Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:31

Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына қарамастан титулдық жекпе-жекке шақырту алды

Жәнібек Әлімханұлы
Фото: Top Rank

Орта салмақта WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы, доминикандық боксшы Карлос Адамес WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық Жанібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізгісі келетінін мәлімдеді. 

Айта кетейік, бұған дейін Жанібек Әлімханұлы тапсырған екі допинг сынамасының нәтижесі мельдоний атты тыйым салынған зат бар болып шыққан. Соған қарамастан Карлос Адамес қазақстандық чемпионмен айқасуға дайын екенін айтты.

«Бізге күту керек. Мүмкін, ол допинг қолданғаны үшін жазасын тартар. Бірақ мен үшін Жанібекпен бәсекелестік – жеке мәселе. Допинг бұл жерде шешуші фактор емес. Онымен рингте кездескім келеді.Қандай да бір жолмен оның ағзасына түскен допинг оның мені жеңетініне кепілдік бермейді. Егер мансабымыз аяқталғанға дейін онымен жұдырықтасу мүмкіндігі туса , оған дайынмын», - деді Адамес The Ring журналына берген сұхбатында.

Айта кетейік, Жанібек Әлімханұлының допинг дауына байланысты істі Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы тексеріп жатыр. Шешім шыққаннан кейін барлық материалдар ірі халықаралық бокс федерацияларына жолданатын болады.