Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:52, 31 Қаңтар 2023

Зейнетақы қоры «банкомат» емес...

None
None

Біздің үкімет халықтың там-тұмдап жинаған қаражатын өзіне қимайтын кезде алдына жан салмайды.

Қилы-қилы жобаларды ойластырып, елді жаңылдыруға шебер. Мысалы, 2020 жылы елде Қазақстан азаматтарына зейнетақы қорындағы қаражаттың белгілі бір бөлігін алуға рұқсат ететін заң қабылданды. Болжам бойынша 721 мыңдай ел азаматы зейнетақы қорынан  1,7 триллион теңге шешуі керек-тін. Бұл бастаманың арқасында бірі ипотекасын жауып, бірі пәтер алу үшін бастапқы жарнаға құйып, ел еңсе тіктегісі келіп еді, былтыр үкімет алды да қолдануға болатын зейнетақы шегін өсіре қойды. Сөйтіп, халықтың жиған зейнетақы жинағын қолына тигізбейтін амалдарды жасап тынды.

Ал енді  сол зейнетақы жинағын халыққа  қимағандар, осы қордағы қаражатты ұлттық холдингтерге беруді тыймай тұр. Ұлттық банктің есебінше, биылғы жылы «Бәйтерек» ҰБХ»  БЖЗҚ-нан 500 млрд теңге қарыз алды. Аталмыш холдинг бұл қаражатты машина жасау, металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, инфрақұрылым және басқа да салалардағы ірі жобаларды кредиттеуге бөлуді жоспарлап отыр.

      Жалпы, бұған дейін Қазақстанда үш ұлттық басқарушы холдинг болды. Олар – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ және «Бәйтерек» ҰБХ». Бұлардың жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының үкіметі. Үш басқарушы холдинг активтерінің жиынтық құны 32 трлн теңгені құраған болатын.  Бұл елдің ЖІӨ-нің 51,7 пайызына тең, яғни холдингтердің Қазақстан экономикасына ықпалы зор. Ал енді осы «экономикамызға ықпалы зор» деп құрылған  қорлардың ішінде  «ҚазАгроның» шығыны көбейіп кеткендіктен,  2020  жылы  «Бәйтерекпен» қосылуға мәжбүр болды. Ең қызығы, кезінде «ҚазАгроның» пайдасы аз, шығыны көп екендігі көзге ұрып тұрса да отандық ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруға рекордтық сомадағы қаражаттар бөлінді.  Зейнетақы қорындағы қаражатқа қол салып, аталмыш қордан қарыз алған холдингтің бірі осы «ҚазАгро» болатын. Өкінішке қарай, одан бұл саланың кем кетігі толысқан жоқ.  Бұдан бөлек, мамандар «Бәйтеректің» де өз миссиясын толық орындай алғанына күмәнмен қарайды.

«Елдегі ірі жобаларды, бизнесті, тұрғын үй саласын, жалпы алғанда, тұтастай экономиканы дамытуға септігін тигізуі тиіс холдингтің жұмысы солқылдақ болды», – деседі сарапшылар.

Осы орайда, пікір білдірген экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева былай дейді:

 – Осыдан екі жыл бұрын «Бәйтерекке» қатысты, холдингке 197 миллион теңгені жымқырудың ықтимал фактісі бойынша тексеріс жүргізілгенін, бірақ заң бұзушылық анықталмағанын мәлімдеді. Ұлттық холдинг өкілдері тексеру барысында сыбайлас жемқорлық қылмысы болмағанын мәлімдегенімен, жұрттың көңілінде күдік қалды. Мұндай холдингтің есеп-қисабы, істеген жұмысы – барлығы ашық болуы тиіс. Ал бізде, керісінше, халыққа жақын болу, ашықтық жоқтың қасы. Бұдан бөлек, осы холдингте қызмет атқаратындардың жалақысы өте жоғары. Холдинг басшылары 800 мың, 1 млн теңге көлемінде жалақы алады. Меніңше, қазіргі кадрларды ауыстырып, әр салаға жаңа буын, жас білікті мамандарды тартқан абзал.

  Негізінен, мамандардың пайымдауынша, «зейнетақы қорынан қарызға қаражат алып, экономиканы дамытамыз, белгілі бір саланы өркендетеміз» деу ақылға қонымсыз. «Зейнетақы қоры шалажансар жатқан салаларға алынбалы-салынбалы түрде қаржы бере беретін «банкомат» емес».

Мәселен, соңғы бес жылда зейнетақы қорындағы қаражат теміржол саласын жаңғыртуға, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында екінші деңгейлі банктерге қандай да бір жобаларды қаржыландыруға бөліне бастады. Әттеген-айы сол – бұл салалар жанданып, өркендеп кете қойған жоқ. Ақиқатқа тура қарасақ, зейнетақы қорынан және басқа да көздер арқылы бюджеттен қаражат алған теміржолдың кем-кетігін қазір жыр қылып айтып, тізіп шығуға болады. Бұдан бөлек, зейнетақы қорының қаражаты өзіміздің банктерді қойып, шетелдің банкін де жарылқады, ұлттық компанияларымыздан бөлек, шетелдік компанияларға да берілді.

  Ақылға салатын болсақ, нақ қазір халықтың зейнетақы қорындағы қаражаты онсыз да құнсызданып жатыр.  Егер үкімет мұны ескеретін болса, зейнетақы қорындағы қаржыға индексация жасауы керек. Мысалы, теңгенің құнсыздануына байланысты зейнетақы қорындағы қаржыға қаншама қауіп төнді. Бұған қатысты экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева:

— Доллар қымбаттаған сайын зейнетақы қорындағы халықтың  қаражаты да қатар  құнсыздануда. Біздің үкімет әр жаңа жыл сайын жәрдемақы мен зейнетақыға  болмашы үстемеақы қосады. Бұл индексацияға жатпайды. Қымбатшылық дендеді ме, үкімет салымшыларға доллар мен теңге арасындағы айырманы төлеп беруі керек. Сондықтан қазір салымшылар тапқан табысының 10 пайызын зейнетақы қорына құйып жатса, енді бұдан бөлек, инфляция, қымбатшылық, құнсыздануға байланысты үкімет мемлекеттік индексация жасап, салымшыларға мемлекет есебінен  тағы тиісті әрі қомақты пайыз құйып беруі қажет.

Өкінішке қарай, біздің тиісті уәкілетті органдар мамандар тарапынан айтылған мұндай ұсыныстарды ескере бермейді. Осындайда өздеріне шімірікпестен, миллиардтап сыйақы тағайындап алатын шенеуніктер мен ұлттық компания басшыларының ұятының оянбайтыны еріксіз қынжылтады. Мысалы, өткен жылы «ҚазАтомПром» АҚ басшылары 9 адамға 1 миллиард 58 миллион теңге сыйақы тағайындады деп бір шуладық. «Qazaqgaz» компаниясы 11 адамға 529 миллион теңге төлеген деп бір туладық. Ең қызығы, халыққа қызмет көрсетуі мүлдем сын көтермейтін «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы 8 қызметкеріне 391 миллион теңге сомасында сыйақы бергенін естіп тағы таңдандықБұған министрлердің, депутаттардың, әкімдердің айына қанша миллиондап жалақы алатынын қоссақ, тіптен түңіліп кетеміз.  Шындап келгенде, олар осылай шалқып тасып, бюджеттің қаражатын оңды-солды шашып өмір сүріп жүргенде, біздің қарияларымыз қалт-құлт етіп, өлместің күнін кешіп жүр. Зейнетақысын не дәрі-дәрмекке, не коммуналдық төлемге жеткізе алмай, қарызға батып жүргендері де жетерлік. Ал экономиканы алға сүйреуші, халықтың жағдайын оңалтуға бірден-бір атсалысушы алып  холдингтер болса, сол ел жинаған зейнетақы қорынан қарыз алып «экономиканы дамытпақ». Рас, қордағы қаражат босқа жатпай айналымда жүріп пайда әкелуі тиіс шығар. Бірақ «пайдасынан зияны көп» болып кеткен өзін-өзі ақтамайтын жобалардың барын мойындауымыз керек. Сондықтан болашақта – Ұлттық банк пен үкімет қордағы қаражатты жерге қаратып, бет-жүзді қызартпайтын, үмітті ақтайтын салаларға ғана салу жағын ойластырғаны абзал.

Тегтер: