Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 25 Мамыр 2024

Жаңа заң қабылданса әркім өз атасының атына көше бере алмайды

1

Андреевка, Еленевка, Мариновка, Калиновка, Ленин дейтін көше мен қала атаулары қазақшаланып, өзінің тарихи атауларын алып жатыр.

Бірақ жер-су жаппай қазақшалаймыз деп кемшіліктерге ұрынып жатқанымыз да жасырын емес. Елімізде ономастика мәселелерімен жергілікті билік айналысқанымен сол атаулар рушылдық деңгейден аспай отыр. Яғни, ономастика мәселесіне келгенде бірізділік пен реттілік жоқ. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс.

Бұл үрдіс қоғам, БАҚ тарапынан да аз сыналып жүрген жоқ. Былтыр президент те әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен өткізген кеңес кезінде соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналғанын, жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс екенін айтып, сынады. «Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар», - деп ескертті Тоқаев. Кейін бұл Ұлттық құрылтайда да сөз болды.

Шынында да, ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек.

Заңда жер атауын өзгертетін кезде жергілікті тұрғындардың пікірі ескерілуі керек деген талап бар. Бірақ бұл әр кез сақталмайды. Елдімекеннің тарихи атауын қайтару мәселесінде де қиындықтар туады. Мысалы, осыған байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілген уақытта «Ивановка» сынды атауды өзгертуге сол жердің тұрғындары қарсы болатыны да жасырын емес. Мұны да ескерген жөн.

Қазіргі уақытта елдімекен мен көше атаулары қазақшаланып жатқанымен онда реттілік жоқ деп жоғарыда айтып өттік. Елімізде бірдей аталатын бірнеше аудан мен қала бар. Ал бір қалада бірдей аталатын бірнеше көшелердің есебі жоқ. Мысалы, Қазақстанда Абай дейтін үш аудан бар. Олар Шығыс Қазақстан облысында Абай ауданы, бұрынғы тарихи атауы – Шыңғыстау ауданы. Қарағанды облысының Абай ауданы, аудан орталығының бұрынғы тарихи атауы – Шерубай-Нұра ауданы. Шымкент қаласында жаңадан құрылған Абай ауданы. Сондай-ақ, елді мекендердің адам атымен аталуының тағы бір ыңғайсыз тұсы – әр жерде әртүрлі боп жазылуында. Бір жерде М.Жұмабаев ауданы десе, енді бір жерде Жұмабаев, тағы бір жерде Мағжан Жұмабаев деп жазылады. Сол сияқты, жаңадан құрылған Ұлытау облысындағы Жезқазған қаласында адамды шатастыратын аттас елді мекендер бар. Мысалы, Жезқазған қаласы және Жезқазған ауылы, Сәтбаев қаласы және Сәтбаев ауылы бар. Облысы атауы Ұлытау, оған қоса Ұлытау ауданы мен Ұлытау ауылы бар. Мұндай атаулар халықтың құжат тапсыруы кезінде де шатасып қателікке жол беруіне әкеледі.

Осының бәрі ономастика туралы заңның жоқтығы себеп болып отыр. Бізде ономастикаға қатысты мәселелерді шешетін заңдар бар. Бірақ оны ешкім сақтамайды. Көп жерде қала, көше атауын қазақшалаймыз деп трайбализмге ұрынамыз. Заңда адам қайтыс болған соң 5 жылдан кейін ғана көшеге, қалаға атын беруге болады деп жазылған. Бірақ оны да сақтамаймыз.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де жақында берген сұхбатында бір ауылдарда көптеген көшелерге жеке тұлғалардың есімі берілгенгенін, осы істе рушылдыққа ұрынып жатқанымызды айтып өткен еді. «Қазір ономастика саласын реттеп жатырмыз. Жергілікті жердегі көше, елді мекен атауларын берген кезде әрқайсы өз аталарының құрметіне талпынады. Көшелердің атауларын берген кезде кілең сондай әрекеттер», - деді Мемлекеттік кеңесші.

Иә, ономастика саласында мұндай кемшіліктер мен олқылықтарды түзететін уақыт жетті. Былтыр Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ономастика мәселесі қозғалып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев ономастика саласының тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екенін атап өтті. Қазіргі күнде ономастика саласына қатысты заң жобасы әзірленіп жатыр. Жер-су, көше атаулары мәселелеріне орай биыл арнайы заң қабылданбақ. Бұл проблема бойынша арнайы талаптар болады, соған орай шешімдер қабылданады. Бұл туралы Ерлан Қарин бірқатар басылымдардың басшыларымен кездесуде тағы айтты.

«Бұл құрылтайда көтерілген мәселелердің бірі. Ең алдымен айта кету керек, құрылтай – жиналып алып, жай ғана мәселе көтеріп, кеңес өткізіп тарап кететін жиын емес. Бұл бағдарламалар бекітілетін, кешенді жұмыстардың жобасы бекітілетін жиын. Онда айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер бойынша арнайы комиссия құрылады. Сол комиссия жыл бойы талқылап, рет-ретімен, кезең-кезеңімен жүйелі түрде жұмыс істейді. Соның бірі ономастикаға байланысты. Бұл ең алдымен ұлттық идеологияның жұмысы. Бір ауылдағы көше атаулары ала-құла. Әркім өз әкесін, өз ата-бабасын тықпалап қалуға тырысады. Соның нәтижесінде бір ауылдың өзінде әр атаның балалары өзара қызылкеңірдек болуы да мүмкін. Ендігіде бұған жол беруге болмайды. Ұсынылып отырған заң жобасындағы ең басты жаңалық – бір ізге түсіру үшін арнайы талаптар енгізу. Соның арқасында қандай өзгеріс болса да, сол талап негізінде жүзеге асырылады», - деді ол кездесуде.