Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Жалақы қуғанмен, инфляция жеткізбейді

1
Фото: ЖИ

Жақында ресми статистика мен ақпарат құралдары Қазақстандағы «жалақы өсіп, жұмыссыздық азайып келеді» деген оптимистік мәліметтерді жарыса жариялады. Ұлттық статистика бюросының есебі бойынша елімізде орташа айлық 448 мың теңгеден асып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға түскен.

 Бір қарағанда бұл экономиканың жандануы мен халық тұрмысының жақсаруының айғағындай көрінеді. Алайда жалақы артқан сайын азық-түлік, жанармай, коммуналдық қызмет құны да шарықтап, халықтың нақты табысы инфляцияның көлеңкесінде қалып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде қазақстандық отбасылар табысының 90-95 пайызын күнделікті қажеттілікке жұмсайды. Демек, ресми өсімнің қызығын сезіп отырғандар аз, ал қарапайым еңбек адамы үшін «жалақы өсті» деген статистика тек қағаз бетіндегі иллюзия ғана.

Иә, шынында да бағаның өсуі халықтың қалтасын қағып жатыр. Қазақстанда кейінгі жылдары жалақы өсіп жатқаны рас, бірақ оған бола халықтың тұрмысы айтарлықтай жақсарды ма? Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылы орташа айлық жалақы 448 мың теңгеге жеткен, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары көрсеткіш. Алайда осы өсімнің басым бөлігі инфляцияның өтемі іспетті. Азық-түлік, жанармай, коммуналдық қызмет құны қатар күрт қымбаттап, жалақының номиналды өсуі халықтың нақты табысына айналмай отыр. Жоғарыда жазып кеткеніміздей, халық жалақысының басым бөлігін тек азық-түлікке жұмсайды. Бұл дерек жалақы өскенімен, халықтың қолындағы қаражат тек күнкөрісінен артылмай жатқанын көрсетеді.

Қазақстандағы жалақы өсімінің сыры неде?

Қазақстанда жалақы кейінгі 3-5 жылда едәуір ұлғайды. Статистика бойынша 2019 жылы орташа айлық еңбекақы 187 мың теңге болса, 2023 жылы 364 мың теңгеден асты. Бес жыл ішінде номиналды жалақы шамамен екі есеге жуық артқан. Үкімет бұны экономиканың дамуымен және ең төменгі жалақыны көтерумен байланыстырады. Расында, 2019 жылы ең төменгі жалақы 42 500 теңгеге, 2022 жылы 60 000 теңгеге, 2023 жылы 70 000 теңгеге, ал 2024 жылы 85 000 теңгеге дейін көтерілді. Мұндай қадам жалпы жалақы деңгейін өсірді. Сонымен бірге мұнай бағасының жоғары болуы, бюджеттік саладағы еңбекақыны арттыру және кей салалардағы (мұнай-газ, қаржы, телеком) жалақының жекелеген түрде тез өсуі орташа көрсеткішті жоғарылатты.

Алайда жалақының өсуі әркімнің табысы бірдей көбейді дегенді білдірмейді. Қазақстанда табыс теңсіздігі бары жасырын емес. Елдегі жұмысшылардың жартысынан астамы орташа жалақы көлеміне жетпейтін еңбекақы алады. Мысалы, 2024 жылғы медианалық жалақы 285 677 теңге ғана болған. Орташа жалақының бұдан әлдеқайда жоғары болуы – табысы көптердің аздығы мен еңбекақысы аз адамның көптігінен. Салалық деңгейде алып қарағанда ең жоғары жалақы тау-кен өндіру, қаржы және сақтандыру, ақпараттық технологиялар сияқты секторларда – бұл салалардағы еңбекақы ауыл шаруашылығы, білім беру, медицина салаларынан бірнеше есе көп. Демек, ресми орташа жалақы өсімі негізінен жалақысы жоғары аз бөліктің табысының артуынан және инфляцияға сай жасалған жалпы индексациядан туындап отыр. Жалақысы төмен немесе орта деңгейдегі азаматтардың табысы мұншалықты өсіп отырған жоқ.

Жалақы өсімі неге сезілмейді?

Инфляция қарқыны жалақы өсімін «жеп қойып» жатыр. Қазақстан кейінгі бірнеше жыл бойы қос таңбалы жоғары инфляцияны бастан өткерді. 2022 жылы тұтыну бағаларының индексі жыл қорытындысында 20 пайыздық деңгейінен асып кетті, бұл соңғы онжылдықтағы рекордтық көрсеткіштердің бірі. 2023 жылы инфляция біраз баяулап, жыл соңында 9,7 пайызға түсті, алайда 2024-2025 жылдары қайта өршіп, 2025 жылғы тамызда жылдық инфляция 12,2 пайызға жетті. Ұлттық банк 2025 жылы инфляцияны 5 пайыз межеге түсіруді көздеген еді, бірақ сарапшылар бұл жоспардың орындалуын аса реалистік емес деп санайды. Қазіргі таңда ресми мақсат 10-11 пайыз дәлізінде тұрақтандыру делінгенімен, шынайы баға өсімі бұл межеден де асып отыр.

Инфляцияның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қазақстан көп тауарларды, әсіресе азық-түлік пен тұтыну бұйымдарын шетелден импорттайды. Теңгенің құнсыздануы мен сыртқы нарықтардағы бағаның өсуі тікелей ішкі бағаларға әсер етті. Мысалы, 2024 жылы теңгенің долларға шаққандағы бағамы 13 пайызға арзандап, бұл импорттық өнімдерді қымбаттатты. Ресеймен экономикалық байланыс та әсерін тигізді – Ресейдегі санкция салдарлары, логистика қиындықтары Қазақстанға тауар келуін қымбаттатты. Екіншіден, ішкі факторлар – Үкімет кейінгі жылдары халықтың табысын көтеру үшін әлеуметтік төлемдерді, жалақыны көбейту шараларын қолданды. Алайда өндіріс пен ұсыныс көлемі өсіп үлгермей, халықтың қолындағы ақшаның көбеюі тауар сұранысын арттырып, тапшылық жағдайында бағаны тағы өсірді. Сарапшылардың айтуынша, импортқа тәуелді экономикада халықтың қолына қосымша ақша беру – көбіне шетелдің тауарын сатып алуға жұмсалып, ақырында ұлттық валютаны әлсіретіп, инфляцияны үдетеді. Осылайша «жалақы – баға» шиыршығы туындап, бір жағынан, бағаның өсуі жалақыны көтеруге итермелесе, екінші жағынан, жалақыны көтеру керісінше бағаны тағы жоғарылатып жатыр.

Инфляция деңгейі жалақы өсімінен жоғары болғандықтан, халықтың нақты табысы төмендеген. Мәселен, 2025 жылдың 2-тоқсанында жалақы былтырғыға қарағанда номиналды 11,3 пайызға артқанмен, нақ осы кезеңдегі инфляцияны есепке алғанда нақты жалақы өсімі нөлге тең болған. Президент Қ.Тоқаевтың өзі биылғы жолдауында «қазіргі басты проблема – халықтың табысын жеп қойып жатқан жоғары инфляция» деген еді. Қымбатшылықтың салдарынан көптеген отбасы кірісінің басым бөлігін тек азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, коммуналдық қызмет пен қажетті заттарға жұмсап отыр. Зерттеулер көрсеткендей, қазақстандық отбасының бюджетіндегі азық-түлікке жұмсалатын үлес 2023 жылы 52 пайыз болса, 2025 жылы 54 пайыздан асты. Бұл өте жоғары көрсеткіш – салыстыру үшін айта кетейік, дамыған елдерде азық-түлікке үй кірісінің 10-20 пайызы ғана жұмсалады. Халықтың күнделікті шығындарға тәуелділігі артқаны сонша, кей отбасы табысының 90-95 пайызын тек күнкөріске жаратып жатыр. Мұндай жағдайда жалақы өсімінің берері шамалы екенін тұрғындар өз қалтасынан-ақ сезініп отыр.

Норвегия тәжірибесі

Жалақы өсімі мен инфляцияның қалыптасқан тепе-теңдігін түсіну үшін экономикалық тұрғыда тұрақты, дамыған елдермен салыстырған жөн. Мысалы, Норвегияны алайық – бұл жан басына шаққандағы табысы әлемдегі ең жоғары елдердің бірі. Норвегияда орташа айлық жалақы 2024 жылы шамамен 5 500 долларды құрады (шамамен 2,9 млн теңге), яғни, Қазақстандағы орташа жалақыдан 6-7 есе жоғары. Норвегияда өмір сүру құны да жоғары екені белгілі, бірақ солай бола тұра, олардың табысы ішкі баға деңгейіне сай келеді. Ең бастысы – бұл елде инфляция жылына 2-3 пайыз шамасында ғана (соңғы жылдары Еуропадағы жалпы үрдіске сай 2022 жылы 5-6 пайызға уақытша көтерілгенімен, 2024 жылы 3 пайызға түсті). Яғни, баға өсімі төмен, тұрғындардың сатып алу қабілеті тұрақты. Мұндай ортада жалақының жыл сайынғы 3-5 пайыздық өсуі өз жемісін беріп, халықтың тұрмысы жыл санап жақсара түседі. Норвегия тәжірибесі көрсеткендей, еңбекақы өсімі пайдасын көру үшін инфляцияны қатаң бақылап, шамамен 2-3 пайыздан төмен деңгейде ұстау қажет.

Қазақстанның жағдайы мүлдем басқа. Кейінгі онжылдықта еліміздегі тұтыну бағаларының орташа жылдық инфляциясы 9-10 пайыз болды, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 2-4 пайыз шамасында ғана. Инфляцияның құбылмалылығы да жоғары – 2016 жылы және 2022 жылы тәрізді кезеңдерде инфляция күрт 13-19 пайызға дейін шарықтап кеткені белгілі. Осындай ахуалда жалақыны қанша көтерсеңіз де, оның үлкен бөлігі құнсызданып кетеді. Салыстыру үшін: АҚШ, Батыс Еуропа елдерінде орташа жалақылар бірнеше мың доллар болып, тұрғындардың кірісі Қазақстаннан он есе көп болуы мүмкін, бірақ олар оны әлдеқайда қымбат ортада өмір сүрсе де, инфляция төмен болғандықтан, табыстарының нақты құны жыл сайын өсіп отырады. Ал Қазақстанда табыстың номиналды өсімі үлкен болса да (жылына 15-20 пайыз), инфляция да қосарлана жоғарылағандықтан, шын мәнінде, халықтың сатып алу қабілеті тек сәл ғана, не тіпті өсімсіз қалып отыр. Мысалы, Норвегияда 2024 жылы инфляция 3 пайыз болса, Қазақстанда сол жылы жылдық инфляция 8,7 пайыз болды. Сол жылы Қазақстанда орташа жалақы 11 пайыз көтерілді, Норвегияда орташа жалақы өсімі бұдан әлдеқайда төмен пайыз болды делік. Бірақ Норвегиядағы 2-3 пайыздық баға өсімінде тұрғындар табысының басым бөлігі өздеріне қалады. Қазақстандағы 8-12 пайыздық баға өсімінде қосымша алған жалақысының тең жартысы базардағы қымбатшылыққа кетіп қалады. Демек, мәселе тек жалақының номиналды мөлшерінде емес, оның сатып алу күші мен ішкі нарықтағы тұрақтылығында да болып отыр.

Қазақстанды Орта Азиямен салыстыру дұрыс өлшем бе?

Жиі айтылатын тағы бір салыстыру – Қазақстанның көрсеткіштерін Орта Азиядағы көршілерімен салыстыру. Расында, Қазақстан бүгінде Орта Азияда экономикалық даму және халық табысы тұрғысынан алда келеді. 2024 жылдың қыркүйегіндегі мәлімет бойынша Қазақстандағы орташа айлық жалақы 448 мың теңге (833 доллар) шамасында болса, Өзбекстанда – 5,98 млн сум (550 доллар), Қырғызстанда – 42 мың сом (540 доллар), ал Тәжікстанда 3,1 мың сомани (380 доллар). Еліміздегі ең төменгі жалақы да көршілерден әлдеқайда жоғары: 2024 жылы Қазақстанда минимал сома 158 доллар, Өзбекстанда 89 доллар, Қырғызстанда 28 доллар, Тәжікстанда 55 доллар шамасында болған. Бұл деректер Қазақстанның аймақтағы экономикалық көшбасшылығын көрсетеді. Біздегі жалақы Өзбекстан мен Қырғызстаннан екі есеге жуық, Тәжікстаннан 3-4 есе жоғары. Сондай-ақ кейбір салада (қаржы, тау-кен) қазақстандық мамандардың табысы аймақта ең жоғары деңгейде екені байқалады. Алайда осындай салыстыруларға сын көзбен қарау керек. Орта Азия елдерінің экономикасы, құрылымы, масштабы жағынан Қазақстаннан әлдеқайда кіші. Тәжікстан мен Қырғызстан сияқты елдерде ЖІӨ адам басына шаққанда біздің елден бірнеше есе аз, өнеркәсіп пен өндіріс көлемі шағын. Сондықтан Қазақстанның өзін аймақтың кедей елдерімен салыстырып, «біз олардан жоғарымыз» деуі – аса үлкен жетістік емес, өзін жұбату ғана болады. Мысалы, Қазақстан орташа жалақысы $800-дің үстінде деп мақтанғанмен, бұл көрсеткіш Еуропаның шығысындағы Польша, Венгрия, Румыния секілді елдерден де төмен (оларда 1 500-2 000 доллар шамасында). Тіпті Балқан елдері – Сербия, Черногорияда орташа айлық 1 200-1 300 доллар маңайында, яғни, Қазақстаннан көп. Демек, Қазақстан аймақтан оздым дегенмен, әлемдік деңгейде әлі де табысы ортадан төмен елдер санатында.

Сонымен бірге Қазақстанды Орта Азиямен жиі салыстыру саяси-экономикалық риторикада қолайлы тәсіл болып отыр. Үкімет тарапынан «біз аймақта алдыңғы қатардамыз» дегенді айту оңай, бірақ бұндай салыстыру халықтың шынайы өмір сүру сапасын көрсетпейді. Мысалы, инфляция тұрғысынан 2024 жылы Өзбекстанда баға өсімі 7,7% болса, Қазақстанда 6,6% шамасында болды. Қырғызстан мен Тәжікстанда 2024 жылы инфляция 3-4% деңгейінде төмен болды, яғни, олардың экономикасы баяу болса да тұрақтылық байқатты. Қазақстанда баға өсімінің жоғары болуы – экономиканың импортқа тәуелділігінен, ішкі құрылымдық мәселелерінен дерек береді. Айталық, 2025 жылы Қазақстандағы инфляция ТМД бойынша ең жоғарылардың бірі болып қала береді. Сондықтан өзімізді тұрақты дамыған елдермен салыстырмасақ та, тым болмағанда экономикасы ұқсас, көлемі жағынан жақын мемлекеттермен салыстырған дұрыс. Бұл ретте Қазақстан көбіне Ресей, Әзербайжан тәрізді мұнай экспорттаушы елдермен теңесу керек еді. Ал шынайы табыс деңгейі бойынша Қазақстан, өкінішке қарай, Шығыс Еуропа тұрмақ, кей ТМД елдерінен де төмен күйде: 2024 жылғы дерек бойынша орташа айлық жалақы Қазақстанда – $865, Ресейде – $936, Беларусьте – $700, Арменияда – $731, Грузияда – $757 болған. Яғни, аймақтық көшбасшы саналғанымызбен, табыс тұрғысынан посткеңестік елдерде орта деңгейдеміз.

Неге Қазақстанды Орта Азиямен салыстыру дәстүрге айналған? Біріншіден, геосаяси әрі тарихи тұрғыда өзімізді осы өңірдің бір бөлігі деп қарастыру қалыптасқан. Екіншіден, мұндай салыстырулар билік үшін ыңғайлы: экономикадағы көрсеткіштеріміз көрші кедей елдерден жоғары болғандықтан, «аймақта алдамыз» деген пікір айтуға болады. Бірақ бұл халықтың нақты өміріне аз әсер етеді. Орта Азия мемлекеттерінде еңбек миграциясы жоғары – миллиондаған азаматтар шетелге табыс іздеп кетеді, экономикасы көмек ақша аударымдарына тәуелді. Қазақстанда да кейінгі жылдары шетелден жұмыс іздеушілер көбейіп келеді. Егер расында дамыған елдер қатарына ұмтылсақ, салыстыруды төмен емес, озық елдермен жасаған жөн.

Жұмыс істеймін деген адамға жұмыс бар ма?

Әлеуметтік желілерде де, ресми мінберлерде де жиі айтылатын сөз – «Елде жұмыс бар, тек жұмыс істегісі келген адам аз». Яғни, жұмыссыздықтың себебін кейде халықтың енжарлығынан, жалқаулығынан іздейтін көзқарас байқалады. Бірақ, шын мәнінде, Қазақстандағы еңбек нарығының ахуалы бұлай қарапайым емес. Ресми дерек бойынша жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз айналасында, яғни, еңбекке қабілетті халықтың басым көпшілігі жұмыспен қамтылған тәрізді. Алайда бұл цифрдың артында толық емес жұмыс күні, маусымдық жұмыспен айналысатындар, бейресми түрде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар көп екенін ұмытпау керек. «Жұмыс бар» деп саналатын салалардың көбінде еңбекақы өте төмен, не тұрақтылығы нашар. Мәселен, шағын қалаларда кейбір зауыт-фабрика жұмысшылар іздейді дегенмен, ұсынатын жалақысы мардымсыз болғандықтан, жұмыссыздардың көбі ондай орындарға барғысы келмейді. Иә, ел экономикасы өсіп, кей салаларда маман тапшы болуы мүмкін. Айталық, ІТ, құрылыс, агроөнеркәсіптің кей сегменттерінде білікті жұмысшы табылмай жатқан жайы бар. Бірақ жұмыссыздардың бәрін «жалқау» деу орынсыз – ұсынылып отырған еңбекақы қазіргі қымбатшылық заманында адам қажеттіліктерін өтеуге жеткіліксіз, не жұмыс шарттары өте ауыр, әрі тұрақты кепілсіз болса, ондай жұмысты халықтың қабылдамауы заңды.

Тағы бір маңызды жайт – жергілікті жерде жұмыс болмаған соң, Қазақстанның жүз мыңдаған азаматы ірі қалаларға немесе шетелге нәпақа іздеп кетіп жатыр. Мысалы, Ресейге, Оңтүстік Кореяға, Еуропаға маусымдық жұмысқа кететін азаматтар саны көп. Сол адамдарды «өз елінде жұмыс істегісі келмеді» деу қиянат болар еді. Олар көбіне Қазақстандағы табысы төмен, еңбегі бағаланбайтын жұмыс орындарын тастап, сыртта еселеп, көп табыс табуға ұмтылады.

Тұрсынбек БАШАР