Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:12, 04 Қараша 2025

Жамбылдағы жаңа мәдени кешен

1
Фото: ашық дереккөз

Жамбыл облысының әкімі бастаған делегация жаһандық инвестициялар жөніндегі VIII қазақстандық дөңгелек үстелге (KGIR-2025) қатысып, өңірдің экономикалық әлеуетін таныстырып, халықаралық бизнес қауымдастық алдында Жамбыл жерінің инвестициялық мүмкіндіктерін жан-жақты көрсетті.

 Бұл беделді алаң бүгінде Қазақстан мен шетелдік инвесторлар арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтудың, жаңа жобаларды ілгерілетудің, сондай-ақ еліміздің экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бастамаларды жүзеге асырудың негізгі тұғырына айналған. Президент те жолдауында елге инвесторлар тартудың мәні мен маңызын атап өткен еді.

Осы орайда KGIR-2025 барысында премьер-министр жетекші халықаралық компаниялардың басшыларымен бірнеше кездесулер өткізіп, экономиканың түрлі бағыттары бойынша ынтымақтастықтың жаңа қырларын талқылады. Сол бастамалардың ішінен Жамбыл облысы үшін аса маңызға ие жоба – жүгеріні терең өңдеу бойынша тігінен интеграцияланған өнеркәсіптік парк құру бастамасы ерекше назарға алынды. Бұл жоба тек өңірлік деңгейдегі емес, тұтас Орта Азия кеңістігін қамтитын ауқымды экономикалық жоба ретінде бағаланып отыр. Ербол Қарашөкеев өз сөзінде Жамбыл облысының инфрақұрылымдық тұрғыдан дамығанын, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында ірі жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптасқанын атап өтті. Облыста қолжетімді энергетикалық ресурстар, логистикалық бағыттардың тиімді жүйесі және жоғары сапалы шикізат базасы бар екенін тілге тиек еткен өңір басшысы бұл жобаның аймақ экономикасын әртараптандыруға және жаңа өндіріс кластерлерін қалыптастыруға ықпал ететінін айтты. Оның айтуынша, жүгеріні терең өңдейтін өндірістік парк іске қосылған жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу деңгейі едәуір артады, бұл өз кезегінде өңір халқының тұрмыс сапасын жақсартады.

Fufeng Group директорлар кеңесінің төрағасы Ли Сюэчунь Қазақстанда инвесторлар үшін жасалып отырған қолайлы бизнес ахуалға жоғары баға берді. Ол «жылдам дәліз» тетігі аясында әкімшілік рәсімдердің жеңілдетілгені мен жобаларды іске асыруға қолдау көрсетудің тиімділігін ерекше атап өтті. Инвестордың пікірінше, Қазақстанның ашық экономикалық саясаты мен тұрақты даму бағыты шетелдік капитал үшін сенімді орта қалыптастырып отыр.

Аталған жоба аясында Орта Азиядағы ең ірі жүгеріні терең өңдейтін зауыттардың бірі салынбақ. Алғашқы кезеңде кәсіпорын жылына 500 мыңнан 1 млн тоннаға дейін жүгері өңдеуге қауқарлы болса, кейіннен бұл көрсеткіш 3 млн тоннаға дейін ұлғаяды деп жоспарланған. Жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен 1,5 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл көрсеткіш Жамбыл облысы тарихындағы ең ірі жеке инвестициялардың бірі болмақ. Зауыт іске қосылған кезде 1 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Ең бастысы, өндіріс толықтай отандық шикізатқа сүйенеді, бұл Қазақстан фермерлері үшін де қосымша нарық пен табыс көзіне айналмақ.

KGIR-2025 аясында Ли Сюэчунь үздік инвестор-компания өкілдерінің бірі ретінде танылып, Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің қолынан арнайы марапат алды. Бұл марапат Қазақстан мен Fufeng Group арасындағы өзара сенім мен серіктестіктің нақты дәлелі десек те болады.

Дөңгелек үстел шеңберінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек қатысқан бірқатар келісімдер мен меморандумдарға да қол қойылды. Бұл құжаттар аймақтың өнеркәсіп, энергетика және агроөнеркәсіп салаларында жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Атап айтқанда, Жамбыл облысы әкімдігі, «Алель Агро» АҚ және Қытайдың Shandong Guangming Biotechnology Co., Ltd. компаниясы арасында бройлер құс фабрикасын салу жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. 15 млн АҚШ долларын құрайтын бұл жоба өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісін жаңа деңгейге көтеріп, жыл сайын 45 млн инкубациялық жұмыртқа және 75 мың тоннаға дейін дайын құс еті өнімін өндіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімдігі мен шетелдік инвесторлар арасында бірқатар ірі өнеркәсіптік және энергетикалық жобаларды іске асыру туралы келісімдер бекітілді. Олардың қатарында қуаты 150 мегаватт болатын бу-газ қондырғысын салу (140 млн доллар), электр жабдықтарын өндіретін зауыт құрылысы (33,5 млн доллар), қуаты 50 мегаваттық тағы бір бу-газ қондырғысын тұрғызу (60 млн доллар), сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын және өндіретін екі жоба (жалпы құны 23,7 млн доллар) бар. Жалпы алғанда, қол қойылған келісімдер мен меморандумдар бойынша инвестиция көлемі 272,2 млн АҚШ долларына жетіп отыр. Бұл келісімдер тек экономикалық өсім көрсеткіші емес, сонымен бірге өңірдің өндірістік және технологиялық әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Энергетика, ауыл шаруашылығы, өңдеу және машина жасау салаларының қатар дамуы Жамбыл облысын алдағы жылдары еліміздің оңтүстігіндегі ірі өнеркәсіптік және аграрлық орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді. KGIR-2025 алаңы Жамбыл облысының делегациясына инвестициялық жобаларды ілгерілету мен халықаралық серіктестермен байланыс орнатуда ерекше мүмкіндік берді. Делегация мүшелері экономика мен инновацияның өзекті бағыттарына арналған панельдік сессиялар мен тақырыптық кездесулерге қатысып, өңірдің дамуына серпін беретін жаңа идеялар мен шешімдерді талқылады.

Жалпы алғанда, KGIR-2025 – Жамбыл облысы үшін жаңа инвестициялық кезеңнің бастауы іспетті. Бұл форум аясында жасалған келісімдер мен қол жеткізілген уағдаластықтар өңірдің экономикасын күшейтіп қана қоймай, оны халықаралық деңгейдегі инвестициялық хабқа айналдыру жолындағы нақты қадам болып отыр. Ербол Қарашөкеев бастаған делегацияның бұл сапары Жамбыл облысының жаһандық экономикалық картадағы орнын айқындап, оның әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланып отыр.

С. Бақберген

Жамбыл облысы