Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:19, 19 Мамыр 2023

Заңғар Бердіқұлов С.Бердіқұловтың ұлы: Қонаевтан жиі сөгіс еститін

None
None

– Заңғар аға, біз С.Бердіқұловтың журналистік, жазушылық қырын ғана жақсы танимыз.

Ал о кісі қандай әке еді?

– Баланың әр іс-әрекеті, ой-пікірі отбасында көріп өскеніне қарап қалыптасатыны – әлдеқашан дәлелденген дүние. Сол секілді менің де үлгі, өнеге алатын ең үлкен адамым – әкем. Әр отбасы жеке мемлекет. Ол мемлекеттің іргетасын қалаушы, басқарушы – отағасы, әке. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Тіпті тәрбиенің түпнегізі әкеден бастау алады. Қазіргі кезде жиі ұшырасатын отбасылық мәселелердің барлығы тәрбиенің аздығынан туындайды. Менің әкемнің де оң мен солымды ажыратып, адам болып қалыптасуымда маңызы зор. Соның берген ақылы, әкеміздің бойымызға сіңірген құндылықтары арқылы қазір өзіміз де бала тәрбиелеп жүрміз.

Әкеміз отбасында жұмсақ кісі болды деп айта алмаймын. Оның қаталдығы мен бірбеткей мінезі әлі күнге көптің аузында жүр. Қызметте қалай болса, үйде де сол қалпын ұстады. Кейде балалықпен бұзықтық жасасақ басымыздан сипай қоймайтын (күлді). Ол кісі тек қатал ғана емес, әділ адам болды. Шындықты жаны сүйді. Қызуқанды мінезінен болар, әкемді ашуландыру оңай еді. Әсіресе сөйлеп жатқанда өзіне біреудің қарсы шыққанын ұнатпайтын. Мінезіне қатысты бір оқиға есіме түсіп отыр. Әкем қыста ауа райы жақсы күндері тауға серуендеуді ұнататын. Бірде қар жауған күннің ертесіне әкем екеуміз Медеуге бара жаттық. Ол уақытта Медеуге «коробочка» деп аталатын кішкентай автобус жүретін. Ағаштар қар жамылған, күн жарқырап тұр. Бір кісі даланың әдемі көрінісіне қызығып кеткен болуы керек: «Какая замечательная русская зима!» – деп қалды. Бұл сөзі әкемнің ашуына тиіп кетті ғой деймін, «Какая тут еще русская зима, где ты видишь русскую зиму?! Это тебе не русская зима!» – деп, әлгі кісіге айқай салды. Анау да қайтпайды екен, екеуі автобустың ішінде айқаласып кетті. Бір кезде әкем жүргізушіні тоқтатып, сол адамды ақыры автобустан түсіріп жіберді. Міне, мінезі осындай болатын.

– Отбасыңызда неше ағайындысыз? Әкеңіздің қаталдығы бала тәрбиесінде қалай әсер етті?

— Әкем мен анам 1959 жылы танысқан. Анам сол кезде қазіргі ҚызПҰУ-де оқиды, ал әкем жұмыс істейді екен. 1960 жылы екеуі шаңырақ көтерген. Біз отбасымызда үш ағайындымыз, мен – үлкенімін. Әкем қайда барса да, мені қасынан тастамайтын. Менен кейін Гауһар, Шынар деген екі қарындасым бар. Әкем бізді «мынадай болыңдар» деп әдейі тәрбиелеген емес. Ол өз заманының, мамандығының көшбасшысы болды. Сондықтан біз әкемізге қарап бой түзедік. Әкеміздей болғымыз келді. Отбасымызбен спортқа жақын өстік. Мен Алматыда дүниеге келдім, кейде әкем екеуміз мен туылған үйге барып қайтатынбыз. Қазір ол үй жоқ та шығар, Алматының төменірек жағында еді.

 Әкем бізді тек бірінші сыныпта ғана жетектеп апарды, кейін өзіміз қатынап үйрендік. Сабақта түсінбеген сұрақтарым болса, орындай алмаған тапсырмаларымды ғана әкемнен сұрайтынмын.

– Сіздің спорт бағытын таңдауыңызға әкеңіз қаншалықты әсер етті?

– Әкем спортты жақсы көрді, маған да: «Спортпен айналыс», – деп жиі айтатын. Мектеп кезінде гимнастикамен шұғылдандым, кейін уақыттың ыңғайы болмай оны тоқтаттым. Сонымен қатар студенттік кезде альпинизммен айналыстым. Қазір бұл саладан да разрядым бар. Әкем футболды жақсы көрді, тұрғын үй ауласында болатын матчтарға бірге қатысатын едік. Әртүрлі чемпионаттарға, матчтарға бала кезімде талай рет бірге бардық. О кісі «Қайратты» жақсы көрді, сол құраманың жанкүйері болдық. Бала кезімде спорт туралы жазған кітаптарын оқып, керемет әсер алдым. Кітаптарында жазған оқиғаларды бізге айтып отыратын, Мексикадағы әлем чемпионатына қалай барғанын, қалай аудармашы болмаса да, Пелемен кездескенін жиі еске алушы еді.

– Отбасыңызда әкеңіздің жолын жалғап, журналистикаға келген балалар бар ма?

–  Ешқайсымыз әкеміздің жолын қуып, журналистика, жазушылық жағына кетпедік. Кіші қарындасым Шынар әңгімені жақсы айтады, сол қасиеті әкеме ұқсаған сияқты. Немерелерінің ішінде менің балам Әмірханның жазуға бейімі бар, мүмкін сол әкем сияқты журналист не жазушы болатын шығар деген үміттенем. Қазір филологияда оқиды.

– Атаңыз Бердіқұл кезінде «халық жауы» боп атылып кетіпті. Әкеңіз осы оқиға туралы жиі айтатын ба еді?

– Әкеміз кейде бізге ренжігенде: «Сендер бақытты ұрпақсыңдар, ештеңенің қадірін білмейсіңдер, себебі әкелерің бар» деп ұрсатын еді. Бердіқұл атам 1937 жылы 28 қарашада, әкемнің төрт жасында «халық жауы» деп ұсталып кетеді де, 10 желтоқсанда атылады. Әкемнің әкесі туралы ештеңе есінде қалмаса керек. Білуімше, атам Бердіқұл Кененбайұлы Қарақыстақ қыстағында колхоз бастығы болған. Сол қызметінен жала жабылып, ұсталған. Қайда жерленгені де, қай жерде атылғаны да әлі белгісіз. 1955 жылы ақталған соң, қанша рет мәлімет іздесек те, ештеңе таба алмадық. Әкем үш ағайынды: Әлімбай деген ағасы мен Анар есімді қарындасы бар. Ағасы Әлімбай соғысқа кеткенде әкем небәрі сегіз жаста болыпты. Кейін әкем мектеп бітіргеннен соң оқуын жалғастырмақшы болады, сонда ауылдағы үлкендер Бәтима әжемізге «Жігіт болған балаңды оқу деп қаңғыртқанша жұмыс істет, сені асырасын» депті, әжеміз бұл сөздерге мойын бұрмай, ұлын оқуға жіберіпті. Әкеме бала кезінде: «Халық жауының баласысың» деп жиі қысым көрсетсе керек, сол сөзге намыстанғаннан өзін дәлелдеуге, мойындатуға асыққан. Кейде маған дәл осындай тұлғаға айналуына сол ішін өртеген намыс та себеп болған сияқты сезіледі.

– Әкеңіздің сізді таңғалдырған, әлі күнге дейін есіңізден кетпейтін қандай қасиетін айтар едіңіз?

– Әкемнің қай қасиеті де мен үшін үлгі, атап айтқанда намысшылдығы мен алға қойған мақсатынан қайтпайтын бірбеткейлігі – нағыз ер адамға тән қасиет деп есептеймін. Мысалы, «Лениншіл жас» газетінде редактор боп жүрген кезде, әр жыл сайын Наурыз мейрамында мерекелік нөмір шығарып отырған. Сол кездегі қысым мен саясаттың ұстанымына қарамастан, қорықпай, ұлттық мерекемізді дәріптегені үшін талай сөгіс алып, сөз естіген. Тіпті осы ісі үшін «Үлкен үйге» Қонаевтың алдына жиі шақырылатын, сөгіс еститін. «Үлкен үйдегілер»: «Енді мұндай нөмір шығарма, бұл соңғы қатаң ескертуіміз» деп айтатын көрінеді. Әкем де еш қарсылықсыз «жарайды» дейді екен. Сөйтіп, ол жақтан сүлкіні түсіп, көңілсіз қайтады екен. Келесі жылы бұл «қателігін» тағы қайталайды екен. Тағы да сөгіс, қатаң ескерту, қарсылықсыз бас изеу, сүлкіні түсіп кері қайту… Сонда да еш мұқалмайтын, алған бетінен қайтпайтын.

Тегтер: