Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:35, 28 Наурыз 2024

Заңға сенімсіздіктің себебі – жемқорлық

Құралай Қантаева
Фото: Құралай Қантаева

Соңғы уақыттарда елімізде заңның өктемдік ететіні, тәртіптің қатаятыны туралы жиі айтыла бастады. Осыған қатысты біраз жұмыстар да істеліп жатыр.

Алайда біз ескеруге тиісті бір түйткіл бар. Ол – халықтың заңға деген сенімі. Ұзақ жылға созылған жемқорлықтың, жең ұшынан жалғасқан «бармақ басты, көз қысты» заңсыздықтың кесірінен бе, шынын айтқанда, қазір қарапайым халық заңға, құқық қорғау және арнайы органдарға сенімсіздікпен қарайды. Мұның себебі неде, бұдан қалай айығуға болады? Бұл сұрақтарға әлеуметтанушы Құралай Қантаева жауап берді. 

– Әлеуметтік сенімсіздік деген құбылыстың өзі Қазақстанда өте өзекті. Әсіресе посткеңестік елдерде мұндай үрдіс анық байқалады. Себебі Кеңестік қоғамның жұмыс жасау жүйесіне қарасақ, оларды ұжымдық басқару кезінде бір нәрсеге сендіріп басқарған. Ол үшін мемлекет екі түрлі сценарий жасайды, біріншісі, жақсы, барлығы орындалған жағдайда осындай күшті қоғам орнайды деп сендіру. Ал екіншісі, теріс сценарий, оған адамдар жаппай сенімсіздікпен қарау керек, әртүрлі қауіптерден сақтану үшін, қатерлерден айналып өту үшін әлгі «жақсы сценарий» орындалу үшін бәріміз мынадай әрекет жасауымыз керек дейді. Яғни билік тарапынан бұған адамдарды сендіреді. Осыдан соң қоғам мүшелері айтқан уәделер орындалмаған жағдайда, әртүрлі саяси сәтсіздіктер орын алған жағдайда санада сенімсіздік пайда болады. Демек, біз сөз етіп отырған сенімсіздік тарихи тұрғыда қалыптасқан.

Енді нақты сұраққа көшейік. Шынымен де Қазақстанда қабылданып жатқан, атқарылып жатқан заңдарға, құқық қорғау органдарына сенімсіздік байқалады. Мұны әлеуметтік желілерде, қоғамдық талқылау кезіндегі түрлі пікірлерден анық байқауға болады. Себебі адамдардың көңілінде қабылданған заңның адамдар үшін дұрыс жұмыс жасауына деген күмән басым. Әрине, мұның өзіндік себептері де бар, өйткені осыған дейін заң барлық азаматтарға бірдей емес, кейбір азаматтарға басымдырақ қызмет еткен жағдайлар жиі кездесті. Немесе кейбір заңдардың жалпыға тиімсіз болғаны да жасырын емес, осыған байланысты сенімсіздік пайда болды, мұны бір себеп деңіз. Екіншіден, қабылданып жатқан жаңа заңдар туралы ақпараттың жеткіліксіздігі. Мысалы, бір жаңа заң шықты дейік, оның міндеті қандай, бізге нендей мүмкіндік береді, осы жайында нақты ақпарат болмаған жағдайда сенімсіздік туындайды. Мұнда қоғамдық қатысудың маңызы зор. Жаңа заңдар қабылданған кезде тиісті органдар заңды дайындайды, оны талқылайды, сол талқылауға қоғамның қатысуы маңызды. Егер олай болмаса, қоғам жаңа заңдардың қабылдануына өзінің ешқандай қатысы болмағанын сезінеді. Тіпті ол заңның өзіне қаншалықты қызмет ете алатыны туралы түсінігі де болмайды.

Сенімсіздіктің ендігі бір себебі – қоғамда ашықтықтың болмауы және сыбайлас жемқорлықтың әлі де болса толықтай жойылмауы. Яғни адамдар әлі де заңның өнімді жұмыс жасайтынына сенбейді, мұның себебі, әрине, жемқорлық.

Заңға деген сенімсіздікті қалай жоя аламыз. Біріншіден, жоғарыда айтқанымдай, заңдарды қабылдаған кезде ашықтыққа баса мән беру қажет. Бұл тек қана заңды қабылдаушы органдардан, яғни мәжіліс пен сенаттық талқылаудан өту ғана емес, кейбір ауқымды заңдарды жалпы қоғамдық талқылауға жіберу арқылы қоғамдық келісімді ескеріп қабылдау қажет.

Екіншіден, жаңадан бір заң қабылданса ол әу баста азаматтарға түсініксіз, бұл қандай заң, не үшін керек, қандай артықшылығы бар, міне, осыны түсіндіретін әртүрлі ақпараттық науқандар жүргізілуі тиіс. Мұнда ресми порталдарды, түрлі әлеуметтік желілерді пайдалана аламыз. Демек, қабылданған жаңа заңның бізге не үшін керек екенін түсіндіру арқылы қоғамдық сенімділікті оятамыз. Үшіншіден, сыбайлас жемқорлықты жоюдың тетіктерін әлі де болса күшейту керек. Себебі тиімді, жан-жақты, детальді түрде қабылданған, талқыланған, сондай бір кемелді етіп әзірленген заңның өзі тиісті түрде жұмыс жасамаса, оның бізге ешқандай пайдасы жоқ. Сондықтан құзыретті органдар заңдардың жұмыс жасауын бақылау керек. Сондай-ақ менің ойымша, үкімет порталында қоғаммен ашық байланыс тетігін құру қажет. Қабылданатын заңдарды халық осы порталдан көріп талқыласа, пікірін білдірсе, бұл да заңға деген, құқық қорғау органдарына деген сенімді арттырады.

Жақсылық Қазымұратұлы