Жалған диплом, қылмыскер ұстаз
Түркістанның білім саласында келеңсіз жайттар толастамай тұр
Түркістан облысының білім саласында жаға ұстатарлық жайттар толастамай тұр. Өткен жолы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін балабақшалардағы былықты жазып едік, енді бұл жолы ұстаздардың біліміне, біліктілігіне қатысты сұмдық фактілер анықталып отыр.
Тақырыпқа кіріспес бұрын мына бір жағдайды еске түсіре кетсек. Осыдан екі жыл бұрын, барлық білім бөлімдері тікелей облыстық білім басқармасының қарамағына көшкелі жатқан тұста, Түркістан облыстық білім басқармасының сол кездегі басшысы Рахымбек Жолаевқа «Адалдық алаңында» өткен жиында «енді жұмысты неден бастайсыз?» деген сауал қойылған болатын. Сонда Рахымбек Жолаев жұмысты бірінші кезекте аудандық білім бөлімдері басшыларының дипломын тексеруден бастайтынын мәлім еткен болатын. Бұдан әрі ол ауыл мектептеріндегі директорлар мен ұстаздардың дипломын тексеретінін, олардың 80 пайызының сырттай оқығанын алға тартқан болатын. Облыстың бұрынғы бас ұстазы дипломға қатысты біраз жайтты білген-ау...
Жуырда облыстық Қоғамдық кеңестің отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті превенция басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Әсілбек облыста 300-ден астам ұстаздың дипломы жалған болып шыққанын жария етті. Бұл бар-жоғы үш аудан-қалада белгілі болған дерек. Оның өзі де әлі толық емес.
— Ұстаздардың жоғары білімі туралы дипломдарының дұрыстығын анықтау мақсатында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Жұмыс тобы жоғары оқу орындарына Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданындағы 97 білім беру мекемесіндегі 3477 педагогтың тізімін жолдады. Нәтижесінде бүгінгі күні 128 дипломның шынайылығы расталмаған. Сондай-ақ сұрау салынған 30-дан астам жоғары оқу орнының тек 15-і ғана жауап берген. Қалғандарынан жауап енді келеді, – деді Сәбит Әсілбек.
Бұдан бөлек, шет ел дипломдары бар 432 мұғалімнің де құжаттарына тексеру жүргізілген. Бұл жерден де күдікті-күмәнді жайттардың бас қылтиған.
— Білім туралы құжаттарды тану (нострификация) мақсатында білім беру мекемелері қызметкерлерінің жоғары білімі туралы шетелдік дипломдарға Білім министрлігі Білім саласындағы сапаны бақылау комитетіне хат жолданды. Комитеттің жауап хатына сәйкес 432 мұғалімнің 196-ның білім туралы құжаттары расталмағаны анықталды. Бұл факт заң талаптарын бұзумен қатар жалған диплом ретінде қабылданады, – дейді Сәбит Әсілбек.
Жалған дипломға қатысты жайттардың анықталғанын облыстық білім басқармасы да жоққа шығарып отырған жоқ. Басқарма қазіргі уақытта жалған құжатпен жұмыс істеген қызметкерлердің нақты саны әлі белгісіз екендігін, тергеп-тексеру жүргізу үшін облыстық полиция департаментіне ресми хат жолданғанын, тексеру қорытындысы бойынша қосымша хабарланатынын мәлімдеумен шектелді.
Қоғамдық кеңестің отырысында мектеп жұмысына қатысты басқа да келеңсіз жайттардың анықталғаны айтылды. Облыстың білім ұяларында қылмыстық жауапкершілікке тартылған мұғалімдер сабақ беріп келген. Олардың арасында есірткі саудасы, ұрлық, сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен айыпталғандар да бар.
— Талдау барысында Арыс қаласы мен Шардара, Сауран аудандарында жұмыс істейтін мұғалімдерде соттылықтың болуы немесе болмауы зерттелді. Нәтижесінде аталған аудандарда 8 443 мұғалімнің 90-ы қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Шардара ауданында – 43, Сауран ауданында – 32, Арыс қаласында 15 факт тіркелген. Оның ішінде есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу және ұрлық, пара беру/алу, қарақшылық және тағы басқа да қылмыс түрлерін жасағандар бар, – деді Сәбит Әсілбек.
Білім саласындағы жемқорлық мәселесі өткен аптада облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен жиында талқыланды. Өңір басшысы қордаланған мәселелерді шешу үшін кезең-кезеңге бөлінген іс-шаралар жоспарын бекітуді жүктеді. Білім саласындағы заңсыздықтың көзін жою үшін адами факторды барынша азайтып, орталықтандыру және цифрландыру жүйелеріне күш салуды міндеттеді. Ал облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы жұмыстарды жандандыратынын мәлім етті.
Қайбір жылдары облыстың бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеев елордада өткен брифингте білім ұяларындағы сыбайлас жемқорлықтың бәрін алыпқашты әңгімелерге балап, «ақша беріп жұмысқа тұру деген сұмдықты цифрландырудың арқасында түп-
тамырымен жойдық» деген еді. Мұның қаншалықты «алыпқашты әңгіме» екендігін содан бергі аралықта парамен ұсталып, сотталып кеткен мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері дәлелдеді.
Дархан Сатыбалдының қолынан не келерін уақыт көрсетеді.