Жаңарған Гамлет: жаңғырған театр «Гамлет» немесе трагедия тіліндегі тағдыр

«Гамлет» немесе Күйреу мен күрес симфониясы
«Болу ма әлде бордай тозу ма?» Шекспир қаламынан төрт ғасыр бұрын туған Гамлеттің күллі адамзатқа қойған ең ұлы сауалы осы. «Гамлет» сахнада алғаш рет 1601 жылы қойылды деген ақпарат бар. Ол кезеңде театр тек көрерменді қызықтыратын ойын-сауық құралы ғана емес, қоғамдық пікір мен моральдық парадигманы қалыптастыратын алаңға айналып үлгерген-ді. Арада қанша ғасыр өтсе де әлем сахналарынан түспей келе жатқан бұл туындының астары қалың, айтары көп.
Виттенберг университетінде білім алып жүрген дат ханзадасы Гамлетке бір күні күтпеген жерден Эльсинордағы патша сарайына дереу оралу туралы шұғыл хабар жетеді. Ханзаданың туған өлкесіне аттануына себеп болған оқиға бүкіл өмірінің мәнін, адам мен әлем жайлы түсінігін астан-кестен ететін жан түршігерлік хабар еді. Гамлеттің асыл әкесі, Дания патшасы, кенеттен жұмбақ жағдайда дүние салып, таққа оның туған інісі Клавдий отырған екен. Бұл аздай, Гамлеттің анасы – Гертруда, жарын жоқтап аза тұтуға мұршасы келместен, арада көп уақыт өтпей-ақ жаңа патша Клавдийге тұрмысқа шығып кеткен. Қайғы үстіндегі ханзадаға мұның бәрі ертегідегідей, ақылға қонбас, санаға сыймас сұмдық көрінді. Қанынан жаралған, жүрегіне ең жақын жандар – туған шешесі мен ағасы адамгершілік пен сенімге қиянат жасап, өміріндегі ең қасиетті ұғымдарды аяққа таптағандай әсер қалдырды. Адам үшін ата-анадан, отбасынан, туған бауырдан артық қымбат не бар?! Ал енді солардың бірі екіншісін өлтіріп, бірі сол кісі өлтірушімен көңіл жарастырғанын естіген Гамлеттің жаны алай-дүлей арпалысқа түсіп, жүрегінде ащы күдік пен азаптың бұлты қоюлана берді. Әкесінің кенеттен көз жұмуы зұлымдықпен жүзеге асқан қастандық екені туралы есту оны рухани күйзелістің терең түбіне тастады. Бұл тек жеке адамның трагедиясы емес, бүкіл адами болмыстың, сенім мен әділеттің, махаббат пен ар-намыстың шекарасы шайқалған, адам баласының тіршіліктегі ең негізгі моральдық тіректерінің күйреуі іспеттес болатын. Білім мен ізгілікті ту еткен, ойлы да албырт, әділет іздеген жас Гамлет үшін бұл оқиғалар тек отбасылық драма емес, адамзат болмысына деген сенімді жоғалтардай ауыр философиялық соққыға айналды. Ақылына салып, жүрегіне жүгініп, әділет іздеген Гамлет өзіне сенерін де, сенбесін де білмей, шындық пен жалғанның, ізгілік пен опасыздықтың шекарасында қалды. Оның бүкіл жаны бұлқынып, ішкі жан дүниесі аласапыранға ұшырады. Гамлеттің трагедиясы, міне, осындай сұмдық пен сатқындықтың, рухани күйреудің табалдырығында басталды.
Төрткүл дүниедегі секілді, қазақ үшін де «Гамлет» таңсық емес. Ұлт сахналарынан сан ұрпақ талай рет көріп өсті. Қазақ сахнасына Гамлетті ең алғаш рет 1927 жылы Жұмат Шанин алып келген. Ал Ғ.Мүсірепов атындағы театрда Шекспир шығармасын 1980 жылы Маман Байсеркенов сахналаған. Спектакльдің режиссері Маман Байсеркенов Гамлет рөлін Қазақстанның халық артисі Алтынбек Кенжековке сеніп тапсырған екен. Одан кейін бұл шығарманы өзге театрлар да қоя бастады. Бірақ дәл осы алғаш қойылған Мүсірепов театрына араға жарты ғасырға жуық уақыт салып Гамлет қайта оралды. Оралғанда да, сол күйде орала салмай, жаңа тыныс, өзгеше күймен қайтып келді. Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының 79-маусымы Шекспирдің «Гамлет. Соңғы күндер» спектаклімен жабылды. Спектакльдің режиссері – Дина Жұмабай. Бүгінгі замана құбылнамасы дөңгелеген тұста көркемөнердегі классикаға, «Гамлеттерге» талап та, талғам да басқаша. Қазіргі заманның рухани-мәдени ахуалын аңдасақ, бүгінгі көрермен мен өнерсүйер қауым классикалық туындыларға, соның ішінде Шекспирдің «Гамлеті» сынды шығармаларға өзгеше көзбен, жаңа таным көкжиегінен қарай бастағанын байқаймыз. Бұл құбылыс кеңестік кезеңде қалыптасқан шетел классикасына бас ұрып, оны пір тұтатын біржақты көзқарастың жалғасындай көрінгенімен, шын мәнінде, бүгінгі күннің сұранысымен, рухани ізденісімен тығыз байланысты. Яғни бұл – тек өткенді аңсау немесе шетел әдебиетіне бас ұру дегеніміз емес, қайта, уақыт пен кеңістіктің аясында сыналып, маңызын жоймаған көркемдік құндылықтарды қазіргі сана арқылы саралау, талдау мен таразылау, тұшыну мен түйсіну. Осы орайда театр бізге қандай ой сорабын меңзеді деген сұрақ туатыны рас. Шекспир «Гамлет» трагедиясын небәрі 37 жасында жазғанымен, оның астарындағы философиялық, этикалық, психологиялық иірімдер төрт ғасыр өтсе де өзектілігін жойған жоқ. Оның үстіне театр тарихында Гамлеттің тағы бір ерекше тұсы – бұл пьесаның сахналық интерпретациясы әрқашан өз дәуірінің рухани, саяси, философиялық ахуалын бейнелейтін айнаның рөлін атқаруы. Кеңестік дәуірдегі қойылымдарда Гамлет көбінесе советтік интеллигенцияның трагедиялық күйін, билік пен әділеттің арасындағы алшақтықты бейнелесе, посткеңестік кезеңде ол моральдық құндылықтардың дағдарысын, рухани дезориентацияны суреттейтін символға айналса, Батыс театрларында бұл пьеса екінші дүниежүзілік соғыстан кейін экзистенциалдық драманың өзегіне айналды. Адамның шетсіз ішкі әлемі мен мағына іздеуі Гамлет бейнесінде қайта жаңғырып отырды. Сол себепті қазіргі театр сахнасына шығарылған кез келген «Гамлет» жаңа бір ой салмағын, өз дәуірінің үні мен сұрағын алып шығуы тиіс. Қойылым туралы театртанушы Амангелді Мұқаннан сұрап көрдік.

ГАМЛЕТТІҢ ЕҢ ТАНЫМАЛ МОНОЛОГТАРЫН РЕЖИССЕР ӨЗГЕ КЕЙІПКЕРЛЕРДІҢ ЕНШІСІНЕ БАЙЛАП ЖІБЕРГЕН
Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры У.Шекспирдің белгілі ақын Х.Ерғалиевтің аудармасындағы «Гамлет. Соңғы күндер» спектаклін Д.Жұмабаеваның режиссурасында көрерменге ұсынды. Шекспирді әлемнің, еліміздің №1-ші драматургі деп мойындағанымызға біраз болсадағы осы трагедия М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының сахнасында алғаш рет 1927 жылы Ж.Шаниннің, Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 1980 жылы М.Байсеркеновтің режиссурасында сахналаған екен. Осы театр сахнасындағы спектакльден кейін арада өткен жарты ғасырға жуық уақыт аралығында қоғамдық формация өзгерді, ел жаңарды, ұрпақ ауысты, мүлдем жаңа көзқарастар орнықты. Өзгермеген, осыдан 400 жылдан аса уақыт бұрын жазылып сахнада орындалған саяқ кейіпкер, талай дәуір өнерпаздары мен көрермендеріне азық болған, өз ортасына келіп, ортасы түсінбей, өзі де түсініксіз болған кейіпкер Гамлет, оның өзінің ең жақын айналасын, қоғам мен адамдарды, өзін-өзі танып білу жолындағы ізденістері ескірген жоқ.
Режиссер автордың мәтінін сахнаға толық қоюды мақсат етпеген. Шекспирдің жазып кеткен трагедияның 24 кейіпкерінің басым бөлігін қысқартып, сахнада әрекет ететін басты 9 кейіпкер қалған. Осыған сай мәтінге де біраз қысқартулар, редакциялаулар енгізілген, келмеске кеткен кейіпкерлердің репликаларын өзгелерге бөліп берулер жасалған. Әрине, мұндай қадам режиссер тарапынан басы артық қайталаулардай болып көрінген сахналар, кейіпкерлердің өзара түсінісуіндегі созылыңқы сахналарды ықшамдаудан туындаған. Кейбір сахналардағы Гамлеттің ең танымал монологтарын режиссер өзге кейіпкерлердің еншісіне байлап жіберуден де тайынбаған. Мысалы: «Бар болу ма, жоқ болу ма – соны таразыға тартатын кез келді» (To be, or not to be – that is the question!) Горацио немесе Гильденстернге қарата «Міне, сыбызғы. Бірдеңе орындаңыз» деп сынайтын сөздерін Полонийге қарата айтатын тұстары автордың мәтініндегі, кейіпкерлер арақатынасындағы ауыс-түйістердің жеткілікті орын алғанын көрсетеді. Бұл көлемді 5 актілі трагедияны 2 сағат 20 минут шамасында үзіліссіз орындап шығуға мүмкіндік берген. Қалай болғанда да режиссер негізгі оқиғаны, сахналық әрекетті басты кейіпкер Гамлет – Әлихан Кәрібаевтың төңірегіне, оның барлық жан дүниесін толғандырған ішкі арпалысын ашуға жинақтаған. Спектакль атауына қосылған «Соңғы күн» бұл патшалықтың, сол патшалықтың басындағы басты тұлғалардың бәрінің соңғы сәтін көрсетуге арналған. Басты 5 кейіпкердің тау болып үйіліп жататын өлімі, солардың жалаңаштанған Гамлетті жан-жағынан жіпке байлап тартатын (финалдық сахна) көрініс айналасына сатқындықпен әрекет еткен ортаның күйреп, өлім құшуы емес, сол шайқалып кеткен тепе-теңдікті қалпына келтіруге әрекет еткен, әділдікті орнатуға барынша күш салған көкірегі ояу, таза жанның шынайы күресі болған. Сондықтан да Гамлет туралы спектакльде біз шындықтың түп-тамырына жетпекке ұмтылған жас жігіттің басынан кешкен Эльсинор патшалығының сарай төңірегіндегі өтірік пен шындық қалай қатар өмір сүретінін ажырату жолындағы басын тауға да, тасқа да соққан арпалысын көреміз. Әлиханның орындаған басты кейіпкер бойында заманауи жас жігітке тән бар түрлі қасиеттерді көреміз. Алғашқы сахнаға шығысы, жуынып тазаланып (дәрет алуы) барып оқиғаға кірісуі, жайылған кілемге (жайнамаз) жер бауырлап барып бүк түсіп жата қалуынан оны толғандырған, миын торлаған сан түрлі сұрақтардан хабар береді. Клавдийдің үстел басындағы өз тобына қарата айтатын әрбір күн тәртібіндегі әрбір мәселеге іштей қарсылығы арпалыстағы дене пластикасымен көрінеді.
Суретші А.Есболатова сахна кеңістігін жүйелеу барысында актерлерге ыңғайлы болуын назарда ұстаған және басы артық декорациялық құрылымдар жасамаған. Сахна кеңістігіндегі актерлер іс-әрекеттерінде жүрсе де, роликпен сырғанаса да еркіндік сезіледі. Сахна кеңістігінде әр алуан ілінген кілемдер қатары, олардың оқиға барысында бірнеше міндеттерді қатарынан атқаруы, спектакльдің эмоцияға толы сәттерінде жерге жұлынып түсетін тұстары, кейіпкерлердің өлетін кезінде соларды орайтын кебініне (табытына), финалда Горацио үстіне шығып, табанымен таптайтын төбешікке айналуы әртүрлі ойға жетелейді. Спектакльдің жарық партитурасы, кейіпкерлер киімдерінің бояу түстері де оқиға астарын ашуға жұмылдырылған. Сахнаның екі жағынан қойылған күшті желдеткіштерден соғатын түйінді сахналарда іске қосылды. Осы сәт алай-дүлей сезім арпалысы мен драмалық көңіл күй пернелерін дөп басуға тіпті көмектесті. Бұл Офелияның жанын жегідей жеген лирикалық сахналардан трагедиялық көңіл күйге ауысқанда, немесе Гамлеттің жанын жалаңаштап көрсететін драмалық көріністерде ерекше әсерлі көрінеді.
Спектакль режиссерімен бірлесіп жасаған С.Беймишеваның хореографиялық қолтаңбасы спектакльдің барысында бірнеше жерде ұтымды көрінеді. Режиссердің драмалық сахнадағы шешімдерінің жалғасы болған спектакльдің хореографиясында қызықты табылған пластикалық әрекеттер, мизансценалық пластикамен көріністер жасаған. Бұл – жекелеген кейіпкерлер мен қосарланған, топтық сахналарда, әсіресе белгілі «Тышқан аулау» сахнасындағы актерлер ансамблі мен «театр ішіндегі театр» әдісіндегі «Гонзагоның өлімі» ойынын көрсетудегі ұтымды сахналық шешім. Бір деммен өтетін бұл сахнаның жылдамдық ырғағы, жүрек соғысы, сезімдер арпалысы ерекше әсер береді. Шыр көбелек айналған сахнадағы «сахналық оқиғалар», оны көріп отырған көрермендердің де шыр көбелек ана бұрыштан мына бұрышқа тағат таппай орын ауыстырулары, ақыры соңында Гамлет құрған қақпанға түсуін Клавдий – Еділ Рамазановтың жүйкесі сыр беріп, «ойынды» ақырып барып тоқтатуынан көреміз. Патша Клавдийдің бойындағы бар мінезін, Гамлеттен құтылуға жасайтын айла-шарғысын актер барынша нанымды беруге күш салды. Актер күрделі кейіпкердің бойындағы сырттай сыпайы да салмақты, ақылды, басқаруға қабілетті, бірақ іштей күйзелістің азабын тартқан сатқын, күнәсін жасыруды көздеген өзімшіл билеушінің болмысын бере алды.
Сонымен бірге Гамлеттің Клавдийден кек алатындай мүмкіндігі пайда болған келесі сахнадағы Клавдийдің Жаратушыға мінажат етіп ағынан жарылатын тұсында сыртынан қанжарын жалаң ұстап аңдыған Гамлеттің ішкі ойы, екі антогонист кейіпкердің монологтарынан тұратын сахнасы да пластикалық диалогі арпалыс сахнасына айналдырған. Әдеттегідей, бұл сахна екі бұрышта қозғалыссыз кейіпкерлердің статикалық аңдысып тұрып емес, актерлердің пластикалық іс-әрекетімен беру арқылы динамикалық тұрғыда ұтымды шешім тапқан. Екеудің ой арпалысы кезек-кезек, диалогтік формада ұтымды беріледі. Десек те, бұл сахнада орындаушылар жүзеге асыруда әлі де болса жасалынатын жұмыс бар, бір қайнауы ішінде жасалған әрекет нәтижесін көрдік. Кейіпкерлер біріне-бірі жабыса жүріп айтатын монологтары әлі де болса сахнадағы диалогтік қалпын аяғына дейін сезінуді, мән-мағына беріп, сөзді әрекетпен тонның ішкі бауындай астастыра беруді қажет етеді. Әзірге бұл сахнада актерлерден ебедейсіз әрекет пен бөлек-бөлек үзінділерді естиміз.
Композитор Нұрсұлтан Төрәлі спектакльдің музыкалық партитурасын жазуда көп сахналарда спектакль фоны ретінде қарапайым, примитивті жүйкеге тиетін дыбыстарды қайталануымен берсе, М.Өзбековтің халық ішіне кең тараған «Келші айым» әнін Офелия – Аида Жантілеуованың трагедиялық халімен тікелей байланыстыра тақырыптық үндестігін тауып, әртүрлі өңдеуде қолдану арқылы терең де мұңлы спектакль атмосферасын жасай білген. Бұл музыканы тікелей Офелия қатысатын сахналардың бәрінде орындалуымен байланысты спектакльде әртүрлі өңдеуде жиі қолданылады. Тіпті әннің мәтінімен айтылатын тұсында фонограмма актерлер сөзін залға естіртпей, кедергі келтірген тұстары да бар. Актриса Офелияның жібектей нәзік, елгезек, өте ұяң мінезін осы ән әуенімен барынша ашуға тырысты. Оның нәзіктігімен сыртқы күшке – қатал әкесінің, ағасының, король сарайының ықпалына барынша тәуелділігін өз сезіміне сеніп, еркін шешім қабылдай алмай махаббат пен құндылықтар қақтығысын, ер адам үстемдігіне құрбан болған жан ретінде көрдік. Сүйгені – Гамлет те оны менсінбей, кейін тіпті дөрекілік танытуы да оның жан күйзелісін тереңдете түскенін көреміз.
Жүйкеге тиетін қайталанатын домбыра дыбысының үнімен басталатын спектакльде бірнеше кейіпкерлерді сомдайтын: Горацио – Ш.Үмбетқалиев пен Розенкранц – Рахат Жұмаханов, алдымен 2 маска, Гамлеттің әкесінің көлеңкесі, т.б. сахналарда әрекет ететін спектакльде маңызды кейіпкерлерге айналған. Режиссер қойылымда көздеген мақсатына жету үшін екі актерлер дуэтіне автор атынан сөйлейтін дауыс, режиссердің қойылымдағы көмекшісі, Гамлеттің ішкі дауысын оқушы, спектакль мазмұны бойынша мысқылдай күліп, пікір беруші, т.б. кейпінде көрінеді. Спектакль басы осы екі кейіпкердің үстел басына жайғасқан Горацио мен Гертруданың басына тәжін кигізуден бастап финалда барлық кейіпкерлерді жер қойнына беріп, пайда болған төбешікті аяқтарымен таптап тегістеуімен аяқтап, режиссердің айтпақ ойын шегелей түскен. Горацио – Ш.Үмбетқалиев сахнадағы трагедиялық оқиға желісінің бәрін көзбен көріп, қолмен ұстағандай қатысып, араласа жүріп әрекет ететін спектакльдегі маңызды кейіпкердің бірі. Актердің шыныққан дене пластикасы мен дауысы ырғағы сан құбылады. Гамлеттің анасы Гертруданы орындаған актриса Жанар Мақашева өз кейіпкеріндегі ананың балаға деген мейірі мен әйелдік осалдықты, саяси есеп пен адами адасудың күрделі қосындысынан құралған сезімді бере алған. Актриса, біріншіден, махаббатқа құштар, екіншіден, ұлының алдында кінәлі, ал үшінші жағынан, Клавдийдің жанында қауіпсіздік іздеген әлсіз әйелдің толымды бейнесін жасап шыға алды.
Сарайда болатын барлық жайт, интригадан хабардар, отбасындағы әкелік сезімнен ада емес, бірақ әккі, қу Полоний актер С.Рысбайұлының орындауында нанымды шыққан рөлдердің қатарында. Барлық іске мұрнын тығып тіміскіленген әкенің назарынан ештеңе қалыс қалмайтын, қулығына құрық бойламайтынның нағыз өзі. Қызы Офелияның басқан қадамын бақылап, уысында ұстайтын, барлық сырын жасырып қалуға әкесінен қорыққаннан жайып салатын, ерік-жігерін айлакер әкесіне беріп қойған отбасылық буллингтің көрінісі байқалады. Тіміскіленген Полонийдің қолындағы жұмырланған қағазын көздеп тұрып далаға әдейі лақтыратын қыңырлығы да жеткілікті. Спектакльдің соңғы көрінісіндегі трагедиялық жекпе-жек сайыс сахналарын режиссер үстел теннисінің жарысына жиналған мерекелік топтың ұшқыр ойыны барысында өрнектеп береді. Танымал «Kiss» тобының ырғақты композициясының сүйемелімен жүретін сахнада барлық кейіпкерлер бір үлгіде әскери бас киім (офицерлердің фуражкасы) киіп, бақылаушылар қолдарына ішімдік ұстап, сайысқа шыққан Гамлет пен Ларэт жекпе-жегін салтанатты үлестірілген ракеткаларды алып қолдану барысында тірі қалғандардың бәрін үлкен жылдамдықпен өлтіру сахнасын тамашалаймыз. Екі жақтың жекпе-жек дуэлін ұйымдастырушы әрі тамашалаушы Клавдий, Гертруда, Ларэт, Гамлет те қызды-қыздымен сол қанды қасаптың құрбаны болып ішінде кетуінің куәсі боламыз.
Ойымызды қорыта келгенде, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының репертуарына Д.Жұмабаеваның режиссурасымен енген У.Шекспирдің «Гамлет. Соңғы күндер» спектаклі қазақ театрының әлемдік классиканы игерудегі кезекті ізденіске толы қадамы болған. Актерлер құрамы, театр репертуары бұл қойылымнан жаңа шығармашылық серпіліс, соны тәжірибе жинақтағаны сөзсіз. Шығармашылық ұжым өзінің кезекті 79-шы театр маусымын осымен қорытындылады. Театр келесі мерейлі маусымында көрерменді жаңа жобалар, толағай жетістіктерімен қуантады деген ойдамыз».
P.S. «Гамлет» – дүниежүзі театр режиссерлерінің нақсүйері. Режиссер Дина Жұмабайдың «Гамлеті» қазақ көрерменіне етене жақын, жатық болды деп ойлаймыз. Премьера болған соң, кемшіліктер де жоқ емес. Бірақ жарты ғасырға жуық уақыттан соң Мүсірепов театры сахнасына қайта оралған Шекспир шығармасын көрермен жылы қабылдаған сияқты. Әсілінде, көрермен мұндай қойылымдарға, жалпы театрға дайындықпен баратыны анық. Тым болмаса спектакльдің аты мен заты туралы жалаң түсінігі болса да жеткілікті. Бүгінде талайдан айтылып келе жатқан көрермен мәдениеті туралы ой осындайда қайта еске түседі.
Дайындаған
Ақгүлім Ерболқызы