Жандос КӨКІМОВ: Солақай саясаттың салдарынан бағымыз байланды

Алпысыншы жылдардың соңы мен жетпісінші жылдардың басында Жандос Көкімов Кеңес Одағындағы ең белді боксшылардың бірі болды.
Аса жеңіл салмақта жұдырықтасқан қандасымыз көптеген биік белестерді бағындырды. Ол КСРО чемпионаты мен КСРО халықтары спартакиадасының жүлдегері атанды. Көптеген байрақты бәсекелерде олжа салды. Сондай-ақ ол АҚШ пен КСРО құрама командалары арасында өткен алғашқы матчтық кездесуге қатысты. Сол тарихи оқиғадан кейін Жандос ағамыздың даңқы алысқа жайылды. Сол кездегі мыңдаған жас өрен Көкімовтей болсам деген асқақ арманның жетегімен бокс үйірмелерін жағалады.
Салмағымның аздығынан көп қорлық көрдім
Менің туып-өскен жерім – Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Прудное ауылы болғанымен, мектепті Алматыда аяқтадым. Үлкен қалалардың жайы белгілі ғой, қай спорт түрін таңдасаң да өз еркің. Ал мен спорттық гимнастикамен шұғылдануды құп көрдім. Бұл өнер маған бірден ұнады. Аз ғана уақыт аралығында қатарымның алды болып, сол кездегі Фрунзе ауданының чемпионы атандым. Сол жеңісімнің арқасында екінші разряд алдым.
Мектепті тәмамдап, Алматыдағы зоотехниктер мен мал дәрігерлерін даярлайтын институтқа түскеннен соң кәсібімді шұғыл өзгертуге тура келді. Өйткені бұл оқу орнында спорттық гимнастика үйірмесі болмады. Есесіне, бокс жақсы жолға қойылған. Есенкелді Ахметов деген досыммен ілесіп, сол үйірмені жағаладым. Жергілікті жаттықтырушы Александр Карповтың маған көңілі толмағанын келген бетте-ақ түсіндім. Бойы тапал, өзі ап-арық баладан не шығады деп ойлаған болар. Бірақ досымның көңіліне қарап, ол кісі мені қабылдады. Бапкерді де түсінуге болады. Өйткені ол кезде ресми жарыстардағы ең жеңіл салмақ 51 келі болып белгіленген. Ал менің салмағым небәрі 44 келі еді. Яғни, бәсекелерге қатысу үшін жеті келі қосуым керек. Ашқұрсақ студенттің ол мақсатты орындай алмайтыны айдан анық. Сол себепті ерекше еңбектеніп, намысқа тырысудан басқа амал қалмады. Бапкердің, құрдастарымның алдында жасық болып көрінгім келмеді. Әр жаттығу сайын барымды салып, бокстың қыр-сырына әбден қанықтым. Жатақханаға келгенде де қосымша жаттығулар жасап, өзімді қатты дайындадым.
Ерең еңбек еш кеткен жоқ. Салмағым 46 келіге жетіп, жарысқа түсе бастадым. Алғашқы рет АЗВИ-дің чемпионы атандым. Сол кезден бастап, Карповтың маған іші жылыды. Жеке қамқорлығына алып, бар білгенін үйрете бастады. 1966 жылы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары арасындағы бүкілодақтық біріншілікке қатысып, қанжығам майланды. Ақтық сында КСРО-ның күміс жүлдегерін нокаутпен ұттым. Бұл жеңіс мені қанаттандырды. Бапкеріміз екеуміз болашаққа үлкен жоспар жасап, кәдімгі кәсіби спортшы ретінде даярлануға кірістік. Жоғарыдағы оқиғадан кейін Ауыл шаруашылығы институттарының бүкілодақтық біріншілігінде ешкімге есе жіберген емеспін. Үнемі алтын алып жүрдім. Алайда басқа жарыстарға қатыса алмаймын. Оның себебі – салмағымның аздығы. Сол олқылықтың орнын толтырамын деп істемегенім жоқ. Бірақ бірер жыл жағдай оңала қоймады. Тек 1968 жылы 48 келі салмақ дәрежесі – ең жеңіл салмақ болып белгіленгеннен кейін ғана үлкен аренаға шығу мүмкіндігіне ие болдым. Ол кезде жасым 22-ге таяп қалған.
Алғашқы жарыста күміс медаль алдым
Елішілік жарыстарда менің салмағымда талай мықтылар болды. Жалғыз Әсет Бейсенбековтің өзі неге тұрады. Кезінде бұл боксшының қарқыны қатты болды. Әсет өз салмағында республиканың бірнеше дүркін чемпионы, спорттық қоғамдар арасындағы бүкілодақтық біріншіліктің жеңімпазы атанып жүрді. Екеуміз өзара бірнеше рет жұдырықтастық. Бірде – ол ұтады, бірде – мен. Сөйтіп, итжығыс түсіп жүрдік. Басқа да алымды жігіттер болды. Солармен үзеңгі қағыстырып жүріп, менің де деңгейім өсті. 1969 жылы Қазақстан чемпионы атандым. Бұл жеңіс КСРО чемпионатына жол ашты. Саратов қаласында кілең ығай мен сығайлар жиналған екен. Мен бес кездесу өткіздім. Бастапқы бәсекелерде жастар арасындағы КСРО чемпионы Геннадий Покидаев, өзімнің жерлесім Әсет Бейсенбеков, Беларусь чемпионы Шихмамедов сынды шеберлерден басым түстім. Жартылай финалда Мәскеу чемпионы Александр Антоновты айқын ұттым. Финалда КСРО чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы Анатолий Семеновпен кездестім. Семенов – Саратов қаласының тумасы. Жерлестері қызу қолдағанына қарамастан, оны әбден төмпештедім. Бірақ төрешілердің ринг иесіне бүйректері бұрды. Осылайша ол чемпион атанды, ал мен күміс медальді иелендім.
Одақты ұтудан –әлемді мойындату оңай болатын
КСРО чемпионатында топ жару, әлемдік деңгейдегі жарыстарда атой салуда әлдеқайда қиын болатын. Бүкіл 15 республиканың мықтылары бас қосқан Саратовтағы жарыстың ақтық айқасына жолдама алудың өзі мен үшін зор табыс еді. Алайда Семеновтан ұтылғанымның салдарынан мен Еуропа біріншілігіне қатыса алмадым. Ол кезде әлем чемпионаты өтпейтін. Сол себепті құрлық біріншілігі біздер үшін ең ірі жарыс саналатын. Өкінішке қарай, айтулы додаға менен осал боксшы қатысты. Соған налыдым. Нәтижесінде Еуропа чемпионатының алғашқы кездесуінде-ақ Семенов Польшаның өкілі Роман Рошектен 0:5 есебімен ұтылды. Ал бас жүлде венгриялық Георгий Гедоға бұйырды. Бәлкім, мен барғанда жағдай басқаша болар ма еді. Бір қуантарлығы, Саратовтағы чемпионаттан кейін КСРО құрамасы сапына қабылданып, шетелдерде өтетін жарыстарға қатысу құрметіне ие болдым.
Асханада уланып қалдық
1971 жылы КСРО халықтары спартакиадасының финалында тағы сол Семеновпен кездестім. Тағы да төрешілер әділдікті белден басты. Мен күміс медальді мойныма ілдім. КСРО чемпионатының финалдық бөлігінде күш сынасу үшін әуелі аймақтық жарыстарда даралану қажет еді. Мен Жданов қаласында бес жекпе-жек өткізіп, үшеуін мерзімінен бұрын аяқтадым. Қалған екі қарсыласым да айтарлықтай сес көрсете алған жоқ. Мәскеуде бас жүлде алуды мақсат тұтып келдім. Өйткені осы жарыста жолым болса, Мюнхен олимпиадасына жол ашылатын еді. Соған бар күш-жігерімді сарп етіп даярландым. Жалпы аса жеңіл салмақта нокаут сирек болады. Ал мен сол қолмен іреп тұрып ұрғанда қарсыластарымды сұлатып салатынмын. Соның арақасында көптеген жекпе-жектерімді уақытынан бұрын аяқтайтынмын. Ал осы жолы бапкерім оң қолымен соққы жасауға машықтады. Бұл тәсілді де қапысыз меңгердім. 1972 жылы КСРО чемпионатында да жеңіске жететініме сенімді болдым. Бірақ тағы да қырсық шалды. Бұл жолы Марат Жақсыбаев екеуміз асханада уланып қалдық. Бұл әлдебіреулердің қасақана жасаған әрекеті екені анық. Өйткені жарысқа келгендер бір қазаннан тамақтанды. Барлығы – дін аман, ал уланған – қос қазақ. Сол себепті жұдырықтаса алмадым.
Қитұрқы ойынның «құрбаны» болдым
Қазақ жігіттері арасында мықты боксшылар көптеп шықты. Олар өздерінің басты бәсекелестерінен әлдеқайда мықты екендерін талай мәрте дәлелдеді. Бірақ әділдік болған жоқ. Мәскеулік мамандар білгенін істеді. Жоғары жақта тамыр-таныстары барлары да қарап қалмады. Сондай қитұрқы «ойындар» салдарынан қазақ боксшыларының үнемі бағы байланып келді. Мен де сол саясаттың «құрбандарының» бірімін. Менен таяқ жегендердің біразы халықаралық аренада армансыз атой салды. Мәселен, 1969 жылы Будапеште өткен халықаралық турнирде Георгий Гедоны сабадым. Бірақ жеңіс жергілікті боксшының уысында кетті. Өйткені Гедо сол жылы Еуропа чемпионы атанып, өз елінің мерейін өсірген болатын. Соны қаперге алған венгрлер өздерінің батыр ұлдарын өз жерінде өзге біреуге «жығып беруді» жөнсіз көрді. 1972 жылы сол Гедо Олимпиада чемпионы атанды. Тағы бір турнирде менің ауыр соққымнан кейін есінен танған кәріс боксшысы Ю Гил Ким Мюнхендегі ойындарда күміс медальді қанжығасына байлады.
Солақай саясатқа лағынет айттым
Мюнхендегі ойындарға бара алмағаным маған ауыр соққы болып тиді. Тіптен теледидар арқылы Олимпиаданы емін-еркін тамашалай алған жоқпын. Боксшылар бәсекесін көріп отырып, өксіп жыладым. Мықтылығымды мойындатсам да, әділетсіздікке дұшар болғаныма күйіндім. Солақай саясатқа лағынет айттым. Әйтпегенде Мюнхенге Владимир Иванов емес, менің баруым керек еді ғой. Ол орыс не бітірді? Ештеңе! Иванов ширек финалдан аса алмады. Ал менен таяқ жеген Гедо мен Ким олимпиада тұғырына көтерілді. Бірі – алтын, екіншісі – күміс алды. Ал мен «үйде» қалдым. Тек теледидардан өнерін тамашалап, солардың жеңісіне қол соғумен шектелдім. Осының барлығы жүйкеме біраз салмақ түсірді. Спортқа деген қызығушылығым күрт кеміді. Әділдіктің үстемдік құрмайтынын түсіндім. Оның үстіне әйел алдым, балалы болдым. Отбасына қажетті көңіл бөлу қажет болды. Сөйтіп, 27 жасымда спорттан қол үздім.
Америкада атой салдық
Менің спорттық өмірбаянымдағы ең елеулі оқиға – 1969 жылы АҚШ пен КСРО арасындағы матчтық кездесуге қатысуым.48 келі салмақта Одақта менің алдымды орайтын боксшы жоқ еді. Бапкерлердің байрақты жарыстарға үкілеп қосқан жігіттері шетке шықса, жеңіліп қала берді. Үмітті ақтайтын ешкім болмады. Ал АҚШ пен КСРО матчына саяси мән берілді. Екеуі өз дәуірінің ұлы державалары саналды. Бірі – капиталистік, екіншісі – социалистік мемлекет. Әрқайсы әр салада өздерінің мықтылығын дәлелдеуге тырысты. Ғарышқа ұшып, қару-жарақ жасап жарысты. Ғылым, білім, өнерде бітіспес бәсекелестік орын алды. Спорт саласында, оның ішінде бокста америкалықтар мен Кеңес Одағының өзгелерден көші ілгері болды. Ақыры көшбасшы қос мемлекет өзара бас қосып, кімнің мықты екенін анықтауға бел буды. Ал ондай жарысқа ортаң қол боксшының қатыспайтыны белгілі. Сол себепті КСРО бапкерлері елдегі ең мықты былғары қолғап шеберлерін АҚШ-қа апаруды жөн көрді. Осы жарысқа дайындалғанда әр салмақта 2-3 үміткерден болды. Қайсының бәсекеге қатысатыны көпке дейін белгісіз болып келді. Құрама сапына ілігу үшін олар оқу-жаттығу жиындары барысында үнемі «қырқысып» жататын. Ал аса жеңіл салмақта бар ауыртпалық менің иығыма түсті. Өйткені құрама бапкерлері жалғыз маған ғана үміт артты.
Ал матчтық кездесу Лас-Вегаста өтті. «Цезарь-Палас» отелі көрермендерге лық толды. Жарысты олар үстелге жайғасып, тамақ ішіп, алдарындағы шараптар мен сусындарды сіміріп отырып тамашалады. Біз аң-таңбыз. Өйткені Кеңес одағында жарыс тек стадиондар мен спорт залдарында өтеді. Ал олар барлығын шоуға айналдырған. Америкалықтар өз өрендерінің жеңіске жетуінің барлық амал-қарекетін жасады. Мәселен, бізді қонақ үйде бір кісілік бөлмелерге орналастырды. Өзіңіз ойлап көріңіз, жаттығудан шаршап келіп, бөлмеге келесің. Алдағы жекпе-жекті ойлап, жүйкені тоздырмау үшін біреумен әңгімелесу керек. Ал кең бөлмеде жалғыз өзің жатасың, тілдесетін ешкім жоқ. Бұл психологиялық тұрғыдан өте ауыр. 11 салмақ дәрежесі бойынша өткен кездесудің алтауында қожайындар, бесеуінде қонақтар қазылық етті.
Сол кеште мен Вильямс Хотторнмен күш сынастым. Бұл қос мемлекет арасындағы алғашқы кездесу болғандықтан, біраз толқығаным рас. Және де ол АҚШ құрамасының капитаны, сол елдің белді боксшыларының бірі екен. Шаршы алаңға шыққаннан кейін қобалжу басылды. Үш раунд бойы оны қыспаққа алған сыңайлы едім, бірақ жеңіс қарсыласыма бұйырды. Бірақ маған өкпе айтқан ешкім болған жоқ. Өйткені жеңілмегеніме қасымдағы жолдастарым, бапкерлер және жанкүйерлер куә. Бұл ретте төрешілердің «тірлігін» айтуға тиіспіз. КСРО қазылары көп болса, жеңіс біздің боксшыларға берілді. АҚШ төрешілері басым болғанда, жеңіс ринг иелерінің уысында кетті. Осылайша таразы басы теңселіп тұрды. Ал 63,5 келі салмақтағы Валерий Фролов қарсыласын нокаутқа түсіргеннің арқасында бұл матчтық кездесу 6:5 есебімен Кеңес Одағы құрамасының пайдасына шешілді. Сондай-ақ біздің командада Виктор Запорожец (51 келі), Александр Мельников (54 келі), Валериан Соколов (57 келі), Валерий Трегубов (71 келі) және Владимир Бабарыка (81 келі) жеңіске жетті.
Мұхаммед Әли «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем берді
Америкаға табанымыз тигенде біраз таңданғанымыз бар. Түні бойы жарқ-жұрқ еткен шамдар көз майын алады. Қадам бассаң – мейрамхана, қонақ үй, дүкен. Әсем үйлер мен зәулім ғимараттар. Сол жерде мен алғаш рет пультты теледидарды көрдім. «Төсекте жатып-ақ арналарды ауыстыра беруге болады екен ғой» деп таңдай қақтым. Кеңес азаматтары үшін бұл тансық дүние еді. Бірақ таңданысымызды аса көп байқатпауға тырыстық. Өйткені сапарға шығар алдында КГБ-ның қызметкерлері біздің әрқайсымызбен жеке-жеке сөйлесіп, біраз «ақыл» айтты. «Ештеңеге таңданбаңдар, бөгде адамдармен сөйлеспеңдер» деген нұсқаулар берді. Соны мүлтіксіз орындауға тырыстық. Олардың айтқанын істемесең, ақыры немен тынатыны белгілі ғой. АҚШ-тағы КСРО-ның елшісі де сондай кеңес берді.
Ал мына бір кездесу ерекше есте қалды. Біздің жаттығуымызды көру үшін атақты Мұхаммед Әлидің өзі келді. Босағадан аттаған бетте баршамызға ортақ сәлем берді. Содан кейін бізден «Командада мұсылмандар бар ма?» деп сұрады. Әбдірашит Әбдірахманов екеуміз атып тұрдық. Аты аңызға айналған боксшы «Ассаламағалейкум» деп, тек бізбен ғана қолын беріп амандасты. Әбдірашид екеуміз кәдімгідей риза болып қалдық.
Арада төрт күн өткеннен кейін, яғни 1969 жылдың 29 қазанында Монреальда бізге Канада мен АҚШ-тың бірлескен командасы қарсы шықты. Бұл жолымен Клаудио Ривера деген боксшымен шығып, бірінші раунда-ақ нокаутпен ұттым. Жалпы біздің жігіттер 11 кездесудің тек біреуінде ғана жеңілді. Оның өзінде Николай Хромовтың қабағы жарылып кетіп, қарсыласына есе жіберуге мәжбүр болды. Әйтпегенде Хромов та өз қарсыласын ұтатын еді. Осылайша Америка сапары сәтті аяқталып, саяси маңызы бар матчта КСРО құрамасы айқын басымдылық танытты.
«Жеңілген күреске тоймайды»
«Жеңілген күреске тоймайды» демекші, арада бірер ай өткенде америкалықтар КСРО-ға келді. Бұл матчтық кездесу Минскіде өтті. Әдеттегідей тұсаукесер бәсекеге мен шықтым. Қарсыласым – Вильямс Хотторн. Лас-Вегаста менің алдымды орап кеткен боксшы. Минскіде оның сазайын бердім. Менен кейін шаршы алаңға шыққан 51 келі салмақтағы Марат Жақсыбаев Эдвард Сантьягоны ұтты. Қос қазақтан бөлек, Юрий Дебенюк (54 келі), Валерий Динеев (60 келі), Анатолий Долгов (63,5 келі), Анатолий Климанов (71 келі), Николай Разумов (81 келі) және Камо Сароян (+81 келі) өз бәсекелерін жеңіспен аяқтады. Сөйтіп, бұл матч 8:3 есебімен біздің пайдамызға шешілді. Америкалықтардың тағы да еңселері түсті.
Үшінші курста баспаналы болдым
Ол кездері бүгінгідей мол қаражат берілмейтін. Бір жапырақ қағаз немесе аздаған ақша алсақ, соған риза болатынбыз. «Басымыздан сыйпап, жарайсың!» деген сөзге кәдімгідей көңіліміз көтеріліп қалатын. Шыны керек, ол кезде материалдық табыс жайын көп ойлаған жоқпыз. Жалғыз мен емес, біздің буын түгелдей солай тәрбиеленді. Біздер үшін ең басты нәрсе – өзіңді мойындату, мықты екеніңді дәлелдеу, ел намысын халықаралық аренада абыройлы қорғау еді.
Жеке өз басым, институттың үшінші курсында оқып жүргенде Алматыдағы Мұқан Төлебаев пен Құрманғазы көшелерінің қиылысынан пәтер алдым. Елбасы Дінмұхамед Қонаев ағамыздың өзі менің спорттағы табыстарымды елеп, астананың қақ ортасынан үй бөлдірді. Ол кезде қазақтарға пәтер берілу былай тұрсын, қалада тіркеуге тұрудың өзі мұң еді. Үйдің табалдырығын аттағанда, қатты қуандым.