Жаппай саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтау заңына – 30 жыл

Ұлттық мәселелер қай кезеңде де болып жатқан, жалғасын тауып жатқан келелі мәселелердің бірі.
Соның ішінде әсіресе қаймана қазақ ұлты үшін ұлттық мәселелерге қатысты сұмдық оқиғалар көп болды.
Қазақ тарихына бір көз шалып өтсек, жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысында орын алған саяси оқиғалар миллиондаған кеңес азаматтарын құрбан етті. Бұл қасіреттің салдарынан әр өңірде бірнеше мыңдаған адам атылып, қаншама отбасы қуғынға ұшырады. Ал ашаршылықтың жөні тіптен бөлек, онда да еліміздегі қазақтардан бөлек, өзге де этнос өкілдері опат болды. Бұл халық жадынан өшпейтін үлкен бір қасірет десек те болады. Яғни өткен ғасырдың, нақты айтқанда 1928-1938 жылдар аралығы КСРО құрамындағы республикалар үшін төбелерінен үлкен қара бұлт төнді. Бұл кімге де болсын оңай тимеді. Ашаршылық, қуғын-сүргін әрбір үйдің шаңырағын ортасына түсіріп, барлығын елден, жерінен бездіріп жіберуге дейін барды. Қашып құтылғаны шекара асып, шетелге кетті. Ал ұсталғандары жазықсыз атылды. Осының салдарынан туған-туыс бір-бірінен айрылып, жақындарының қашан, қай жерде атылып, қайда жерленгендерінен бейхабар күйге түсті. Елімізде құрылып жатқан комиссиялар енді сол белгісіз жерде өлгендердің тарихын білмекке қазір деректер іздеп, зерттеулер жүргізуде. Тарихи оқиғалар тек зерттеліп қана қоймай, онда қуғын-сүргін құрбандары мен олардың ұрпақтарының естеліктері, сол жылдардағы трагедияларды еске түсіретін куәгерлердің куәліктері жинақталады. Сонымен қатар қуғынға ұшыраған бай-кулактар мен халық көтерілісіне қатысушылар, Алаш қозғалысы мен Алашордаға қатысты тұлғалар, Қазақстаннан басқа елге амалсыз көшкен босқындар, Гулаг лагерьлерінің тұтқындары мен әскери тұтқындар, жер аударылғандар, діни қызметкерлер өкілдері туралы естеліктер мен құжат көшірмелері қамтылды.
Осыған байланысты өңір-өңірлерде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға байланысты жылда арнайы шаралар мен зерттеу жұмыстары жүйелі түрде өткізіліп келеді. Атап айтсақ, жуырда ғана, яғни 2023 жылдың он төртінші сәуірінде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының заңына 30 жыл болды. Соған байланысты Қазақстан Республикасы Президенті архивінде «Қазақстандағы 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткен болатын. Аталмыш іс-шараға архив ұжымы мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысып, қуғын-сүргінге қатысты тың деректерімен бөлісті. Одан бөлек, өзге де өңірлерде, атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысында да саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға байланысты жұмыстар жүргізілуде. Яғни облыс әкімі ғылым қызметкерлері күніне орай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмыс тобымен кездесті. Жиында тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында елімізде құрылған комиссия саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңдық және саяси тұрғыдан толық ақтаумен айналысып келеді. Комиссияның атқарған жұмысы нәтижесінде, облыста жеті кітап пен республикалық кеңседен облысқа қатысты екі жинақ жарық көрген. Алдағы уақытта комиссия мүшелері «Халық жады» жобасы бойынша ел арасынан сонау жылдары қуғынға ұшыраған ата-бабалары туралы естелік жинауға кірісті. Сондай-ақ, бұл деректер алдағы уақытта жинаққа енгізіледі деп жоспарлануда. Дәл осындай жұмыстар Қазақстанның өзге де өңірлерінде жалғасын тауып келеді. Осы орайда, өңірлік комиссия мүшелеріне кезінде ата-әжесі немесе басқа жақын туыстары қуғынға ұшырап, өзге жерге жер аударылғаны жөнінде ақпараттар білетін болса, өзінің жергілікті жерінде құрылған комиссияға барып, тың деректерімен бөліссе болады.