Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

Зеленский: Ресейге сенуге болмайды

Зеленский
Фото: Reuters

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Украинаға қарсы ауқымды соғысының басталғанына төрт жыл толуына орай Financial Times басылымына берген сұхбатында Мәскеуге сенуге болмайтынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Мәскеу талап етіп отырғандай, украин әскерін Донбасс аумағынан шығару тұрақты бейбітшілікке жеткізетін жеткілікті шарт емес.

«Шынымды айтсам, бұл Ресейдің жалғыз талабы екеніне сенбеймін. Біз Донбастан шықсақ – соғыс аяқталады дейді. Ресей – Ресей, олардың сөзіне сенуге болмайтынын өздеріңіз білесіздер», – деді Зеленский.

Украина басшысы Киев үшін басты мәселе – жаңа шабуылдың алдын алатын халықаралық қауіпсіздік кепілдіктері екенін атап өтті.

Сондай-ақ Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі қазір бейбіт келісімге қол жеткізу мақсатында Украинаға Ресейге қарағанда көбірек қысым жасап отырғанын айтты. Сонымен бірге ол Батыс елдерін Кремльге экономикалық қысымды күшейтуге шақырды.

Төрт жылдыққа арналған үндеуінде Зеленский Украина тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін сақтап қалғанын мәлімдеді.

«Біз тәуелсіздігімізді қорғадық, мемлекетімізді жоғалтқан жоқпыз. Украина бар, тек картада ғана емес. Украина – халықаралық қатынастардың дербес субъектісі», – деді ол.

Ресейдің Украинаға қарсы толыққанды басқыншылығы 2022 жылғы 24 ақпанда басталды және төртінші жылға жалғасып отыр. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі басқармасы (OHCHR) мен Украинадағы БҰҰ мониторинг миссиясының деректеріне сәйкес, соғыс басталғалы бері 15 мыңнан астам бейбіт тұрғынның қаза тапқаны расталған, 41 мыңнан астам адам жараланған. БҰҰ бұл тек расталған деректер екенін, ал шынайы көрсеткіштер белсенді ұрыс аймақтарына қолжетімділіктің шектеулі болуы мен ақпарат жинаудағы кідірістерге байланысты әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін атап өтеді.

Есептерде тек 2025 жылдың өзінде 2 514 бейбіт тұрғын қаза тауып, 12 142 адам жараланғаны көрсетілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш саналады.