Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:27, 07 Маусым 2022

Жаңа облыстың ескі директор-депутаттары

None
None

Амандық болса, алдағы 8 маусым күні жаңадан құрылатын үш облыстың бірі — Абай облысының әкімі кім болатыны нақты айқындалмақ.

Дәл осы күні президент Жарлығымен тағайындалатын облыс басшылығынан үміткерлердің есімдері де ел ішін екі-үш ай бойы кезіп жүр. Нақтыланбаған болжамдардың ішінде 4 мәрте мәжіліс депутаты болған Нұртай Сабильяновтың, елші Дархан Қалетаевтың, әйгілі балуан Дәулет Тұрлыхановтың, тіпті, жақында ғана мемлекет басшысының қабылдауында болған Бердібек Сапарбаевтың «келгелі жатқаны» айтылып қалды. Алайда бұған дейін де бес облысты басқарған Сапарбаевтың жасы жетпіске таяғанда, жаңа облысты басқаруға келуі неғайбыл екені түсінікті еді. Оған Бердібек Мәшбекұлының да облысқа барар ойы жоқтығын телеарна журналисінің сауалына берген жауабы да нақтылай түсті.  

Алайда, айтпағымыз бұл емес. Қызығы сол, өткен аптаның соңында әкімі тағайындалмаған Абай облысы депутаттарының есімдері жарқ етіп шыға келді. Тізімдегі 16 депутатқа зер салсақ, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттық құрамынан бөлініп шыққандардың дені өткен жылғы праймериз бойынша өткендер. Онысы өз алдына костюмінен бұрын фамилиясынан жуан мойны көрінетін «дөкейлер». Тіпті, халыққа аманатын ақтағаннан бұрын, бір-бірімен ағайын-туыс құда-жегжаттығымен «танылғандары» да бар. Онысын былай қойғанда, 16-ның 13-інің бір-бір кәсіпке иелік ететін директорлар екендігіне не дерсіз?!

Мәселен, Әсемқан Досқожанов автобус, жүк көліктерін, ауыл шаруашылығы техникаларын шығаруымен танылған «СемАз» ЖШС-ның бас директоры болса, Семейдегі кірпіш өндіретін кәсіпорынның қожайыны Жұмабек Ибраев — «Силикат» ЖШС-ның бас директоры. Айтпақшы, депутаттық тізімде ең соңынан «сығалап тұрған» «Қарағайлы» Семей медициналық-әлеуметтік мекемесі медицина бөлімшесінің меңгерушісі Шолпан Шегедекованың Ә. Досқожановтың келіні екендігі өз алдына бір қызық. Інісі Әсетхан Досқожанов Семей қалалық мәслихатының депутаты екендігі тағы бар.

Үшінші бас директор — Жарма ауданындағы асыл тұқымды ірі қара өсірумен әйгілі «Шалабай» ЖШС-ның бас директоры Қуаныш Сүлейменов. Расы керек, мамандығы мұғалім болған Қуаныш Серқазыұлының соңғы 15 жыл көлемінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша қол жеткізген жетістіктері көп. Төртінші – «Казполиграф» ЖШС-ның бас директоры Темірлан Оралбаевты алдыңғы аталғандарға қарағанда, көпшілік жыға тани қоймайтыны шындық.

Әрине, мақаламыздың мақсаты он алты депутаттың бәрін атап шығу емес. Тағы бір жұртты екіұдай күйге қалдырған жайлардың бірі – облыстық мәслихаттың құрамын бекіту кезінде «бері өтіп кеткен» депутаттардың Абай облысына қаншалықты қажеттілік тудырып отырғаны. Мәселен, Өскемендегі «Защита» теміржол стансасы отын қоймасының бастығы Қанат Рысбекұлы атты азаматты Абай облысында тірі жан білмейді. Сонда Абай облыстық мәслихатының құрамына көрші облыс орталығындағы отын қоймасының қожайыны да «қонжия» қалуының қандай қисыны бар?!

Бұл тізімдегілердің ішінде Маржан Бақыт ШҚО әкімінің кеңесшісі, «Шығыс- адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі ретінде тіркеліпті. «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі пікірлерге қарай отырып, оның өзін де белгілеп сұрағанда, анықтағанымыз – ата-анасы, отбасының Семейде тұруымен байланысты көрінеді. Онысын түсіндік делік, бірақ Абай облысының депутаттар құрамына еніп, бері өткен «жаңа депутаттың» ары қарай да ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің кеңесшісі әрі «Шығыс адалдық алаңы» жетекшісін қызметін қоса «жетектеп» жүретіні түсініксіз күйде қалып тұр.

Айта берсек, Абай облысы құрылғанға дейін де, одан кейін де әлі талай қызықтардың куәсі болатын түріміз бар. Әкімі тағайындалмай жатып, алып-ұшып жеткендеріне қарағанда, «директор-депутаттар» орындарын белгілеп, үлгеруге жанталасып жатқан секілді.

Тегтер: