Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:45

Үкімет халықтың қалтасына қол салды

Жангелді Шымшықов
Фото: ашық дереккөз

Президент үкіметке ғана емес, жалпы Қазақстан азаматтарына «беліңді бекем бу» деген ұран тастады.

Қай заманда билік өз тармағын немесе банк, қаржы жүйесін сындарлы уақыттарда қиын жағдайға душар етіп еді? Міне, сондықтан тығырықтан тарығатын, келешекті көретін қарапайым қазақ қауымы екенін астын сызып тұрып айтып өткен жөн.

Қалың бұқараға зардабы тиер бірнеше себепті атап өтейін. Бірінші, қосылған құн салығының 12-ден 20 пайызға өсуі – күнделікті сатып алатын тұтыну заттарының бағалары тура 8 пайыз қымбаттайды деген сөз. Дүкенде беретін түбіртекке қарасаң, үкімет халықтың қалтасына қол салып, ашықтан ашық 8 пайызға тонады дегенді білдіреді. Бұл жерде бизнестің де, үкіметтің де ұпайы түгел. Басқаша айтқанда, отандық тауар сатушылар импорт алдында 8 пайыз жеңіліс табуы мүмкін.

Екіншіден, келешекте жанармай құнының өсуі бүкіл экономикадағы тасымалданатын тауарлар құнын күрт көтеріп, инфляцияны үдетіп жіберері сөзсіз. Қара халықтың шынайы табысы құлдырап, жалақысына анағұрлым аз өнім алатын күйге түседі. Бұл бизнестің көлік шығынын ұлғайтуы әбден мүмкін. Үкіметтің де көлік шығындары күрт ұлғайып, жоспарлы сметадан асып түсіп, қиындық тудыруы ықтимал.

Сондықтан үкімет сансыз, мәнсіз жиындар мен жиналыстарды онлайн режимде өткізуге көшсе, халықтың қаншама ақшасы үнемделер еді. Шенділер жұмыс орнынан табылып, қажеті аз басқосулар тыйылып, цифрлы Қазақстан, ақпараттық технология деген даурықпа ұрандар экономикалық тиімділік төрінен көрінер еді. Тағы бір мәселе, айыппұлдың сан жетпес түрлерімен қазынаны толтыру. Бұл да абырой әперер әрекет емес деп есептеймін.

Мемлекет қаржысын үнемдеп, бюджет шығынын азайту үшін не істеу қажет? Ең алдымен, бір-бірінің жұмысын қайталайтын, пайдасы аз бөлімдер мен департаменттерге толы үкіметті сан жағынан қысқарту қажет. Өйткені дербес жабық ұйым ретінде қоғам мүддесінен тыс әрекет етіп, өзінің ішкі заңдарымен шарықтап көтеріліп кеткен үкімет халықтан алыстап, оған қызмет етуден қалады. Бір ғана дерек, жан басына шаққандағы үкімет қызметкерлерінің арақатынасын Жапониямен салыстырсақ, біздегі көрсеткіш ол елден он есе жоғары. Ендеше, әлі де талай қысқартулар жасап, жоспарлы жалақы қорын сақтаса, сонда тиесілі жалақы азайған үкімет мүшелерінің табысын сақтап қалары анық.

Тағы бір ұсыныс айтайын. Жыл аяғында жұмсалмай қалған үкіметтік ұйымның қаражатын тартып алып, келер жылға бөлінетін қаржы көлемі қысқартылатын қазіргі ережені өзгерту керек. Үнемделген қаржы мен игерілмей қалған қаржының аражігін айырмаса, жыл аяғында есепшотында қаражат қалдырмаймыз деп аласұрған мекемелер үнемделген қаражатты беталды жұмсайтын әдеттен арылмайды. Заңдағы осы олқылықты түзету керек деп есептеймін.

Ең маңыздысы – халықтың бақылау жүйесін жаңғырту қажет. Қоғамның бақылауы болмаса, билік барлық жұмысты халық өкілдері мен азаматтық қауымдастықтың бақылауынан тыс жасаса, үкімет ешқашан тиімді әрекет ете алмайды. Мұндай билік өз пайдасы мен мүддесін көздеп, халықтан алшақтай түседі.

Жангелді Шымшықов,

экономист