Жанабыловтар ісі бойынша сотта куәгерлер сөйледі
Астанада танымал блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты резонансты сот процесі жалғасып жатыр.
Бұл жолы сотта олардың әріптестері – Дархан Жолшыбеков және Нұрбек Нұртаза куәгер ретінде жауап берді.
Соттағы жауаптар айыпталушылар ұйымдастырған оқу курстарының мазмұны мен ерекшеліктеріне қатысты болды. Дархан Жолшыбеков 2024 жылы e-commerce бағытында курстарды өзі әзірлегенін айтты. Алайда Жанабыловтар онымен осы тақырыпта кеңескенін сұрағанда нақты жауап бере алмады.
— Ұмытып қалыппын, сөйлескенбіз. Бірақ олар сұрады ма, жоқ па – нақты есімде жоқ, - деді блогер сот отырысында.
Ал екінші куәгер Нұрбек Нұртаза (JustKing) Қытаймен бизнес жасауға арналған курстар көптеген блогерлерде ұқсас екенін атап өтті. Оның айтуынша, ол Жанабыловтардың бағдарламасын толық зерттемеген, бірақ ұқсастық деңгейі шамамен 10-15% болуы мүмкін екенін болжады.
Істің мән-жайы
Еске салайық, блогер жұпқа ҚР Қылмыстық кодексінің «Заңсыз кәсіпкерлік» және «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (ақшаны жылыстату)» баптары бойынша айып тағылған.
Қаржы мониторингі агенттігі мәліметінше, блогерлер Zhana Business компаниясы арқылы азаматтардан 247,5 миллион теңге қаражат алған.
Қазіргі таңда:
-
айыпталушылар үйқамақта отыр;
-
блогерлердің мүлкіне тыйым салынған — тізімде 10 люкс автокөлік (оның ішінде Lamborghini Urus және Lexus LX 600) және 17 жаңа iPhone бар;
-
бұған дейін прокурор 1 миллиард теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін екенін айтқан, алайда кейін сот есептеулердегі қателікке байланысты оған ескерту жасаған.
Жәбірленушілердің уәжі
Бұған дейін жәбірленушілердің бірі сотта Жанабыловтардың курсын сатып алғаннан кейін оқыту платформасына қол жеткізе алмай қалғанын мәлімдеген.
Қазіргі уақытта сот тергеуі жалғасып жатыр.