Жамбылдың шойынқұлақ шенеуніктері: «Қайда барсаң, онда бар!»
Қарапайым шаруаларды қан қақсатып отырған «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының құзырлы органдардың ескертуін елемей шалқаюы «қайда барсаң, онда бар» деген ұстанымын аңғартып отыр.
Оның үстіне, әділ үкім шығарып, тура төрелік айтуға тиіс соттың шешімі де біржақты.
Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Ақбастау ауылдық округы аумағындағы 60 гектар жерге отырғызылған алма бақты лизингке алған шаруалар алдауға түсіп, бүгінде шырмауықша шырмалған мәселелерден шығудың жолын таппай шарқ ұрып отыр. Алдаған – «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы, алданғандар – «Әулие-Ата Алма» ауылдық тұтынушылар кооперативіне мүше лизинг алушылар.
Мәселе қалай болған өзі?
Әлқисса, әңгімені басынан бастар болсақ, 2015 жылдың 27 қарашасында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы (қазір «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы оның мұрагері болып отыр) «Сатып алушы» ретінде бірінші жақтан, ZZ Euro Duo-Kalem Lazarevac екінші жақтан, лизинг алушылар үшінші жақтан өсімтал алма бақ егіп, іскерлік жұмыс жүргізуге №4-ПЛ-15 сатып алу-сату келісімшартына шартта-шұрт қолдарын қойып, мөрлерін басыпты. Ол кезде алма бақтың әлі ұшығы мен пұшығы да жоқ. Бірақ қағазда қанттай!
«Кейін бәрін қатырамыз» деп қарызға батырған жарылқаушы корпорацияның талабымен «Әулие-Ата Алма» кооперативіне мүше тұтынушылар келісімшартқа қол қою кезінде «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының Жарғы бойынша алма бақты лизингке беруге құқығы жоқтығын білмеген де. Ал ол бар болғаны – қаржылық ұйым ғана екен.
Корпорацияға үнемі қатты жел тұратын, ауа райының басқа да жайсыз жағдайлары жиі болатын аймаққа орналасқан алма бақты ауылдың аңқау кәсіпкерлерінің мойнына іле салу түкке де тұрмаған. Экологиялық талдау, алма бақ құрылысының қорытындысы секілді маңызды мәселелерге мән берілмеген.
Алма баққа жеміс көшеттері сонау Сербиядан әкеліп отырғызылған. Агрономияда «өсімдікті аудандастыру» деген болмайтын ба еді? Қазақша қарапайым тілмен айтқанда, жерсіндіру. Біз танысқан құжаттардың ешқайсысынан бұл туралы ләм-мим сөз оқыған жоқпыз.
Алма бақты орналастыруда да өзім білем деген білермендікке салынған корпорация басшылығы ол жағын ойластырды ма екен? Біздіңше, бұл бейжай, немқұрайлы қарай салатын мәселе емес. Жануарлар мен өсімдіктер дүниесінде табиғи ерекшеліктер ескерілуге тиіс сияқты. Біздің «Аталмыш алма баққа отырғызылған жеміс сұрыптарының жерсінетін, жерсінбейтіні алдын ала лабораториялық зерттеулер жасалып, зерделенді ме екен?» деген сұрағымыздың төркіні осында жатыр. Лизинг алушылардың ішінде арнайы агрономдық мамандығы барлар бар ма, жоқ па, білмедік. Білетініміз – барлығы да нанталап шаруалар. Әу баста біз айтып отырған жеміс ағаштарының жерсінуі туралы олар да ешкімнен сұрамаған. Сұраса, қызығушылық танытса, мүмкін мұндай жабырқау жағдайға ұшырамас па еді? Кім білсін!
Алма бақтың пайдалануға берілуі туралы ақпарат 2017 жылы пайда болды. Болары болып, бояуы сіңген соң, лизинг алушы шаруалар істің ақырын күткен. Оларда лизинг берушілердің «алманың астында қаласыңдар, көл-көсір табыс табасыңдар» деген уәдесіне малданудан басқа амал да қалмаған еді. Дегенмен бір сенім бар.
Желге ұшқан ақша
Көп ұзамай аңқау шаруалардың сенімдері желге ұшты. Үнемі ұйытқи соққан жел мен ара-тұра болып тұратын дауылдан, көктем мен күздегі бірде ыстық, бірде суық аумалы-төкпелі ауа райынан, ағынсудың жетіспеушілігінен бұл жерде алма бақ өсіріп, одан өнім алу мүмкін емес екеніне көз жетіп, көңіл суи бастаған. 2018-2019 жылдары жеміс ағаштарының жаппай жойылып, жарамсыздануы мен 2020-2022 жылдары табиғи факторлардың кері әсерінен өнім болмауы себепті «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы лизинг алушыларды «жарылқап», 4 жылдық негізгі қарыз бен үстеме төлемді кейінге қалдыруды көздеген. Бірақ мәселе мұнымен шешіле қойған жоқ. Қарыз шаруалардың мойнында. Ерте ме, кеш пе, төленуі керек. Өйткені корпорация алма бақты мақсатты жағдайда пайдаланудың мүмкін еместігін ескерер емес.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ агрономының 2022 жылға жасаған қорытынды есебі бойынша болжамды өнім 500 тонна болуы керек екен. Ал 2022-2023 жылдардағы ағынсудың жеткіліксіздігі, 2023 жылы алма ағаштарының бактериалдық күйік ауруына шалдығуы, 2023-2024 жылдардағы табиғи апаттар салдарынан алма бақ толық күйреген, жарамсызданған.
Мысалы, 2023 жылдың 3 қаңтарында секундына 37 метр жылдамдықпен соққан дауыл бақтың 60 пайызын құлатқан.
Осы жерде қаржылық лизинг келісімшартының «1. Терминдер мен анықтаулар» тарауына сәйкес жайсыз ауа райы, қатты ұйытқи соққан жел, яғни желдің секундына 18 метр және одан жоғары жылдамдықпен ұйытқи соғуы, басқа да табиғи құбылыстар тараптарды қаржылық лизинг келісімшартының 18.1 пунктіне сәйкес міндеттемені орындау жауапкершілігінен құтқаратын форс-мажор құбылысына жатады» деген жолдары да корпорация жетекшілігін ойландырмаған. Олардың мақсаттары – қалайда лизинг алушылардан ақша өндіру. Көзір қолдарында. Алдауға түскен шаруалардың баспаналары оларда кепілдікте тұр.
ҚР Энергетика және табиғи ресурстар министрлігінің «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының 2024 жылдың 25 қаңтардағы №26-04-1-5/73 хатында 2020-2023 жылдарда көптеген күндер жайсыз, желді болғаны атап көрсетілген. Оларды тізіп шығуды міндетті санамадық.
«Әулие-Ата Алма» ауылдық тұтынушылар кооперативінің мүше – лизинг алушылар форс-мажорлық жағдай туындағаны туралы лизинг беруші корпорацияны шұғыл түрде, уақыт оздырмай, 2023 жылдың 4 қаңтарында №80 хатпен хабардар еткен. Бірақ лизинг беруші бұл хатты назарға алған да, шаруалардың шырылына пысқырған да жоқ.
Сондай-ақ ауылдық кәсіпкерлер қайырылған «Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2024 жылдың 12 маусымында берген №01-177 қорытындысында: «...зерттеу-зерделеу кезінде бақ қанағаттанғысыз жағдайда болды. Алма ағаштарының 95 пайызы апатқа ұшыраған» деп көрсетілген. Әрі қарай осы қорытындыда бақтың жаз мезгілінде толық қандыра суарылмағандықтан әлсізденгені, тағы да 2023-2024 жылдардың күзгі-қысқы кезеңдеріндегі ауа температурасының құбылуы алма ағаштар жағдайына кері әсерін күшейте түсіп, ақырында алма бақтың толық күйреп жарамсыздануына әкеліп соққаны тайға таңба басқандай жазылған.
Ол аз десеңіз, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі «Өсімдік карантинінің республикалық орталығы» мемлекеттік басқармасы Жамбыл ауданы бойынша мемлекеттік инспекциясының 2023 жылдың 15 мамырында жүргізген мониторингі нәтижесінде алма бақта алма ағаштарының бактериялық күйік инфекциясы анықталған. Осыған орай, Жамбыл облысы әкімінің 2023 жылғы 30 мамырдағы №96 қаулысымен үдемелі өсімтал алма бақтарға карантиндік режим енгізіліп, бақтарды мақсатты пайдалануға тыйым салатын және инфекциямен зақымданған ағаштарды жою жөніндегі жұмыстар қарастырылған. ҚР «Өсімдіктер карантині туралы» Заңы 1-бабының 6-1 тармағына сәйкес өсімдік карантині бойынша карантиндік режим карантин ошағын жоюға бағытталған шараларды жүзеге асыруды міндеттейді.
Лизинг беруші «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басшылығы осы аталған ескертулердің ешқайсысын да елемей отыр. Ол осынша дәлелді дәйектер мен заң талаптарын құлағына ілген де жоқ. «Қайда барсаң, онда бар!» дегені ғой. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» теңеуі де осыған сай келіп тұр. Міне, мықты!
Бар үміт сотта еді...
Амалдары таусылған лизинг алушылар «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының шойынқұлақ шенеуніктерін сотқа берген. Олай әрекет етпесе, кепілдікке қойған баспаналарынан айырылып қалатын түрлері бар.
Жамбыл облысының ауданаралық экономикалық соты 2023 жылдың 30 қарашасында үш талапкердің арыздары бойынша іс қараған. Бірінші талапкер – «Әулие-Ата Алма» ауылдық тұтынушылар кооперативіне мүше – лизинг алушылар қаржылық лизингтік келісімшарттың күшін жойып, тараптарды бастапқы қалпына келтіруді және нысанды пайдалануға қабылдау актісін жарамсыз деп табуды, екінші талапкер – «Жамбыл облысы Жамбыл аудандық әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жауапкерге ешкімнің рұқсатынсыз өз беттерінше салған құрылысты жоюды міндеттеуді, үшінші талапкер – «Жамбыл облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі нысанды пайдалануға қабылдау актісін жарамсыз деп табуды сұрайды. Осы үш талап бойынша да жауапкер – «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы.
Осы іске төрағалық етуші Жамбыл облыстық ауданаралық сотының судьясы Е.Қалымханов талапкерлердің өтініштерін егжей-тегжейлі қарай келіп, үшеуін де қанағаттандырудан бас тартқан. Жаға ұстайтындай жағдай! Судьяның құзырлы мемлекеттік мекемелердің дәлелді дәйектерін назарға алмағанына таңданбасқа әддің жоқ. Кім біледі, соттың да өз білгені бар шығар?
Лизинг алушылар онымен тоқтап қалған жоқ. Олар бірқатар саяси партияларға әділдіктің салтанат құруына ықпал жасауды сұранып қайырылған. Олар не дей қойсын, қанша айтқанмен, қоғамдық ұйымның аты – қоғамдық ұйым. Олар өз тараптарынан пікір білдіреді, ұсыныстар жасайды. Бірақ біреуді даттауға немесе ақтауға құзырлы емес. Дегенмен саяси партиялар мен қоғам белсенділері қатысқан жиналыстарда олардың әділетсіздікке ұшыраған шаруалардың жанайқайларын дұрыс түсініп, араша түскілері келгендері аңғарылады.
Жуырда Астана мен Таразда онлайн байланыс арқылы «Қазақстан парламентаризмі даму қоры» мен «Әулие-Ата Алма» ауылдық тұтынушылар кооперативінің ұйымдастыруымен «Жамбыл облысының шаруа қожалықтары аграрлық несие корпорациясының әрекетінен қалай зардап шекті?» атты баспасөз конференциясы өткізілген.
Осы баспасөз мәслихатында да тілге тиек болған – несие корпорациясының уәдесіне малданып алданған шаруалар мәселесі. Қазақстан парламентаризмі даму қорының президенті, экс-сенатор Зәуреш Батталова корпорацияның озбырлық әрекетін сынға алып, бұл сорақы тірлік қоғам тарапынан қолдау табуы керек екенін баса айтты. Онлайн сипатта өткен бұл басқосуда Астанаға лизинг алушылардың арнайы барған өкілі Ғанижан Инамжанов, лизинг алушылардың қорғаушысы, заңгер Серік Қожамқұлов, Тараздан «Әулие-Ата Алма» АТҚ төрағасы Рустам Ғанижанов, Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Кемелхан Әбілеков, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшесі Дәурен Ахметжаев, осы жолдардың авторы сөз сөйлеп, зардап шегуші лизинг алушыларды жақтап, дәлелді мысалдар келтірген, аңқау шаруаларды алдап, оларға озбырлық көрсетіп отырған «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамын сынға алған. Әрине, әділетті шешім шығармаған ауданаралық экономикалық соттың біржақты әрекеті де айтылмай қалған жоқ.
Осыдан-ақ қоғамның бет-бейнесі көрініп қалар.
Әлде, осы мәселеге тікелей қатысы бар мекемелердің шойынқұлақ шенеуніктері ештеңені естімеген болып, естісе де өркөкіректікпен: «Қайда барсаң, онда бар!» деген райларынан қайтпай отыра берер ме екен?..
Болат ЖАППАРҰЛЫ
ардагер журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Жамбыл облысы