Саясат

Зеленский Трамптан Украинаға Patriot кешендерін сатуды сұрады

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамп пен Конгреске жолдаған хатында Киевке әуе қорғаныс жүйелері мен Patriot зымыран кешендерін жеткізуге көмектесуді сұрады.

Патриот

Бұл туралы Reuters және AFP агенттіктері хабарлады.

Зеленскийдің айтуынша, Ресейдің баллистикалық зымырандары әлі де «майдандағы Мәскеудің негізгі артықшылықтарының бірі» болып қалып отыр.

Украина қажетті мөлшердегі Patriot зениттік-зымыран кешендері мен оған арналған тосқауыл зымырандарын сатып алуға дайын екенін мәлімдеген.

Украина президентінің сөзінше, Трамп билікке келгеннен бері Киев НАТО-ның PURL бағдарламасы аясында әуе қорғаныс жүйелерін сатып алып келеді. Бұл бастама еуропалық одақтастар тарапынан қаржыландырылады.

Алайда Зеленский қазіргі жеткізу қарқыны Ресей тарапынан күшейіп отырған қауіпке сай келмейтінін айтты.

– Біз үшін, яғни өмір сүру үшін күресіп жатқан халық үшін, Patriot батареяларының зымырансыз тұрғанын көруден ауыр нәрсе жоқ, – деді Украина басшысы.

26 мамырда жолданған хатта Зеленский АҚШ-тан Patriot PAC-3 зымырандарын және қосымша әуе қорғаныс жүйелерін беруге көмектесуді сұраған.

AFP агенттігіне пікір білдірген Украина президенті әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі қазіргі таңда әуе қорғаныс жүйелеріне арналған оқ-дәрілерді табу қиын екенін мойындады.

Оның айтуынша, Парсы шығанағы елдері мен басқа мемлекеттердің де ірі тапсырыстары көбейгендіктен, қажетті зымырандарды жеткізу баяулаған.

Сонымен қатар 24 мамырға қараған түні Киевке жасалған жаппай шабуыл кезінде Украинадағы бірқатар мәдени нысандар мен әкімшілік ғимараттар зақымданған.

Украина мәдениет министрі Татьяна Бережнаяның мәліметінше, шабуыл салдарынан Ұлттық көркем музей, «Чернобыль» музейі, Ұлттық филармония, Киев операсы және бірнеше тарихи ғимарат зардап шеккен.

Сондай-ақ Киевтегі Deutsche Welle және ARD телеарнасының кеңселеріне де зақым келген.

Украина Әуе күштерінің дерегінше, Ресей әскері 24 мамыр түні Украина аумағына 90 зымыран мен 600 дрон ұшырған. Негізгі нысана Киев пен Киев облысындағы Бела Церковь қаласы болған.

Украина тарабының мәліметіне сәйкес, Ресей бұл шабуыл кезінде алғаш рет орта қашықтықтағы «Орешник» баллистикалық зымыранын пайдаланған.

Ал Ресей Қорғаныс министрлігі шабуыл барысында «Искандер», «Кинжал» және «Циркон» зымырандары қолданылғанын мәлімдеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз