Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:07

Заң диктатурасы: заң кімге және қалай үстемдік етеді?

Халық заңгері-2024
Фото: ашық дереккөз

Кейінгі жылдары Қазақстанда «заң диктатурасы» деген тіркес жиі қолданылып жүр. Мемлекеттік түрлі жиын-шаралардан бастап, Ұлттық құрылтай, мәжіліс отырыстарына дейін «заң үстемдік ететін мемлекет құрамыз», «заң диктатурасын орнатамыз» деген секілді құлаққа ұран сияқты естілетін сөздер жиі айтылатын болып жүр.

Жалпы заңның да, диктатураның да не екенін білгенімізбен, осы екі ұғымның басын қосып тұрған оксюморонның мәні көкейімізге қона бермейді. Сарапшылар заңның үстемдік етуі дегенде санада бірден «қандай заң?» және «кімге үстемдік етеді?» деген сұрақтың қатар туатынын айтады. Жалпы «заң диктатурасы» дегеніміз не, ол саясатта қалай көрініс табады? Бүгін «Жас Алашта» сарапшы мамандармен бірге осы тіркестің мәні мен түп-төркініне үңіліп көрдік. 

Жалпы «бәріміз заң диктатурасына бағынамыз», «заң бәрінен үстем» деген сыңайдағы ұрандар Кеңес одағы тарағаннан кейінгі екіұдай кезеңдерде етек-жеңін енді жиып жатқан посткеңестік елдерде кең тараған риторика еді. Белгілі ресейлік саясаттанушы, тарихшы Сергей Медведевтің бұл туралы «Заң диктатурасы – посткеңестік кеңістікте еркіндіктен қорқатын элитаның идеологиялық жауабы» дегені бар. Мәселен, Беларуссияны 30 жылдан бері басқарып келе жатқан Лукашенко 1993 жылғы ең алғашқы инаугурациясында: «Әлемдік қауымдастыққа тең дәрежеде кіруге ұмтылған елде мүмкін болатын жалғыз диктатура – заң диктатурасы» деп ұрандатқан еді. Ресейдің президенті болып 5-рет сайланып отырған Владимир Путин де 2000 жылы билікке келгенде «заңның диктатурасын» өзінің саяси лозунгына айналдырған. Посткеңестік елдер мен Ресейдің саяси жүйесін зерттейтін саясаттанушы Жиль Фаварель-Гарригес Путиннің 2000 жылдардың басында «заң диктатурасы» ұғымын аймақтағы басшыларға ықпал ету, билікті орталықтандыру тетігі ретінде пайдаланса, кейін келе мұны заңды құрал ретінде пайдаланып, саяси қарсыластарын ығыстыру, элитаны тәртіпке келтірудің жолына айналдырғанын айтқан.

Қазақстан билігі де «Заң мен тәртіптің үстемдігі» дейтін тіркесті жиі қолданады. Көбіне «диктатура» дегенді қазақша тігісін жатқызып, «үстемдік» деп атайды. Саясаттанушы Жанат Момынқұлов «заң үстемдігі» мен «заң диктатурасы» екі бөлек ұғым екенін және мұның Қазақстанды құқықтық мемлекетке де, заңмен бүркемеленген жаңа авторитаризмге де алып келуі мүмкін екенін айтады.

– Негізгі айырмашылықтар мынада: мысалы, АҚШ-та заң биліктің құралы емес, заң билікті шектейді; соттар атқарушы биліктен тәуелсіз; президент заңды мәжбүрлеп таңа алмайды; заңның өзі қоғаммен, соттармен, Конгреспен тежеледі. Сондықтан онда заң диктатурасы емес, заң үстемдігі бар. Меніңше, Қазақстан билігі мұнымен «заң бәрінен жоғары тұруы тиіс»; «ешкім, тіпті элита да заңнан тыс, жоғары болмауы керек»; «мемлекет заңды қатаң әдіспен орындатуда саяси ерікке ие» дегенді айтқысы келеді. Алайда осы тұста заңды кім жазады, кім қолданады және кім түсіндіреді? деген маңызды сұрақтар туындайды. Дәл осы сұрақтың жауабы еліміздегі саяси режимнің сипатын анықтайтын болады. Ал негізінде біздің биліктің либерал еместігі анық, сонымен қоса, қытайлық яки ресейлік нұсқадағы классикалық персоналист автократ та емес. Оның дискурсы тұрақтылық, тәртіп, басқарылатын реформа, элитаны бақылауда ұстау идеяларына негізделген. Осы арқылы билік элитаға «бұрынғыдай бетімен кеткендік болмайды» деген сигнал берсе, қоғамға «қатаң әдістерге барсақ та, әділет орнатамын» деген уәде береді. Бұл әдіс – жүйені шайқалтпай өзгертуге бағытталған, жоғарыдан басқарылатын, құқықтық формадағы авторитарлы модернизация.

Ал әлеуметтанушы Серік Бейсембаев мәселе заңның үстем болуында емес, адамдардың құқығына, талабына сәйкес қабылдануында екендігін алға тартады.

– Дамыған демократиялық қоғамдарда «құқық үстемдігі» деген түсінік қолданылады. Яғни, бірінші орында адам хақы: cөз бостандығы, білім алу, саяси өмірге араласу сияқты негізгі құқықтар тұрады. Заң осы құқықты қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді. Ал авторитарлы елдерде алдымен заңды қабылдап алады да, бұл адам құқығын қаншалықты қамтамасыз етеді, қаншалықты әділетті дегенге қарамастан, заң негізінде ғана басқару жүйесін орнатады. Мұны түсіну үшін саясаттануда rule of law, rule by law деген түсініктер қолданылады. Rule of law – құқық үстемдігі, яғни билік заңға бағынады деген сөз. Ал Rule by law – заң диктатурасы. Мұнда заң билікке қызмет етеді. Қазақстан осының классикалық үлгісі. Біздегі қабылданып жатқан, әсіресе саяси саладағы заңдарды әділетті деп айту қиындау. Мысалы, митингке шығатын болсаңыз, міндетті түрде алдын ала рұқсат алуыңыз керек. Ал ол – әр адамның конституциялық құқығы. Одан бөлек, саяси партияларды тіркеуді кедергісі көп, машахат шаруаға айналдырып қойған, тіпті мүмкін емес деуге болады. Мұның бәрі заң негізінде реттелген, яғни азаматтардың ерікті, еркін түрде саяси бәсекелестікке қатысу мүмкіндігі шектеулі деген сөз. Тарихқа көз жүгіртсек, заң диктатурасы авторитарлы диктатураларда кеңінен қолданылған. Мысалы, Кеңес одағы, нацистік Германия кездерінде заң барынша қатал болды. Бірақ заңның қаталдығы оның әділеттілігін білдірмейді, керісінше, түрлі қуғын-сүргіндерге алып барады, – дейді әлеуметтанушы.

Адам құқықтарын қорғайтын Human Rights Watch сияқты халықаралық ұйымдар Қазақстанда қабылданған және ұсынылып отырған бірқатар заңнамалық нормаларды адам құқығын өрескел бұзады деп бағалайды. Мысалы, 2024 жылы қабылданған «Масс-медиа туралы» заң бойынша онлайн басылымдарды да бұқаралық ақпарат құралы ретінде қарастырып, оларды міндетті түрде тіркеуді және Қазақстан аумағында физикалық өкілдігінің болуын талап етеді. Сондай-ақ материалдарында экстремизм насихаты бар деп танылған шетелдік БАҚ өкілдеріне үкімет аккредитация беруден бас тарта алады. Human Rights Watch ұйымы осы тұста «экстремизм» ұғымының анықтамасы нақты емес екеніне назар аударып, биліктің мұны өз ыңғайына қарай бұрмалауы мүмкін екендігінен қауіптенеді.

2025 жылы Қазақстан СІМ осы заңның талаптары бойынша елде аккредитациясыз, заңсыз жұмыс істеді деген айыппен «Азат Европа/ Азаттық радиосы» медиакорпорациясының 7 журналисіне әрі қарай аккредитация беруден бас тартқан болатын. Ал «Азаттықтың» Қазақстандағы басшылығы өтінішті аккредитация уақыты бітерден 2 ай бұрын бергенін айтып, министрліктің қарау мерзімін әдейі созып, тілшілерге аккредитация бермеуге ілік болатын жағдайды қолдан жасады деп сотқа берген. Алайда «Азаттық радиосының» тілшілерінің ісі бойынша былтыр 20 тамызда өткен сот та, биыл қаңтарда өткен апелляциялық сот та министрлік шешімін заңды деп тапты.

Бұдан бөлек, желтоқсанда журналист Гүлнар Бажкенова «көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты» деген айыппен 2 айға үйқамаққа алынып, ол басқаратын Orda.kz интернет басылымының редакциясында полиция тінту жүргізіп, тілшілерді тергеген болатын. Бажкенованың адвокаты Мұрат Адам полицияның қылмыстық-процестік заңнаманы бұзғанын хабарлады. Артынша, Әділет министрлігінің талабы бойынша сот Мұрат Адамды «әлеуметтік желілерде сотқа дейінгі тергеу барысы туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты» деген айыппен сотқа беріп, адвокаттық лицензиясынан айырды.

Kaztag ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасенов те желтоқсанда дәл осы «көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша күдікке ілінген. Қазір Қасенов үйқамақта отыр. Айыпталушылар мұны Қазақстандағы еркін баспасөзге жасалған қысым деп мәлімдеді.

Human Rights Watch ұйымы Қазақстан заңнамасындағы экстремизмге қатысты баптардың да кең әрі бұлыңғыр тұжырымдалғанын және мұның билікті сынға алған тұлғаларға қарсы қолданылатынын айтады. Мысалы, «экстремистік қызметті қаржыландыру», «Тыйым салынған экстремистік ұйымның қызметіне қатысу» баптары бойынша марафоншы Марат Жыланбаевтың, журналист Думан Мұхаммедкәрімнің, белсенді Асылбек Жамұратов бас бостандығынан айырылып, қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салынған.

Қазақстанда жақында қабылданған «ЛГБТ насихатына» тыйым салу туралы заңды да халықаралық құқық қорғау ұйымдары адам құқығын өрескел бұзады деп санайды. Мәселен, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі сарапшылары заң жобасы талқыланып жатқан тұста мұның сөз бостандығы және заң алдындағы теңдік қағидаты сияқты адам құқықтары саласындағы міндеттемелерге қайшы екенін, зорлық-зомбылыққа жол ашатынын айтып, заңды қабылдамауға шақырған. Соған қарамастан, заң елде мақұлданып, президент 30 желтоқсанда аталмыш заңға қол қойды.

Айта кетерлігі, Қазақстанда қабылданған осы заң жобасының кейбір нормалары 2013 жылы Ресейде енгізілген «ЛГБТ насихатына тыйым салу» заңнамасына өте ұқсас. Сонымен қатар аясы кең, тұжырымдамалары бұлыңғыр «экстремизмге қарсы» заңнамалық бастамалардың да Қазақстаннан бұрын Ресей мен Беларусь елдерінде қабылданғаны белгілі.

Халықаралық құқықтық сарапшылардың пікірінше, мұндай нормалар екі елде де саяси белсенділерді, оппозиция өкілдерін және журналистерді қудалау үшін құқықтық негіз ретінде қолданылып келеді. Бұдан бөлек, былтыр мәжілісте Ресейдің «репрессивті» деп саналатын «иноагенттер» туралы заңнамасында ұқсас «шетелдік агенттер» туралы заң қабылдауды ұсынған депутаттар да болды. Осыған қарап кейбір сарапшы, мамандар «заңның үстемдігінің» жай ғана саяси слоган немесе жалынды ұран емес, нақты жүзеге асырылып отырған биліктің позициясы екенін айтады. Мысалы, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев: «Менің ойымша, соңғы жылдары елде авторитарлы басқару жүйесі күшейді. Бастапқыда саяси реформалар, «Жаңа Қазақстан» идеясын ұсынып жүргенде билік адам құқығы туралы көп айтатын. Ал қазір ондай риторика жоқ деуге болады. Қазіргі уақытта тек «заң диктатурасы», «заң мен тәртіп» дегенді алға тартады. «Заң диктатурасы» – шағын ғана топтың мүддесін қамтамасыз ету үшін қабылданған заңдар секілді көрінеді. Ал ондай диктатураның кәдімгі саяси диктатурадан айырмашылығы аз. Мысалы, жемқорлықпен ұсталып жатқан шенеуніктер, бірнеше жылдан кейін босап, басқа бір қызметке тағайындалып жатады. Сәйкесінше, заң қарапайым азаматтарға келгенде күшейе түседі. Заң шығару жүйесі, сот жүйесі, атқарушы жүйе барлығы орталықтандырылған биліктің қол астында болғандықтан, заң тек басқарушы топтың мүддесіне жұмыс істейді де; қоғамның, азаматтардың мүддесіне жұмыс істемейді. Сондықтан Қазақстанда соңғы жылдары адам құқығын қорғау тұрғысынан артқа кетушілік байқалады».

Заңның үстем болғаны жақсы. Бірақ тәуелсіз соты, сенімді сайлау жүйесі мен билік бөлінісі тең болмаған жерде «заң диктатурасының» кәдімгі диктатурадан айырмасы шамалы. Ал осы тіркесті саяси слоган еткен елдердің қазіргі жағдайы мұның мәнін тіптен аша түсетіндей.

Қосқанат Бауыржан