Жақсылықовтың жоспары: «шапан жабу синдромы»
Еліміздің Қорғаныс миинстрлігі бұған дейін «9 мамырда ҚазақстанҚарулы күштері құрылуының 30 жылдығына және Жеңіс күніне орай, әскери парад өткізу жоспарда жоқ, Ол бюджетке шығын», деген мәлімдеме таратқан болатын-ды.
Министр Руслан Жақсылықовтың бюджетті үнемдегісі келгеніне ішіміз жылып, «шеру өткізуге кететін 4 млрд теңге қорғаныс саласының материалдық базасын нығайтуға бағытталатын болды ғой», деп ойлағанбыз. Бірақ біздің осы ойымыз алдаған тәрізді.
Өткен аптада Қорғаныс министрлігі Қарулы күштердің 30 жылдығына орай, 17 млн 597 мың теңгеге 5 мың дана естелік белгі жасауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Мемлекеттік сатып алу сайтында көрсетілгендей, Қорғаныс министрлігінің 65235 әскери бөлімі ашық конкурс тәсілі арқылы 2 сәуір күні KADESI жеке кәсіпкерлігімен келісімшартқа отырды. Техникалық сипаттамасында диаметрі 32 мм алтын түстес металлдан жасалуы тиіс естелік белгінің бетіне «Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне 30 жыл» жазуы таңбалануы керек екені айтылған. Тек төсбелгі ғана емес, бұдан бөлек, министрлік мереке қарсаңында өзге де кәдесыйларды тікелей бір көзден сатып алуды жоспарлап отыр. EMPIRE Ltd KAZAKHSTAN жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әлеуетті өнім жеткізуші ретінде таңдалған. Жалпы құны 15 млн 484 мың теңге болатын екі шарт бойынша бірқатар кәдесыйға тапсырыс берілді. Оның ішінде, былғары баулы 26 сағат (біреуі 70 мың тг), қойын дәптер (20 мың тг), 10 фарфор шыны аяқ (біреуі 37 мың 500 тг), ұлттық нақыштағы 17 қалам (біреуі 35 мың тг), 22 дана үстел панносы (біреуі 90 мың тг), 8 сәндік қабырға сағаттар (біреуі 55 мың тг) сынды бағалы тартулар көрсетілген.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұған дейін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов «Қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы күштерінің алдында маңызды міндеттер тұр. Оларды Жоғарғы бас қолбасшы айқындап берді. Оларды жүзеге асыру және бюджеттен қаражат сұрау – бәрі шығын. Мәселен, жанар-жағармай материалдары, іссапар шығындары, жеке құрамның тамақтануы бар. Жақында ғана оқу-жаттығуды аяқтадық. Мұнда бізге қайсысы маңызды – оқу-жаттығу өткізіп, жауынгерлік әзірлігімізді тексеру ме, әлде шеру жасау ма? Бұл ретте, біз Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмаларын іске асыруды ескеріп, Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығымен айналысқан орынды деп санаймыз», – деген болатын-ды.
Хош шеру болмайды делік, алайда 33 млн теңгеден астам қаражатты төсбелгі мен кәдесыйға жұмсау қаншалықты негізді?! Бұл әрекет бізде қалыптасып қалған «шапан жабу синдромын» еске түсірмей ме?!
Жалпы, ойлап қарасақ, әрбір мерекеде медальмен марапаттау, награда ұсыну, орден тағу біз үшін үрдіске айналған. Тіпті бүгінде Қазақстанда медальды сатып алу да «модаға» айналғандай. Ең сорақысы, 2020 жылдың 26 қарашасы мен 2021 жылдың 25 қаңтар аралығында ресейлік интернет-аукционында 910 реттік нөмірімен «Құрмет» ордені сатылғанын біз бұдан бұрын да жаздық. Сатушы оның құнын 205 мың рубльге бағалаған, теңгеге шаққанда 1,18 млн теңге шамасында. Бұған қатысты да мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия наградталушы туралы жауап та бере алмады. Негізінде, заң тұрғысында, мемлекеттік наградаларды сатуға тыйым салынған. Мұндай әрекеттер әділеттілік, ар-ождан, адалдық деген ұғымдарға балта шауып қана жатқан жоқ, сонымен қоса, мемлекеттің қаражатын далаға шашып, шығын келтіріп отырғаны да даусыз.
Тақырыпқа тұздық…
«Аналарға темір, шенділерге саф алтын»…
Бақсақ бақа екен демекші, Қорғаныс министрлігінің алтын жалатылған төсбелгілерге тапсырыс беруі біраз бұқараның көңіліне жақпапты. Бұл ретте, «Жас Алашқа» хабарласқан көпбалалы ана Жетісу ауданының тұрғыны Рабиға Ақатаева былай дейді:
– Жеңіс күнінің орны ерекше. Қарулы күштердің еңбегі ерен десек те, бізде әр салада жағымпаздық, арзан атаққа малдану басым. Мысалы, мен 9 баланың анасымын. Көпбалалы ана атанып, алтын алқаны өңіріме тақтым. Кейде жаным қысылғанда, сол алтын алқаны алып, ломбардқа өткізгім келеді. Бірақ оны ломбардтар да алмайды. Себебі сынамасы жоқ, таза алтын емес, алтын да жалатылмаған. Сонда аналарға қимаған алтын алқаны бюджеттен миллиондар шығарып, жасатып, тамыр-таныстарына тағудың не қадірі бар?! Аналарға темір, шенділерге саф алтын деген осы. Тіпті талай министрлердің, шенділердің, депутаттардың «Парасат», «Барыс» ордендерін, мемлекеттік наградаларды алып жатқанын көріп қайран қаласың. Оларды осы марапатты, награданы алып тұрғанда, не үшін, қай еңбегіме деген сауал толғандырмай ма?! Осындай шапан жабу, медаль тағу тәрізді әдеттерден қашан құтыламыз?! Ол кімге керек?!
Осылайша, Қорғаныс министрінің төсбелгіге, кәдесыйға қатысты бір ғана жоспары «шапан жабу синдромын» еске түсіріп отырғандай. Рас Қарулы күштер саласындағы азаматтар, Отан қорғаушылар қандай да құрметке лайық екені даусыз. Бірақ қазір дамыған және дамушы елдер басқаша әрекет жасап, дамудың жоғары шыңына шығып, әскери базаларын, техникаларын жаңғыртып, заманауи тұрғыда қуатты етіп жатқанда, біздің кәдесый сыйлаумен, төсбелгі тағумен айналысып жүргеніміз қалай? Жұрт технологиясын дамытып әлек, ал біз әлі сол ат мінгізу, шапан жабу, төсбелгі тағу тәрізді пендәуи дұниелерден арыла алмай жүрміз. Мұнымен дамимыз ба? Шынымен де бұл кім үшін, не үшін керек осы?..