Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:26, 19 Қазан 2023

Жаңарған Бөкей ордасы

9
Фото: из открытых источников

ХХІ ғасырда ұлттық мәдениет пен өркениетті байланыстыра отырып жеке тұлғаның бойындағы патриоттық құндылықтарды қалыптастыру – қазіргі таңдағы өзекті мәселе.

Бүгінгі таңда оқушыларға отансүйгіштік тәрбие беруде халықтық дәстүрге негізделген батыр бабаларымыздың ерлік дәстүрін насихаттай отырып, жан жақты тәрбие жүйесін құру және тұлғаның патриоттық құндылықтарын дамыту арқылы қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға үлкен мән беріліп отыр. Қ.Сәтбаев өзінің жүрекжарды жан тебірентерлік сөздерінің бірінде былай дейді: «Туған жердің тағдыры толғантпаған, ол туралы жаны тебіреніп ойланбаған жігітті қайтіп азамат дейміз? Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген азамат бөгде жердің алтын тасын да мақтап жарытпақ емес». Келешек ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, өз халқының тұрмыс-тіршілігіне, тарихына көңіл аударудан басталады. Қазіргі таңда әр облыста туған өлкенің тарихын ұғындыруға негізделген шаралар мен жұмыстар алға қойылған негізгі мақсаттардың бірі. БҚО қоғамдық даму басқармасы да қазіргі таңда туған өлкенің тарихын зерттеуді негізге ала отырып, аянбай еңбек етуде. Атап айтсақ, 16 қазан күні алдағы келе жатқан Республика күні қарсаңында БҚО Бөкей Ордасы ауданында жаңа визит орталығы мен мемориалдық музей ашылды.

«КПО б. в» компаниясы есебінен белінген 400 миллион теңгеден астам қаржыга Хан Ордасы тарихи-мәдени архитектуралық-этнографиялық музей қорығында жаңадан салынған визит орталығы мен әкімшілік ғимараты және қалпына келтірілген XIX ғасырдың тарихи-мәдени ескерткіші санатындағы мемлекет және қоғам қайраткері Сейтқали Меңдешев пен Алма Оразбаеваның мемориалдық музейі пайдалануға берілді. Тарихын түгендеген Бөкей халқын үлкен қуанышқа бөлеген салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Қазіргі таңда аты алты Алашқа мәшһүр болған ел ішінде тұңғыштар мекені аталатын Бөкей орда ауданы жыл санап көркейіп жатыр. Жеті жұрт кешіп, жеті жұрт жайлап, Бөкей сұлтан атамекенге айналдырған топырақ жаңа дәуірде жаңару мен жаңғыру жолымен жүріп келе жатқанын айтқан өңір басшысы дамудың даңғыл жолына түскен еліміздің ұлы мақсаты рухани мұрамыз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау екенін баса айтты.

1920 жылы кезінде ұлттық мемлекет құру жолында бас көтерген Алашорда үкіметі таратылып, орнына автономиялы Қазақ Республикасы Орталық Атқару Комитеті дүние есігін айқара ашты. Оның төрінде Сейітқали Меңдешев секілді бәрінен де ел мүддесін биік қойған мемлекет қайраткері отырды. Сейтқали Меңдешевтің саяси іскерлігі турасында өлкетанушы Гүлфайруз Ғұсманқызы: «Сейтқали Меңдешев шебер саясаткер болды. Сталинмен іс жүргізуді тез меңгеріп, ел жағдайынан хабардар етіп, В.Юдовский секілді халық жайын түсінгісі келмейтін басшыны қазақ басшылығынан алыстатты. 1923 жылы 6 желтоқсанда Қазатком Президиумының қаулысы бойынша «Қырғыз тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі Орталық комиссия туралы ереже» бекітілді. Яғни С.Меңдешев, С.Сейфуллиндер Қазатком құрамында тек қазақ қызметкерлерінің жұмыс істеуін қарастырып, қазақша іс жүргізуді насихаттап, баспа ісі, заң-актілердің қазақ тілінде жазылуын басты назарда ұстады.

Осылайша олар билік басына қазақ жұмысшыларын тартты. Қазақ тілін орыс тілімен қатар қойып, қазақтығымызды таныту үшін барын салды. Бұндай батыл қадамдар екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әлбетте, орыстар тарапынан да қарсылық болып, дабыл қағылды. Бірақ оған қарамастан, алған беттерінен қайтпай, жұмысты одан әрі қарай жалғастырды. 1924 жылдың басында республиканың барлық қазақ болыстық атқару комитеттеріндегі орыс қызметкерлері қазақтармен алмастырылып, іс жүргізу қазақ тіліне көшірілді», – дейді. 1925-1930 жылдары Қазақстан тұтынушылар одағының төрағасы, РКФСР экономикалық кеңесінің мүшесі болғанына қарамастан, қайраткер 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырайды. Ал қазақ әйелдерінің теңдігі үшін күрескен Алма Оразбаева Шығыс әйелдері арасынан халықаралық саясат аренасына тұңғыш шыққан әйел адам еді. Ол – Орынбор губкомы қазақ секциясының жауапты хатшысы, Бөкей губерниялық партия комитеті әйелдер бөлімінің меңгерушісі, Қазақ Орталық Атқару комитетінің мүшесі, облыстық және Қазақстан өлкелік комитетінің әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлімнің меңгерушісі әрі бюро мүшесі, Қазақ Орталық Атқару комитетінің Президиум мүшесі, Қазақ АКСР халық ағарту комиссариатының коллегия мүшесі, саяси-ағарту Басқармасының меңгерушісі сынды қызметтерді атқарды. Бірнеше жыл қатарынан ұстаз болып, кейін саяси аренада бой көрсете бастайды. Жалпы Хан ордасына қатысты «Тұңғыштар мекені» дейтін тіркес қолданылатынын жалпақ жұрт жақсы біледі. Ал Алма Оразбаева 1920 жылы 4-12 қазан аралығында Орынборда өткен Құрылтай съезіне Бөкей губерниясынан делегат болып сайланған А.Оразбаева аса маңызды құжат «Қырғыз (Қазақ) АКСР-сы еңбекшілері праволарының декларациясы» заң жобаларының негізін жасауда үлкен үлес қосқан автордың бірі. Ол – осы съезде сайланған республика үкіметінің құрамына кірген тұңғыш қазақ әйелі болған еді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде қазақтың мәдениеті сан-саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Сан қырлы ұлттық мәдениетімізді айшықтайтын баға жетпес мұраны сақтап, зерделеу қажет. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек» деп атап көрсетті. Бұл, әсіресе ұлттық мұрамыз бен рухани байлығымыздың негізі – музейлерге үлкен міндет жүктейтіні анық. Олардың қатарында облысымыздағы алғашқы қорық – Хан ордасы музей-қорығын кіргізуге болады. Батыс аймақтағы Каспий қақпасы кластеріне, «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысаны қатарына енген ғимарат мемлекетіміздің ұлттық мәдени мұрасы ретінде тіркелген. Бүгін, міне, көпшіліктің ризашылығына кенеліп отырған қорық құрамында жаңа технологиялармен жабдықталған визит орталығы, қызметкерлерге арналған әкімшілік ғимараты, мемлекет және қоғам қайраткерлері Сейтқали Меңдешев пен Алма Оразбаеваның мемориалдық музейлері ашылды. Бұл ұлттық құндылықтарыма, тарихы тереңде жатқан Бөкей Ордасына деген мемлекетіміздің ерекше ықыласы. Бұдан бөлек, алдағы уақытта қазақ жерінде ашылған тұңғыш аурухана ғимаратында жаңа экспозиция жасалып, 1872 жылы салынған амбулатория ғимаратын қайта жаңғыртып жатырмыз», – деді өңір басшысы Н.Төреғалиев.

Жаңадан салынған визит орталығы қазіргі заман технологиясымен толық жабдықталған. Орталық кіреберісіне дейін қойылған ақпараттық тақтадан музей кешені, Бөкей орда ауданы, тұңғыштар мекенінде дүниеге келген елеулі тұлғалар жайындағы деректермен танысуға болады. Сондай-ақ ақпарат тақтасы арқылы музей-кешеніне жасалар экскурсия жоспарлау мүмкіндігі бар. Бірнеше бөлмеге бөлінген визит орталығының ақпараттық бөлімі музей келушілері мен туристерге кешенді толық таныстыра алады. Аталған бөлім кешенді жарнамалау және музейді интернет желісінде таныту ісімен де айналысады. Жаңа ғимарат балалар бөлмесімен де жабдықталған, ал фотолаборатория келушілерге шежірені суреттер арқылы түсіндіруге әзір.

Енді бұл мекенге келген әр қонақ Хан ордасы, алғашқы қазынашылық сияқты тарихи орындарда түскен суреттерін бірден ала алады. Сондай-ақ жергілікті қолөнер шеберлері жасаған естелік сыйлықтарды да сатып алуға болады. Түгін тартсаң тарихы ашылатын орынды аралап, жергілікті тұрғындармен тілдескен облыс әкімі бөкейлік ағайынды мазалаған жол мәселесінің де шешілер күн аз қалғанын жеткізді.

Ақгүлім Ерболқызы

Батыс Қазақстан облысы

Тегтер: