Жақыпованың жауы кім? Үнемшіл министр vs тынымсыз зейнеткер
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жұмыс істейтін зейнеткерлерге зейнетақы бермеу туралы ұсыныс айтылыпты.
Жақында ведомство басшысы Светлана Жақыпова осы мәселеге қатысты нақты жоспар жоқ екенін, ұсыныс талқыланатынын жеткізді. Әрине, онсыз да зейнетақы жасы мен көлеміне қатысты әлеуметтік алаңдаушылық бар кезеңде мұндай тақырыптың министрлік деңгейінде қозғалғаны қызық болды. Бұл «тамыр басып көру» ме? Қандай да бір өзгеріс енгізу үшін расында да қажеттілік бар ма? Әлде бір айтылып, қала ма? Кім білсін?! Бірақ қоғам селт ете қалды.
Иә, зейнет жасына жеткендердің көпшілігі жұмыс істеп, жалақы алады. Сол уақытта зейнетақысы да жүріп жатады. Осыны әділетсіз деп есептейтіндер бар көрінеді. Енді штаттағы жұмысы бар зейнеткерлер тек айлық алсын деген ұсыныс шықты. Министрлік үнемделген қаржы 55 жасында зейнетке шыққысы келетіндерге бағытталуы мүмкін екенін де хабарлаған. Жақыпованың сөзінше, білімі мен тәжірибесі сұранысқа ие, өз ісін сүйетін, жұмысынан кеткісі келмейтіндер көп. Сондай азаматтарға зейнетке шыққанға дейін тек айлық төлеу идеясы алға тартылып отыр.
«Сарапшылармен өткен кездесуде осындай ұсыныстың ортаға салынғаны рас. Алайда бұл тек талқылау сатысындағы нәрсе. Әкімдер де, министрлер де, мемлекеттік қызметшілер де келісімшарт бойынша бір жылға жұмыста қалуы мүмкін. Келісімшарт тек бір жылға ұзартылады. Одан соң маман зейнетке шығуы керек. Мысалы, менен зейнет жасына жеткен соң жұмыс істейсіз бе деп сұрайды. Мен жұмыс істейтінімді айтамын. Болашақта ғылыммен айналысуға немесе сабақ беруге мүмкіндігім бар. Тиісінше, осы салаларда жұмыс істеп жүрсем, зейнетақысыз, тек жалақыға өмір сүретін боламын», – деп түсіндірді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Ғылым мен сабақ беруді зейнетке шыққаннан кейінгі хобби деп түсінетін министр ханым бұл жерде бір нәрсені ескермей отыр: «Пенсионердің» бәрі тәжірибесі мен білімін қор қылмау үшін жұмыс істеп жүрген жоқ. Кедейлік деңгейі артып, халықтың әлеуметтік жағдайы жылдан жылға күрделеніп, қымбатшылық жағадан алып жатқан Қазақстанда бейнетінің зейнетін көріп, демалатын қарттар аз. Олар күнкөріс қамын жасап, жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені алып отырған зейнетақыларының көлемі керемет емес. Ал министр ең оптималды, позитивті мысалдарды келтіріп жүр – ӨЗІН!
Сөздің қорытындысы, «ұсынысты қолдау немесе қолдамау қазақстандықтардың еншісінде» болды. Ал халықтың пікірі бесенеден белгілі. Әлеуметтік желілерге көз салсаңыз, «Зейнеткермен, 150-170 мың зейнетақысымен алысу қалып еді», «Бұл – әлеуметтік қорғау министрлігі емес», «Дамыған елдерде пенсия 2 000 доллар шамасында, ал бізде оның жартысы да жоқ», «Ешкім де алпыстан асқан шағында жұмыс істегісі келмейді. Бірақ тамақтану керек, дәрі-дәрмек алу қажет, немере-шөбере бар, той-томалақ бар. Зейнетақы мардымсыз болғасын қосымша табыс көзін іздейсің де», «Бюджетті үнемдеу үшін әкімдер мен тағы да басқа шенеуніктердің қызметтік көліктерін, ведомстволық пәтерлерін қысқартайық. Міне, сонда расында да миллиардтаған бюджет қаржысы үнемделеді», «Декреттік демалыста ұзақ жыл отырмай, 6 айдан соң жұмысқа шығатын аналардың да ақшасын қысқартқан еді. Енді зейнеткерлер ме?», «Жапондардың «Легенда о Нараяме» деген көркем фильмі бар. Ондағы аштық пен тамақтың жетіспеушілігі жаңа қоғамдық саясатқа алып келеді. Қарттарды жардан лақтырады. Мына ұсыныс та осыған ұқсайды емес пе?» деп кете береді.
Оған қоса, әркім өзі көрген күзетшіні, вахташы мен супермаркеттегі «тележкаларды» таситын зейнеткерлерді мысал етіпті. Расында, зейнеткерге жұмыс табу оңай емес. Еңбек нарығында эйджизмнің бар екені де белгілі. Сондықтан ақша табам деген қарттар аз айлыққа, ауыр жұмысқа көнуге әзір тұрады. Оны жұмыс ұсынатын сайттар мен платформалардан анық байқаймыз. Мұндағы вакансиялардың көпшілігі «курьер, вахта, тележник, садовник, тайный покупатель» деген айдармен жарияланған. Көлік пен жүк көліктерін жүргізуге, құжаттармен жұмысқа, күзетке де көп іздейді екен. Ал ұсынылған жалақыға қарасаң, «жылағың келеді».
Жақыпова осы кішкентай ғана көмекке қарап қалған ба?
Министрдің бұл ұсынысымен басқаны былай қойғанда, әріптестері де келіспейді. Экс-министр, қазіргі мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Жақыпованың бұл бастамасы конституцияға қарсы деп салды.
«Бұл идея мемлекеттік шығындар мәселесін әділетті шешуге емес, қарқынды қарсылық білдіре алмайтын әлеуметтік осал топтардың бірі арқылы шығынды азайтуға тырысу секілді көрінеді. Түсінуіміз керек, зейнеткерлер онсыз да барлық қажеттілікті жабуға жетпейтін аздаған сомаға күн көріп отыр. Енді Конституцияда белгіленген осы кішкентай ғана көмек те талқыға салынуда. Алдымен онкологияға қатысты шығындар сөз болса, кейіннен ауыр дертке шалдыққандарды қолдауға қарастырылған бюджет... Енді зейнеткерлер. Олардың басым бөлігі жұмыс істегісі келгеннен істеп жүрген жоқ. Бұл – қажеттілік. Өйткені кірістері базалық қажеттіліктерді қанағаттандыруға жетпейді.
Бюджетті үнемдеу қажет. Алайда білім мен денсаулық сақтауға, азаматтардың зейнетақысы, әлеуметтік қолдауы мен айлықтарына тиісуге болмайды. Мұндай идеяның өзі Конституцияға қайшы екенін еске салғым келеді».
Қартайған шағында еңбектеніп, күнелтіп жүргендерден бөлек, орнын бергісі келмейтіндердің бар екені де шындық. Әсіресе мұғалімдер мен университет оқытушылары осындай пікірді жиі айтады. Олардың сөзінше, тәжірибелі мамандар көп сағат алады, зейнеткерлік жасына баяғыда келсе де орнын босатпайды. Көп жағдайда оқушылар мен студенттерге де зейнеткер оқытушымен жұмыс істеу оңайға соқпайды. Басқа салаларда да мұндай мәселе көрініс беріп жүр. Бұл халықты әсіресе жастарды жұмыспен қамтуға кедергі келтіреді.
«Көпшілік жұмыс істейтін зейнеткерлерге зейнетақы төлемеу тақырыбын талқылап жатыр. Олардың ішінде, әрі жақсы жалақы, әрі жоғары зейнетақы алатындарға екеуінің біреуін таңдауды ұсынған дұрыс шығар деген пікірлер жиі ұшырасады. Одан да рационалды ойлар бар. Мысалы, салаға, ондағы кадрлық жағдай мен саясатқа, маманның өзіне және еңбек жолына қарап, нақты критерийлер бекіту қажет. Егер салада кадр тапшы, тәжірибелі мамандар аз болса, мықты азаматтарды неге алып қалмасқа? Керісінше, белгілі бір сферада жұмысшы көп, жұмыс орны аз, бәсеке жоғары болса, зейнеткерді демалысына жіберіп, жастарға мүмкіндік бергенде оң қадам болар ма еді? Әрине, бұл жалпылама пікір. Алайда осы концепция ұтымдырақ секілді. Жаппай тыйым салуға, жаппай алып қалуға, жаппай төлемей қоюға да болмайды. Зейнетақы жинағының мәні ақшаның салымшыға тиесілі екендігінде. Түптеп келгенде, бұл – оның болашаққа деп жинаған жеке қаржысы. Оны алып қоюға тырысу конституция принциптеріне келмейді», – дейді әлеуметтанушы Мансия Садырова.
Жақыпова соңғы уақытта көп сөйлейтін болып жүр. Бұл оның соңғы он бес күнде жасаған үшінші мәлімдемесі. Ең алдымен халықты жалқау деп, үкімет ұсынатын жұмыстан (болымсыз жалақысы бар) бас тартқандарды жауапкершілікке тарту керек деп, баяғы СССР-дың тунеядецтер туралы тәртібін еске түсірген. Одан кейін ардагерлерді алалап, оларға берілетін аздаған жеңілдікті көпсінді. Енді, міне, жаңа аптаны тағы бір «картоп жарумен» бастап жатыр.
«Жаудан түк тартсаң да – олжа» дейтін сөз бар. Жақыпованың үнемдеу саясаты осыған ұқсайды. Тек оның жауы – Аймағамбетов айтқандай, қарқынды қарсылық білдіре алмайтын әлеуметтік осал топтар ма? Зейнеткердің бәрі қарсылық білдіре алмайды дегенмен де келісу қиын. Зейнеткерлердің арасында президенттен бастап құзыреті күшті қаншама саясаткер, қаншама мемлекеттік қызметкер отырғанын ұмытпау керек. Сондықтан Жақыповаға түк тартатын, олжаға қарық болатын жау іздегенде абайлау керек.
Баян Мұратбекқызы