Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 04 Қараша 2025

Сатыбалдының құбылмалы қазақ мектебі

Сатыбалды
Фото: Жас Алаш

Алматыда жаңадан ашылған 224-мектептің дауы әлі басылар емес. Әуелде тек қазақ тілінде білім береді деп жоспарланған оқу ордасы соңғы сәтте аралас мектепке айналуы мүмкін екені белгілі болды.

 Бұл шешім қоғамда наразылық тудырды. Мектеп толықтай қазақ тілінде болсын деген ата-аналар осыдан бірнеше күн бұрын Алматы қаласы әкімдігіне жиналған. Алайда мәселе түпкілікті шешілмеген еді. 31 қазан күні ата-аналар мен белсенділер тағы да әкімдікке жиналып, аталған мектеп мәселесін талқылады. Жиналғандар Дархан Сатыбалдының келуін талап еткенімен, қала әкімі бой көрсетпеді.

Алматыдағы Бостандық ауданында орналасқан жаңа мектеп 2 500 оқушыға арналған заманауи білім ошағы. Жергілікті тұрғындар жылдар бойы қазақ тілінде оқытатын мектептің жетіспеушілігін айтып келген. Сондықтан көпшілік бұл білім ордасын таза қазақ тілінде оқытатын мектеп болады деп сенген. Бірақ қазан айының ортасында ата-аналар жаңа мектептің мәртебесі өзгеріп, аралас жүйеде ашылатынын естігесін оған наразылық білдіріп, білім басқармасына өтініш түсірген. Олардың сөзінше, орыс тілінде оқитын балалар үшін қалада мектеп жеткілікті, ал қазақ мектебінде орын тапшы.

Әкімдік не дейді?

Осы мәселені әкімдіктегілер ата-аналармен кездесуде «мұның бәрі тұрғындардың сұранысына байланысты шешіледі» деп түсіндірді. Білім басқармасы басшысы Сайран Тәпенұлының айтуынша, қазір 224-мектепке мыңнан аса баладан өтініш түскен. Оның ішінде 633 оқушы сол ауданда тұрады. Демек алдымен заңға сәйкес дәл сол балалар мектепке бірінші қабылданады. Жалпы мектепке 1 002 оқушы оқуға өтініш берсе, соның ішінде 611-і қазақ тілінде, қалғаны орыс тілінде білім алуды таңдаған. Бұдан бөлек, 55 қазақ тілінде сабақ беретін мұғалім осы мектепке қабылданған. 12 ұстаз басқа білім ордасынан ауысып келген. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, орыс сыныптарында жұмыс істейміз деген оқытушылардан арыз түспеген, тек 7 оқытушы ғана ниет білдірген.

Сайран Тәпенұлы
Фото: Жас Алаш

«Сондықтан ІІ тоқсаннан бастап мектеп қазақ тілінде ашылады. Орыс тіліне тапсырған ата-аналарға «кадр мәселесі бойынша балаларыңызды қабылдай алмаймыз» деп айтып жатырмыз. Бірақ әрбір адамның құқығы бар, егер ата-ана сол ауданда тұратын болса, қай тілді таңдаса, сол тілде білім ала алады. Біз бұл жұмыстарды жалғастыра береміз. Кадр мәселесін қарастырамыз. Аталған ауданда көптеген баспана салынып жатыр. Қазіргі мәлімет бойынша 4 мың пәтер салынады. Алдағы уақытта мектепке бала қабылдауды тоқтатпаймыз. 369 оқушыны біз қабылдамадық. Өйткені олар бұл ауданда тұрмайды. Алдымен ауданды қамтамасыз етіп алып, кейін басқа оқушыларды қабылдаймыз. Бұл мектеп келешек бағдарламасы бойынша экспериментальды мектеп ретінде салынды. Болашақта барлық мектеп осындай санатқа көшеді», – дейді білім басқармасының басшысы.

Ата-аналар не дейді?

Дегенмен бұл жауап ата-аналарды қанағаттандырмады. Олар «тек қазақ тілінде білім беретін мектеп ашылады» деген бастапқы уәденің өзгергеніне наразы. Ата-аналар мен белсенділерді заңдағы қазақ тіліне басымдық беріледі деген талап орындалмай отырғаны қынжылтқан. Тіпті аралас мектепте өздері оқыған Бостандық ауданының тұрғындары мұндай мектепте басымдық алдымен орыс тіліне берілетінін айтады. «Сәлеметсіз бе!» деп қазақ тілінде амандасқаннан кейін ары қарай барлық жиналыс пен әкімшілік жұмыстары орыс тілінде жүргізіледі екен.

Бостандық ауданында 8 жылдан бері тұратын Эльмираның сөзінше, аталған аудандағы №94-мектепте наурыз мерекесі тойланбайды, барлық жиналыс пен мерекелер орыс тілінде өтеді. Сондықтан оның балалары өздерін аталған мектепте қазақ деп сезінбейді. 224-мектептің де аралас мектеп болып ашылуына осындай себептерден көптеген ата-ана қарсы болып отыр.

Элмира
Фото: Жас Алаш

«Осыдан 7 жыл бұрын бұл мектепте 2 сынып қазақ тілінде ашылды. Былтыр бірінші сыныптағы ұлымның мектепте өтетін наурыз мерекесіне дайындалдық. Ақыр соңында мереке өтпей қалды. Себебін де айтпады. Басында оған мән бергеніміз жоқ. Кейін 224-мектептің дауы көтерілген кезде ғана мұның үлкен мәселе екенін түсіндік. Себебі біздің балаларымыз аралас мектепте оқиды. Ауданымызда 65, 22 және 94-мектептер аралас мектептер. Басында орысша болып ашылып, кейін қазақ сыныптары қосылған. Тек 140-мектеп қана таза қазақ тілінде білім береді. Алайда оған балаңызды кіргізу мүмкін емес. Орын тапшы. Айналамызда тек қана аралас мектептер болғандықтан ғана шырылдап жүрміз. Өзіміздің ауданда бір мектепті таза қазақ тілінде ашып берсінші. Балаларымыз жаутаңдамай, жалынбай, таза қазақ тілінде білім алсыншы! Аралас мектеп болғасын екі тілдің балалары арасында буллинг болады екен. Біз оны естіп жатырмыз. Бұл мәселені де ескеру қажет, алдын алуымыз керек», – дейді Эльмира.

Әкімдікке ата-аналармен бірге белсенділер де келді. Олар бұл мәселені кеңірек, ұлттық мүдде тұрғысынан көтерді. Мәселен, кездесуге қатысқан жазушы Марат Тоқашбаев аралас мектепті «отаршыл саясаттың сарқыншағы» деп атап, тәуелсіз елде мектеп не таза қазақ, не таза орыс тілінде болуы тиіс деген пікір айтты. Оның айтуынша, кеңес заманында аралас мектеп қазақтарды орыстандыру құралы болған, ал қазір қазақ тілін әлсіретпеу үшін жаңа мектептерді аралас форматта ашуға жол бермеу керек.

Марат Тоқашбаев
Фото: скриншот

«Бұл мәселе КСРО кезінен келе жатыр. Қазақ мектептерінің ашылуымен сол кезден бастап айналыстық. Орыс мектептерінде қазақ сыныптары болуын армандадық. Қазір тәуелсіздік алдық. Меніңше, аралас мектеп дегенді қою керек. Саясаттан шығару керек. Өйткені аралас мектеп деген кезінде патшалық Ресейдің қазақтарды орыстандыру саясатының көрінісі болды. Енді егемен елде халық аралас мектептің құрбаны болмауы қажет. Мектеп не қазақша, не орысша білім берсін».

Осы жиынға ата-аналар құқығын қорғап келген адвокат Мейірман Шекеев бүгінгі жиналысты хаттама етіп толтырып, министрлікке жіберуге және бір данасын ата-аналарға беруді талап етті. Егер талаптары орындалмаса сотқа беретінін мәлімдеді. Заңгер әлеуметтік резонансты шиеленістірмеу үшін мектеп қазақ тілінде болсын деген ата-аналар пікірін де ескеру керегін айтты. Сонымен бірге ол алдағы кездесуде әкім Дархан Сатыбалдының өзі келуі тиіс екенін ескертті.

Әкімдік нақты жауап бермеді

Осылайша, 31 қазандағы қалалық әкімдіктегі аралас мектеп дауы ұзаққа созылды. Кездесу соңында екі тарап бір шешімге келе алмай тарады. Белсенділер «министрлікті сотқа береміз, жарғыда қазақша болады деген талап орындалуы тиіс, биліктің бұл әрекеті ұят» деді. Ата-аналар қабылдау бөлмесінен шығып бара жатқан білім басқарма басшысын қоршап, есікке дейін талаптарын айтумен болды. Мысалы, осы дау басталған кезде әлеуметтік желіде шу шығарып отырған Ресейден келгендер деген ақпарат таралған еді. Бостандық ауданының тұрғыны Айдос Төлегенов кейбір орыс отбасылары ауданға келіп, 224-мектепке балаларын беріп, аралас мектеп жасауға үлес қосып жатқанын алға тартты.

«Біздің құқығымыз неге қорғалмайды. Жанымызда бір қазақша мектеп жоқ. Сіз микроучасток бойынша қабылдаймыз деп айттыңыз. Біздің микроучастікте аралас мектеп бар. Тағы да жаңа мектепті аралас мектеп етпекшісіздер, не үшін?» – дейді ол.

Алайда білім басқармасы басшысы шетелден келгендер осы мектепке балаларын беріп жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, шетелден келіп, баласын оқытқысы келетіндерге басқа заң мен тәртіп бар. Шетел азаматтары кез келген мектепке балаларын бере алмайды.

«Шетел азаматтарының балаларын мектеп қабылдай алмайды, құқығы жоқ. Олардың қайда оқитынын шешетін Алматы қаласының білім басқармасы. Бұйрық берілген күннің өзінде қай мектепте орын тапшылығы жоқ, сол мектепке жібереміз», – дейді С.Сайфеденов.

Мейірман Шекеев
Фото: скриншот

Ақырында әкімдікпен келісе алмаған бір топ ата-ана мен белсенділер сыртқа шықты. Олардың талабын адвокат Мейірман Шекеев былай деп жеткізді:

«Қазір 1 500 адам аралас мектепке бармаймыз, осы білім ордасының тек қазақша болуын талап етіп отыр. Бірақ мұның бәрі тек сөз жүзінде қалып жатыр. Хаттама толтырылып, халық талап етті ме, олар жауап беруі тиіс. Сондай жағдайда біздің талабымыз орындалмаса сотқа бере аламыз. Қазір әкімдіктегілер заң шеңберінен шыға алмайды. Ал бізде заңның шикілігі бар. Аралас мектеп деген заңға енгізілген. Алдағы уақытта петиция жарияланса, оған бүкіл Қазақстан дауыс берсе, аталған заңды алып тастауға болады. Мектеп не таза қазақша, не таза орысша болып ашылуы керек, ал аралас мектеп дегеніміз – орыс мектебі».

Мектеп қазақша бола ма, орысша бола ма?

3 қарашада мектептің ресми ашылу рәсімі өтті. «Жас Алаш» баласын осы білім ордасына оқуға берген ата-аналармен сөйлесті. Лаура есімді Бостандық ауданының тұрғыны әлі де ата-аналар әкімнің жауабына көңілі толмай отырғандарын жеткізді. Қоғамда кейбір адамдар ата-аналарды ұлтараздықты қоздырды деп айыптап жатыр. Бірақ ата-аналардың айтуынша, арандатуды олар емес, 224-мектепті қазақ тіліндегі оқу ордасы болады деп, кейіннен аралас мектеп болуы мүмкін деген әкімдіктің өзі. 3 қарашада да қалалық білім басқармасы басшысы Сайфеденов келіп ашылу рәсіміне қатысқан. Аудан тұрғындары одан мектеп алдағы уақытта да толықтай қазақ тілінде білім береді деп айтуын күткен. Бірақ білім басшысы ондай сөзді айтпаған.

Лаура
Әкімдікке жиналған ата-аналар. Фото: Жас Алаш

«Басында «қазақтілді мектеп болып ашылады» деген сөздеріне сеніп, қуанып қалдық. Таныстарымыз да осы ауданнан үй ала бастады. Біздің талабымыз – балаларымыз тек қазақ тілінде білім алу. Сайфеденов мырза да әкімдіктегі кездесуде мектеп әзірге қазақ тілінде ашылатынын айтты. Бірақ алдағы уақытта орыс тілін таңдаған ата-аналар арыз берсе, мектеп аралас мектепке айналуы мүмкін екен. Бұлар бізге нақты айтпай тұр. Егер 224-мектеп 100 пайыз қазақ тілінде сабақ береді десе, қаншама ата-ана дайын отыр, баласын осы мектепке беруге. Қазір сенбегендіктен, жаңа мектепке бермейді. Оның жайлылығына қызығып тұрған жоқ. Ал, керісінше, орыстілділер бұл білім ордасының жайлылығына қызығады».

1
Фото: ашық дереккөз

Бұл Алматыдағы алғашқы дау емес 

Жақында ғана Алматыдағы Бостандық ауданында №215 жаңа мектепке қатысты дәл осындай дау болған. 1 500 оқушыға арналған білім ошағы бастапқы ақпарат бойынша тек қазақ тіліне бағытталған мектеп болады деп айтылған. Алайда жаңа оқу жылының қарсаңында ата-аналар күтпеген жерден бұл мектептің аралас мектеп ретінде ашылатынын естіген. Сол кезде де ата-аналар наразылық танытқан. Тіпті Дархан Ардақұлы есімді белсенді «20 тамызда №215-мектепке барамыз» деген мазмұнда пост жариялағаны үшін полиция оны бейбіт жиын өткізу тәртібін бұздыдеп айыптаған. Алматы қалалық әкімшілік соты 22 тамызда Дархан Ардақұлына Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 488-бабы 7-тармағы бойынша (рұқсатсыз митинг ұйымдастыру немесе шақыру) 15 тәулік әкімшілік қамау жазасын кесті. Белсендінің өзі сотта тағылған айыппен келіспейтінін, «мен «мектепке барамыз» деп жаздым, бірақ ешкімді митингке шақырған жоқпын» деп түсіндірген. Дегенмен сот шешімі өзгермеген.

Жалпы, Бостандық ауданы – Алматының тұрғыны көп шоғырланған, жаңа үйлер көп салынып жатқан аумағы. Ресми дерекке сүйенсек, бүкіл Алматы қаласында 215 мемлекеттік мектептің ішінде 77-сі таза қазақ тілінде, 57 мектеп орыс тілінде, ал 78 мектеп аралас тілде оқытады. Ал Бостандық ауданының өзінде 34 мектептің 9-ы қазақ тілінде болса, 10-ы орыс, 15-і аралас мектеп. Ата-аналардың айтуынша, аудандағы кей үлкен мектептер (мысалы, №65 және №94) соңғы жылдары ғана қазақ сыныптарын ашқанымен, орын саны шектеулі – қазақ сыныбына бала сыймай, ата-аналар балаларын басқа ауданға немесе ақылы мектептерге тасуға мәжбүр. Мысалы, Жұлдыз Бағлан №65-мектепке баласын бере алмағандықтан, бір жыл бойы жеке мектепте оқытып, қомақты қаражат жұмсағанын, кейін әрең орын тауып ауыстырғанын айтады. Қазіргі күнде балаларын 224-мектепке берген ата-аналар да болашақта 215-мектептің күйін кешпейміз бе деп алаңдайды. Әзірге 224-мектеп қазақ тілінде ашылғанымен, орыстілді ата-аналардың да осы білім ордасына мұғалім тартып, мектепті аралас мектеп болды деп видеоүндеу жолдап жатқанын БАҚ жазып жатыр.

Тұрсынбек БАШАР