Зейнетке шығу бір арман
Бұл өзі зейнетақы қоры ма, халықтың соры ма?!
Біздің елде ең жиі реформаланатын салалардың бірі – зейнетақы жүйесі. Өткен аптада үкіметте зейнетақы жүйесін жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзір болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, зейнетақының ең төменгі мөлшерін күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан 70 пайызына дейін ұлғайту, зейнетақы мөлшерін шектеуді алып тастау, 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің 5 пайыз міндетті зейнетақы жарнасын енгізу, зейнетақыны әлеуметтік мұқтаждыққа пайдалануға рұқсат беру дейсіз бе – жаңа тұжырымдамада толып жатқан жаңашылдықтар баршылық.
Айта кету керек, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үкіметке жаңа тұжырымдаманы таныстырып жатқан тұста Нұр-Сұлтанда 50 жастан асқан бір топ әйел митингіге шықты. Олар билікке «зейнетке шығу жасын 58 жасқа қайтарсын» деген талап қойды. «Бұған дейін құзырлы органдарға жазған хатымызға жауап алмадық» деген әйелдер қауымы: «Елу жастан кейін денсаулық нашарлайды, жұмыс та табыла бермейді. Зейнетке шығу жасын ұлғайтқанда адамдардың өмір сүру жағдайын ескермеген. Бізді естісін, әйелдердің зейнетке шығу жасы бұрынғыдай 58 жас болуын талап етеміз», – деп ашынды. Бұған қатысты министрлік өкілдері «әйелдердің талабын министрге жеткіземіз» деп уәде етті.
Алайда қарапайым халық та, наразылығын білдірген әйелдер де өз талаптарының жоғарыға жетіп, шешімін табатынына сене қоймайды. Себебі қазір елдегі зейнетақы жүйесінің болашағына қатысты халықтың уайымы өте күшті. Тіпті қарапайым халықты қойып, сала мамандарының өздері де біздегі зейнетақы жүйесінің келешегіне алаңдап отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, нақ қазір бірінші кезекте зейнетақы қорындағы қаржыны дұрыс ұқсата алмауымыз бізді қатты алаңдатуы тиіс. Экономика ғылымының докторы, профессор Шаймерден Мырзағұловтың айтуынша, қариялардың қарттығын қамсыздандырамыз десек, аталмыш қордағы қаржыны өзін-өзі ақтайтын салаларға салуды мықтап ойластыру қажет.
– Үкімет осы уақытқа дейін зейнетақы қорындағы қаражатты екінші деңгейлі банктерге қандай да бір жобаларды қаржыландыруға бөліп келді. Бірақ біздегі банктерде өндіріс орындарына барып, кәсіпорынның түсімін зерттеп, олардың шығындары өзін-өзі ақтай ма, жоқ па, оны тереңдеп білу тәрізді маркетингтік тәсіл жоқ. Олар қандай да бір құрылыс компаниясына үй салуға қаржы бөледі немесе бөлінген қаржыны депозитте сақтап, оны халыққа жоғары пайызбен несие ретінде беруге үйреніп алған. Біздегі зейнетақы активтерін ұқсатудың түрі осы. Негізінде, бұл дұрыс емес, – дейді Шаймерден Мырзағұлов.
Маманның пайымдауынша, болашақта дағдарыс орын алса, халықтың зейнетақы қорына жинақталған қаржысының құны кеміп кетпеуі үшін ол қаржы табыс әкеліп тұруы тиіс. Бірақ ақиқатқа тура қарасақ, 2017 жылы зейнетақы қорынан қаражат алған теміржол саласы аса бір жанданып кете қойған жоқ. Сол сияқты зейнетақы қорынан қаражат алған «ҚазАгро» да ауыл шаруашылығын өркендете қоймады. Біз сенген «ҚазАгроның» жұмысы қазір тұралап, жұмысы тоқырап, ақыры атағы дардай холдингпен қоштасуға да тура келді.
Ал енді биыл зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алу мақсатында халыққа пайдалануға беру тетігі іске қосылды. Бірақ бұл реформаның да қызығын белі бүгіліп, еңбектенген қарапайым халық емес, жақсы жалақы алғандардың қатары көбірек көрді. Сонда қарапайым халыққа не істеу керек? Жасы 63-ті алқымдағанша жұмысқа жегіліп, үкіметтің әрбір реформасынан үміттеніп отыра бермек пе? Қазақстандықтарға зейнетке ерте шығу неге арман? Норвегияның қарттары сияқты 50 жастан, Сауд Арабиясы тәрізді 40-45 жастан зейнетке шығу кім-кімнің де болсын арманы. Халықтың бұл арман-мұңын біздің үкімет ұға ма? Әлде осылай жаңғыртуға қатысты жаңа реформаларды жылдан-жылға созып жүре бере ме?!
Хош, зейнетақы жүйесі 2030 жылға дейін жаңғырып, жаңашылдыққа толы болады делік, бірақ оған дейін әлі тоғыз жыл уақыт бар ғой. Сол тоғыз жылға дейін зейнет жасын қайта қарау туралы заң шығару, ең төменгі зейнетақы деңгейін көтеру соншалықты қиын ба? «Абзалында, үкімет шындаса, өзіне қажетті заң қажет болса, тоғыз-ақ күнде реттеп алар еді» деседі сала мамандары.
Бұл ретте мәжіліс депутаттары үкіметке «Қазақстан 1998 жылы бас тартқан зейнетақы жүйесін қайтаруды қайта талқылауға, оны жалпы, сөзбен емес, мемлекеттік бюджеттің нақты қаржылық мүмкіндіктерімен қарастыруды сұраймыз» деген ұсыныстар да айтқан болатын. Мәжілісмендер айтып отырған 1998 жылғы зейнетақы жүйесі бойынша зейнеткерлікке шығу мерзімі – 58-60 жас. Сондай-ақ аталмыш жүйеде кейбір мамандық иелеріне еңбек жағдайының күрделілігіне сәйкес, 60 жастан да ерте зейнетке шығуына мүмкіндік болды. Бұған қатысты қаржыгер Меруерт Молдабаева:
– Қазіргі заңда қарастырылғандай, зейнетке тек құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ерте шығуын әділетсіз деп санаймыз. Себебі кеншілер, металлург, өнер адамдары (балериналар) кәсіби жарамдылығын 60 жастан ерте жоғалтады. Зейнетақы заңнамасында адамдардың түрлі санатына қатысты кемсітушілік болмауы тиіс, еңбек жағдайының күрделілігі тең дәрежеде ескерілуі тиіс деп ойлаймыз. Мұны ескеру керек, – дейді.
Бірақ мұндай ұсыныстар халықтың құлағына жаққанымен, үкіметтің естір құлағы, қарастыратын шарасы әлі бола қоймайтын сыңайлы.
Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай, «зейнетақы қорының кірісін арттырамыз, жүйені реформалаймыз» деп, үкімет те, Ұлттық банк те осы уақытқа дейін біраз қара терге түсті. Ақиқатында, халықтың зейнетақы қорындағы қаражаты жылдан-жылға құнсызданып жатыр. Ал енді 2030 жылға дейін жаңа тұжырымдама күшіне енген тұста қордағы қаражаттан құн қала ма, өзі?!
– Негізінде, доллар қымбаттаған сайын, зейнетақы қорындағы халықтың қаражаты да қатар құнсыздануда. Дамыған ел болсақ, халық бірден индексация жасауды талап ететін еді. Ал біздің үкімет әр жаңа жыл сайын зейнетақыға 10 пайыз үстемеақы қосады. Бұл индексацияға жатпайды. Қаржы заңдылығы бойынша бұлай болмайды. Ең қызығы, үкімет «2030 жылы зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына көтереміз» дейді. Ол аралықта өндіріс дамымаса, инновация жетілмесе, құнсыздану, құлдырау әбден шарықтау шегіне жетіп, 70 пайызға көтерудің маңызы да болмай қалады емес пе?! – дейді сөзін жалғастырған Меруерт Молдабаева.
Сала маманының айтуынша, үкіметке нақ қазір адамдардың ұлттық валютаға, үкіметтің қаржы саясатына деген сеніміне ие болуы қажет болса, ол үшін, әрине, көлемді индексация қажет.
Негізінен, зейнетақы жүйесін басқару туралы сөз еткенде, ойлап қарасақ, қордағы қаржыны инновациялық бағытты ұстанған, инфрақұрылымды дамытатын салаларға беру жемісті болар еді. Нанотехнология, биотехнологияны жетілдіру, ғылымға көңіл бөлу қай кезде де өзекті мәселе. Ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу мәселесі қазір тіптен қажет. Сондықтан қаржыны осы салаларға бөліп, оны нақты қадағалай алғанымызда ұтар едік. Ал бізде байыппен зерттеу жоқ. Қаржы ұқсату жағына келгенде салақтан олақ жаман екенін сезбейміз. Орашолақ ойлап, бөлінген қаржыны қадағалау аз. Осыдан барып болашақта халықтың маңдай терімен жиналған қаражат түкке жарамай, сорға айналмасына кім кепіл?!
Талдап көргеніміздей, бір ғана зейнетақы қорының қаражаты алынбалы-салынбалы болып, өзіміздің банктерді қойып, шетелдің банкін де жарылқады, ұлттық компанияларымыздан бөлек, шетелдік компанияларға да берілді. Бірақ бұдан жұлдызы жанып, жарқырап кеткен бірде-бір саланы көре қойғанымыз шамалы. Бар тапқанымыз – «қордағы қаржыны айналымға саламыз» деп, қарапайым бұқараға зейнетке шығуды қол жетпес арман қылып қойдық. Қазір жұрттың көбінің Тәңірге жалбарынып, «60-63 жасқа немесе зейнет жасына жеткізе гөр» деген тілеумен жүретіні тағы анық. Бұл аздай, үкімет енді «2030 жылы зейнетақыға қатысты жаңа тұжырымдамамен жұмыс істейміз» деп емексітеді. Мұнысы халықтың соры бола ма, әлде бағы бола ма, оны да уақыт көрсетер. Тек, әйтеуір, болашақта үкімет реформа қуалап жүргенде қараша халық еткен еңбегі мен төккен терінің зейнетін көре алмай қалмаса болғаны...