Жақсылық Тұрлыбеков: Жақсы фотосурет тек қымбат техникамен түсірілмейді

1826 жылы Жозеф Нисефор Ньепс алғаш рет әлемді суретке түсіргелі бері фотография өнері дамып келеді. Ол біздің барлық саламызға араласты. Тіпті тарихты да суретпен таспалайтын болдық.
«Фотосуреттер өткенге есік ашады, сонымен бірге болашаққа көз тастауға да мүмкіндік береді» дейді америкалық фотограф Салли Манн. Иә, фотография тарихты суретпен жазатын өнер түрі. Елімізде де тарихты, адамдарды суретпен таспалайтын фотографтар бар. Соның бірі – 50 жылдан бері қолынан камерасын тастамай жүрген Жақсылық Тұрлыбеков. Біздің кейіпкеріміз Дінмұхамед Қонаевтың жеке фотографы болған. Заманбек Нұрқаділовтің қасында көп жүріп, суреттер түсірген. «Жас Алаш» газетінің тілшілері еліміздің талай тарихи сәтіне куә болған фотографпен кездесіп, тілдесті.

– Әңгімемізді бірден Дінмұхамед Қонаевтан бастағым келіп тұр. Ол кісінің қалай жеке фотографы болдыңыз?
– Маған фото өнердің қыр-сырын үйреткен нағашым – Ержікен Оспанұлы. Ол кісі соғысқа қатысқан, полковник шеніндегі әскери адам еді. 1970 жылы Қарағанды қаласындағы фотографтар даярлайтын училищеде тәлім алдым. Одан кейін Алматыдағы Кино техникумын, Павлодардағы педагогикалық институттың филология факультетін бітіріп, фототілші қызметін атқардым. Жоғарғы кеңестің, Алматыдағы Парламент фотостудиясында, шетелдермен байланыстағы «Достық» қоғамында, «Хабар» телеарнасында, «Түркістан», «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде фотожурналист болдым. «Достық қоғамында» Жібек Әмірхановна деген төрайымымыз болды. Сол кісі үнемі Дінмұхамед Қонаевты шақыратын. Себебі шетелдегі қазақтар бізге көп келетін. Қонаев олармен осы жерде кездесетін. «Достық қоғамында» Димекеңді көп суретке түсірдім. Сөйтіп жүріп көзіне түстім, Димекеңнің қалай жеке фотографы болғанымды білмей қалдым. Кейін үйіне алып кететін, жиі шетелге бірге алып шығатын. Кейіннен ойлап қарасам, ол кісі мені көрмелерім арқылы ұнатқан екен. «Достық қоғамында» жиі көрме өткізетінмін. Димекең сол көрмеге келіп суреттерімді қарайды екен. Жұмысымды ұнатыпты. Димекең қонақ келсе мені суретке түсіруге шақыратын.

Димекең халықпен бірге суретке түскенді тәуір көретін
– Қонаевтың суреттері өңделетін бе, қаншалықты тексеруден өтетін? Түсірген суреттерді кімдер іріктейтін, жарыққа шығу процесі қалай болатын?
– Димекеңнің ерекшелігі – суреттерді ешқайда тексеруге жібермейтін. Барлығын өзі көріп, іріктеп, ұнатқанын жарыққа шығаратын. Суреттері көп болды. Маған ескі суреттерін үнемі өңдетіп отыратын. Димекең көбіне адамдар арасында, халықпен бірге тұрып суретке түскенді тәуір көретін. Димекеңді суретке түсіру қиын ғой. Себебі бойы тым ұзын, алып тұлғалы адам. Мен фотография өнерін меңгерген маманмын. Маман ретінде ұзын адамдарды суретке түсіру қиын болатынын білемін. Димекеңді суретке түсірерде алдын ала дайындалып алатын едім. Сондықтан өмірінің соңына дейін мені жанынан тастамады.

Заманбек президент болатын тұлға еді
– Қонаев Назарбаев туралы айтатын ба еді? Өмірінің соңында екеуінің арасы жақсы болмағаны көпке аян.
– Қонаевты ғасырда бір туатын тұлға деп есептеймін. Жанында жүріп біреуді жамандаған, шенеунікке кейіген сөзін естімеппін. Назарбаевқа көңілі толмай жүретінін білетін едік. Ол туралы да тіс жарып, бір ауыз сөз айтпайтын. Бірақ оның Назарбаев туралы «Сынок не забывай о том, что ты – плоть от плоти казахского народа. Опасайся мании величия, хотя приближенные будут упорно внушать тебе мысль - что ты посланник небес, гений и святой, которому все дозволено. Но это дорога – в пропасть, никогда не собирай богатств – в могилу с собой не унесешь ни крохи. Помни еще о том, что дурная слава после смерти станет приговором для детей и внуков твоих» деген сөзінің өзі көп нәрсені аңғартып тұр. Бірақ Назарбаев оның бұл сөзіне құлақ асты ма? Нәтижесін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Димекең, керісінше, Заманбек Нұрқаділовпен жақсы араласты, сыйласты. Қонаев биліктен кеткеннен кейін ол кісіге көмек көрсеткен жалғыз адам – Заманбек. Көлігін беретін. Зейнетке шыққасын Димекеңе ешкім қарамады. Заманбек қамқор болып жүрді.
– Сізді Заманбек Нұрқаділовтің де фотографы болды дейді. Ол кісінің өмірінің соңғы кезінде қасында болдыңыз ба, ашылып әңгіме айтатын ба еді?
– Зәкеңнің қасында да көп жүрдім. Ержүрек, нағыз президент болатын кісі еді. Әттең ғұмыры қысқа болды. Қала әкімі боп тұрғанда жиі шақырып алатын. Суретке көп түсірдім. Барлығы архивте сақтаулы тұр. Зәкеңнің тағы бір ерекше қасиеті – қолы ашық, жомарт еді. Үй алуыма да көмектесті. Бірақ оны еш жерде айтқан жоқпын, сендерге ғана айтып отырмын. Зәкең өмірінің соңғы кезеңдерінде оппозиция жағына шықты. Сол кезде де қасында болдым. Назарбаевқа қарсы болса да, қарсылығын мәдениетті түрде айтатын. Өте мәдениетті кісі еді.

Назарбаев еңбегімді елемеді
– Парламент фотостудиясында жұмыс істедім деп айтып қалдыңыз, Назарбаевты да көп суретке түсірген шығарсыз?
– Иә, әрине, Назарбаевты да көп суретке түсірген фотографпын. Шетел президенттерімен кездесудің көбі «Достық қоғамында» өтетін. Назарбаевтың қасында көп жүрсем де еңбегімді бірде-бір рет елемеді. Алғашқы сыйлығымды «өнерге қосқан үлесім үшін» деп шетелден берді. Ал мемлекеттен марапатты үш жыл бұрын ғана алдым. Бұл менің 50 жылдан бергі фотоөнер саласында жүрген еңбегіме берілген баға шығар деп есептеймін.
Заманбек халық үшін өмір сүрді, таза адам еді деп айта аламын. Жақсы адамдар ерте кетеді екен. Ерте кетті. Ал Нұрекең, керісінше, әлі жүр. 30 жылда елімізді қарызға отырғызып кетті. Кітап жазып, оның ішінде әйелдері туралы айтыпты. Сол айтатын әңгіме ме? Жан керек екен, Путинді мақтапты. Олжас Сүлейменовтің мынадай сөзі бар: «7 сынып білімімен осындай дәрежеге жетті» дейді. Ондай біліммен билікке қалай қолы жететін еді. Тек даусы бар, көсіліп сөйлейді. Қазіргі президентіміз ол қарызды жаба ала ма? Алдымызда тұрған мәселенің бірі. Қазір баға аспандап кетті. Ол кісінің әлі 5 жылы бар ғой. Халыққа жағдай жасап үлгеретін шығар. Әйтпесе, депутаттар өз жұмысымен әуре, халықтың жағдайын ойлайтын емес. Өздерінің жағдайын жасап алған, басқасына бас ауыртпайды. Тоқаевты да жас кезінде көп түсірдім. Бірақ сұраушылар жоқ. Архивімде сақтаулы тұр.
Қай жылы екені есімде жоқ, Жамбыл Жабаевтың тойы Ұзынағашта өтті. Сол кезде Қарасай батырға кесене ашылды. Қырғызстан президенті Асқар Ақаев келді. Заманбектің ол кезде қала әкімі. Үшеуін суретке түсірдім. Үш альбом шығарып, үшеуіне бердім. Арадан көп жылдар өтті, Назарбаевтың президент кезінде үшеуі түскен суретті әлеуметтік желіге салдым. Экс-президент бірден суретті алдырып тастады. Көрдіңіз бе, Назарбаевтың Заманбек Нұрқаділовке көзқарасы қандай болғанын осыдан-ақ пайымдауыңызға болады.
Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқан сәтіне куә болдым
Өмірімде талай тарихи сәттерге куә болдым. Соның бірі – қазақ ұлының алғашқы ғарышқа ұшуы еді. «Достық қоғамында» жұмыс істеп жүргенде басшылықтан «қайткен күнде де осы тарихи сәтті суретке түсіріп кел» деген тапсырма алдым. Тоқтар Әубәкіровке көрме жасаймыз деп жоспарладық. Бірақ аккредитация аз болған шығар, маған берілмеді. Қызылордада ҰҚК-де жұмыс істейтін достарым бар еді. Соларға хабарласып, жағдайды айттым. Асан деген жігіт көмек беретінін айтып шақырды. Бірден Қызылордаға ұштым. Олар көлігіне отырғызып, Байқоңырға алып барды. Ертеңіне Назарбаев ұшып келді. Асан тек оншақты көлікті Байқоңыр алаңына өткізетінін, қалғаны алыста тұрып бақылайтынын айтты. Алыс-жақыннан, шетелден келген қонақтар өте көп еді. Маған қалайда президент бастаған он көліктің біреуіне міну керек болды. Оның да амалын ҰҚК-дегі достарым тапты. Ал Назарбаевтың жеке фотографы болған Иосиф Львович Будневич осы тізімге ілікпей, зымыран ұшатын алаңға бара алмай қалды. Қазақ баласының ғарышқа ұшқанын екі-ақ фотограф – мен және Мәскеуден келген фотограф түсірдік. Иосиф далада қалғасын Назарбаев мені қасына ертіп жүрді, Әлия қызы кішкентай болатын. Екеуін көп түсірдім, «Буранға» шығып көрді. Оны да лентаға таспаладым. Міне, осындай тарихи сәтке куә болып, кейіннен көрме өткізгенім бар.

– Кейінгі фотограф жастарға нендей ақыл-кеңес айтасыз?
– Жақсы фотосурет тек қымбат техникамен ғана түсіріледі деген стереотип бар. Мен бұл оймен келіспеймін. Шедеврлерді ұялы телефонға немесе қарапайым камераға да түсіруге болады. Ол үшін фотографтың өзінде де басқалар көре алмайтын нәрселерді, сәттерді көре алатын көз болу керек. Көз деген тура мағынасындағы сөз емес қой. Байқампаз деген дұрысырақ шығар. Ал жаңадан бастаған фотограф бірден қымбат фотоаппарат сатып алмай, алдымен түс және жарықпен жұмыс істеуді үйрену маңыздырақ. Содан кейін тағы бір ескеретін нәрсе – композиция құра білу қажет. Әрине, ол тәжірибемен келеді. Композиция – фотосуреттің негізі. Және бұл суреттің техникалық сипаттамаларына қарағанда маңызды. Композицияның көптеген ережесі бар, бірақ оған сәтті кадр жасаудың жалғыз нұсқасы ретінде қарамау керек. Керісінше, жас фотограф суретке түсіруді енді үйреніп жатқанда, фотограф өнерінің басында композиция жай ғана нұсқаулық ретінде ғана қызмет етеді. Ең алдымен айтарым, фотограф кадрды бұзатын артық детальдардан құтылуды үйреніп алса, ары қарай басқаларын кезең-кезеңімен меңгере береді. Содан кейін сәтсіз шыққан суреттерді де сақтап қою керек. Себебі ол сабақ. Кейін қайтадан бір қарағанда қай жерде қандай қате жібердің, кадрда қандай нәрсе артық тұр, бәрі сайрап көрініп тұратын болады. Тағы бір айтатын кеңесім – жақсы фотограф болғыңыз келсе, әрқашан ашық болыңыз. Бұл фотографтарға жетіспейтін қасиет. Шыдамдылық, ашықтық және өзіне деген сенімділік – осы үш қасиет бойыңызда болсын. Себебі кейіпкерлермен жұмыс істегенде шыдамдылық қажет, өйткені сіз әртүрлі кескіндерді кездестіресіз. Оны кейін өңдегенде шыдамдылық үлкен рөл ойнайды. Шығармашылық салада ашықтық пен сенімділік болмаса, өспейсіз, үздік бола алмайсыз. Егер тұйық болсаңыз, кейіпкер ашылмай қалады. Егер өз жұмысыңызға сенімді болмасаңыз, басқалар сізге неге сенуі керек? Бірақ «ережелерді бұзу үшін оны білу керек» деп бекер айтылмаған. Сондықтан сәтті кадр алу сіздің түйсігіңіз бен талантыңызға да байланысты.
– Әңгімеңізге рақмет!
P.S. Жақсылық Тұрлыбеков алдағы уақытта «Жас Алаш» газетіне архивте сақтаулы тұрған талай тарихи суреттерді беретін болды. Фотографпен қоштасып, біз де сыртқа шықтық. Биыл Алматыға қар жаумады. Сондықтан айналаның бәрі неміс фотографы Андреас Гурскидің суреттеріндей түнеріп, ығы-жығы болып тұр екен.
Жазып алған – Тұрсынбек БАШАР