яшкино» печеньесі мен «Кириешки» сухариктері сияқты танымал өнімдерді шығарады.
Ол алғаш рет 2023 жылы Forbes журналының нұсқасы бойынша Ресейдің ең бай кәсіпкерлері тізіміне енген. Ал 2025 жылы ресейлік миллиардерлер рейтингінде 98-орын алған.
БАҚ мәліметінше, 2025 жылдың қазан айында Мәскеудің Тверь аудандық соты Штенгеловқа тиесілі «КДВ Групп» холдингін мемлекет пайдасына өткізу туралы шешім қабылдаған.
Қазіргі уақытта кәсіпкер отбасымен бірге Аустралияда тұрып жатқаны хабарланып отыр.