Зеленский Мадуро секілді Рамзан Қадыровты да тұтқындауды ұсынды
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ соғысты тоқтату және Ресей президенті Владимир Путинге қысым көрсету үшін Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты тұтқындау мақсатында арнайы әскери операция жүргізуі мүмкін екенін айтты.
Бұл туралы ол журналистермен кездесу барысында мәлімдеді.
Зеленскийдің айтуынша, бұған Венесуэла президенті Николас Мадуроға қатысты жасалған операцияны мысал ретінде келтіруге болады.
«Міне, сіздерге Мадуроға байланысты мысал. Арнайы операция жүргізілді. Нәтижесін бүкіл әлем көрді. Бұл өте тез жүзеге асты. Ендеше Қадыровқа қатысты да, сол қаскүнемге қатысты да осындай бір операция жасалсын. Мүмкін сонда Путин мұны көріп, ойланар», – деді Украина президенті.
Оның сөзінше, АҚШ-тың Ресейге нақты қысым көрсетуге жеткілікті тетіктері бар және оларды қалай қолдану керегін жақсы біледі. Алайда бұл үшін Вашингтонда Украина мәселесі басты басымдыққа айналуы тиіс.
Зеленский қазіргі уақытта АҚШ президенті Дональд Трамптың өкілдері Ресеймен келіссөздер жүргізіп жатқанын, алайда бұл келіссөздер «уақыт созуға бағытталғанын» атап өтті.
Айта кетейік,Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров соңғы кездері көпшілік алдында сирек көріне бастады. «Новая газета. Европа» басылымының мәліметінше, ол ауыр дертке шалдыққан болуы мүмкін. Кей деректерде Қадыровтың бүйрек ауруына байланысты мәселелері бар екені айтылса, өзге болжамдарда ұйқы безі некрозы диагнозы аталады.
Жақында ол жұртшылық алдына қолына таяқ ұстап көрінді. Бұл кадрлар Ачхой-Мартан ауданындағы Жаңа Шарой ауылында хафиздер мектебінің ашылу салтанатынан жарияланған видеода байқалады.
Аталған видео тарағанға дейін әлеуметтік желілерде Қадыровтың шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгені жөнінде қауесеттер пайда болған еді. Алайда бұл ақпаратты Шешенстанның ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат істері жөніндегі министрі Ахмад Дудаев жоққа шығарды.
Оның айтуынша,Шешенстан басшысы соңғы күндері қоғамдық-саяси жұмыстарын қалыпты түрде атқарып жүрген. Ресми билік өкілдері Қадыровтың денсаулығына қатысты тараған ақпараттарды шындыққа жанаспайды деп атады.
6 қаңтарда Рамзан Қадыровтың өзінің 20 жастағы ұлы Ахмат Қадыровты үкімет төрағасының орынбасары міндетін атқарушы қызметіне тағайындағаны туралы ақпарат тарады.
Ол бұл лауазымды спорт министрі қызметін сақтай отырып атқарады.