Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:12

Жаңа Қазақстанға жаңа «жау» керек

Бапи, Жаңбыршин
Фото: Жас Алаш коллаж

«Жаңа Қазақстан» ұраны қазіргі билікке ескі жүйені сақтай отырып, режимнің имиджін жаңарту үшін қажет болғаны белгілі.

Олар Қаңтар оқиғасында қаны төгілген халықты алдарқатып, елді ұзақ уақыт уысында ұстаған бұрынғы басшылардан бөлек екенін көрсеткісі келеді. Бірақ өздері ескі сүрлеуге түсіп кете береді. 

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы тәуелсіз Қазақстан тарихын ескі және жаңа Қазақстан деген екі үйекке бөлгендей болған. Бірақ бұл шекара сөз жүзінде ғана болып шықты. Билік қанша жерден жаңа Қазақстан құрып жатырмыз деп ұрандаса да, халықтың күткен үміті ақталған жоқ. Бүкіл жұрт елді 30 жылдан аса басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен кеткенін көңілге медеу тұтқанымен, ол құрған жүйенің мұрты бұзылмағанын айтып жүр.

Кейінгі кезде жаңа Қазақстан жырынан көп адам жалықты. Билік барлық кемшілікке – халықтың әл-ауқатының төмендігіне, әділетсіздікке, сыбайлас жемқорлыққа, экономиканың әлсіздігіне ескі Қазақстанды айыптап, соларды кінәлайды. Жердегі жұмақты орнатуға ескі әулет, көне билік кедергі болып отыр деген емеурін танытады.

Әсіресе жаңа Қазақстанға қатты сенетін Ермұрат Бапи, Ринат Зайытов (бұл екеуі ескі Қазақстанмен араз болған, жаңа билікпен тіл табысқан депутаттар), Ерлан Сайыров, Еділ Жаңбыршин қатарлы бір топ мәжіліс депутаты «ескіні аңсаушылар», «реваншизмшілер» деген сөздерді ойлап тауып, қазіргі биліктің әрекетсіздігін ақатуға әуес. Олар Қаңтар оқиғасынан бері 3 жыл уақыт өткенін ескермейтін сияқты. Жұмыс істеп, елді өзгертетін ниеті болса, жаңа Қазақстан әлдеқашан іске кірісер еді. Көне Қазақстан өкілдері үкіметтің жұмысына кедергі болып, ашық аяғынан шалыпты дегенді әлі ешкім естіген жоқ. Демек депутаттар не көлеңкесінен қорқып, бекер байбалам салып жүр, не жоқ «реваншизмшілермен» алысып жүр.

Мысалы, Сайыров «бұрынғы президентке жақын қаржылық-экономикалық топтар түрлі салықтық жеңілдіктерге қол жеткізіп алған» деп санайды. Егер әлдекімдердің түрлі айламен салықтан жалтарып отырғанын анық білсе, елдің басты заң шығарушы органында отырған депутат оларды заңды жолмен жауапкершілікке тартуға неге ұмтылмайтыны түсініксіз.

Тағы бір депутат Жаңбыршин қызметте ұзақ жыл отырған, еш нәтиже көрсете алмаған көнекөз кадрларды қуу керек екенін айтып жүр. Бірақ өзі экс-президент тұсында қала әкімі, облыстық әкімдікте басқарма басшысы болғанын ұмытып қалған сияқты. Егер есеп сұрау керек болса, белсенді депутат өзінен бастағаны жөн. Ал Зайытов көне әулеттің қолында әлі күш барын, олар билікке оралуға ниетті екенін айтқан.

Депутат жұрт арасынан жау іздеп жүр

Жақында биылғы Ұлттық құрылтай алдында жұмыс секцияларының кезекті отырысы өтті. Жиналысқа қатысқандар Ұлттық құрылтайда айтылуы тиіс мәселелерді талқылады. Осы жиында депутат Ермұрат Бапи демократия емес, диктатураға бастайтын ұсыныс айтқан. Оның айтуынша, елді өзгеріске бастайтын жаңа Қазақстан идеясы көмескіленіп барады, ал сыртқы және үшінші күштер протестік қауымның қолтығына су бүркіп, жаңа бастамаларға қоғамдық қарсылық туғызуға күш салып жатыр.

«Ескі Қазақстан мен оның саяси технологтары интернет ресурстар мен танымал блогосфераның жекелеген контентін «сатып алу» айласымен онлайн қарсылық қозғалысын өршіту және сол арқылы ескі Қазақстанның салыстырмалы артықшылығын дәріптеу әрекеті пайда болды. Жаңа Қазақстан бастамаларына қарсы бір орталықтан басқарылатын уатсап чаттардың аудандық-ауылдық деңгейге дейін өрмекшінің торындай құрылған ұяшықтарда (ячейка) қоғамдық теңселіс тудыратын контент қалыптасу қаупі бар», – деп жазды Бапи.

2023 жылғы сайлауда 30 пайыз депутат мәжіліске бір мандатты округтер арқылы өтті (оның көбі «Аманат» партиясының өкілі болғаны бөлек әңгіме). Билік осыны демократияға жасалған үлкен қадам санап, ескі Қазақстанның қолынан бұл келмеді деп мақтанған. Бірақ сол «демократия қарлығаштары» қазір диктатураның сойылын соғып жүр. Сойылын соққанда, бар-жоғы белгісіз ескі Қазақстанмен күресіп әлек. Бапи бұл жолы да елге ештеңе бермеген жаңа Қазақстан идеясын шыр-пыр болып қорғап, халықтың протестік көңіл күйіне сыртқы және үшінші күштер әсер етті деп отыр. Депутаттың бұл сөзі жайдан-жай айтылмағаны анық. Билік қосымша құн салығын көтеріп, жанармай бағасын еркіне жібергелі отыр. Мұның соңы қымбатшылыққа ұрындырары сөзсіз. Сол кезде өмір сүруі қиындаған халық наразылыққа шықса, билік мұны үшінші күштерге жауып, елге қауіп төнді деп, Қаңтардағыдай шетін шешімдерге баруы мүмкін.

Сондай-ақ депутат ауыл-аймақтағы ағайынның Whatsapp мессенджеріндегі жазбаларға көз алартып отыр. «Бір орталықтан басқарылатын Whatsapp чаттар жаңа Қазақстанның бастамаларына қарсы» дегені аса қауіпті әңгіме. Қаңтарда көшеге шыққан жұрттан 20 мың террорист жасаған билік мессенджердегі мыңдаған адамды мемлекетті басып алу үшін ұйымдасқан қылмыстық топ демесіне кім кепіл? Мұның соңы мессенджерге шектеу енгізумен аяқталса не болады? Оны ойлаған депутат жоқ.

Жаңа Қазақстанның өзі ескіріп барады

Сөз жүзіндегі жаңа Қазақстанның іс жүзінде бұрынғы биліктен айырмашылығы аз. Жасыратыны жоқ, әу баста «жаңа Қазақстан» ұраны көп адамға үміт сыйлағандай болды. Көпшілік елде әділдік орнап, бір әулеттің қолына шоғырланған байлық жұрт игілігіне жұмсалар деп күткен. Қарапайым халық қана емес, кейбір саяси тұлғалар да ет қызуымен экс-президентке топырақ шашып жатты.

Бірақ ескі әулет өкілдерінің мұртын балта шаппай, бизнестері бұрынғыдай дөңгеленіп тұрғанын, экс-президенттің заң бұзды деп айыпталған жақындары (Қ.Сатыбалды, С.Әбіш) жеңіл жазамен құтылып, сенімді серіктері (Е.Тұрғымбаев, Н.Нығматулин) әлі алшаң басып жүргенін көрген соң көп адамның үміті өшті. Тіпті жұрт арасында елдегі ең бай әулет – Құлыбаевтарға ешкімнің шамасы жетпейді деген сөз тарап жүр.

Оның үстіне, халық күткендей шынайы өзгеріс болған жоқ. Билік сыбайлас жемқорлықты жоюға батыл қадам жасамады, бюджетті талан-таражға салуды тоқтата алмады, денсаулық сақтау, білім беру сияқты маңызды салалар бұрынғы былығынан арылған жоқ. Ел экономикасы кері кетіп, халықтың өмір сүруі қиындап барады. Ең бастысы, демократия мен сөз еркіндігі жақсармады, керісінше, көшеге шыққандарды кім екеніне қарамай қудалайтын әдет әбден қалыптасты.

Димаш Әлжан
Фото: VOXPOPULI.KZ

Мұны саясаттанушы Димаш Әлжан да жоққа шығармайды.

«Мәжіліс депутаттарының ел дамуына «ескі Қазақстан» өкілдері кедергі жасап жатыр дегені өтірік. Қазір бүкіл билік президент Тоқаевтың қолында. Оның үстіне кейінгі үш жылда парламент пен мәслихаттарды қоса алғанда биліктің бүкіл сатысы Тоқаевқа адал адамдардан жасақталды. Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінің экономикада әлі еншісі бар екені рас. Бірақ президенттің оларды ескермей реформа жасауға толық мүмкіндігі бар. Тек оған мүдделі емес. Назарбаевпен салыстырғанда оның ел тізгінін ұстайтын уақыты аз. Сондықтан назарын басқа мәселеге бұрып отыр. Байқасаңыздар, қазір режим күшейіп, қоғамға қысым артып, мүлікті қайта бөлу жүріп жатыр.

Жаңа Қазақстан – жай ғана көз бояу мен манипуляция. Бұл сөзді қазіргі билікті Назарбаевтан қалған жағымсыз образдан арашалап, протесттен кейін билікті тұрақтандыру үшін ойлап тапқан. Ескі авторитарлық билік концепциясын қоғамға Назарбаевсыз, жаңа формада ұсынып отыр. Демек оның еш мәні жоқ, тіпті мән іздеудің де қажеті жоқ», – дейді ол.

Рас, енді ешкім жаңа Қазақстанды құруға ескі билік кедергі жасап жатыр дегенге сенбейді. Ал депутаттар бастап, билік пропагандасы қостап жырлап жүрген ескіқазақстандық жаулар кім екені белгісіз. Бұрынғы шенділердің көбі әлі билікте отыр, бұрынғы олигархтар еш алаңсыз бизнесін жүргізіп жатыр, экс-президенттің әулеті де ештеңе жоғалтқан жоқ. Жаңа Қазақстан олардың ешбірін ренжітпеді. Ендеше, ескі күштер кім, кім реванш алмақ деген сұрақ туындайды. Бұған ең алдымен ұраншыл депутаттар жауап беруі тиіс.

Медет Арыстан, қоғам белсендісі:  Парламентте ешқандай құзырет жоқ

«Депутаттар қандай ескі Қазақстан өкілдерін айтып жүргенін білмеймін. Оларды уфологтар деп жазған едім. Беймәлім ұшатын заттарды зерттейтін ғылымды – уфология, ғалымдарын – уфологтар деп атайды. Депутаттар көзге көрінбейтін біреулермен алысып жүр, олардың не атын атап, түсін түстемейді, не ұстап, заң бойынша жазаламайды. Бар-жоғы белгісіз жаумен күрескенше, елдегі ахуалды зерттеп, Қаңтар оқиғасына не себеп болғанын анықтауға күш салу керек емес пе?

Біздің елде президент бір тапсырма берсе, шаш ал десе, бас алатын құқық қорғау органдары оны ушықтырып жіберді. Оны талай мәрте көрдік. Депутат Ермұрат Бапи президентке жаңа Қазақстанға қарсы адамдар Whatsapp чаттарда отыр деп айтқызғысы келетін сияқты. Бұл өте қорқынышты, президент дәл осылай айтса, қаншама қарапайым тұрғын «ескіқазақстандық» болып шыға келуі мүмкін.

Парламенттің төменгі палатасында ешқандай күш жоқ. Сөз жүзінде басты заң шығарушы орган болғанымен, іс жүзінде ешқандай құзыреті жоқ. Менің ойымша, депутаттардың қолынан келері – айтып-айтып қою ғана. Тіпті оларға ескі Қазақстан дегенді ұмыттырмау үшін үнемі айтып отыру жөнінде тапсырма берілген болуы да мүмкін.

Өзім Жезқазған өңіріненмін. Жақында бір журналистің сюжетін көрдім. Сонда Қызылорда мен Жезқазған ортасындағы бітпей жатқан жолдың проблемасын бір депутаттың ұзақ жыл бойы көтеріп жүргені айтылады. Бірақ біраз уақыттан кейін әлгі депутат үнсіз қалған, себебі оған жоғарыдан нұсқау түсіп, ол жолдың тақтайдай түзу екені жөнінде есеп берілгенін, бұл мәселені енді көтеруге болмайтынын ескертіпті. Яғни біздің жүйеде бәрі осылай шешіледі.

Менің ойымша, жаңа Қазақстан мен ескі Қазақстанның айырмасы – соғыста қолданылатын жай бомба мен фосфор түріндегі бомбадай ғана. Екеуі де автократия, екеуі де жоғарыдан басқарылатын олигархтардың тобы. Тіпті ешқандай ескі немесе жаңа Қазақстан жоқ. Парламентке Бапи, Зайытов сияқты кісілерді өткізді, қазір солар ғана сөйлейді. 98 депутаттың өзгесі тыныш отыр. Мұның өзі алдын ала келісілген дүние деп есептеймін».

Қуаныш Қаппас