Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 21 Қыркүйек 2024

Жанарбек Әшімжан, ақын: Соқпақбаев феноменін әлі ешкім ашып бере алған жоқ

Жанарбек Әшімжан

Өз басым Соқпақбаевтың шығармаларымен 6-сыныбымда алғаш «Өлгендер қайтып келмейді» романы арқылы таныстым.

Өзім туған өңір, өскен өлкенің табиғаты, жазушы сомдаған кейіпкерлер образы біздің ауылда жүргендей, кітаптағы оқиға көз алдымда өтіп жатқандай әсер қалдыратын. Оның үстіне, ағаларым кітапты жиі оқитын, солардың әңгімелерінен түйсініп жүріп, автор шығармаларына аңсарым ауа бастады.

Біз туып-өскен таулы өлкеде Мұқағали Мақатаев өлеңдерінің әсерімен поэзия мен өлеңге ғашық боп өсеміз, ал прозалық шығармаларға кейін келе бастадық. Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын алғаш оқи отырып, өз ауылым Жалаңаштың тыныс-тіршілігін көріп қайран қалдым. Бала күнімізден санаға сіңген жер атауларының, сол өлкедегі тарихи және әлеуметтік-саяси оқиғалардың астарын түйсіне бермейсің. Ең алғаш оқығанда алған әсерім деп туған өлкемнің тарихын тереңірек ұғынуыммен байланысты болды. Кейін повесть желісі бойынша түсірілген «Менің атым Қожа» фильмін көріп, кітабымен салыстырып отырушы едік. Жазушының бүкіл шығармаларын кейін келе оқып шықтық. Көңілімнің түбіндегіні дөп басып айтқан шығарма болғаны үшін бе екен, әйтеуір, кезінде «Қайдасың, Гауһар» повесін бірнеше мәрте қайталап оқып едім. «Жалғыз қолды бильярдшы» сынды әңгіме-повестері мен басқа да кесек туындылары –жазушының төлқұжатына айналған шығармалар.

Жазушылар одағында біраз жыл жұмыс істедім. Сонда жазушы аға буынның көп әңгімесін ести жүре Б.Соқпақбаевтың жанын түсінуге тырыстық. Қадыр Мырза-Әлі ағамызбен түрлі сапарларда жазушының жарияланбаған, анығында, жарияланбайтын адами-тағдырлы болмыстарын естіп, көп дүниенің анық-қанығын байқадық. Бүгінде әдебиет пен сөз өнеріне, жалпы жазушылар қауымына көзқарас та өзгеріп, түрлі бағалаулар болып жатқан кезеңде Бердібек Соқпақбаев биігін көп бағамдайсың. Ол кісілердің көзі тірісінде лайықты бағасын алып-алмағаны басқа әңгіме. Десек те, Бердібектей жазушының қазақ әдебиетінің белді өкілі болғанына кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді екен. Тек сөздің көркемдігі ғана емес, ойдың көркемдігі мен қарапайымдылығы арқылы күллі қоғамды бедерлей алды. Батыс-шығыс классиктерін тауыспаса да, өз жүрегінен өтіп, жаны сезінген, түйсігінен өткен оқиғалар мен образдарды жырлаған үлкен қаламгер деп бағалар едім. Бүгінгі өзінің түпқазығы мен болмысынан алыстап кеткен буынға дәл осы Соқпақбаевтар арқылы қайтадан сөз өнерінің құдіретін сезіндіруге болады деп ойлаймын.

Біз қаламгердің шығармашылық тұлғасын ғана білгенімізбен, адами тұлғасы мен тағдырына байланысты білетініміз көп емес. Осы тұрғыда біздің әдебиет тарихында Соқпақбаев феноменін әлі ешкім ашып бере алған жоқ. Тек бірді-екілі аргумент айтылғанымен, Кеңес өкіметі тұсында оның протестке толы жазушы болғанын айтқан адам аз. Оның өз ортасындағы тұлғасы мен әдеби кеңістікте алған бағасы жайлы әлі де толық айтылған жоқ. Өмірінің соңғы жылдары неге қалам ұстамай кетті, бұл да – үлкен сыр, жауабын таппаған сұрақ.

Бердібек Соқпақбаев кім деген сұрақ қойылса, тұлғасы әлі де ашылмаған жұмбақ жазушы ретінде елестейді. Артында қалған шығармалары арқылы ғана етене таныс қаламгер боп қалды. Әлем әдебиетінде жазушылардың ғұмырын, күйініші мен сүйінішін, тағдырын, отбасын толық зерттеп жатады ғой, ал осы сала бізде әлі жолға қойылмаған сияқты. Жаны жұмбақ болса да, Бердібек қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиетінде айрықша орны бар ірі қаламгер екені анық.