Жәнібектің жұлдызы жанар сәт
Өткен аптада қазақстандық бокс жанкүйерлері үшін жағымды жаңалық жарияланды. Орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) көптен күткен айтулы жекпе-жегі ресми белгіленді.
«Қазақ стилі» желтоқсан айының басында осы салмақтағы WBA белбеуінің иегері, кубалық боксшы Эрисланди Ларамен қолғап түйістіреді.
Мұны көптен күткен кездесу деп бекер айтып отырған жоқпыз. Жәнібек 2022 жылы 27 тамызда WBO белбеуіне, 2023 жылы 14 қазанда IBF титулына қол жеткізгеннен бері атағы аспандаған алпауыт боксшылармен кездесе алмай жүрген. Содан бері 4 мәрте белбеу қорғау жекпе-жегін өткізді. Бір мәрте ғана титул біріктіретін кездесуге қатысты. 2023 жылы 14 қазанда IBF чемпионы, германиялық Винченцо Гуальтьериді 6 раундта жеңіп, қос белбеу иегері атанды. Қазірге дейін WBO белдігін бес мәрте, IBF белбеуін екі мәрте қорғады.
Бірақ қарсыластары кім көрінген қалпақпен ұрып алатын қуыршақ боксшылар болды дей алмаймыз. Жәнібекпен чемпиондық жекпе-жек өткізген 5 боксшының үшеуі оған дейін бірде-бір мәрте жеңіліп көрмеген. Мысалы, Гуальтьери Әлімханұлымен кездескенге дейін 21 рет жеңіске жетіп, бір рет тең түскен. Ал жаңазеландиялық Андрей Михайловичтің рекорды 21-0-0 болған. 2025 жылы 5 сәуірде Астанада кездескен франциялық Анауэль Нгамиссенге 14 жекпе-жек бойы жеңілістің кермек дәмін татпаған. Сондай-ақ ұлыбританиялық Дензел Бентли Жәнібекке дейін 17 рет жеңіске жетіп, 1 кездесуде ғана жеңілген. Ал канадалық Стивен Батлер 32 жекпе-жекте жеңіске жеткен боксшы болатын (3 мәрте жеңілген). Яғни, Әлімханұлын «қапшықтарды» сабайтын чемпион деп ешкім сынай алмайды.
Бірақ үлкен атақ пен мол қаржыға қол жеткізгісі келген боксшыға бұл жеткіліксіз. Ол үшін атағы алысқа кеткен даңқты чемпиондармен қолғап түйістіру қажет. Әлімханұлы әр кездесуінен кейін орта салмақтағы чемпиондар Карлос Адамес (WBC) пен Эрисланди Лараны (WBA) жекпе-жекке шақырып жүрді. Тіпті жоғары дивизионда жүрген мексикалық супержұлдыз Сауль Алвареске де айбар шегіп қоятын. Бірақ бұл шақыртуларға ешкім мойын бұрып қарай қоймады.
Әсіресе, Карлос Адамеспен кездесудің ауылы жақын көрінетін. Доминикандық чемпионның өзі де әлеуметтік желіде Әлімханұлына айбат шегіп, тұрысатын жеріңді айт деп жазып жүрді. Бірақ қос боксшы «келісімшарт алдыңда тұр, сен қол қоймай отырсың» деп, бір-бірін айыптаумен болды. Кімдікі рас, кім өтірік айтып отыр, жанкүйер қауым білмей-ақ кетті. Ал Ларамен кездесу қиындау көрінетін. Бокс сарапшылары ардагер боксшы мансабының соңына қарай аса шулы жекпе-жек өткізіп, мол қаржы тапқысы келеді деп болжаған. Бірақ аяқ астынан Жәнібекпен жолығуға келісім беріп отыр.
Жекпе-жек қашан, қайда өтеді?
Орта салмақтағы 3 титулдың басын қосатын айтулы бәсеке 6 желтоқсан күні (Қазақстан уақытымен 7 желтоқсан таңда) Техас штатының Сан-Антонио қаласындағы Frost Bank Center атты аренада өтеді. Кездесуде Жәнібектің WBO, IBF титулы мен Лараның WBA белбеуі сарапқа салынады. Яғни, қай жеңгені орта салмақтағы 3 ірі белдікке ие болады. Бұл кештің басты жекпе-жегінде Ламонт Роуч пен Исаак «Питбуль» Крус кездеседі. Әлімханұлы – Лара кездесуі кештің екінші маңызды жекпе-жегі болмақ.
Бокс статистикасын жүргізетін әлемдегі ең танымал портал BoxRec мамандары бұл жекпе-жекті 5 жұлдызға бағалап отыр. Яғни, бұл Жәнібектің мансабындағы ең ірі кездесу саналады. Qazaq Style бұған дейін 3 жұлдыздан үлкен жекпе-жек өткізіп көрген жоқ.
Жәнібек Әлімханұлы бұған дейінгі жекпе-жегін биыл 5 сәуірде Астанадағы «Барыс аренада» өткізіп, франциялық Анауэль Нгамиссенгені 5 раундта нокаутқа түсіргенін айттық. «Қазақ стилі» осы жеңісінен кейін BoxRec рейтингінде бірінші орынға шығып, ресми түрде өз дивизионының «королі» атанған. Енді үшінші белбеуді жеңіп алатын мүмкіндік туып тұр. Орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атануды мақсат тұтатын Жәнібек арманына жақындап келеді деп сенеміз.
Ал 42 жастағы кубалық ардагер боксшы былтыр қыркүйектен бері рингке шыққан жоқ. Бір жыл бұрын ол екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпион, америкалық Дэнни Гарсияны (37-4, 21 KO) техникалық нокаутпен жеңген болатын. 2019 жылдан бері 6 жекпе-жекте қатарынан жеңіске жетті. Жасы сәл ұлғайды демесеңіз, әлі бабынан тая қойған жоқ. Тіпті Куба қабыланы алдағы жекпе-жекте Жәнібекті жеңемін деп желпініп отыр.
«Кәсіби мансабым барысында әрдайым ең мықты қарсыластармен кездесіп жүрмін. Әлімханұлымен болатын айқасты да сол қатарға қосамын. Жәнібек – техникасы жетілген қауіпті боксшы. Бірақ мен ешқашан мұндай сынақтан қашқан емеспін. 6 желтоқсанда әлем чемпионы титулдарын біріктіріп, Даңқ залына тағы бір қадам жақындай түсемін», – деп мәлімдеме жасады Эрисланди Лара.
Ал Әлімханұлы бұл жекпе-жекке тігілген үш титулды азырқанып, The Ring журналындағы чемпиондық белбеуін де сарапқа салуды ұсынды. «Бұл қаншалықты мүмкін екенін білмеймін, бірақ Ларамен жекпе-жекте The Ring белбеуі де бәске қойылуы керек. Себебі бұл орта салмақ тарихындағы маңызды шайқас. Үш белбеу бәске тігіліп отыр. Мұндай айқастың жеңімпазы шын мәнінде дивизионның патшасы атануға лайық», – деп жазды Жәнібек X әлеуметтік желісінде.
Жекпе-жектің маңызы
Абсолютті әлем чемпионы атануды мақсат тұтып жүрген Жәнібек үшін белбеулерді біріктірудің маңызы зор. Бірақ Ларамен жекпе-жек Әлімханұлына біршама танымалдық сыйлауы мүмкін. 17 кездесуде қатарынан жеңсе де, кәсіпқой бокстың элитасының қатарына қосыла алмай жүр. Әлі бірде-бір супер жекпе-жек өткізген жоқ, үлкен гонорар да ала алмады. Әлімханұлы әлі өз бетінше бокс кешінің билетін сата алатын деңгейге жеткен жоқ. Өйткені танымалдығы төмен, қаржысы аз. Кәсіпқой бокстың екінші аты бизнес. Боксшы билет сатып, аренаны толтыра алмаса немесе ақылы трансляция арқылы көрермен жинай алмаса, оған төленетін гонорар көлемі көп болмайды.
Эрисланди Лара – кәсіпқой бокстың қайнаған ортасында көп жыл жүрген боксшы. Атақты «Канелоның» өзімен кездесіп, жеңіп кете жаздаған. Жәнібек дәл осы жолы жарқын жеңіске жете алса, жұлдызды сәтінің туғаны дей беріңіз. 3 белбеуге қол жеткізсе, Адамес те алысқа қаша алмас. Ал орта салмақтағы абсолютті чемпион атанып жатса, жақында ғана «Канелоны» жеңіп, суперорта салмақты бағындырған Теренс Кроуфордтың төбесі көрінуі мүмкін. Даңқты америкалық орта салмаққа барсам, абсолютті әлем чемпионы атағы үшін ғана барамын деп отыр. Кроуфорд жақында Жәнібекке үндеу жасап, жерлесімізді бақылап жүргенін айтты. Демек Әлімханұлы дұрыс жолға енді түсті деуге болады. Бірақ ол үшін алдымен Лараны жеңу қажет.
Әлімханұлы биыл Астанада өткен жекпе-жегінен 500 мың доллар кепілді сыйақы алды деген ақпарат бар. Былтыр Сиднейде өткен жекпе-жектен қазақ боксшысы небәрі 228 150 доллар гонорар алған. Бірақ кәсіпқой бокс үшін бұл тым мардымсыз сома саналады. Әсіресе, екі белбеуі бар әлем чемпионы үшін мұндай сомаға төбелесу ақылға сыймайтын жағдай. Ал 2023 жылғы Гуалтьериге қарсы кездесуде отандасымыз 750 мың доллар гонорар алған.
Салыстыру үшін айтсақ, Жәнібекке дейін АҚШ-та атой салған Геннадий Головкин екі титулы (WBA, IBO) бар кезде 350-900 мың доллар арасында гонорар алып жүрді. Ал үшінші, IBF белбеуін сарапқа салған канадалық Давид Лемьеге қарсы кездесуде 1,5 млн доллар алды. Генаның атағы асқан сайын алатын сыйақысы да артып, британиялық Келл Брукпен кездесуде 5 млн, америкалық Дэниел Джейкобспен жекпе-жекте 3 млн доллар гонорар алды. Ал мексикалық Сауль Альвареспен өткен 3 кездесуде 20 млн-нан 40 млн долларға дейін табыс тапты деген ақпарат бар.
Альварес демекші, қазір кәсіпқой бокстың нағыз акуласы – осы мексикалық. «Канело» биыл қыркүйекте өткен Теренс Кроуфордпен болған жекпе-жекте 150 млн доллар табыс тапқан. Оған дейінгі Уильям Скуллге қарсы кездесуде 100 млн доллар алған. Ал Головкинге қарсы үшінші жекпе-жекте 45 млн гонорар алғаны белгілі. Кроуфордтың гонорары Альварестен үш есе аз болды – 50 млн доллар. Ол 2023 жылы отандасы Эррол Спенспен кездесуде 25 млн доллар табыс тапқан. Мұндай биікке жету үшін Әлімханұлына әлі көп жұмыс істеу қажет.
Қуаныш Қаппас