Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:19, 20 Қазан 2021

Жаңа кен орындары игерілмек

None
None

Қазақстанның мұнай-газ кешені еліміздің дамуында маңызды рөл атқаратын жетекші сектор.

Республикалық бюджетті құрайтын салық түсімдерінің едәуір бөлігін де осы сала қамтамасыз етеді. Еліміз 30 жыл ішінде мұнай-газ саласына 114 миллиард доллардан астам инвестиция тартқан екен. Бұл капитал бүгінде қоғамның тұрақты дамуына жол ашты. Алайда, 2030 жылға қарай мұнай кен орындарының біртіндеп сарқылуы, мұнай өндіру көлемінің азаюы мүмкін деген болжамдар айтылмайды емес. Сондықтан қазірден кен орындарын кеңейту қажеттілігі туындап отыр.

         Бұл тұрғыда, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың айтуынша, 2023 жылы Қазақстанда үшінші буын зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жылына қосымша 12 млн тонна мұнай өндіруге мүмкіндік береді екен.        

         Биылғы тамыз айында шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ секторы еліміздің жалпыұлттық дамуында әрқашан маңызды рөл атқарғанын, технологиялық өзгерістерге қарамастан, бұл сала ел экономикасының қозғаушы күші болып қала беретінін атап өткен болатын. Сондықтан Қазақстан мұнайға бай мемлекет ретінде бар әлеуетін мейілінше тиімді пайдалануға міндетті екенін алға тартты.  

         Жалпы, тәуелсіздік алған кезден бастап республикада мұнай өндіру көлемі үш жарым еседен артық өскен, 2019 жылы жылына өндірілетін 25 млн. тоннадан 90,5 млн. тоннаға дейін көбейген. Біздегі мұнай өндірілетін негізгі үш ірі кен орны: Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған. Бұдан бөлек, 250-ден астам мұнай және газ кен орындары ашылған, бүгінде мұнай өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Елдің экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын кеңейтуге арналған жобаларды дер кезінде жүзеге асыру маңызды болып отыр. Мемлекет басшысы мұнай өндіруді тәулігіне 1,1 миллион баррельге дейін ұлғайту міндетін алға қойды. Бұл мәселені шешу үшін геологиялық барлауға және жаңа кен орындарын іздеу үшін белсенді түрде инвестициялар тартуға шақырды.  

         Мысалы, өткен айда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа мұнай кен орнын игеруге кірісетінін мәлімдеген болатын. Қазір Каспийдің қазақстандық бөлігінде жалпы құны 6,5 миллиард доллар болатын «Жеңіс» және «Әл-Фараби» жобалары іске асырылып жатыр екен. Бұл жобалардың жалпы құны 6,5 миллиард доллар. Бұған қоса, енді «Қашаған» ірі кен орнына жақын жерден кезінде тұралап қалған «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» мұнай кен орындарын игеру жұмысы қолға алынады. «Ресей тарапынан стратегиялық серіктес анықталды, ол – «Лукойл» компаниясы. Жобаның жалпы құны – 5 миллиард долларға жуық» деген еді мемлекет басшысы.    

Бұған қатысты жақында энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен ресейлік «Лукойл» компаниясы осы кен орындарын игеру тұжырымдамасын талқылап жатқанын айтты.  

Мәселен, 2025 жылдан кейін Маңғыстауда мұнай өндірісі азаюы мүмкін, алайда облыстың саланы оңтайландыру үшін айтарлықтай әлеуеті бар екен. Өндіріс көлемін азайтпау үшін «Хазар» мен «Қаламқас-теңіз» кен орындарын игерудің арқасында 2028 жылдан бастап мұнай өндіруді 19,5 млн.тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Аталған кен орындарында 2028 жылдан бастап жыл сайын шамамен 4 млн. тонна мұнай өндірілетін болатын деген жоспар бар. Болжам бойынша жобаға салынатын инвестиция көлемі шамамен 4,5 млрд. АҚШ долларға жетпек. «Бұл жобалар Кешенді даму жоспарына кірмеді. Себебі оларды 2025 жылдан бастап іске асыру көзделген. Дегенмен олар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады», — дейді энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев.  

Сонымен қатар, 2021-2025 жылдары Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы «Доңға» кен орнын игерудің үшінші кезеңі басталады. Энергетика министрінің айтуынша, оны іске асыру үшін Total компаниясы шамамен 70 млрд.теңге инвестициялайды. Аталған жоба мұнай өндіру деңгейін 25% — ға арттыруды қамтамасыз етеді. «Жылына қазіргі 680 мың тоннадан 860 мың тоннаға дейін артады және құрылыс жұмыстары кезінде 400-ге жуық жұмыс орны құрылады», — деді М. Мырзағалиев.

Ал «Энергетикалық Жібек жолы: Орталық Азиядағы мұнай-газ ынтымақтастығының нәтижелері мен перспективалары» халықаралық ғылыми конференциясында сөз сөйлеген Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат: «Әлемдегі ең ірі мұнай және газ қоры Орталық Азияда екені баршаға белгілі. Бұл оның жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ерекше рөлін, әлемдік қоғамдастықтың біздің аймаққа деген қызығушылығын арттырып, оның жоғары инвестициялық тартымдылығын айқындайды. Соңғы үш онжылдықта АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Италия, Ресей, Үндістан, Қытайдан келген энергетикалық корпорациялар Орталық Азия аймағының стратегиялық инвесторларына айналды. Қазақстан 30 жыл ішінде мұнай-газ саласына 114 миллиард доллардан астам инвестиция тартты. Бұл капитал қазақстандық экономика өсімінің негізгі драйверіне әрі қоғамның тұрақты дамуының кепіліне айналды. Ал энергия ресурстарының артып келе жатқан экспортынан түсетін табыс Тұңғыш Президенттің шешімі бойынша Ұлттық қорға аударылады. Қазақстан шетелдік серіктестермен ынтымақтаса отырып, Батыс және Шығыс елдеріне құбыр жолдарының желісін салды. Осылайша, бұған дейін Қытай бастамашы болған «Бір белдеу – бір жол» жаһандық жобасы шеңберінде энергетикалық Жібек жолын дамытуға өз үлесін қосты», – деп атап өтті. Ал ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов тәуелсіздік жылдары энергия ресурстарын тасымалдау үшін Жібек жолының барлық елдерін өзара байланыстыратын «Қазақстан-Қытай» мұнай-газ құбырлары пайдалануға берілгеннен бастап Қытайға шамамен 147 миллиард тонна мұнай мен 44 миллиард текше метр газ тасымалданғанын айтты. «Бұл сандар энергетикалық Жібек жолының өңірде ғана емес, жалпы әлемдік аренадағы маңыздылығын көрсетеді» деді ол.

Сонымен қатар, биыл жалпы ұзындығы 6,5 км болатын «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбыры реверсін пайдалануға беру көзделген еді. «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбыры реверсінің жобасы «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырлары жүйесін салу әрі дамыту кезеңдерінің бірі. Оны пайдалануға бергенде  Батыс-Қазақстан кен орындарының мұнайын жылына 6 млн тоннаға дейінгі көлемде Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарына кері бағытта айдауды, сондай-ақ «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры бойынша Қытайға және «Шағыр» мұнай құю пунктінен теміржол цистерналарымен экспорттауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ендеше жобаны іске қосу кезеңі алдағы уақыттың еншісінде.

Тегтер: