Жаңа Қазақстанда ҰҒА да жаңа болуы міндетті ме?
Назарбаевты «нағыз ғалым» деп мойындамайтын Саясат Нұрбек екі оттың ортасында тұр
Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының хәлі мүшкіл. Немесе академиялары... 1946 жылы құрылған ҰҒА тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік деген мәртебесіз жұмыс істеді. 2022 жылы бұл статус қайтарылып, академиктер қуанысып қалған. Бюджет артады, жұмыс жанданады деп күткен. Алайда жаңа президент Күнсұлу Закария арада көп өтпей «у нас своя академия» деп бөлініп, басы-аяғы белгісіз екі мекеме пайда болды. Бірі – ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, екіншісі – ҚР ҰҒА республикалық қоғамдық ұйымы. Закария кетіп, орнына Ақылбек Күрішбаев келген соң, мәселе одан әрі ушыға түскен. Екі академия екі жақта академиктер сайлап, ситуация түсініксіз сипат алып отыр. Ең қызығы, жағдайды «ескі» және «жаңа» академиялар ғана емес, министр Саясат Нұрбек те, үкімет те түсінбейтін сыңайлы.
«Ол академия бөлек, біз бөлекпіз»
ҚР ҰҒА бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан, өзімен-өзі күнін көріп келе жатқан мекеме еді. Соңғы жылдары президент жанындағы жаңа академия пайда болып, белсене жұмыс істеп жатыр. Ресми сайттары жаңалықтан жаңалыққа көз ілестірмейді, ғылым және жоғары білім министрлігі де аузынан тастамайды. Бірақ 9 ғана академигі бар академияның неге өз алдына бөлек кеткені түсініксіз. Оны «ескі» академияның басшысы Мұрат Жұрынов та түсінбейді.
«Ұлттық ғылым академиясының алғашқы президенті Қаныш Сәтбаев болды. Тарихы терең ҰҒА-ның 50, 60, 70 жылдық мерейтойларын атап өттік. Ал 2022 жылы 1 маусымда 75 жылдық мерейтойда көптен күткен қуанышты хабарымызды естідік. Президент келіп қатысып, ҚР ҰҒА қоғамдық бірлестіктен мемлекеттік статусқа өтеді деп мәлімдеді. Жұрт қол соқты. Мемлекеттің қарауына өтеміз, қаржыландыру артады, жұмыс жанданады деп қуанысып қалдық. Себебі ҰҒА 19 жыл бойы «өлмеске тамақ бергендей» күйде жүрді. Енді трансформация басталады деп отырғанда, бізде екінші академия пайда болды...
Әуелі мемлекеттік статусқа өткен ҰҒА-ның президенті ауысты. Менің орныма Күнсұлу Закария сайланды. Қолдан келген көмегімді аямаймын деп сөз сөйледім. Бірақ сол кездесуден кейін жаңа басшы үндемеді, ешкімді жинамады. 2-3 аптадан соң көмекшісіне хабарласып, қашан қабылдамақ ойлары бар екенін сұрадым. Өйткені мен қызметті тапсырып, құжаттарды реттеп беріп кетуім керек. Еш хабары болмады. Арада тағы жарты айдан астам уақыт өткенде бөлім басшыларының бірі қоңырау шалып, президенттің сұрақтары бар екенін айтты, келіп, жауап беруімді сұрады. Мен ренжіп, сұрағы болса өзі хабарлассын, келіп қабылдап алсын дедім. Содан кейін де баяғы үнсіздік орнады. Бір күні Закария табанасты баяндама жасап, ол академия бөлек, біз бөлекпіз деп айды аспанға шығарды. «У нас» деп кімді айтқаны да түсініксіз. Бірақ бастапқы жарлық тұр, оның күші жойылмаған(!). Өзіміздің жалғыз ҰҒА мемлекеттік статус алып, Закария соған сайланды. Кейіннен академия Президенттік деген атау алды. Сонда жаңа академия кімдікі, бұрынғы академия кімдікі? Бір елде неге екі ҰҒА? Сол жарлықтардың бір пунктіне сәйкес, 2023 жылдың 1 желтоқсанына дейін сайланған академиктер стипендия алып отыр. Бірақ басқа тұстары орындалмайтыны қалай?
Закария Түркістанға барған бір сапарында: «Ғылымға биыл 100 млн салсаң, ол келесі жылы 200 млн болып қайту керек» деп сөз сөйледі. Ғылымды түсіне бермейтін көпшілік мұны «керемет екен» деп қабылдады. Алайда бұл – барып тұрған демагогия. Ғылым деген өндіріс немесе экономика емес. Бизнес те емес. Оған салған ресурсың тек 10-20 жыл өткеннен кейін ғана нәтиже беруі мүмкін. Академияны осындай көзқарастағы адам басқарды. Закария жүрді, қолынан келмейтіні түсінікті болған соң шығар, басқа президент келді», – дейді академик М.Жұрынов.
Иә, К.Закарияның академик деген атағы жоқ. Ол 1995 жылы биология ғылымының кандидаты, 2002 жылы биология ғылымдарының докторы дәрежесін алған. Сәйкесінше, академияны академик басқаруы керек деген ой көптің көкейінде тұрды. Әрі бұл орынға сайлаусыз келгеннен соң да ғалымдар жаңа президентті «іштей мойындай алмады». Оның ізбасары А.Күрішбаевқа қатысты да көп сын айтылып жүр. «Аграрныйдың ректоры ҰҒА-ны да басқарып отыр. Қазақта одан басқа ғалым құрып қалып па?» дейді жұрт. Соған қарамастан, академиктер Күрішбаев келгенде мәселе енді шешімін табатын шығар деп ойлаған. Олары да бекер екен.
Министр де, үкімет те үнсіз
«Күрішбаев мәселені шешетін шығар деп күттік. Ал ол академиктерді сайлаймын деп шықты. Бірақ оны кім сайлайды? Қалай сайлайды? Бар түсінгеніміз, Күрішбаевтың бұрынғы академиктерді қабылдағысы жоқ. 1996 жылға дейін сайланған 15-ақ академик бармыз. Тіпті сол академиктерді де қайтадан сайлайық дейді. Оның үшеуі қайтыс болды, бірі комада жатыр, бірі төсек тартып қалған. Қалғанының жартысы 90-нан асқан, жүріп-тұра алмайды. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаев академик қой, ол Күрішбаевтың алдына келе ме? Менің де барып, баяндама жасайтын ойым жоқ. Мұндайға қажеттіліктен бұрын, заңды рұқсат та жоқ. Өз кезеңінде заңды түрде сайланған академиктерді қайта тексеруге кімнің қандай құқығы бар? Тексерген күннің өзінде, ол ештеңе бермейді. Себебі қазір заман өзгерді, ғылымның талаптары басқа. Мәселен, бұрындары біздің ең мықты материалдарымыз Мәскеуде жарияланатын. Ал қазір шетелдік басылымдарды сұрайды. Сол кездегі ережемен, сол атаққа сай болған соң академик болып отырмыз. Ал оларды жаңа талаптармен қайта қабылдаймын деу – абсурд. Оның үстіне, академик болу үшін алдағы бес жылда мынаны істеймін, ананы істеймін деген бағдарлама беруің керек екен. Оны орындай алмасаң, атағыңды қайтып алады. Мұндай сұмдықты кім естіген? Академик деген атақ дүниежүзінде өмірлік нәрсе. Оны 5 жылдық қыламын дегенімізге ел күліп жатыр.
Осының бәрі заңсыз ғой. Бір ғана академиямыз бар, ол өзгертілді. Біз – сол академиямыз. Ал Күрішбаев бізге президент болуы керек. Осылайша, бір ғана академия болуы, бұрынғы академиктер академик күйі қалуы тиіс. Заң да, басқасы да екі академия болсын деген жоқ. Бұл арада адами фактор араласып отыр, басқа ештеңе де емес. Мұндай бассыздықтың қалайша әлі күнге жалғасып келе жатқаны түсініксіз. Министрге де барғанбыз. Бірақ ол жақтан нақты, біржақты жауап болмады. Үкімет тарапынан да хабар жоқ. Президенттің тапсырмасы аяқасты болып жатыр, президент әкімшілігіне екі жылдың ішінде осы мәселе бойынша 22 хат жаздым», – дейді М.Жұрынов.
«Академик еместер академиктерді сайлады»
Сөйтіп, екі академия екі жақта қалды. Әліптің артын бағып, аяғы не болар екен деп күтіп отырғанда, тағы бір шу шықты. Тамыздың басында алдымен «ескі» академия, артынша «жаңа» академия академиктерді сайлады. Бұл туралы ҚР ҰҒА академигі, техникалық ғылымдар докторы Мейірбек Молдабеков былай дейді:
«Посткеңестік елдердің бәрінде академия ғылымның локомотиві. Ал бізде осы 30 жылда академия түгілі, ғылымға көңіл бөлінген жоқ. Енді-енді қолға алынып жатыр. Жақсы бастамалардың бірі академияны мемлекеттік ету болды. Бірақ көріп отырғандарыңыздай, тегіс жерден мәселе шығып отыр. Қазір «бұл кісілер қартайды, заманы кетті, тыңдамаймыз, бәрін өзіміз жасаймыз» деген позиция байқалады... Бірақ өздері көп нәрсені білмейді. Осы күнге дейін болған нәрсені қатырмасаң, жаңа нәрсені қалай жасайсың? Академия деген – академиктер. Бұрынғы академиктердің бәрінен жеріп, жаңа академия салу деген болатын шаруа ма? Саусақпен санарлық академик отырып, өздерін ұлттық академия дей ме?
Ең алдымен Күрішбаевты кім сайлағанын еске алайық. Оны төрт «кандидат наук» сайлады. Қазақта ғалым жетерлік, десек те олардың ешбірімен санаспады. Содан соң, ондағы бірі «зерновик», екіншісі математик, үшіншісі экономист отырып алып, саланы ішінен түсінбесе де физик, биолог, медицина маманын, технарьді қосып, алты академик сайлады. Шын мәнінде, мұны сайлау деуге де келмес. Тек жобалап бере салды. Ішіндегі үшеуі біздің академиктер. Олар өздері қаламады да. Кандидаттар ғана сайланбасын деп, тәжірибелі, үлкен ғалымдарды көндіргенге ұқсайды.
Енді біздің тарапқа келсек. ҚР ҰҒА бәрін жаппай академик етті дейді. Ал арғы жағын зерттеп, түсінуге тырысқандар аз. Жаңадан қабылданған Ғылым және технологиялық саясат туралы заңға мүше-корреспондент – «членкор» деген ұғым енбеген. Сонда біздің 74 «членкор» далада қала ма? Заңның кері күші болмайды. Оның өзгерісі зиянын тигізбеуі қажет. Сондықтан кезінде барлық талаптарға сай жасырын дауыспен сайланған 74 «членкорды» кооптацияладық. Заң осыны талап етеді».
Осы жөнінде «членкордан» академик болған тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұқанұлына да хабарластық:
«Екінші тарапта алдымен академик еместер академиктерді сайлады. Сол сайланып алған академиктер кейіннен тағы алты академик сайлап алды. Ал бізде ше? «Членкорға» тіпті кандидатты, PhD докторларды қабылдамайтын. Ғылым докторы, профессор болу міндеттелетін. Оған қоса, монографиясы мен мақалалары, өз мектебі болуы қажет еді. Осы талаптардың бәріне келген соң үш мықты доктор оппонент болып, 87 пайызбен соларды жеңіп, тарихшыға арналған бір орынды алдым. Осылайша, 1946 жылдан бері келе жатқан дәстүрлі, заңды жолмен «членкор» болып сайландым. Ал енді жаңа заң бойынша не жерде, не көкте жоқпын. Жалғыз мен емес, біраз ғалым осындай қиын жағдайда қалды. Ақыры, заңға сай бізді кооптациялап, академик болдық».
«Саясаткерлер мен кәсіпкерлерден академик жасамаймыз»
Осының бәрін айтып, Ақылбек Күрішбаевтың өзіне хабарластық. Ол былай дейді:
«Мемлекеттік академияның ерекшелігі – ол академик атағы «мансап тәжін» білдіретін немесе зейнетке шығудың жайлы орны ретінде қарастырылып келген ұйым болмайды. Біз оның құрамына қоғам қайраткерлерін, саясаткерлерді немесе табысты кәсіпкерлерді қоспаймыз. Біздің міндетіміз – тек ғылымның белсенді көшбасшыларын, нағыз ғалымдарды, оның ішінде дарынды жастарды біріктіру және олардың елімізге пайда әкелуіне мүмкіндіктер жасау. Ғылым және технологиялық саясат туралы заңға (1-бап, 33-тармақша) сәйкес, ҚР ҰҒА академигі – ҚР ҰҒА академиктерін сайлау қағидалары мен критерийлеріне сәйкес, ҚР ҰҒА сайлайтын ғылым саласындағы аса үздік жетістіктері бар ғалым. Яғни академик атану – тек конкурс негізінде сайлау арқылы жүзеге асырылады. Президент жанындағы ҰҒА-ның толық мүшесі атағын иеленудің басқа жолы заңда көрсетілмеген. Біз академиктердің қатарын «өсіруге» тиісті емеспіз. Тіпті дамыған озық елдердің өзінде ұлттық академиялардың толық мүшелерінің саны шектеулі».
Әрине, бұл барлық сұрақтың жауабы емес. Талдануы керек қақтығыс нүктелері мен пародокс тұстар жетерлік. Соның бәрін тізбектеп, нақты сауалдарымызды жолдадық. Алайда ҚР Президенті жанындағы ҰҒА баспасөз қызметі сауалдарымыздың күрделі екенін айтып, жауапты тағы қарастырулары қажет екенін жеткізді. Ол мәселелер газеттің алдағы сандарында міндетті түрде талданады.
Ал негізінен, екі мекеме де болмысы бір дүние ғой. Басшылар екі тарапқа бөлініп, бір-бірімен конструктивті диалогқа келмей, «қыңырлық» танытып отырғанда оларға «әй» дейтін министрлік, «қой» дейтін үкімет болмай отыр.
«Бүгінгі жағдайға қатысты кесіп пікір айту қиын. Себебі жағдай мүлде түсініксіз. Тіпті ғалымдардың өзі де сондай күйде. Екі академия екі жақта академиктер сайлап алды. Бұл қадам асығыстық болды. Әрі жаңа академияның академикті уақытша атақ етуі, қабылдауға қойып отырған талаптары да – қателік. Бірақ бұрынғы академияның академиктері де сұрыпталуы керек. Дәл осы тұста «сен ары, сен бері» деуге де ешкімнің шамасы келмей отыр. Заң тұрғысынан келгенде нәзік тұстар көп. Әрі оларды сұрыптауға білімі жететін адам да, комиссия да жоқ. Күрішбаевтың ондайға тіпті шамасы келмейді. Оның ғылыми деңгейі ескі академиядағы талай академиктерден кем. Шын мәнінде объективті, таза бағалау болса, елімізде 30-40 қана академик қалар еді», – дейді есімін жасырын қалдыруды сұраған ақсақал ғалымдардың бірі.
Тағы бір айта кетерлік жайт, ҚР ҰҒА соңғы 19 жыл бойы 800 млн теңгеге жетер-жетпес қаржы алса, Президент жанындағы академияға бір жылда 960 млн теңге бөлінген. Қызық, Күрішбаев осынша ақшаны бұрынғы академиктерге қимай, үй ішінен үй тігіп отыр ма?
Саясат Нұрбек те ақшасы көп, су жаңа академия туралы аузынан тастамай айтып жүреді. Соған қарағанда оның да қай жаққа қарап қисаятыны түсінікті сияқты. Біз осыған қатысты министрдің ұстанымын сұрап, арнайы сауал жолдадық. Жауабын күтейік. Айтпақшы, Нұрбек жақында Назарбаевтың нағыз ғалым емес екенін меңзеп, оның «ескі» академияның академигі болып қала беретінін айтқан. Соған қарағанда тым жаңақазақстаншыл болып кеткен Саясат Нұрбек «ескі» академияны ескіқазақстандықтардың, яғни Назарбаев бастаған «нағыз ғалым емес» шалдардың мүлкі деп есептейтін сияқты.
Сөз реті келген соң айта кетейік, Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева да 2017 жылы осы академияның академигі атанған. Ескі академияны қолдауға осы «академиктердің» аты-жөні кедергі болып тұрған жоқ па екен...
Баян Мұратбекқызы