Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:29, 10 Мамыр 2023

Жан Марк Годес, фото-ертегіші: Фото түсіру үшін фотоаппарат керек емес

None
None

27-ші сәуір күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында  француздық фото-суретші, фото-ертегіші Жан Марк Годестің «Жанды кітаптар»  («Livres en vie»)  атты арт көрмесі өтті.

Көрме аясында автордың бірталай фото-туындылары ел назарына ұсынылып, авторлық фильмінен үзінділер көрсетілді. Авторды арнайы іздеп барып, сұхбат алдық.

– Сәлеметсіз бе, Марк мырза! Көрмеңіздің Астанада ашылуымен тағы да шын жүректен құттықтаймын!

– Рақмет!

– Өз басым суретшілер болмаса, фото-суретшілер туралы аз біледі екенмін. Оны сіздің туындыларыңызға қарап байқадым. Менің кінәм, әрине. Айтыңызшы, фотограф пен фото-суретшінің айырмашылығы не?

– Жоқ, аз білемін деп ойламаңыз. Себебі бізде де (Францияда) фото-суретшілер туралы адамдар кеңінен таныс деп айта алмаймын. Олар жайлы бізде де насихат ауыз толтырып, айтарлықтай емес. Ал фотограф пен фото-суретшінің айырмасына келер болсақ, мұны өзім де көп білемін дей алмаймын. Мені фото-суретші емес, фото-ертегіші деп айтсаңыз, әлдеқайда құп көрер едім. Себебі менің басымда бірінші идея пайда болады, сосын оны қарындашпен қағазға түсіріп аламын. Одан кейін сюжет, яғни ертегі құрастырамын. Сосын барып, фото-аппараттың кішкентай нүктесін басамын. Бізді қоршаған орта кітапқа да, суретке де, фильмге де боямасыз, қаз-қалпында енуі керек. Сол идеяның жақтаушысымын. Ерекшелігім – осы.

– Фотография өнеріне қашан келдіңіз?

– Мен арнайы білім алып, академия тауысқан жоқпын. Жай ғана осыдан 15 жыл бұрын (40 жасымда) өз сүйікті ісіммен айналысу туралы ой келді. Сөйтіп бастап кеттім.

Кешіріңіз, Франция десе болды, көз алдыма бірден француз импрессионистері келе қалатыны бар. Сондықтан олар жайлы сұрағаным жөн болар. Оның үстіне сіздің туындыларыңыздан да солардың әсерін байқауға болады.  Әлде олай емес пе?

– Осы сұрақты қоятыныңызды мен де білдім. Себебі сіздің алдыңыздағы журналистер де осыны қойған. Әрине, француз сурет өнерін, жалпы әлем сурет өнерін импрессионистерсіз елестету қиын. Бірақ мен сізге шынымды айтайын, «Шөптегі таңғы асты» (Э.Мане) мен алғаш көргенде авторын білген жоқпын. Маған жай ғана картинаның өзі ұнады. Әсер алдым. Бірақ еліктеушілік болмады. Сіз кино саласында жұмыс істеймін деп қалдыңыз. Іздену жақсы әрине, бірақ ешкімге еліктемей, өз ойыңызды айту ол өте маңызды. Көп жас фото-суретшілер фото түсіру үшін алдымен фото-аппарат керек деп ойлайды. Фото түсіру үшін алдымен фото-аппарат емес, айтар ойың болуы керек. Және еліктемеу керек. Француз сурет өнерінің қазіргі даму бағытының бірі – импрессионистердің ықпалынан шығу. Фото-суретшілер үшін де, басқалар үшін де...

– Ал абсурд ше?

Абсурд ол енді маған ұнайды. Бірақ ол түсінік те өнерде жалпыланып кетті.

– Сіздерде суретшілер одағы бар ма? Және ол қаншалықты жас-суретшілер мен  жас фото-суретшілерге қол ұшын созады?

– Бар. Бірақ ол да пирамида сияқты. Басындағы отырғандар ғана жақсы табыс табады. Астындағалар сол, өнерді «аш күйінде» жақсы көруге мәжбүр. Немесе қосымша жұмыс істейді. Сіз сенбессіз, мен қырық жасыма дейін басқа салада қызмет еттім. Бұл өнермен жастық шағымнан бастап айналысқанымда, аштан өліп қалар ма едім, білмеймін (күледі). Оның үстіне Париж сияқты алпауыт мегаполистерде ғана фото-аукциондары өтіп, атағың аспандап жатады. Ал кәсібін енді бастаған фотографтар, Парижден алыс бір қыстақта өнер жасайды. Оларға Париж қол емес. Өзім де әлі күнге дейін Парижден сексен шақырымдай алыстағы бір қыстақта тұрамын.

– Әдетте кәсіпқой фото-суретшілер талантын шыңдағаннан кейін авторлық фильмге кетіп жатады. Өз картиналарынан қозғалыс пен уақытты көргісі келеді. Сізде бұл жағы қалай?

– Мен бір авторлық фильм түсіріп көрдім. Бірақ оным сәтсіз шықты.

– Оны осы көрмеге қойғаныңыз ба?

– Жоқ. Көрмеге әкелгенім – суреттерімнен жасаған пазлдар. Фильмді мұнда әкелген жоқпын. Соны түсіргеннен кейін, өзіме фото-сурет қана ұнайтынын түсіндім. Маған фотографиямен айналысу керек. Кинемотография менікі емес. Ал сіз айтып отырған уақыт пен қозғалысты фото-суретте де көрсетуге болады. Кино-картинаны қозғалады деп, фото-картинаны қозғалмайды деп бағалау қаншалықты дұрыс екенін білмеймін. Әркімнің өз ішінде айтар бір ойы бар. Кино да, фото да, қалам да – барлығы соны жеткізудің қарапайым құралы. Біз бұларға алдымен құрал ретінде қарасақ, кейін өнер ретінде де қарай аламыз.

– Сіздерде, фото-ұрылары бар ма? Плагиат. Мәселен, сіздің фото-туындыңызға ұқсатып, біреу сурет түсіре ме?

– Өз басымда ондай болмады. Бірақ жалпы бар екенін еститінмін. Егер біреу сол сюжетті ұрлап сурет түсірсе және ол дәлелденсе, авторлық-құқық бойынша жазаланады. Бізде бұл мәселеге өте қатаң қарайды. Тарихи жәдігеріміз көп ғой...

– Ал сіздің фото-суреттеріңіз интернет желісінен рұқсатсыз көшірілсе...

– Жоқ, ол көшірілмейді. Менің жеке сайтым бар. Ол бұғатталған. Негізгі туындыларымның бәрі сонда. Оған кіру үшін ақша төлеуіңіз керек. Және көшіріп алу үшін де ақша төлейсіз, рұқсатын аласыз. Ал сіздерде ол еркін екен. Бәлкім, гугл-хроммен келісім басқаша шығар. Ақпараттар «ләйліп» жүр (күледі).

– Фотография саласы кәсіп ретінде қаншалықты дамыған?

– Бұл өнердің кәсіптік бағыты әлдеқайда жақсы дамыған. Бізде әр автор өз туындысын өзі сақтандырады. Өзі шығарады, өзі кәсіпке айналдырады. Мемлекет құлшына араласа бермейді.  Айтқандай, визиткамды беріп қояйын, осы арқылы сайтқа кірсеңіз болады...

Жаңа «аукцион» туралы айтып қалдыңыз. Париж – махаббат қаласы ғана емес, сурет-аукциондарының қаласы екенін білеміз. Әлемнің түкпір-түкпірінен қалталы адамдар онда қыдырудан бұрын, сурет сатып алуға барады. Сурет-аукционы мен фото-аукциондар бөлек өте ме, әлде бірге өте ме? Және фотографтардың еңбегі суретшілердің еңбегімен бірдей бағалана ма?

– Әр кезде әр қалай. Ауқымды аукциондар жасырын, сауық-кеші ретінде ұйымдастырылып, ақшасы бар адамдар ғана арнайы шақырылады. Орта деңгейлі аукциондар ашық өтуі мүмкін. Екеуінде де суреттер мен фото-суреттер аукционға түседі. Онда басқа жәдігерлер де сатылымда болады.  Ал баға жағына келсек, әрине, ол суретшінің атақ-абыройына, шеберлігіне, танымалдығына тікелей байланысты. Егер сіздің атыңыз шықпаған болса, онда туындыңызды да қомақты ақшаға өткіземін деп дәмеленбеңіз.

– Бұрынғы картиналар ше?

– Олар әрине құнды. Көбісін музейге өткізген. Сатылмайды. Музейдің жылына, болмаса бес жылда бір рет өткізетін арнайы сурет-аукционы болады. Сонда ғана белгілі бір картиналарды сатылымға шығарады. Бірақ енді өзіңіз түсініп тұрған шығарсыз, қандай ақшамен бару керек онда...

– Сөз соңында фото-сурет саласына ынтығып жүрген жас фотографтарға қандай кеңес бересіз?

– Бірден айтайын, бұл саламен кез келген жаста, кез келген адам айналыса алады. Өнер – шартты түсінік. Біздің мақсат – өнер жасау емес, іштегіні сыртқа шығару. Ол сосын өнер бола ма, болмай ма, оны уақыт пен халық шешеді.  Ең бастысы – ойыңызды жинақтаңыз, түсіріңіз. Болды...

– Сұхбатыңызға рақмет. Шығармашылығыңызға табыс тілеймін!

Тегтер: