Жаңа буын жас педагог: Сағиева Ақерке Болатбекқызы – “Келешек мектептері” жобасында адалдық пен отаншылдықты тәрбиелеу туралы

Білім беру жүйесінде дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра білген жас педагогтардың орны ерекше.
Осындай заманауи көзқарасы мен ізденісі үйлескен ұстаздардың бірі – Сағиева Ақерке Болатбекқызы, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол – өз заманының талабына сай ойлайтын, жаңа буын ұстаздарының өкілі.
Ақерке Болатбекқызы 2021 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін өз еңбек жолын Хлебодар орта мектебінде бастап, екі жыл бойы табысты қызмет атқарып, кәсіби тәжірибе жинақтады.
2025 жылы ол жаңа үлгідегі білім ордасы – Ақтөбе облысы Сарыжар орта мектебі №3, «Келешек мектебі» форматына енген оқу орны ұжымының мүшесі атанды. Бұл мектеп – тұлғаның жеке дамуы мен сыни ойлау қабілетін, азаматтық құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған жаңа форматтағы білім беру кеңістігі.
Педагогтың айтуынша, мұндай мектепте жұмыс істеу – тек жаңа кезең емес, үлкен жауапкершілік:
«Адал азамат» бағдарламасы – оқушылардың адамгершілік және азаматтық қасиеттерін қалыптастырудың маңызды құралы. Біз тек сөзбен емес, іспен үйретеміз. Адалдық, жауапкершілік, сыйластық – бұл біздің күнделікті жұмысымыздың негізі», – дейді Сағиева Ақерке.
Ақерке Болатбекқызының басты бағыттарының бірі – «Адал азамат» бағдарламасының элементтерін орыс тілі мен әдебиеті сабақтарында жүзеге асыру. Мұғалім сабақ барысында оқушылардың тек тілдік білімін арттырып қана қоймай, моральдық құндылықтарды әдеби мәтіндер арқылы түсінуге жағдай жасайды.
Көркем шығармаларды талдау кезінде оқушылар кейіпкерлердің адалдық, әділдік, өзгені құрметтеу сияқты қасиеттерін саралап, оларды өз өмірімен байланыстырады. Шығармашылық тапсырмалар аясында оқушылар азаматтық жауапкершілік, отансүйгіштік, отбасы мен дәстүрге деген құрмет тақырыптарында шағын эссе жазады.
«Мен үшін сабақ тек грамматиканы немесе әдеби деректерді үйрету емес. Әрбір мәтін – мейірім, ар-ождан, адамгершілік жайында әңгіме қозғауға мүмкіндік. Тіл мен әдебиет арқылы біз баланың ішкі әлемін тәрбиелей аламыз», – дейді педагог.
Сонымен қатар, Сағиева Ақерке жобалық оқыту әдістерін белсенді қолданады: оқушылар ұлы тұлғалар туралы шағын зерттеу жобаларын дайындайды, адалдық пен намысқа, патриотизмге байланысты мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді зерттейді, азаматтық және адамгершілік тақырыптарында пікірталас сабақтарына қатысады. Бұл тәсілдер балалардың сыни ойлау, қарым-қатынас және шығармашылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, өз халқының рухани құндылықтарын терең түсінуге көмектеседі.
«Біз ұлттық мерекелерге, мәнерлеп оқу байқауларына, Қазақстанның көрнекті тұлғаларына арналған іс-шараларға белсенді қатысамыз. Осындай жұмыстар арқылы балалар өз елін, халқын, мектебін мақтан тұтуды үйренеді», – дейді ұстаз.
Бүгінгі таңда Ақерке Болатбекқызы еңбек ететін жаңа форматтағы мектепте цифрлық сауаттылықты, көшбасшылық қасиеттер мен жеке даму дағдыларын қалыптастыруға барлық жағдай жасалған. Мұнда тек оқу үлгерімі ғана емес, баланың тұлғалық қалыптасуы да басты назарда.
«Келешек мектептерінде сенім мен ынтымақтастық атмосферасы сезіледі. Мұнда ұстаздарға қолдау көрсетіледі, кәсіби даму үшін мүмкіндік беріледі. Бұл бізді заман талабына сай өзгеріп, жаңа әдістер енгізіп, сабақтарды мазмұнды әрі қызықты етуге шабыттандырады», – дейді Ақерке Болатбекқызы.
Сағиева Ақерке – жаңа буын ұстаздарының жарқын өкілі. Ол үшін адал, жауапты және отаншыл азамат тәрбиелеу – елдің болашағын қалыптастырудың басты кепілі.