Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:55, 15 Ақпан 2024

Жаңа премьер жетектеп келген төртеу

Бектенов
Фото: из открытых источников

Жақында елде премьер-министр ауысып, үкімет қайта жасақталды. Бірақ мұндағы «қайта жасақталды» дегенді көңіл үшін ғана айтып отырмыз, әйтпесе, 4 министр ғана жаңадан келді. Содан бері бізді екі сұрақ мазалап жүр. Неге дәл осы төрт министрліктің басшысы ауысты және жаңадан төрге шыққан төртеу кім?

Бұған дейін су жаңа премьер Олжас Бектенов жайлы білгенімізді жаздық. Антикор мен Ақорда көрген Бектеновтің үкіметте апырып-жапырып жұмыс істейтініне аса сенбесек те, бір өзгеріс бола ма деп Сарыарқа жаққа көз тіге жүретініміз анық. Кем дегенде қолда барды төкпей-шашпай түгел ұстаса да... деп азды күн күңкілдеп жүрдік те... Бұған да көндік.

Біз бүгін Бектеновтің жаңа «бектері» жайлы сөз қозғағалы отырмыз. 20 миллион халқы бар Қазақстанда 21 министрлік жұмыс істейді. Басқаша айтқанда, бір миллион адамға бір министрден келеді. Бұған қылқынып галстук тағып, қатырып кәстөм кигені болмаса, көзге көріне бермейтін, Ақорда – Ішкі саясаттың қабағын аңдып отыратын вице-министрлерді қосыңыз. Әр министрде кемі 4-5 орынбасардан бар екенін ескерсек, Жаңа Қазақстанда жүзге жуық министр жұмыс істеп жатыр деген сөз. Мұны аз десеңіз, тек басшысының аузын аңдып отыратын комитет төрағалары мен бөлім басшылары; бірінің сөзін бірі ұқпай, кабинеттен кабинетке шұбап жүрген мыңдаған қатардағы қызметкерлері жайлы айтпай-ақ қояйық.

Қаптаған қалың шенді жабыла күшенсе де, 2023 жылы елде инфляция – 20,7 пайызға жетіп, азық-түлік бағасы – 25,7 пайыз өсіпті. Бұл ресми ақпарат. Оның үстіне Қазақстан түрлі әлемдік рейтингтерде қою шаң арасында жүр. Мысалы, саяси сала бойынша, әділ сот үстемдігі – 43-орын, құқық үстемдігі – 63-орын, биліктің ашықтығы – 84-орын, жемқорлықпен күрес – 75-орын. Экономика мен әлеуметтік сала бойынша, сыртқы инвестиция – 43-орын, халықаралық сауда – 46-орын, экономикалық қызмет – 57-орын, инфрақұрылым – 47-орын. Бұдан бөлек, әскери әлеуетіміз 58-сатыда болса, туризм бойынша 85 елдің ішінде 84-қатарда, денсаулық сақтау саласы бойынша 89 ел ішінде 82-сатыда тұрмыз.

Мұның бәрі кісі қызығатын көрсеткіш емес. Жері кең, байлығы мол елге мүлде жараспайды. Оны түзеу төрт-ақ министрі ауысқан «жаңа» үкіметтің мойнына жүктеліп отыр. Енді осы жүкті кім арқалайды дегенге тоқталайық. Бүгін орнында қалған 17 министрден бұған дейін де ештеңе күтпеуге үйренгенбіз, істің ыңғайына қарай болмаса, арнайы тоқталып отырудың реті жоқ. Әңгіме экономика министрі Нұрлан Байбазаров, қаржы министрі Мәди Тәкиев, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жайлы болмақ. «Жаңа үкімет» деген анықтаманы жеке көтеріп алған төртеу 13 ақпанда ант қабылдап, қызметіне кірісіп кетті.

Шаршаған Шәріпхановтың орнына «күзетші» Әрінов келді

Үкімет тарағанда қызметінен кететіні айдан анық екі адам болды. Оның бірі – премьер-министр Әлихан Смайылов, екіншісі – төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов болатын. Министр Алматыдағы жер сілкінісін «жұрттан кейін естіп», сынға қалған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оған «Егер жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз» деп ескерту жасады. Мемлекет басшысынан мұндай ауыр сын естіген кадрдың сол қызметтегі ғұмыры ұзақ болмайтыны белгілі еді. Оның үстіне былтыр Алматыдағы хостелдердің бірінде өрт шығып, 13 адам көз жұмды. Сол кезде де Шәріпханов іскерлігімен көзге түсе алмады. Қалада қатаң тексеру жүргізсем де, өрт шыққан хостелді көрмей қалдым деген «сылтауы» да сәтті шықпаған еді.

Бірақ өзінен бұрынғы министр Юрий Ильинге қарағанда Шәріпхановтың тұзы жеңіл екен. Ведомствоны небәрі 7 ай басқарып, жұмысынан айырылып қалды. Ал Ильин мырза басы талай дауға қалса да, жылы креслодан жылжымай 3 жыл отырған. Ол министр болып тұрған тұста бірнеше өңірде өрт, жарылыс болды, су басты, кей өңір аязда жылусыз қалды. Құрғақшылық бар... Кете береді, оның жеке басына қатысты да дауларды естідік. Мемлекеттік тілде «мәу» деп тіл сындыруға жарамаған күйі кетті сабаз. Бірақ соның бәрі Ресейде туған министрді орнынан қозғай алған жоқ. Тек 15 адамның өмірін жалмаған Семейдегі алапат өрттен кейін ғана қызметімен қоштасты.

Ал жаңа министр Шыңғыс Әрінов үкімет басшысы Бектенов сияқты төбеден түсті – Ақордадан келді. Бұған дейін президенттің күзет қызметін басқарған 41 жастағы шенді төтенше жағдайлар саласы үшін бөтен адам. Бірақ бұл саладан хабарым жоқ еді деп қарап отыратын уақыт жоқ, тез арада қордаланған проблемаларды шешу керек. Орман өртенгенде өрт сөндіретін техника жоқ екенін, жер сілкінгенде оны алдын ала болжайтын құрылғы орнатылмағанын білдік. Су тасқыны тоспаның тозғанын, қатты аяз жылу электр станцияның ескіргенін көрсетіп берді. Бұдан өзге де кемшіліктер көп екені анық. Демек, Шыңғыс Сайранұлына президенттің жанындағы жып-жылы орынды ұмытып, дауылдар мен жауындарға, сел мен мұзға тез арада бой үйретпей болмайды.

Әлназарова
Фото: primeminister.kz

Денсаулық сақтау саласын сенатор басқарады

Бұған дейінгі министр Ажар Ғиният Смайылов командасының ең «көнекөз» кадрларының бірі еді. Денсаулық сақтау министрлігінің тізгінін Қаңтар оқиғасынан кейін ұстаған. Бірақ екі жылда басынан дауы арылмайтын саланы дұрыс бағытқа бұра алмады. Халық атышулы МӘМС жүйесіне ай сайын ақша аударады, бірақ тегін ем ала алмайды, кезекте тұрып шу шығарады да жатады. Тіпті қазір осы бағдарлама бізге керек пе деген сұрақ туындап отыр. Былтыр мәжілісте министрден бөлінген қаржының 1 триллион теңгесі қайда кеткені сұралып, оған оңды жауап табылмай... Қайсыбірін тізе берейік.

Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын жаңа бағдарлама енгізіп, тәжірибе жасаудан жалықпайды. Мысалы, ауылды жерлерге амбулаториялық орталық аша алмаған Ажар ханым «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызына «мініп», елді аралап жүріп, адамдарды емдемек болған. Бірақ айтқызбай жетіп келетін көлденең кеселдің өзінің тілін тауып, пойыз күттіріп қоймаса, пойыз қайта айналып келгенше басы ауырып, балтыры сыздаған халық қайтеді деген сұрақ басы ашық күйі қалды. Сірә, ендігі министр ары-бері қарап, түк түсінбеген соң «что за...» деп, сызып тастайтын шығар.

Ажар Ғинияттың атын шығарған тағы бір мәселе – ағзаны донор ретінде беру мәселесі. Экс-министр адам қайтыс болған соң дене мүшелерін донорлыққа беру керек деп санайды. Өзі соған дайын екенін айтқан. Бірақ оның бұл бастамасы да қоғам сынына ұшырады. Кез келген жерде жемқорлық қаупі бар Қазақстан сияқты елде мәйіт донорлығына рұқсат беру ағза саудасына жол ашуы мүмкін. Тіпті тірі адамның дене мүшесі саудаға шығып кетуі ғажап емес деп, сүйкімді министріміз өкпелеп қалады-ау демей, әбден мүйіздедік. Бұл да басы ашық мәселе күйінде мұраға қалды.

Медицина ғылымының докторы, профессор Жұбан Тілеубергенов Ғиният сынды маманның министр болғанына таңғалады.

«Сенімді ақтамай, шектен шыққандар қызметінен кетті деп ойлаймын. Тіпті Ажар Ғиниятты министр лауазымына қою өте қате шешім болды. Медицина саласында 50 жылдан бері жүрмін, бәрін бүге-шігесіне дейін білемін. Ол қарапайым дәрігер, оны 20 миллион халқы бар Қазақстанның денсаулық сақтау министрі ету қателік. Ол осы министрлікке екі рет келіп, екі рет кетті. 2010 жылдары Төлеғалиева деген фамилиямен басқарма басшысы болған. Сол кезде талай хат жазып, жауап ала алмағанбыз. Ал қазір медицина саласындағы ең басты мәселе – МӘМС деп білемін. Бұл бағдарлама жемқорлық жоқ елде ғана нәтиже көрсетеді.

Ал жаңа министр – жақсы ғалым, еңбектерін оқып тұрамыз. Медицина ғылымының докторы. Егер осынша атағымен саланы жоғары сүйрей алмаса, жауапкершілігі Ажар Ғинияттан да жоғары болу керек. Бірақ министрлікте жұмыс істей алатын адам жоқ, вице-министрлер арасында білікті маман аз, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен барып алғандар да бар. Оның бірі –Өмірзақ Шөкеевтің адамы, тағы бірі – өмірі медицинада жұмыс істемеген маман. Осындай кадрлармен бірге жұмыс істеу оңай болмайтын шығар», – дейді сарапшы.

Жаңа министр Ақмарал Әлназарова – медицина ғылымының докторы. Министрлікке сенаттан келіп отыр. Экс-министрге қарағанда медицина саласын ғылыми тұрғыда жақсы біледі деп жатыр. Егер доктор-министр халықты қажытқан, президенттің өзі сынаған МӘМС жүйесін жөнге салып, өзге де кемшіліктердің кетігін толтырса, ғылыми дәреженің ақталғаны деп білеміз. Әлде... Бір күні «шаршасаңыз ғылымға қайта оралыңыз» деп, оны да Шәріпханов сияқты шығарып саламыз ба?..

Енді қаржы министрінің дәрежесі вице-премьермен тең емес

2019 жылы қаржы министрлігін Әлихан Смайылов басқарып тұрғанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев қаржы министрінің дәрежесі вице-премьермен тең деген қағида ойлап тапты. Сол қағида бойынша Смайылов та, Ерұлан Жамаубаев та премьер-министрдің орынбасары болды. Бірақ парламент мәжілісінен келген су жаңа министр Мәди Тәкиевке мұндай мәртебе бұйырмапты. Ол үкімет басшысының орынбасары емес. Демек, Назарбаевтың «қаржы министрінің орны тек төрде» дегені өзімен бірге кетті деген сөз.

Бұған дейін қаржы министрлігін табан аудармай 4 жыл басқарған Жамаубаев жұмыссыз қалды. Смайылов екеуі енді қайда баратыны белгісіз. Бұл қатарға бұрынғы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровты да қосамыз. Кейінгі бірнеше жылда ел экономикасына жауапты болған үш шендінің бір уақытта қызметтен кеткені сәйкестік пе, әлде жоспарлы шешім бе, белгісіз. Бірақ үшеуінің тағы бір ұқсастығы бар. Бұлардың бәрі экс-президенттің көмекшісі болған. Смайылов бұл қызметті 2015-2018 жылдары атқарды, 2018 жылы оның орнына Жамаубаев келіп, Назарбаев отставкаға кеткенше отырды. Ал Қуантыров сол кездегі елбасы кеңсесін басқарған. Демек, үшеуі де экс-президенттің «қолына су құйған» адамдар, Жаңа Қазақстан оларды енді құшағына тартпауы да мүмкін.

Қуантыров пен Жамаубаев ел экономикасының еңсесін тіктей алмады. Қолға алған жұмыстарынан оң нәтиже шыққан жоқ. Тіпті қабылдаған кей шешімдері олар кете салып, күшін жойып жатыр. Мысалы, қосымша құн салығының ставкасы өспейтін болды. Премьер-министр Бектенов бюджеттің бүйірін толтыратын басқа амал табуды тапсырды. Ал Қуантыровтың орнына келген ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мобильді аударымдарды бақылау мәселесі қайта қаралатынын айтты. Осы тұста да Смайыловтың аты аталады. Өйткені «онлайн аударымдарға салық салу» идеясын осы кісі ойлап тапқан деген сөз бар. Смайылов, Қуантыров және Жамаубаев «триосының» тағы бір қателігі осы болса керек.

Демек, Байбазаров пен Тәкиевтің алдында тың тапсырма тұр. Олар бюджет кірісін арттыру үшін салықты көтеріп, халық пен кәсіпкерлердің қалтасына қол салмай, жаңа әдіс ойлап табуы керек. Тәкиев жаңа жұмысында айына бір жарым миллион теңге жалақы алатынын айтыпты. Бұл елдегі орташа жалақыдан 4-5 есе көп. Айтпақшы, халық орташа жалақының аяқастынан 400 мың теңгеге өсіп кеткеніне әлі таңғалып біте алмай жүр. Өзінің жалақысын азайтпай-ақ, өзгелерден екі есе көп жалақы алатындай жағдайға жеткізе алса... Пенде шіркінде арман көп қой.

Экономист Сапарбай Жұбаев:

«2023 жылғы президент жолдауы 95 пайыз экономикалық өзгерістерге бағытталды. Себебі кейінгі 4-5 жылда ел экономикасы өскен жоқ. Әрине, теңге бойынша өсім бар, бірақ нақты экономикалық тұрғыда жоғарылаған жоқ. Соны көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мүмкін емес. Кейінгі кездері экономика және қаржы министрін тез ауыстырып жүр. Шетелге ақша шығаруды тоқтатамыз дейді. Бірақ Қаңтардан кейін де шетке біраз ақша шығып кетті. Осыған жаңағы министрлер үнсіз келісім беріп отыр. Олар орнынан сол үшін кетті деп ойлаймын.

Ал жаңа келген министрлер не істей алады дегенге келсек, аздап үміт бар, бірақ күмәніміз басымырақ. Себебі олар да қаржыны шетелге шығаруға үнсіз келіскен адамдардың қатарынан. Олар басқа жақтан келген жоқ, осы жүйеде жұмыс істеп жүрген жандар, бір кабинеттен екінші кабинетке ауысып жатыр. Бұл жай ғана көз алдау үшін жасалған дүние».

Қуаныш Қаппас