Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:35, 07 Мамыр 2024

«Зеленский формуласына» сыймаған Путин

зеленский

5 мамыр күні Украина президенті Владимир Зеленскийге Ресейде халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды.

 Ішкі істер министрлігінің аса ауыр қылмыс істеп, қолға түспей кеткендердің аты-жөні жазылған тізімінде Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенко да бар.

Бір қарағанда қызық жайт. Ата жауың, ашық дұшпаның тығылмай, көз алдыңда жүр. Әлдебір ел көзі түспейтін, құлағы естімейтін жақта жасырынып жатқан жоқ. Мекенжайы, жұмыс орны, тұратын үйі, қонатын жері бәрі белгілі. Шамаң жетсе бар да қолына кісен сал. Жоқ. Олай істей алмайтынын іздеу жариялағандардың өзі де жақсы біледі. Бұның астарында басқа мән жатса керек. Біріншіден, әдетте халықаралық заң нормалары бойынша іздеу жарияланған адаммен ертең бір дөңгелек үстел басында отырып, ресми кездесу ұйымдастырмайды. Екіншіден, Украина президенті екі жыл бұрын, нақтырақ айтқанда, 2022 жылдың 30 қыркүйегінде «Путин тірі тұрғанда онымен қандай да бір келіссөз жүргізуге тыйым салынады» дейтін жарлық шығарып тастаған. Үшіншіден, былтыр наурызда Гаага халықаралық соты РФ президенті Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген. Бәлкім, бұл Ресейдің Киевтен шыққан жарлық пен Гаагадан жазылған ордерге берген жауабы.

Ресей Украинаның қазіргі және бұрынғы президенттерін іздеп қана қарап отырмаған сынды. Соңғы бірнеше күнде майдан даласында да шабуылды күшейткені туралы ақпарат жиіледі. Украина қарулы күштерінің ресми мәлімдемелеріне қарағанда, орыстар Харьков қаласын атқылауды үдеткен. Донбасс аймағында да іс-қимылы шираған. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, Кремль маңындағы генералдар 9 мамыр жеңіс күніне орай Путинге сыйлық жасауды ойластырған. Кем дегенде бірнеше ауылды алып, майдан шебіне жақын тұрған Часов Яр қаласын тарту етпек дейтін де сыбыс бар. Бұл қаладан ерте ме, кеш пе айырылатынын Украина жағы да терістемейді. Украина әскерінің бас қолбасшысы Александр Сырский дұшпанның кейбір елді мекенде тактикалық тұрғыда жетістікке жеткенін мойындады. Бірақ оны «майдандағы жалпы ахуалға айтарлықтай әсері жоқ» деген қосымша сөзбен бүркемеледі. Әскери адам. Артында оған қарап отырған жүз мыңдаған сарбаз, миллиондаған қарапайым халық бар. Сондықтан «жеңілдік, шегініп барамыз» деп қалай айтады? Оның үстіне, соғысып жатқандары анау-мынау емес, «жау көрмесе қуарған, жауды көріп қуанған, құдайдан дұшпан сұраған» (Қобыланды батыр жырынан), қаруы мен саны басым Ресей. Соғыс болған соң кейде шегіну де, ілгерілеу де қалыпты дүние. Солай десек те, Украинадағы жалпы ахуал жақсы емес. Қаруын шақтап беріп, ақшасын сұратып жүріп әрең бөлген АҚШ-тың көмегі көп кешікті. Кешіккен себепті майдандағы жауынгерлердің рухы сынып, мысы басылып, оғы таусылып, пұшайман күйге түсті. Төпелеген жауға төтеп бере алмай талай сарбаз жер жастанды. Украина үшін қазір адам саны маңызды. Әрбір сарбаздың өлімі олар үшін орны толмайтын шығын. Ал Ресейде әзір ондай қиындық жоқ. Заманауи соғыс қанша жерден технологияның, дрондардың шайқасына айналды деп сипатталса да бәрібір адам факторы шешуші рөл атқарады. Бұны Украина барлау басқармасының бастығы Кирилл Буданов айтып отыр. BBC агенттігіне берген сұхбатында ол «майданға тұтас Ресей халқының санымен тең дрон ұшырсақ та жеңіс қолға түспейді. Ту көтерген адамның аяғы басқан жердегі жеңіс қана шынайы» деген. Украина барлау қызметінің хабарлауынша, мамыр мен маусым айларында орыстар Харьков және Сум облыстарында жаңа шабуылға шығып, оған қоса Донецк, Луганск облыстарының аумағын түгел жаулап алуды көздейді. Сондықтан Украинаның майдан даласында жеңіске жетуі өте қиын, тіпті екіталай екенін қазір Киев те түсіне бастағандай. «Киевті үш күнде аламыз» деп аптығып, тұмсығы тасқа тиген орыстар да Украинаның оңай шағылатын жаңғақ емесін ұққан. Ұлыбританияның The Economist апталық басылымына 2 мамыр күні берген сұхбатында Украина барлау басқармасы бастығының орынбасары Вадим Скибицкий «Украина Ресейді майдан даласында жеңе алмайды. Мұндай соғыстар келіссөзбен ғана бітеді» деп ағынан жарылған. Бірақ ол қазір Украинаның соғысудан басқа амалы жоғын, әйтпесе тұтас елден айырылу қаупі барын айтқан.

Биыл наурызда тағы 6 жылға сайланып алған Путинмен Украина мен оның Батыстағы одақтастары келіссөз жүргізе ме? Жүрсе қандай формада және қандай шарт қойылады? Бұл мәселе алдағы маусым айының 15-16 күндері Швейцарияда өтетін «Жаханның бейбітшілік саммиті» жиынында белгілі болмақ. Саммитті өткізуге Украина президенті Владимир Зеленский мүдделі. Ол соғысты тоқтату жөнінде Киевтің позициясын 2022 жылы қарашада өткен «Үлкен жиырмалық» (G20) саммитінде жариялаған. Бұл құжатты содан бері «Зеленский формуласы» деп атайды. Алдағы саммитте де осы формула сарапқа салынбақ.

Мазмұны 2022 жылы мәлім болған «Зеленский формуласы» Кремльге қолайлы деуге келмейді. Оны Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова «екі ел арасындағы конфликтіге барынша көп мемлекетті араластыруды көздеген қулық» десе, оның бастығы Сергей Лавров та кейін дәл осы тезисті пайдаланып, Украина президентінің құжатын «еш саңлауы жоқ тығырық» деп атаған. Президент Владимир Путин биыл наурызда одан да қатты кетіп: «Келіссөзге дайынбыз ба? Иә, дайынбыз. Бірақ біреудің естен адастыратын бірдеңені ішіп алып жаза салған сандырағына көнбейміз. Бізге қазір жер бетінде болып жатқан жағдайды реттейтін нақты, мазмұнды құжат керек» деп салған. Оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Ресейге тікелей қатысы бар мәселені Ресейсіз талқылау – мәдениетті түрде айтқанда күлкілі» деген. Саммитке Ресейді қатыстыруға жиынды ұйымдастырушы Швейцария үкіметі де қарсы емес. Бірақ Украина тарабы алғашқы жиынды орыстарсыз өткізудің өзекті мәселе екенін алға тартып келеді. Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Ресей делегациясының жиынға «нұрлы ақыл, жылы жүрекпен» келетініне күмән келтірген. Дегенмен екінші, үшінші саммиттерге Кремль адамдары шақырылу керегін украиндер де теріс көрмейтінін емеурінмен танытқан. Президент Владимир Зеленский Швейцариядағы саммит ойдағыдай өтсе, оның қорытындысы Ресейге жіберілетіні және ендігі саммитті Кремльге қолайсыз Еуропада емес, бейтарап аумақта шақыруға қарсы болмайтынын мәлімдеген.

BBC агенттігі сөйлескен дереккөз Швейцариядағы алғашқы саммиттен Киев бәрі бір ауыздан келіскен, төрт аяғын тең басқан дайын құжат күтпейтінін айтқан. Бірақ үміт те жоқ емес. «Зеленский формуласында» қазіргі соғысты біржола тоқтату үшін он шарт қойылған:

1. Ядролық және радиациялық қауіпсіздік.

2. Азық-түлік, астық қауіпсіздігі.

3. Энергетикалық қауіпсіздік.

4. Тұтқындар мен жер аударылғанның бәрін босату.

5. БҰҰ аумақтық тұтастық туралы жарғысын орындау.

6. Ресей әскерінің шығуы және атысты тоқтату.

7. Әділдік орнату.

8. Табиғатты бүлдіруге жол бермеу.

9. Қайта қақтығысқа жол бермеу.

10. Соғыстың аяқталғанын растау.

Он шарттың ішінде Ресейдің қалауын қанағаттандыратын нақты ұсыныс жоқтың қасы. Ядролық қауіпсіздік, азық-түлік пен астық тасымалына тосқауыл қоймау және тұтқындарды босату сынды бірнешеуі жанама түрде орыстарға да керек-ақ. Бірақ бұл шарттар Путиннің әуел бастағы «ұлтшылдардың көзін жою», «Украинаны қарусыздандыру», «қысым көрген орыстарды құтқару», «Украинаны НАТО-ға кіргізбеу» дейтін мақсат-міндетінің ешбіріне сәйкес келмейді. Саммитке шақырылған 160-тан аса елдің өкілі оған келіскенімен құжатты Мәскеу іске алғысыз етсе, еткен еңбек пен төккен тердің зая кететіні түсінікті. Батыс сарапшыларының көбі бұл формуланың осы күйінде қабылдана қоятынына сенбейді. Алайда Еуропа Одағының сыртқы саясатына жетекшілік ететін Жозеп Боррель Украина президенті ұсынған формула жаһандық деңгейде талқыланып жатқан бірден-бір құжаты екенін, өзге ұсыныстарға көпшілік аса мән беріп отырмағанын айтқан. Оның «өзге ұсыныстар» дегені Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның соғыс бастала сала орыстар мен украиндерді Ыстамбұлда жинауы, одан нәтиже шықпаған соң сол жылы күзде Индонезия президенті Джоко Видодоның Киев пен Мәскеуге кезек барып, екі жақты татуластыруға тырысуы болса керек. Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шредер мен Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның да арашаға түскісі келгені тағы бар. Бірақ ертеден путиншіл соңғы екеуіне Украина мен Батыс сенімсіздік білдірген.

Швейцарияда өтетін «Жаһанның бейбітшілік саммитіне» Ресей шақырылмаған. Украина тарабының пікірінше, ең алдымен әлемді «Зеленский формуласы» төңірегінде ұйыстыру маңызды. Алғашқы саммит нәтижелі өтсе оның қорытындысын Кремльге жолдап, орыстарды келесі жиынға қатыстыру көзделген. Украина президенті әкімшілігінің жетекшісі Андрей Ермактың айтуына қарағанда, саммитке қатысу туралы 160 мемлекеттің басшыларына шақырту жіберілген. Киев саммиттен жай ғана делегация емес, елдердің бірінші тұлғаларын, яғни президенттері немесе премьер-министрлерін көргісі келеді. Bloomberg агенттігі кемі 80-100 елден ресми өкіл келеді деп болжаған. Еуропа тарапынан бәрі тегіс қатысатынға ұқсайды. Бұл саммиттен екі күн бұрын Италияда өтетін «Үлкен жетілік» саммитіне келетін АҚШ президенті де Швейцарияны аттап кетпеуі мүмкін. Путиннің көңілін тауып отырған, екі жаққа да сүйкімі һәм сыйы бар Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған да Люцерн қаласына барып қалатын сынды. Араб елдері мен Африка құрлығы, Оңтүстік Америка елдері де артынып-тартынып келмек. Десе де Украина бұл жиынның төрінен көргісі келетін аса маңызды адамның бірі – Қытай төрағасы. Си Цзиньпин қазірге дейін қатысу-қатыспау туралы ештеңе демеген. Алайда Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілдері бұған дейін саммитте Ресей өкілдерінің де отыруына мүдделі екенін аңғартқан. Сондықтан бару-бармау туралы Пекин жақтан ресми мәлімдеме айтылған жоқ. Ресей қатыспайтын іс-шараға Батыс «Путиннің артқы ауласы» деп атайтын Орталық Азия елдерінен кімдердің баратыны белгісіз. Президенттері шақырту алып тұрып бармай қалса «артқы аула» атты қара таңбаның бояуы қалыңдай түсетінін ақ жағалылар айтқызбай-ақ түсінеді.

«Жаһанның бейбітшілік саммитіне» Ресейді қатыстырмауды Украина халқының көбі қолдаған. Қаңтарда жүрген сауалнама нәтижесі соны көрсеткен. «Украина призмасы» қауіпсіздік бағдарламасының жетекшісі Анна Шелест Швейцариядағы саммитті 1943 жылы Иран астанасы Тегеранда өткен конференцияға ұқсатады. Совет одағы, АҚШ және Ұлыбритания басшылары кездескен қауіпсіздік туралы отырысқа Германиядан Адольф Гитлер де шақырылмаған.

Айгүл БАБА