Зеленский: «Украина Иранмен соғысып жатқан жоқ»
Украина президенті Владимир Зеленский Киевтің Иранға қарсы әскери қақтығысқа қатыспайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Таяу Шығысқа тек кеңес беру және сараптамалық көмек көрсету үшін мамандар жіберілген.
Зеленский 14 наурыз күні журналистермен кездесуде ирандық камикадзе-дрондардан қорғану мәселесіне байланысты бірнеше сарапшылар тобы жұмыс істеп жатқанын айтты. Оның сөзінше, әр топта ондаған маман бар.
«Айтарлықтай мықты топтар жіберілді. Әр топта ондаған адамнан бар. Бұл бірнеше адам барып, бір нәрсе көрсетіп келетін жағдай емес. Олар қорғаныс жүйесінің қалай жұмыс істеуі керегін түсіндіріп, сараптама жүргізе алады», - деді Зеленский.
Сонымен қатар Украина президенті украиналық мамандардың әскери операцияларға қатыспайтынын ерекше атап өтті.
«Бұл қандай да бір соғысқа қатысу емес. Біз Иранмен соғысып жатқан жоқпыз. Мәселе – қорғаныс және шахед дрондарына қарсы қалай күресу керегіне қатысты нақты сараптама жүргізу», - деді ол.
Зеленскийдің айтуынша, миссияның мақсаты – серіктес елдерге қауіпсіздік мәселесінде тәжірибе бөлісу ғана.