Зеленский Парижде Иран шахының ұлымен кездесті
Украина президенті Владимир Зеленский Иранның соңғы шахының ұлы әрі оппозиция өкілі Реза Пехлевимен қайта кездесті.
Парижде өткен кездесуден кейін Зеленский X әлеуметтік желісінде Украина «еркін Иранды» қалайтынын, яғни Ресеймен ынтымақтаспайтын Иранды қолдайтынын жазды.
Оның айтуынша, Ирандағы қазіргі ислам республикасының басшылығы соғыстан пайда көрмеуі тиіс, ал иран халқы өз тағдырын өзі анықтауға мүмкіндік алуы керек.
I met in Paris with the exiled Crown Prince of Iran, @PahlaviReza. We discussed in detail the situation in Iran and the region, as well as the U.S. operation against the terrorist regime. The Crown Prince and his team briefed me on signals they are receiving from inside the… pic.twitter.com/1W22XhbJRH
— Volodymyr Zelenskyy / Володимир Зеленський (@ZelenskyyUa) March 13, 2026
Зеленский сондай-ақ Пехлевиге Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын нақты мәлімдегені үшін алғыс айтты.
Бұл кездесу Зеленскийдің Франция президенті Эммануэль Макронмен жүргізген келіссөздерінен кейін өтті.
Зеленский мен Пехлеви шамамен бір ай бұрын Мюнхен қауіпсіздік конференциясы кезінде де кездескен.
Украинаның алаңдаушылығы
Украина билігі Иранмен соғыс халықаралық назарды Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясынан бұрып жіберуі мүмкін деп қауіптенеді.
Сонымен қатар бұл жағдай Ресейдің соққыларына қарсы тұру үшін қажет қорғаныс ресурстарын басқа жаққа бағыттап жіберуі мүмкін.
Ресей Иранның жақын одақтасы саналады.
Мәскеу Украинаға шабуыл жасау кезінде Иранда жасалған «Shahed» дрондарын қолданады. Кейін Ресей бұл дрондарды жетілдіріп, өз өндірісін жолға қойған.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы
28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағына әуе соққыларын бастады.
Содан бері Иран Израильге, Парсы шығанағындағы бірнеше елге, аймақтағы АҚШ әскери нысандарына зымыран және дрон шабуылдарын жасап келеді.

Реза Пехлеви кім?
Реза Пехлеви – Иранның соңғы шахы Мохаммед Реза Пехлевидің ұлы.
Ол қазіргі кезде АҚШ-та эмиграцияда тұрады және Иранда зайырлы демократиялық жүйе орнатуды қолдайды.
Пехлеви өзін қазіргі ислам режимі құлаған жағдайда Иранның балама саяси көшбасшысы ретінде таныстырады.