Жаһандық және бітімгершілік бастамалар: Қазақстанның бейбіт миссиясы

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері өзін халықаралық қауымдастық алдында ядролық қарудан ерікті түрде бас тартқан, бітімгершілік пен диалогты ту еткен мемлекет ретінде танытып келеді.
Елдің сыртқы саясаты «көпвекторлы» деген тұжырыммен ғана емес, нақты бейбіт бастамаларымен ерекшеленеді. Жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа үлес қосу – Қазақстан сыртқы саясатының стратегиялық бағыты. Соңғы жылдары бұл ұстаным әскери-саяси қақтығыстар ушығып тұрған өңірлерде бітімгершілік миссияларға қатысу арқылы айқындалып отыр.

Ядролық қарусыздану: тарихи батылдық
Қазақстанның бейбітшіл бейнесі 1991 жылы Семей ядролық сынақ полигонын жабудан басталды. Кейін Қазақстан ядролық қарудан толық бас тартып, әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан ерікті түрде ажырады. Бұл қадам Қазақстанға халықаралық бедел ғана емес, жаһандық диалогтың сенімді қатысушысы мәртебесін әкелді. Ел МАГАТЭ-мен әріптестік орнатып, Төмен байытылған уран банкін орналастыруға жағдай жасады. 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн ретінде БҰҰ күнтізбесіне Қазақстанның бастамасымен енді.

Бітімгершілік қызмет: бейбіт ұстанымнан нақты әрекетке
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының бірнеше бітімгершілік миссияларына белсенді қатысып келеді. 2018 жылы Ливандағы UNIFIL миссиясына алғаш рет 120-ға жуық сарбаздан құралған контингент жіберілді. Ал 2023 жылы еліміз Голан жоталарындағы UNDOF миссиясына қатысып, әскери контингентін ресми түрде қақтығыс аймағына орналастырды. 2024 жылы Қазақстан 139 әскери қызметкерін бітімгершілік қызметке жіберді. Олар Ливан, Голан жоталары, Батыс Сахара, Дарфур, Кот-д’Ивуар, Либерия, Гаити секілді аймақтарда түрлі штабтық және бақылаушы міндеттерді абыроймен атқарды.
Қазақстан Иракта (2003–2008) инженерлік, саперлік және гуманитарлық миссиялар атқарып, жарылғыш заттарды залалсыздандыру мен инфрақұрылымды қалпына келтіру бағытында жұмыс істеді. Ауғанстанға гуманитарлық көмек жөнелтіп, осы елдің жастарына 1000-нан астам білім беру грантын ұсынды.
Бейбітшілік жолындағы нақты үлес
Бітімгершілік миссияларға қатысу арқылы Қазақстан бейбітшілікке берік ұстанымын нақты әрекетпен дәлелдеп отыр. Бұл – елдің халықаралық беделін көтеріп қана қоймай, Қарулы күштерінің кәсіби әлеуетін арттыруға, офицерлерге нақты жағдайды көру мен жаһандық тактикаларды игеруге мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстан – әлемнің түкпір-түкпіріндегі тұрақсыз аймақтарда БҰҰ туының астында қызмет атқарып жүрген бейбіт сарбаздары бар санаулы елдердің бірі.