Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:59, 27 Қазан 2022

Жаңа қаңтардың иісі сезіле ме?

None
None

Қазақтың ұлтшыл қызы Динара Сейсеннің пайымдауынша, Қазақстанда қаңтардың тағы қайталанатын түрі бар.

Ол мұның бірнеше себебін атапты.

Мәселен, елге ресейліктер ағылып келіп, баспана жалдау құны өсіп кетті. Сонымен бірге, тауарлардың да, қызметтердің де құны қатты қымбаттады. Әрине, бағаны көтеріп жатқан біздің қазақстандықтарымыз, нарықтың өзі соған итермелейді. Бірақ ашығын айтқанда, қазақтардың көпшілігінің екі бөлмелі пәтер үшін айына 500 мың теңге төлейтін жағдайы жоқ. Соғыс басталмай тұрғанда, пәтер жалдау құны екі есеге арзан болатын. Бұл соғыстың Қазақстанға еш әсері тимейді деп еді ғой бізге? Әсері тигенде, оңбай тиіп жатыр.

Анастасия Ахметова, Панова, Исмагулов, Мухоряпов пен Божко сияқты түрлі арандатушылар жан-жақтан от жағып жатыр. Қазақ халқына тіл тигізеді, фашизмді жақтайды, олар қазақтарды нацист деп айыптайды. Өйткені біз ресейдің фашизмін қолдамаймыз. Рудныйдан шыққан Божко мен Чоколайфтың миллионер басшысы Мухоряповтың еш айырмашылығы жоқ. Екеуінің де көксегені бір.

Біздің билік әлі күнге дейін қаңтар оқиғасына қатысқаны үшін белсенділерді қудалап келеді. Мамайдың террорист емес екенін, арандатушы емес екенін бүкіл қазақ біледі. Алаңда арандатушылардан өзі таяқ жеді емес пе? Сол Мамай қамауда отыр, оны қорғау үшін ауыз ашқандар ұсталып жатыр. Сөзін ел тыңдайтын Егеубаева мен Шораев неге жақпай қалды бұл билікке? Уәде етілген демократиялық реформалар қайда? Оның орнына биліктің бақылауы мен қысымы күшейіп, тырнағын қаттырақ батыра бастағаны сезіледі.

Мемлекет басшысының әлемнің бас зұлымымен тым шүйіркелесе беретіні де қазаққа ұнамайды. Бәз-біреулер ол осылайша, бейбітшілікті сақтап қалғысы келеді, бұл жай ғана дипломатия дер. Бірақ онда бейбітшілікті біздей-ақ сақтағысы келетін Грузия неге әлемнің бас террорисіне құшағын ашпайды?

Түсініксіз, асығыс сайлау – көп сауал туғызып отыр. Билік тағы да ұятты жиып қойып, абырой мен қоғамның пікіріне түкіріп отырған сияқты. Қазір халық қатты ашулы. Өйткені қымбатшылық қатты қысты, оның үстіне, тағы қашып келетін ресейліктердің үшінші толқыны бола ма деп қорқып отыр. Бұл жолы Ресейдің бомждары мен криминалы келсе, қайтеміз? Осындай жағдайда шоу өткізудің қисыны қандай?

Әрине, бәріміз де Қазақстанда қаңтардың қайталанғанын қаламаймыз. Қазақстанның халқына тыныш өмір керек. Бірақ жаңа жарылыс болса, бұл жолы ешкім ешкімді аямайтын сияқты-ау.

Тегтер: