Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:17, 17 Қаңтар 2023

Жангелдинді «құрбандыққа» шалған кім?

None
None

2013 жылы 13 қыркүйекте бір жігіт үйге телефон шалып, өзін жазушы Әлімқұлов Еркінбай, өзіңіздің досыңыз марқұм Көбей Сейдеқановтың інісімін деп таныстырды.

Сонсоң «Егемен Қазақстан» газетінің 12 қыркүйек 2013 жылғы нөмірінде Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шауқамановтың «Бекзат» атты жақсы шығармасы жарияланғанын хабарлады. Автордың тілі өткір, мейлінше жатық, көңілге қонымды екенін айта келіп:

– Сіз газетті тауып алып, оқып шығыңыз, онда қазақтың алтыбақан алауыздықтан көрген қорлығы, Бекзат атаулының жағасына жармасып, етегінен тартып сүріндіру арқылы ұлттың өсіп-өркендеуін тежегені туралы жақсы айтылған, соған мысал ретінде сіздің (Сапабек Әсіптің) Әліби Жангелдиннің Қазревкомның төрағалығына қалай сайланбай қалғаны туралы жазбаларыңыздан нақты мысал келтірілген. Оқып шығып, қосымша түсінік беруіңізге болады деп ұсыныс жасады. Автордың өзіне сөз берейік:

Қазақтар ауызбіршіліктің жоқтығынан кейбір зиялы деп жүргендеріміздің зиянды әрекетінен олардың күншілдігінен, қызғаншақтығынан, сатқындығынан ХХ ғасыр қазақ халқы үшін ең қанды, ең қайғылы, ең қасіретті ғасыр болды.

Сөзім жалаң болмас үшін енді осыған бір ғана мысал келтірейік. Ғалым Сапабек Әсіпов республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне (2002 ж.) ұлтымыздың тағдырына қатысты тарих тасасында қалған сұмдық бір сырды суыртпақтап жазып, жариялады. Оның айтуынша, сонау 1919 жылы билікті қолға алып, қызыл империя құра бастаған большевиктер өздері жүргізетін ұлт саясатының келешегін де  айшықтауға бет бұрды. Осы орайда орталық үкіметтің басшысы И. Сталин жалынды большевик – дала комиссары Ә. Жангелдиннің Қазревком құру туралы ұсынысын қолдай отырып, сол Қазақ өлкесінің басшылық органына мүше болып табылатын қайраткерді қабылдайды. Олар түгел дерлік өзіміздің қазақтар, ұлтымыздың бетке ұстар қаймақтары. Сөйте тұра артындағы қалың елі үміт артқан осынау азаматтар орталық үкіметтің Қазақ өлкесінің басшылығына қазақ ұлтынан шыққан азаматты, бұл ретте Ә. Жангелдинді тағайындау туралы шешіміне жаппай қарсы шығады, өзге ұлттың өкілін Қазақстанға басшы етіп жіберу жайлы бейшаралық ұсыныс жасайды. Бұдан әрі автор былай дейді:

«Солай, ақылға салсаң қазақтар қазақтың төрағалыққа тағайындалуына қарсы шықпаса керек еді. Жангелдиннің дәлелін тауып, жақсы-ақ құлатқан. Бірақ орталарынан біреуді ұсынайын десе, үлкен лауазымды біріне-бірі қимай, биік мәртебені бейтарап біреуге беруді жөн көрген. Ұзын сөздің қысқасы – осы.

Қазақи қызғаныш ұлт билігін құрбандыққа шалып жіберген.

Ең жаманы: қазақи қызғаныш ұлт билігін бір жолға құрбандыққа шалып қана қойған жоқ, Орталық үкімет мүшелерінің миына: қазақ байғұс өз тізгінін өзі ұстауға әлі дайын емес екен деген ұғымды құйып кетті.

… Осылайша қазақ елін басқару тізгінін «бейтарап ұлт» өкілінің қолына ұстату дәстүрге айналып кете барды.

Өткенге өкініп сан соққаннан пайда жоқ дейміз ғой. Сөйтсе де айтпасақ тағы болмайды. Бәрінен бұрын оның бүгінгі және келер ұрпаққа тарихи тағылымы қымбат. Қазақ делегаттары Ә. Жангелдинді құлату үшін қазақ ұлтының билігін құрбандыққа шалып жіберді.

Әттең, әттең! Тоз-тоз боп кеткен қазақ елінің басын қосып, басқару үшін құрылған тұңғыш мекеменің басына қазақ отырғанда, ол кейін тағы бір қазаққа мұра болып қалатын еді. 1925 жылы Қазақ елін басқаруға Голощекин емес, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожабеков, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Сейтқали Меңдешев, Сәкен Сейфуллин сияқты ұлтжанды азаматтардың бірі отырса, 1920 жылдың соңы, 1930 жылдың басындағы асыра сілтеушілік соншалық шырқап кетпейтіні, қазақ 1922 және 1932 жылдардағы аштықтың топалаң тиген қойдай қырылмайтыны анық еді.

Ал біздің бұған алып-қосарымыз жоқ. Өзімізді-өзіміз қиямет қасіретке ұрындырған бұл жәйт расында да сұмдық емес пе.  

Иә, бұл біздің қазақтың қай заманда болмасын қанына сіңген қайғы-қасіреті, тарихи трагедиясы. Сондықтан да ХХ, ХХІ ғасырда Қазақстанды басқарған басшының үшеуі ғана өз ұлтымыздан, облысымызды басқарған 22 басшының 6-уы ғана жергілікті кадрлар. 1929 жылы 6 млн қазақтан 1939 жылы 2 млн ғана қазақ қалды. 1937-38 жылдары халық жауы болып атылған қазақтар саны пайыз жағынан грузиядан екі есе, орыстан үш есе, татарлардан төрт есе, өзбектерден бес есе көп болды.

Бірде-бір республикада мұндай сұрапыл адам шығынына жол берілмеді. Тіптен адамзат тарихында теңдесі жоқ ғаламат екінші дүниежүзілік соғыстың басынан аяғына дейін немістің аяғының астында болған Белорусcияда мұншалықты адам шығыны болған жоқ.

Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шауқаманов сөз болып отырған «Бекзат» толғауында қазақтың ауызбіршілігі жоқтығын, жақсыларын даттап, жер жастандыруға келгенде алдына жан салмайтын қаскөйлігін жақсы-ақ сипаттаған екен, мұның себеп-салдарын толықтыра түсу үшін «Қазақ қасіреті» төрт тағанымның екіншісі «Қатерлі дерт, қалжыраған халық» кітабымда жарияланған (55-58-б.). «Қызғаншақ қайраткерлер» деректемемді оқып көрейік («Өнер» баспасы, 1993 жылы шыққан): «Қызылдар қырғыны» кітабының беташары есебінде академик Манаш Қозыбаев пен тарих ғылымының кандидаты Қайдар Алдажұмановтың «Қазақ даласына қырғын қалай келді?» деген мақаласы берілген екен. Әрине, қырғынның келу себептері, жолдары көп. Оның бәрін қайталап жатудың қажеті бола қоймас. Дегенмен бір мәселе ерекше назар аударатын, тереңде мықты ойға қалдыратынын айтпай кетуге болмайды. 1920-шы жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың басында ҚазЦИК-тің хатшысы болған А. Асылбеков 1937 жылы халық жауларының қатарында НКВД-ның қармағына ілінбей ме? Сонда ол тергеушінің берген сұрақтарына берген жауабында Қазақстанда қалыптасқан қиын жағдай, оған өзінің көзқарасы туралы желкесіне төніп тұрған ажал қылышынан жасқанбай айта келіп, былай депті:

«Тағы бір мәселе, бұл қазақ кадрларын тұрақтандыру мәселесі жөнінде. Менің ойымша, шындығында ешқандай тұрақтандыру болған жоқ. Қазақстанда орыс басшылары басқарып келді. Толық дайындығы бар қазақ басшылары елді басқарудан шеттетілуде, тұрақтандыруды бетке ұстап, бұрынғы саясат жалғасып келеді, деп есептедім» (аталған кітаптың 8-бетінде).

Қазан төңкерісіне дейін қазақ елін орыс шенеуніктері басқарып келгені рас. Қазақтың сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем, оқыған десең оқыған, беделді адамдарының өзі болыстықтан, болды-толды дегенде уез бастығының кіші көмекшілігінен әрі аса алған жоқ-ты. Патша өкіметі де, оның орнына келген уақытша өкімет те орнынан тайдырылып, олардың барлық шенеуніктері қуылғалы қашан! Қазан төңкерісінен кейін үш жыл өтер-өтпесте Қазақ Советтік Социалистік Автономиясы құрылды. Қазақ елі заң жүзінде патшалық езгіден құтылды. Пролетарлық революция ұраны бойынша өзін-өзі билеу правосына ие болды. Олай болса, революциядан кейін де Қазақстанды орыс басшылары басқарып келуі, толық дайындығы бар қазақ басшыларының елді басқарудан шеттетілуі қалай? Революция жеңісі – ұлттың өзін-өзі билек правосы қайда қалып қойды?

 Мұның себебін жиырмасыншы жылдың соңы мен отызыншы жылдың басынан емес, Қазақ Советтік Социалистік Автономиялы Республикасын құрудың өтпелі кезеңі – Қазақ өлкесін басқару жөніндегі республикалық комитет құру кезеңінен іздеу керек.

Өйткені дайындығы бар қазақ кадрларының басқарудан шеттетілуі, Қазақстанды басқару билігінің тізгіні «бейтарап ұлт» (орыс деп оқыңыз) өкілінің қолына берілуі сол кезде, яғни Қазақ автономиясы таңы атуының елең-алаңында басталған. Мен бұл туралы «Ақиқат» журналының 1994 жылғы 3-нөмірінде жарияланған көлемді зерттеу мақаламның «Ұлт бірлігін құрбан қылған қызғаныш» деген бөлімінде біршама толық тоқталғанмын. Қазревком құрамына тағайындалған қазақ қайраткерлеріне жұртқа белгілі деректерге сүйене отырып саяси, азаматтық мінездеме жасадым. Турасын айтқанда, мұның бәрі орталықтың көзқарасы тұрғысынан баяндалады. Әр қайраткер саяси жағынан большевиктер партиясы мен кеңес өкіметіне қаншалықты белгілі, қаншалықты сенімді екендігіне қарай бағаланады. Қазревком құрамына енген делегаттар арасынан Қазревком төрағалығына далалық Қазақ өлкесінің Төтенше комиссары 1915 жылдан большевиктер партиясының мүшесі Ә. Жангелдиннен бөтен қайраткерді таба алмадым. Орталықта да солай деп шешкені жөнінде қолымда нақты деректерім де бар еді. Бірақ Қазревком төрағасы Жангелдин емес, поляк Станислав Пестковский болып шыға келген жоқ па? Бұл қалай дейсіз ғой?

Қалай болушы еді? Қазақ делегаттары Қазревком төрағалығын Жангелдинге қимады. Өз орталарынан шығарып, оның орнына қоятын адамды және таба алмады. Өйткені орталыққа жақсы танымал, саяси сенімді де беделді большевик Жангелдиннен артық қайраткер араларында жоқ болатын. Мұндай адамды тағайындағалы тұрған орнынан тайдырып, басқа біреуді әкеліп отырғызу оңай емес-ті. Сондықтан да қазақ қайраткерлері аса бір өтімді амал ойлап тапты.

И.Сталин: «Қазревком төрағалығына Ә. Жангелдинді ұсынып отырмыз», – дегенде біреу ұшып тұрып:

– Жангелдиннің тағайындалғаны дұрыс. Бірақ үш жүзге бөлінген елміз ғой, бет-бетімізге түйе айдап кетеміз бе деп қорқамын. Сондықтан Қазревком төрағалығына бейтарап ұлт өкілін тағайындаған дұрыс, – деді. Қазақ делегаттары мұны бірауыздан қолдады. Менің ойымша, Орталық мұны Жангелдинді құлату үшін жасалған айла деп түсінген жоқ. Өзін-өзі басқаруға әлі дайын емес, бірлік ұлт мүддесі дегенді білмейтін берекесіз ел екен деп тура мағынасында түсінуде. Қазревком төрағалығына Станислав Пестковскийді ұсынды. Қазақтар мұны жүрегі жарыла қуанып қарсы алды.

Қазақ кадрларын басқаруды шеттетуді 1919 жылдың жазында Мәскеуде Қазревком құру жұмысы жүріп жатқан кезде қазақтардың өздері бастап берді. Содан бері бірінші басшы орыстан немесе басқа бір ұлттан сайлау дәстүрге айналды. Әрбір ұлт өкілі өзінің маңайына қандастарын көбірек тартуға күш салатыны айтпаса да белгілі ғой.

Солай 1919 жылдың жазында коммунистік партияның Орталық Комитеті мен Халық комиссарлары кеңесі, ВЦИК Қазревком құрамын бекіткен кезде қызғаншақ қазақ делегаттары ұлт билігін құрбандыққа шалып қана қойған жоқ, 1932-33 жылдардағы ұлы ашаршылыққа жол ашып берді. Дәлірек айтқанда, 3 млн қазақты құрбандыққа шалып жіберді. Бұдан шығатын қорытынды:

1919 жылы Қазревком басқаруға «бейтарап» ұлт өкілін сұрап алған қазақ қайраткерлері 1932-33 жж. қансыз қырғынның құныкерлері болып тарихымызға қаралы таңба қалдырып кетті.

Сол 1919 жылы Қазревком төрағалығына Жангелдин тағайындалса, кейін оны бір қазақ ауыстырып, елді қазақтың басқаруы дәстүрге айналса, 1932-33 жылдардағы ашаршылық болмас еді.

Бір өкініші «Біз үш жүзге бөлінеміз, басымыз бірігуі қиын» деген адамды ешкім айтқысы келмейді. Ә.Жангелдинді басқарып барған делегаттардың құрамында Ахмет Байтұрсынұлы, Бақытжан Қаратаев, Мұхамедияр Тұнғашин, Құсайын Бекентаев, Сейтқали Меңдешев, Әбдірахман Әйтиев, Байқадам Қаралдин сияқты белгілі адамдардың болғаны анық.

Бұдан бөтен шындықтың бәріне тарих куә, үш миллион қазақ, бетке ұстар қайраткерлеріміз қызғаншақ қазақтардың құрбаны болып кете барды.

Өтер іс өтті, кетті, қазір біз тәуелсіз елміз, тәуба, Жаратушы Алла бүгінгі және келер ұрпақтарды Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шауқамановтың «Бекзат» толғауында айтылғандай алауыздық, күншілдік дертінен сақтасын!

Жазушы Сапабек ӘСІПҰЛЫ

Жариялауға ұсынып отырған жазушының зайыбы Зинаханым

Тегтер: