Жаңа өзгерістер сот саласын жетілдіре түсті
Соңғы жылдары сот саласына енгізілген өзгерістер саланы айтарлықтай жетілдіріп, оң нәтижелерге жетелеуде.
Мәселен былтырғыжылдың 1 шілдесінен бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енеді. Бұған дейін қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша сот ісін жүргізудің үш түрі болса енді билік органымен дауда ең әлсіз тарапты қорғауға бағытталған әкімшілік әділеттің, яғни сот ісін жүргізудің төртінші түрінің енгізілуі сала жұмысына серпін беруде.
Азаматтар мен әкімшілік органдардың арасындағы теңсіздікті болдырмайтын, жария-құқықтық дауларды шешу тиімді түрде жүзеге асырылатын өзгеріс халықтың да көңілінен шығып отыр. Өйткені әкімшілік әділет институты бойынша дауларды қарау кезінде азаматтардың мүддесінің басым болуына мән беріледі. Бұл туралы мемелекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан, осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу керек» – деп атап өткен болатын.
Аталмыш өзгерістің игілігін көріп келе жатқанымызға сегіз айдай болды. Осы уақыт ішінде Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекс азаматтардың, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың ерекше тетігіне айнала білді. Атап өтер жайт, жеке және заңды тұлғалардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейтіні анық. Сондықтан осы айырмашылықты жоятын, дауларды шешудің арнайы тетігі әкімшілік әділет уақыт сұранысынан туындап отырған өзгеріс дей аламыз.
Жақында ғана мемлекет басшысына сот жүйесінің қазіргі жағдайы мен сот төрелігіне қатысты өзекті мәселелер туралы есеп берген ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс істей бастаған әкімшілік соттардың қызметі туралы айта келе, жарты жылда соттарға 14 мың талап арыз түссе, мемлекеттік органдар әрбір екінші істе ұтылғанын мәлімдеді. Ал осыған дейін қаралған істердің 85 пайызы мемлекеттік органдардың пайдасына шешіліп келгенін ескерсек, жаңа өзгерістің салаға қаншалықты әсер еткенін бағамдай аламыз. Шын мәнінде бұл үлкен өзгеріс, сот саласына серпін деуге болады. Уақыт пен қоғам сұрнысынан туындаған өзгерістер өзінің тиімділігін көрсетуде.
Сондай-ақ соңғы жылдары сот жүйесінде көбірек айтылып, насихатталған жүйенің бірі медиация болатын. Дауларды шешудің баламалы тәсілдері ұлтымызға бұрыннан таныс бітімгершілік жүйесімен астасып жатқандықтан бұл жаңа өзгерісті де қоғамымым аса жатырқамады. Нәтижесінде бұрын тараптардың тек 3 пайызы ғана татуласса, қазір бұл көрсеткіш 34 пайызға жеткен көрінеді. Дамыған елдерде даулардың 75-80 пайызына дейін медиация арқылы реттелетінін ескерсек, алдағы уақытта жүйені әлі де болса жетілдіру қажеттілігі сезіледі. Дегенмен бұл өзгерістің де сот жүйесінен өз орнын таба білгенін, халықтың игілігіне қызмет ете алатынын сезініп отырмыз. Жалпы сот жүйесіне енгізілген өзгерістердің жақсы нәтиже беріп, сіңісіп кетуі ең алдымен сот жүйесі жұмысының бір жүйеге қойылғанын білдірсе керек. Уақыт көшінен қалыспай, заманына сай бейімделе білген сот жүйесіне халықтың да сенімі қалыптасып келеді.