Жангелдиндегі бір отбасын өлтіруге күдіктінің балалары мемлекет қорғауына алынды
Жангелдин ауылында бір отбасының қаза табуына байланысты күдікке ілініп, іздеуде жүрген азаматтың кәмелетке толмаған бес баласы мемлекет қамқорлығына алынды.
Жангелдин ауылы тұрғындарының өліміне күдікті ретінде іздеуге жарияланған Сұлтан Сәрсемалиевтің бес баласы полицияның өтінішінен кейін қорғауға алынған.
Атырау облысының білім басқармасының хабарлауынша, 2 ақпанда полиция департаментінен балаларға қатысты шұғыл шаралар қабылдап, оларды қауіпсіз жерге орналастыру жөнінде ресми хат түскен. Махамбет ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның шешімімен үш бала уақытша Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Ал жасы үш және бір жастағы екі кіші бала арнайы Балалар үйіне жіберілді.
Басқарма өкілдері балалардың жағдайы тұрақты бақылауда екенін, уәкілетті органдар олардың қауіпсіздігі мен құқықтарының сақталуын қамтамасыз етіп отырғанын нақтылады.
Бұған дейін полиция Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғынын ресми түрде іздеуге жариялаған еді. Осыдан кейін қоғам назарында оның отбасы да болды. Әкімдік мәліметінше, отбасы қарапайым тұрмыс кешкен, негізгі табыс көзі – қарт туыстарының зейнетақысы.
Қамқорлық туралы шешім қабылданғанға дейін балалар әжесінің қарауында болған. Мектеп жасындағы балалар О. Шонаев атындағы орта мектепке барып жүрген, ал кішкентайлары үйде тәрбиеленген.
Қазіргі таңда күдікті іздеуде. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.