Жәнібектің жұлдызды шағы

Атақты волейболшы, әйгілі бапкер Октябрь Жарылқапов Қазақстан волейболының ізашары саналса, оның ең сүйікті шәкірттерінің бірі Жәнібек Сауранбаев еді.
Ол ұстазының үмітін толығымен ақтады. Жәнібек Алматының «Буревестник» клубының сапында Еуропа чемпиондары кубогы жолындағы бәсекеде екі мәрте топ жарды. КСРО құрамасы қатарында әлем кубогы мен Еуропа чемпионатында дара шығып, көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанды. Ол бес жыл бойы КСРО құрамасының дәнекері (связующий) міндетін атқарды. 1964 жылы қазақ волейболшысы Токиода алауы тұтанған Олимпиада ойындарына баруға тиіс еді. Сол жарысқа Сауранбаев тыңғылықты даярланды. Алайда Олимпиаданың басталуына бір аптаға жуық уақыт қалғанда мәскеулік мамандар оны командадан шеттетті. Әділетсіздіктің азабын молынан тартса да, Сауранбаев өз заманының теңдессіз волейболшысының бірі ретінде танылды. Еш қиындыққа мойымай, әр жарыс сайын мықтылғын мойындатты.
Біз зиялы отбасында тәрбиелендік
Біз зиялы отбасында тәрбиелендік.Әкем – Нығмет Сауранбаевтың есімі көпшілікке мәлім. Ол кісі қазақ филология саласы бойынша тұңғыш ғылым докторы, академик, кезінде орысша-қазақша сөздікті құрастырып, жарыққа шығарған білікті маман. Кейіннен Қаз ССР ұлттық ғылыми академиясының вице-президенті болды. Анам – Мария Иосифовна шет тілдер институтының түлегі.
Әке-шешемнің арқасында сол кездегі қазақтың игі жақсыларының бәрінің жүзін көрдім. Дінмұхамед Қонаевтан бастап, басқа да лауазым иелері біздің шаңыраққа ат басын бұрып тұрды. Үй-ішіміз, әсіресе Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Смет Кеңесбаевтармен жақсы араласатын. Әрине, осындай ортада өскен баланың да ғылым жолына түскісі келетіні белгілі ғой. Мен әуелде химик болуды армандадым. Ата-анам бұл таңдауымды құптады. Тіптен сол мамандық бойынша КазГу-ға оқуға түстім. Бірақ бұл жалғанда адамның ойлағаны емес, Алланың әмірі болады екен. 1958 жылы әкем өмірден озды. Сол кезде мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерден айрылдық. Тіптен бұрынғы М.Горький көшесінің бойындағы Ғалымдар үйіндегі кең пәтерімізді басқа баспанаға айырбастауға тура келді. Өйткені пәтерақыны төлеудің өзі отбасымызға біраз салмақ салды. Содан мен Алматыдағы дене шынықтыру институтына ауыстым. Аталмыш білім ордасында тәуір өнер көрсеткен спортшыларға стипендия берілетін, басқа да жеңілдіктер болатын. Сөйтіп, анама қолқабысымды тигізу үшін спорттың соқпағына түсуге тура келді.
Етікші тіккен доп
Менің волейболға деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Ол кезде жақсы доп дефицит болатын. «Маған доп әперіңдер», – деп, әке-шешемнің құлағының құрыш етін жегеннен соң анам үйдің бір бұрышынан тауып алған ескі былғарыны етікшіге апарды. Етікші содан әдемі доп тігіп берді. Өзім құрыптас балаларды жиып алып, сол допты әуеде қалғытатынбыз.
Бір күні саяжайда жүрсек, Жұмабек Шаяхметов бір топ нөкерлерімен үйге сау етіп кіріп келді. Әкеммен біраз әңгімелескеннен соң, волейбол ойнауға шақырды. Дереу команда жасақтап, іске кірістік. Әкем, әкемнің жүргізушісі, мен, ағам бір жақ болдық. Сол ойында қарсы жақтың командасын ұтып кеттік. Соған ашуланған Жұмабек аға әлгі допты сөмкесіне салып, өзімен бірге алып кетті. Сондай да қызық оқиға болған.
Жазғы демалыс аяқталып, мектепке келгенімде волейболға икемім барын байқаған сыныптас досым Геннадий Паршин мені Киров атындағы зауыттың ойын залына апарды. Сол жерде осы өнердің қыр-сырына қанықты. Ол кезде волейбол үйірмесі жұмыс істегенімен, жаттығулар жүйелі түрде өтпейтін. Біздер зауыттың спорт залында, Горький және 28 панфиловшылар сабағында даярланып жүрдік. Екi жылдай тер төккеннен кейін шеберлігім біраз өсті. Қазақстанның жөсөспірімдер құрамасына қабылданып, бауырлас республиканың түгелге жуығын шарладым. Сол жылдары танымал волейболшы Октябрь Жарылқапов жақсы бiр команда жасақтауды аңсап, Алматыдағы барлық оқу орындары мен мекемелердi аралап жүрген. Екеуміз 1958 жылы таныстық. Жылдар өте Жарылқаповтың өз заманынан озып туған тұлға екенін баршамыз мойындадық. Октябрь ағамыз, расында да, болмысы бөлек жан еді. Азаматтығы мен мәрттігін айтпағанда, білгір маман ретінде жаттығу жүйесiне енгiзген жаңалықтары қандай керемет десеңізші? Оңай ма, Октябрь жоқтан бар жасап, жақсы команда жасақтады. Оған қазақ жастарын көптеп тартты. Сонымен қоймай «Буревестниктi» Еуропаның маңдайалды клубтарының санатына қосты. Бұл – тек ұлы адамдардың ғана қолынан келетін іс. Мені сол кісімен жолықтырған тағдырыма ризамын.
КСРО құрамасындағы бес жыл
КСРО құрамасының сапындатура бес жыл ойнадым. 1963 жылы Одақтың жастар құрамасының қатарына қабылдандым. Алғашқы сапарым – Польшада өткен халықаралық турнир болды. Келесі жылы ерлер командасына шақырылдым. КСРО құрамасы сапында көптеген жарыстарда олжаға кенелдік. 1965 жылы Түркияда Еуропа чемпионы атансам, 1966 жылы Польшада әлем кубогын иелендім. Финляндия мен Венгрияда өткен дүниежүзілік универсиадада топ жардық. Оның сыртында көптеген халықаралық турнирлерде оза шапқанымыз тағы бар. Жеке өз басым, бес жыл бойы КСРО құрамасының дәнекері (связующий) болдым. Және де аталмыш мемлекеттің бас командасына қабылданған Қазақстанның тұңғыш волейболшысымын. Олимпиада чемпиондары – Валерий Кравченко мен Олег Антроповтың өздері менен кейін бір-екі жылдан кейін КСРО құрамасының жейдісін киді.
13-ші ойыншы
1964 жылы Токиодағы Олимпиада ойындарына қатысуға тиіс едім. Айтулы жарыстың басталуына тоғыз ай қалғанда Одақтың әр түкпiрiнен ең үздiк 24 волейболшы iрiктеліп, олар оқу-жаттығу жиынында тер төкті. Жапонияның астанасына 12 ойыншы ғана аттануға тиіс болғандықтан, мамандар ай сайын «осал» деп тапқан екі-үш үміткерді тiзiмнен сызып отырды. Сөйтіп, қатарымыз бірте-бірте сирей бастады.
Мақтанғаным емес, ол кезде құрамадағы ойыншылардың талайынан шоқтығым биік болды. Сол себепті Олимпиадада негізгі құрамда ойнауым керек еді. Бір күні команда капитаны Юрий Чесноков мені үйіне қонаққа шақырды. КСРО волейболының басы-қасында жүргендер арасында одан беделді тұлға жоқ. Тіптен бас бапкер Юрий Клещовтың өзі Чесноковтың жетегімен жүретін. Командаға кімді алу, кімді алмау керектігін сол жігіт шешетін. Дастархан басында ол тосын бір әңгіменің тиегін ағытты. «Алматыны қайтесің, одан да Мәскеуге кел, ЦСКА-ның сапында ойнасаң, байрақты додалардың барлығында бақ сынайтын боласың. Сендей ойыншы бізге қажет», – деп үгіттей бастады. Мен Қазақстаннан ұзап ешқайда бара алмайтынымды айттым. Біраз отырғаннан кейін Юра немістің оттығын сыйға тартып, мені шығарып салды. Бірақ сол кеште ол бір бармағын іште бүгіп қалғанын кейіннен ұқтым.
Олимпиада алауы тұтанар күн жақындаған сайын КСРО құрамасының жаттықтырушылары маған себеп-салдарсыз килiге бастады. Бұл Чесноковтың айтақтауымен істеліп отырған «тірлік» екенін лезде аңғардым. Ақыры Мехикоға аттанарға бiр апта қалғанда бас бапкердiң атқосшылары: «Жәнібек, бiзге ренжiме, сен тiзiмде 13-шi болып тұрсың, Ал Олимпиадаға тек 12 ойыншының баратынын өзің де жақсы білесің», – деген «суыт» хабар жеткізді. Амал жоқ, елде қалуға тура келді.
Олимпиада қарсаңында маған қиянат жасағандарын ұғынды ма, әлде басқа да себептер болды ма, білмеймін, әйтеуір құрама Токиодан оралғаннан кейін команда жетекшілері ел-жұрттың көзінше: «Келесі Олимпиадаға баратындар арасында ең бірінші үміткер – Жәнібек Сауранбаев», – деп айтып қалды. Бірақ сол жолы да ондай бақыт маған бұйырмады. Себебі белгілі ғой. Бәрі де ұлттық мәселеге келіп тіреледі. Мәскеулік мамандар КСРО сапында алыстағы азиялықтың ойнағанын қаламады. Барлық гәп осында. Мен тек қазақ болғаным үшін ғана Олимпиада ойындарынан шет қалдым деп ойлаймын.
Жарылқапов ғұлама бапкері еді
Мен 1968 жылы КСРО құрамасынан кеткеннен кейін барлық күш-жігерімді «Буревестниктің» өсіп-өрлеуі үшін жұмсадым. Сол маусымды біздер екінші орынмен қорытындыладық. Ал 1969 жылы Одақ чемпионы атанып, одан кейін қатарынан екі рет Еуропа чемпиондары кубогын олжаладық. Бұл – ғаламат көрсеткіш еді. Ал осы табысымыздың сырына үңілетін болсақ, әйгілі бапкер Октябрь Жарылқаповтың біліктілігі мен көрегендігінің арқасы. Ол расында да өз дәуірінің теңдессіз бапкері еді. «Буревестниктің» биікке самғай алатынына ол өзі де сенді, бізді де сендіре алды. Оның үстіне, алматылық клубтың сапында негізінен жергілікті ойыншылар өнер көрсетті. Октябрь тек қана Тәжікстанда тұрып-жатқан Валерий Кравченконы ғана командаға алдырды. Ол кезде Кравченко ортаңқол ойыншы болатын. Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін ғана оның деңгейі өсті. Ал Геннадий Гончаров жоғары оқу орнын аяқтаған соң Алматыға жолдамамен келді. Басқалардың барлығы өзіміздің төл түлектеріміз. Осылайша, барлығымыз бір жұдырық болып жұмылып, көз арбаған белестерді бетке алдық.
Берген сертіме берік болдым
1969 жылғы маусымның аяқталуына бір айдан астам уақыт қалғанда ақиық Октябрь өмірден өтті. Ұстазымыздың мезгілсіз қазасы бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті. Сол кездің өзінде чемпиондық тәж үшін талас белең алып тұрған. Кемінде үш-төрт команданың жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкіндігі болды. Сол кезде білікті бапкерді ақтық сапарға шығарып салу рәсімінде шәкірттерінің атынан сөйлеу менің үлесіме тиді. Дүйім жұрттың алдында мен «Буревестник» чемпион атанады!» деген батыл болжам жасадым. Қысылтаяңда басты қарсыластарын басып озатынымызға күмәнданған әрiптестерiм: «Жанбек, бұның не? Чемпиондық атақты олжалай алмасақ, ертең ел-жұрттың бетіне қалай қараймыз», – деп сөкті. Бiрақ «Сөз ауыздан шыққанша адамның тұтқыны, ауыздан шыққаннан соң адам сол сөздiң тұтқыны», – деп бабаларымыз тегiн айтпаған ғой. Онымен қоймай мен: «Егер осы команда құрамы сақталса, бiз әлi бұдан да биiк белеске иек арта аламыз. Солай болатынына ұстазымның аруағы алдында серт беремін», – деп одан әрмен батыл сөйледiм. Айтқандай-ақ, бас-аяғы екі жыл ішінде сол белестердің барлығын бағындырдық.
Бас бапкермен тіл табыса алмадым
Волейболмен 32 жасымда қош айтыстым. Иә, ол кезде күш-қуатым әлі бойымда еді. Әлі де төрт-бес жылдай команданы өрге сүйрейтіндей жағдайым болды. Бірақ сол кездегі бас бапкер Заңғар Жаркешовпен тіл табыса алмадым. Өлген адамның артынан жаман айтуға болмайды ғой, бір-ақ екеуміздің арамыз жақсы болмағаны анық. 1972 жылы алғашқы жиынға екі күн кешігіп келген едім. Заңғар: «Стадионды 25 рет айналып жүгір», – деп зекіді. Сәл қызбалыққа салынған болар, әйтпесе өзіндік беделі, еліне сіңірген еңбегім бар адамға олай сөйлейгені дұрыс емес-ті. 10 шақырымдық қашықтықты жүгіруге зауқым соқпай, бапкердің талабын орындаудан бас тарттым. Ол маған: «Не жүгіресің, не командадан кетесің», – деді. Мен екінші жолды таңдадым.
Спорттан алыстап кеткенім жоқ
Үлкен спортпен қош айтысқаннан кейін Алматының «Дорожник» клубтың бас бапкері болып қызмет еттім.1976 жылы жерлестеріміз жоғарғы топтан түсіп қалды. Сол кезде Аманша Ақбаев, Заңғар Жаркешов сынды республикамыздың спорт басшылары «Дорожниктің» тізгінін ұста» деген ұсыныс айтты. Әуелде бас тартқан едім, олар «Бұл – партияның бұйрығы!», – деп әңгімені қысқа қайырды. Ол заманда партияның бұйрығын орындамау дегеніңіз «сау басыңызға сақина тілеп алғанмен» тең еді. Амал жоқ, көндім. Бірақ ол кезде бұрынғы әйгілі команданың тоз-тозы шыққан еді. Кілең ортаңқол ойыншылармен алысқа бара алмайтынымызды айтып, республика бойынша шеберлерді іріктеп алуға рұқсат сұрадым. Маған ондай мүмкіндік берілмеді. Келесі маусымда «Дорожник» жоғарғы топқа қайта оралды. КСРО чемпионатында қатарынан үш жыл 10-орын алдық. Ал одан да биікке көтерілуге, шынын айту керек, жағдайымыз келмеді.
1980 жылы келісімшартпен Кувейтке кеттім. Ол жақта жастар құрамасы мен «Тадамун» клубын баптадым. Үш жылдан кейін елге қайта оралдым. Бірер жыл Алматыдағы Сәулет-құрылыс институтында жұмыс істедім. Ал 1988 жылдан бастап Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің дене шынықтыру кафедрасының меңгерушісі болып еңбек еттім.
Еуропа чемпионы атанғанымыз үшін
620 сом сыйақы алдық
Біздің уақытта жағдай бүгінгіден өзгеше еді. Бұрындары негізгі құрамның ойыншыларына пәтер берілетін. Сый-құрметтің ең үлкені сол болатын. 1970 жылы Еуропа чемпиондары кубогын екінші мәрте олжалағаннан кейін жеңіл көлік сатып алуыма рұқсат берді. Ол кезде «Газ-21» машинасы 5 мың 200 сом тұратын. Жиған-терген ақшамды санасам, жетіп қалатын секілді. Соны сатып алайын деп жүрген едім, республикамыздың спорт басшысы Қаркен Ахметов: «Сендей жігіттің «Газ-24» көлігін мінгені жөн», – деп кеңес берді. Ал оның құны – 9 мың 127 сом 43 тиын болатын. Асыл азаматтың сөзін жерге тастамай, әріптестерімнен қарызға ақша алып, су жаңа «Волганы» тізгіндедім. Ал Еуропа чемпионы атанғанымда 620 сом сыйақы алдым.