Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:40

Жамбылдың тәртіптік кеңесінің әлі ауыл әкімдеріне ғана жете ме?

1
Фото: ашық дереккөз

Jas Alash-та «Қарашөкеевтің кабинетінен шыққан Баубековке бәрібір» атты мақала жариялаған едік.

 «Бақсақ бақа екен» демекші, біз сөз еткен Меркідегі бітпеген жол жөндеу жұмыстары бойынша әкімдік мердігерлердің шотына қаржыны алдын ала аударып беріпті. Бұл жайында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің Меркіде өткен көшпелі отырысында айтылды.

Жұрт тәртіптік кеңес дейтін бұл отырыста Меркі ауданының Ақтоған, Сарымолдаев және Ақермен ауылдық округтерінің әкімдері Данияр Әбдіразақ, Сәбит Бабижанов және Ғани Байдәулетовке жол жөндеу жұмыстарын «мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудағы» заңбұзушылықтары қаралды. Бұл бойынша аталған үш ауылдың әкімі қызметіне толық сай емес деген шешімге келді.

Атап айтқанда, маусым айына ұсынылған жұмыстарды орындау және орындалған жұмыстардың құны туралы актілерге сәйкес Ақтоған ауылының әкімі Д.Әбдіразақ жалпы 111 355 114 теңге көлеміндегі қаражат мердігердің есепшотына 24.06.2024 күні аударылған. Бұл ретте сарапшы Ж.Дүйсетовтің қорытындысына сәйкес 48 436 304 теңгеге құм-шағыл төсеу, және т.б жұмыстардың орындалмағаны анықталған.

Сарымолдаев ауылының әкімі Сәбит Бабижанов та бітпеген жол жөндеу жұмыстарына ақша аударып берген. Сонымен қатар бұл ауылда жөндеу жұмыстары аяқталған көшелердегі асфальт жабындысының сапасыздығы, жолдың тегіс емесі, тіпті ай өтпей жатып шұңқырлар пайда болғаны анықталған. Ал Ақерменнің әкімі Ғани Байдәулетов болса, ауылындағы 12 көшеге өткен жылы 187,5 миллион теңге бөлініп, оны былтыр игере алмай, мерзімін биылғы жылдың 31-желтоқсанына дейін созыпты. Бірақ мұндағы жол жөндеу жұмыстары да ақшасы алдын ала төленіп қойса да жұмыс қалай болса солай, сапасыз жасалғаны белгілі болыпты.

Осы орайда біз «Қарашөкеевтің кабинетінен шыққан Баубековке бәрібір» атты мақаламыздан үзінді келтіруді жөн көріп отырмыз:

«Жол салу үйге «пол» салу емес. Иә, ерте көктемде қамданбағандар, қыстыгүні дірдектеп, қар жауғанда көше-көшеге асфальт төсеп, жанталасып жүргендерді де талай көргенбіз. Мұндай жағдай Жорабек Баубеков басқаратын Меркі ауданында биыл тағы қайталанатындай.

«Биыл тағы» деуіміздің себебі – бұл ауданда 2022-жылы 20 көшеде, 2023-ші жылы 16 көшеде жол жөндеу жұмыстары аяқталмай қалған болатын. Яғни Меркіге 2022-жылдың көктемінде әкім болған Баубековке өткен жылдардағы кемшіліктер биыл да сабақ болмағандай. Айталық, аудандағы биылға қаржысы бөлініп, мердігері мерзімінде бітіруге мойнына алған 54 көшенің 16-сында күздің екінші айы басталса да, жол жөндеу жұмыстары әлі басталмаған. Оның 15-і «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша жүзеге асырылуы тиіс болған. Бұл ретте 14 көшенің жолын жөндеуді «Қазақ жолы 2050» ЖШС атты бір ғана мердігер ұтып алыпты».

Міне, тәртіптік кеңес төрағасы Руслан Шарипов бұл мәселені білмей ме, әлде біле тұра көз жұмып отыр ма? Ауыл әкімдерінің төбесіне «әңгір таяқ» ойнатып қайтқан тәртіптік кеңестіктердің аудан әкімі Жорабек Баубековке «әй мұның не?» деуге жарамағаны ма?

Басқа жақты қайдам, бұрынырақта Жамбылда тәртіптік кеңестің құзыреті зор, мысы басым, сөзі өтімді еді. Арысы – аудан әкімдерін, берісі – басқарма басшыларын, олардың орынбасарларын Таразға шақырып алып, тікесінен тұрғызып қойып, жуан мойындарын бұрап, расында тәртіпке салып отыратын. Қазір жаңашылдық деп өздері аудан-ауыл аралап, көшпелі отырыс жасап жүр. Бірақ тәртіптік кеңестің төрағасы Руслан Шарипов бастап барған бұл жолғы Меркі сапары бейнелеп айтқанда, «тышқан аулап» қайтқандай әсер қалдырды.

Нұрболат ӘЛДИБЕК

Жамбыл облысы