Жаңаарқадағы жұт. Әкімдік өлген малдан құжат сұрай ма?
Биылғы қыс қала халқына да, ауыл жұртына да жайсыз болып тұр. Қалың қар мен қатты аязға кейде жаңбыр қосылып, көпті әбігерге салды. Әсіресе ақпанның аязы Арқадағы шаруаларға қиын тиді. Қалың қар мен жерге қатқан мұздан жылқы түлігі тебіндеп, жайыла алмай, арықтап, өліп жатыр.
Мұндай жағдай Ұлытау, Павлодар және Ақмола облысында жүз берді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақмола облысында жайылымда жүрген 74 мыңға жуық жылқыны қолға ұстауға тура келгенін хабарлады. Бұл өңірде жүзден аса жылқы қырылып қалған. Ал Павлодар шаруалары техника жалдап, қалың қарды өздері тазалап жүр.
Халық емес, қағаз сөйлейді
Ұлытау облысында жағдай ушығып тұр. Әсіресе Жаңаарқа ауданы аумағындағы жылқылар жаппай қырылып жатыр. Ресми дерек бойынша, ауданда 84,2 мың бас жылқы бар. Ал өлген жылқының нақты саны белгісіз, жергілікті халық пен биліктің есебінде жер мен көктей айырмашылық жатыр. Жергілікті жұрт 2 мыңнан аса мал өлді десе, министрлік пен әкімдік 70 шақты жылқының жемтігі табылды деп отыр.
Ел аузындағы 2 мың мен АШМ есебіндегі 67 саны мүлде қабыспайды. Сонда кім өтірік айтты? Мысалы, Ералиев ауылының тұрғыны өзі бағып жүрген жылқыдан 100 бас шығын шыққанын айтады, ал Түгіскен ауылында 402 бас жылқы өлген. Бір бақташының өзі осынша малынан айырылса, билік 70 деген санды қайдан алып отыр? Әкімдіктің бұған жауабы дайын, олар халық емес, қағаз сөйлейтінін айтады.
«Қолымда қанша жылқы өлгені жайлы мәлімет жоқ. Оның көбі чиптеліп, ресми тіркелмеген. Сол үшін өлген малды анықтау қиын болып тұр. Қазірше шаруа қожалықтарынан келіп, осынша малым өлді деп нақты құжаттарымен дәлелдеген ешкім жоқ. Көбі жылқысына жете алмай отыр. Шығын бар екенін жасырмаймыз. Бірақ нақты құжатпен тіркеп, айта алмай отырмыз. Ел арасында екі түрлі пікір жүрген себебі де сол. Халық көбірек айтады, ал мемлекет құжатпен сөйлейді. Көпе-көрінеу азайтып, жауапкершіліктен қашып жатқан жоқпыз, құжаттағы санды ғана айтамыз», – дейді Жаңаарқа ауданы әкімнің орынбасары Әсет Аманжолов.
Билік өзі жасаған «жалған» статистикаға өзі сеніп, өңірдегі күрделі жағдайға бейқам қарап отырған сияқты. Сол үшін де жұт болып жатқанын мойындап, өңірде төтенше жағдай жариялауға асықпайды. Олардың есебінше, иесі дұрыс қарамаған бірен-саран мал ғана өліп жатыр, ал билік бөлген субсидияға сүйенген фермерлер еш зиян шеккен жоқ. Бірақ бұл оймен жергілікті жұрт пен қоғам белсенділер келіспейді. Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев мұндай сәтте үкімет халыққа көмектесуге міндетті екенін айтты. Ол шенділерді жоғарыға жалған ақпарат берді деп кінәлады.
Субсидия ала алмаған шаруалар көп
Ал осы мәселені көтеріп, жұрт назарын аударған Жаңаарқа өңірінің тумасы, дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай 56 жылда болмаған үлкен жұт болып жатқанын айтты. Оның айтуынша, билік қанша жасырса да, өңірде жағдай өте күрделі. Тіпті малының жартысынан айырылған тұрғындар бар. Оның үстіне, апаттың үлкені алда болуы мүмкін. Әбден ашығып, суыққа тоңған мал көктемгі қараөзек шаққа шыдас бермейді. Шенділер қол қусырып қарап отыра берсе, көктемде көп жұрт бар жылқысынан айырылып, жүген ұстап қалуы мүмкін.
«Жалған статистика елдің түбіне жететін болды. 30 жыл бойы ойдан шығарған статистикамен өмір сүріп келеміз. Үкімет өтірік есеппен өзін де, халықты да алдап отыр. Жұтқа қатысты да сондай статистика дәуірлеп тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігі жіберген комиссия өлген жылқыны қалай санайтынын естідім. Олар қымбат машина мініп, тас жолмен жүріп өтеді екен, жол бойында өліп жатқан жемтікті ғана санайды. Нақты санды білгісі келсе, жайылымға бару керек еді. Билік бұл жұтқа жауапкершілікпен қарап отырған жоқ. Жергілікті үлкендердің айтуынша, мұндай жұт 1968-69 жылы болыпты. Осыдан-ақ апаттың ауыр екенін білуге болады. Менің телефоныма мал көптеп қырылып жатқанын көрсететін мыңдаған фото-видео келіп түсті.
Министрлік өкілі жылқының өлуіне иесі кінәлі деп мәлімдеді. Осы сөз халықты ашындырып отыр. Егер ол мал жайын білетін адам болса, жүздеген жылқыны қорада бағу мүмкін емес екенін түсінер еді. Істің мәнін білмеген соң осылай ойына келгендерін айтады. Сондай-ақ министрлік жемшөпке субсидия бергенін айтып жүр. Бірақ маған хабарласқан фермерлер субсидия алмағанын жеткізді. Жауапты органдар осы мәселені де тексеріп көргені жөн. Осы жұт ауыл шаруашылығы саласындағы біраз былықтың бетін ашайын деп тұр», – дейді әнші.
Биліктің жүздеп қырылған жылқыға жаны ашымас кейіп танытып отырғанын біз де аңғардық. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында жұт жайлы жалғыз жаңалық жарияланған. Оның өзі жұт жөнінде ақпарат беру емес, өз бастарын арашалау ғана. «Жаңаарқа жайылымында өлген жылқылар базада тіркелмеген» деген материал. Онда өлген малдың тіркелмегені және 2 мың жылқы өлді деген ақпараттың жалған екені жазылған.
«Қоянның өзін көріп, қалжасынан түңілгендей», Ұлытауға барған комиссияның сөзінен-ақ министрліктің ұстанымын аңғардық. «Бұл жерде жауапкершілік мал иесінің өзінде. Уақытылы сақтандырып, жемшөп базасын қалыптастырса, мұндай жағдай болмаушы еді» дейді АШМ мал шаруашылығы департаментінің директоры Бағлан Аймырзаев. Бұл – Айдарбек Сапаров басқарып отырған министрліктің Ұлытауға барып, қырылып жатқан жылқыны көзбен көріп қайтқан адамның сөзі. «Жаны ашымастың, басы ауырмас» деген осы шығар. Судың тұнығын ішіп, шөптің сонысын жейтін сері жануардың өлексе болып қар астында жатқанын көрсе де бүйрегі бүлк етпеген шенді шаруаны оң қырынан шешеді дегенге сену қиын.
«Жылқыны баққан соң, дұрыстап бағу керек»
Жергілікті әкімдік те осы ұстанымда отыр. Жаңаарқа ауданы әкімнің орынбасары Әсет Аманжолов та, аудандық мәслихат төрағасы Юржан Бекқожин де бар кінә малына дұрыс қарамаған халықтың өзінде дейді.
«Әр мал жекеменшікте. Мұны Кеңес кезімен салыстырудың қажеті жоқ, өйткені ол кезде барлығы мемлекет меншігінде болған. Ал қазір бәрі жеке қолда. Мысалы, сізде жылқы болса, оған өзіңіз жауаптысыз. Жай уақытта ол кісілер малына мемлекетті жолатпайды, жекеменшігі екенін айтады. Әрине, малға жанымыз ашып отыр. Қолдан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз, аязда жылқыларды жеткізіп алу үшін техника бердік.
Бар кінәні суық қысқа арта беруге болмайды. Бұрын қыста жылқыны 1-2 ай қолда ұстайтын, ақпанда міндетті түрде қорада болатын. Кейінгі кезде далаға жібере салып, көктемде санап алуға үйреніп алды. Бұрыннан мал бағып келе жатқан тәжірибелі бақташылар шығынға ұшыраған жоқ», – дейді Аманжолов.
Ал Бекқожин «жылқы баққан соң, дұрыстап бағу керек» деп бір-ақ қайырды. «Әр адам өзі жауап беру керек. Күйі келсе, малды көбейтсін, күйі келмесе, көбейтпесін» дейді ауданның экс-әкімі.
Екі шенді халықтың «мал жаятын жер жоқ», «жұтқа әкімдіктің де жауапкершілігі бар» деген уәжімен келіспейді. Олардың ойынша, көпшілік малын сақтандырып, тіркетіп, көз жазбай қарап отыруы қажет. «Мал бағатын жер жоқ деген сөз жай сылтау деп білемін. Жылқы ұстаймын дегендердің бәріне конкурс бойынша жер беріледі. Заң бойынша ауыл маңына жылқы ұстауға болмайды. Алыс жайылымдардан жер ұсынылады, содан алу керек. Ал елдің бәрі үйдің жанына ұстағысы келеді, ол мүмкін емес» дейді аудан әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, әкімдіктің басты жауапкершілігі – ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізу ғана. Одан бөлек, мал басын тіркеуге алып, сақтандыруға жауапты. «Мал сақтандырылса, сақтандыру қоры арқылы белгілі бөлігі қайтарылады. Ал жеке мал өлді екен деп мемлекет ешқандай ақша қайтармайды. Мал шығынына мемлекет төлем беру үшін төтенше жағдай жариялануы қажет. Ал төтенше жағдай адам денсаулығына қауіп төнсе немесе табиғи апат болса жарияланады. Ал мына жағдай әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты туындап отыр. Ешқандай ауру тарап жатқан жоқ» деп алаңсыз отыр әкім орынбасары.
Сондай-ақ жаңаарқалық шенділерге жылқының саны артқаны да аса ұнамайтын сияқты. Екеуі де халық мал санын тым көбейтіп жіберді деп «күйіп-пісіп» отыр. «Бізде жылқы саны өте көбейіп кетті. 1998 жылы Жаңаарқада 18 мың жылқы болған. Ал қазір тіркелген 80 мыңнан аса жылқы бар, тіркелмегені 200 мыңнан асады. Стандарт бойынша мұнша малға 3 миллион гектардан аса жер керек, қазір бізде 2,5 млн гектар ғана жер бар. Оған жылқыдан бөлек өзге түліктерді де жаямыз. Сондықтан жазда жайылған мал қысқа шөп қалдырмайды», – дейді Әсет Аманжолов. Ал мәслихат төрағасы «жергілікті билікте жемшөпке көмектесетін мүмкіндік жоқ. Бірақ мал азығының бағасын шарықтатпай, бақылауда ұстауға тырысады. Халық жылқы басын қатты көбейтіп жіберді. Оның көбі тіркеуде жоқ. Тіркеуде жоқ болғандықтан, арыз да бере алмайды. Өйткені мал өзінікі екенін дәлелдей алмайды» дейді.
Әсет Аманжолов өз сөзіне өзі қарсы шығып отырғанын аңғармайтын секілді. Өлген малды құжатпен ғана санаймыз дегенмен, ауданда 200 мың жылқы барын біліп отырған шенеунік жұтта қырылып жатқан тіркелмеген жылқыны неге есепке алмай отырғанын түсіну қиын.
«Халық төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр»
Ал жергілікті тұрғындардың шағымы көп. Олар жер жетіспейтініне және жемшөптің қымбаттығына наразы.
«Жер қар, жаңбыр жауды, күн қатты суық болды. Жылқылар ығып кетіп, бақташылар ие бола алмай қалды. Жылқы өз бетімен кетіп, іздеп тапқанша бірнеше күн өтіп кетті, сол аралықта жылқылар ашығып, өліп жатыр. Мен 9 жылқыдан айырылдым, оның екеуі өлді, қалған жетеуінің өлі-тірісі белгісіз. Халықта жемшөп тапшы, оны алатын ақша жоқ. Жемшөп қымбаттап барады, шөптің әр тоннасы 120 мың теңгеге жетті. 20-21 келі шығатын бір қап кебектің құны 1400 теңге болды, бұрын 1200 шамасында еді.
Кейбіреу малды бақпай, бетіне жіберген деп халықты кінәлап жатыр. Бұл дұрыс емес, жер тар, шөп аз, жылқыдан көз жазбай қарап отыру мүмкін емес. Жылқыны қолға бағу үшін ең алдымен жер құнарлы болу керек. Ауыл маңында мал бағатын жер жоқ, жердің бәрі сатылып кеткен. Жерді сатып алғандар халықтың малын түсірмейді. Сол үшін жылқыны ауылдан алыс ұстауға мәжбүрміз. Біздің ауылдан жалпы қанша жылқы өлгені белгісіз. Қаражал жонына қарай бағатынбыз, жолдың бойы толы өлген жылқы.
Әкімшілік халыққа көмек көрсетуі керек. Жоғалған малды іздеп тапса, техника берсе, жемшөпті жеңілдетілген бағамен берсе үлкен көмек болар еді. Жемнің тоннасы 30-40 мың теңгеге жетті. Қызылорданың жоңышқасы кеп жатыр, оның бір түбін 2 мыңнан сатады. Оны қолы жеткендер ғана алады. Халық жемшөпті тегін сұрап отырған жоқ, тиімді бағамен берсе болғаны. Халық төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр. Жұрт тірнектеп жинаған малынан айырылып жатыр, сәл қарайтын жағдай емес», – дейді Атасу ауылының тұрғыны Жаңбырбай.
Түйін. Жағдай ауыр, жылқы қырылып жатыр. Жабыққан жұрт демеуге мұқтаж. Ал әкімдік әдеттегідей ақталып әлек. Билік жылқы иесінің енжарлығынан қырылды деген ұстанымнан айнымай отыр. Былтыр күзде облыста мал азығын дайындауға 1,4 млрд теңге субсидия бөлініпті. Оның қаншасы халықтың қолына тиді, ол да белгісіз. Біз сөйлескен шаруалар жемшөп таусылғанын айтады. Синоптиктер алда Арқада қарлы боран болады деп болжап отыр. Өзі арық, ашыққан, суыққа тоңған жылқы ол боранға қалай төтеп беретіні белгісіз. Әкімдік пен министрлікке бәрібір, олар жоғарыға әдемі есеп беріп, өз бастарын арашалап алса болғаны. Ал халық бұйырғанын көретін сияқты...
Қуаныш Қаппас