Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:40, 23 Шілде 2023

Жарасы үлкен жас өлім. Халиолла Өскенбаев туралы

None
None

Іңкәр дүниенің қызығына тойған, үкілеген әр үміті жанып, аңсарына толық жеткен пенде жоқ.

Адами арман пен пендеуи көксеудің арасындағы ала-шапқын тіршіліктің базарында бірін тауып, бірін жоғалтып жатасың. Сонау заманда Омбы жұртшылығы сүйсініп сөз еткен, Потанин айтқандай – қазақ ханзадасы Халиолла Өскенбаев туралы ойлағанда, осындай бір ойлар санаңды кеулеп, өкінішпен еске аласың.

Заманының көп жетістігінен қапы қалған қазақтың өкініші аз емес. Сөзге ерік бергендерге салсаң, жүз қайғыңды қозғап, мың өкінішіңді санамалап береді. Бірақ жетпей жатқан жетістік өкініш емес, жетерміз. Толмай жатқан олқылық оқа емес, толар. Ал жоғалған, жоғалтқан тұлғаларымыз ше? Олардың орнын кім басып, көксеген арманына кім жеткізеді?

Бұрынғылар айтатын: қазақтың алтын құрсақ аналары аман болса, ұл туады деп. Тумай жатқан жоқ, бірақ туғанды оқытып, бағалап, қадірлеп, дегеніне жеткізе алмай жатқан жоқпыз ба? Осы күні шетелде оқып, сонда қалып қойған қамкөңіл қазақ баласының арман-мұратын, мұң-наласын біреу-міреу сұрады ма екен? Оксфордты бітіріп кеп, отандық ғылымға қызмет етем дегенде жүз мың теңге айлық беріп, діңкелеткен де біз емес пе?! Сыртта оқыған баласын қызметке ынтызар ғып, білімге емес, билікке жүгіретін әдет тапқызған да өзіміз ғой.

Омбыдағы Кадет корпусын тәмамдап, Ресей мен Еуропа ғалымдарын елең еткізген, ғажайып саяхатшы, ғалым Шоқан отызға жетпей кетті. Өзі ғана емес, күллі географиялық қоғамның ғалымдары арманда қалды. Неше ғасыр өтсе де, Шоқан орнын басатын, дәл өзіндей болмаса да, көзіндей болатын саяхатшы-ғалымымыз қайда?

Шыңғыс сұлтанның ұлынан кейін Омбыдағы білімдар ортаны тәнті еткен аға сұлтан Құнанбайдың ұлы – Халиолла Өскенбаев еді. Кадет корпусында оқи жүріп, Халиолла да қазақтың аңыздары мен жырларын жинап, қағазға түсіріп, Н.Ф.Костылецкийге беріп отырған. Еңлік пен Кебек, Жиренше шешен, Шыңғыстау мен Хан биігі туралы аңыздарды өткізген. «Үшбуны Николай Федоровичке язуб берген Аягуз дуанының Тобықты елінде Халиулла Құнанбайұғлы» деп қол қоятын Халиолла небәрі 22 жасында қайтыс болды. Қыршын кеткен қазақтың жас оқымыстысының жетпей қалған арманы туралы біреу толғанды ме екен? Қазақ фольклорын жинап жүріп, ол не ойлады? Алдыңғы толқын ағасы Шоқанға еліктеді ме?

Жауабы қиын сұрақтардың жетегінде кете беретін болсақ, әңгіме ауаны мүлде басқа, көңілсіз тарапқа ауып кететіндей. Өкініш дегеніңіз осы – Шоқан, Халиолла. Бұлар ауылдан енді шығып, Омбыға оқуға аттанғанда, бір-бір үйдің ғана үміті еді ғой.

***

ХІХ ғасырдағы Омбы қаласы – қазақ даласын отарлаушы орыс билігінің орталығы. Сайын даламызға қызығып, жыл сайын Шыңғыс сұлтанның ауылында қонақ болатын ориенталист Сотников, қаладағы интеллигенцияның жүрегіндей болған Гутковскийлар мен Капустиндар отбасы жайлаған, өз қызығы ішінде жатқан шаһар. Орталық Азияға сапар шегетін ғалымдар міндетті түрде Омбыға соғады. Және бұлардың бірі келіп, бірі кетіп жатқанда бір-бірімен жолығып, білім таластырады. Басқарушы биліктің штабы болғандықтан, әскери шенеуніктер де көп. Оның үстіне Кадет корпусы бар. Маңғаз, тәкаппар қаланы ақылымен де, көркімен де таң еткен Шоқанның атағы патшалықтың бар атырабына жетіп жатты. Ол уақытта: қолында билігі бар, ауқаты жететін бағландардың арманы – баласын дәл хан тұқымындай Кадет корпусында оқыту еді.

***

Құнанбай Семейде оқып жатқан 13 жастағы ұлы Абайды елге алдырып, жұрт билеу ісіне араластырады. Ахмет Риза медресесінде шығыс біліміне ынтығып, үш ай орыс мектебін оқып, орыс тілін еркін меңгеріп, оқуға енді құныға бастаған жас Абайға әкенің бұл шешімі оңайға соқпайды. Соңғы, байлаулы шешім екенін де ұғады. Әрхамның естелігіне сүйенсек, Абай өзі оқи алмаған оқуды тым болмаса бір інісі оқыса деп арман қылады. Құнанбайға бұл тілегін айтқанда, ұлдың тілегіне әке қарсы болмапты.

«… Елдің сынынша Ысқақ пысық, ұғымтал, ақкөңіл болады. Халиолла сабырлы, көп сөйлемейтін тұйық болатын дейтін. Абай екеуін де жақсы көреді. Ысқақ пысық, ұғымтал болғанымен одан Халиолла артық, ойлы, ақылды, дана адам болар деген үміті болады да Абай Халиолланы оңаша шығарып алып:

Халел, сен орысша оқығың келе ме, оған талабың бар ма?деп сұрайды. Халел аз ойланып тұрады да:

Абай аға, егер қаражат табуға мүмкіндік болса мен орысша оқуға өте ықлас қояр едім,деп беті қызарып кетеді. Абай:

Жарайды, сен қашан оқып білім алып болдым дегеніңше қаражаттан мен тарықтырмауды міндетіме алайын. Ал сен көңіл қойып жақсы оқып, біліміңнің пайдасын көп көрерлік, көпке үлгі боларлық болып шығуды міндетіңе ал,дейді.

Ағатай құп, осы уәде болсын, деп Абайдың қолын ұстап сүйіп алады...».

Ендігі жерде Халиолла Абайдың інісі ғана емес, үміті. Жетпегеніне жететін шырағы, жарық сәулесі.

Ел ісіне араласқан соң, Абайдың оқуға мұршасы болған жоқ. Тұрағұлдың естелігінше Абай кейін отыздан асып, қырыққа тақағанда кітапқа біржола ықылас қойып, бірыңғай оқу-жазумен шұғылданды. Ал осыны Абай 13 жасында ұғынды. Ол білімнің қуаты мен орнын сол кезде түсінді және енді – ел арасына іліккенде ынта қоя алмасын да іштей сезгендей. Сол олқылықтың орнын енді толтырмақ ұл – Халиолла болды.

Семейде өзі үш ай орыс тілін оқығанда, Абайдың ойы Кадет корпусында оқу болды деген сөзді Әрхам айтады. Бір жағынан Хәлелді (Халиолланы туыстары осылай атаған) сонда оқуға жібергендегі себебі осы болса керек. Омбыдағы атақты оқу орнында ол кезде Уәлихановтар әулетінен шыққандар оқып, бітіріп жатты. Хан тұқымдарының ғана қолы жетті. Абай інісінің бар құжатын реттеп, өзі оқуға аттандырмақ болады. Бірақ әкесі: «осында керегің бар» деп жібермейді. Сонда орысша тіл білетін Ғабитхан молда барып, Хәлелді оқуға орналыстырып қайтыпты.

Халиолланың Абай өміріндегі орны ерекше болды. Әскери өнер оқуына беріп, өзінің толмаған білім қауызын інісіне сыйламақшы. Әрі өзі де содан сусындамақшы.

Екеуінің арасындағы қарым-қатынас қандай болды екен деп ойлайсың. Білімге құмар – аға, оқуға талпынған – іні. Екеуінің де жас арасында айырмашылық көп емес. Хәлел момын, көп сөйлемейтін болыпты. Бәлкім, осы мінезімен де Абайға жақын болған шығар. Ақынның өзі де бала күнінен салмақты, ойынға қызықпай өсті емес пе?!

Сонымен 1860 жылы оқуда жүрген Халиолла еліне хат жазады. «Демалысқа босадым, қайтамын, Семейге ат жіберіңдер», – дейді.

«Хатты оқысымен Абай жеңіл трашпеңке арбаға екі ат жеккізіп, көшіріне Мырзаханның баласы Көккөз жапырайған Баймағамбетті отырғызып, Семейге жүріп кетеді. Бұлар тез жүріп Құқабайдың үйіне келсе Халиолла да келген екен. Құшақтасып сүйісіп, қуанысып қалады. Әңгімелескенде Халиолла өсіп қалғандығын білдіреді. Екі жыл ішінде талай адаммен жолығып танысып, оқудан да үздік жақсы деген баға алып, орыс тілін мүдірмей сөйлеп, кітабын мүлтіксіз оқитын болыпты. Абай бұған қатты қуанып, өз ойлағанындай алдынан тағылым алып, артындағы елге үлгі берерлік інісі болатындығына нақ сенеді.

Семейде екі күн аялдап, Абай оқуына керекті кітап және ауылдағы Ысқақ, Оспан, Смағұлдарға да орысша азбука алып қайтады. Аулына келген соң аз күн мауқын басып оңаша үй тіккізіп інілерін жинап, Халиолла мен Абай бір уақыт орысша сабақ үйреніп, бір уақыт гармон, скрипка ойнатып үйретіп, бұрын бұл ауылдарда болмаған жаңа өмірдің бетін ашып, мәдениетті елдің үлгісін шашады», – дейді Әрхам ақсақал.

Халиолла Омбының кадет корпусында 1859-1867 жылдар арасында оқыған. 1867 жылы Москвадағы III Александр атындағы училищеге түсіп, оны 1868 жылы жазда бітіріп шығады. Халиолла Абайдың үмітін ақтайтын іні боп өсіп келе жатқан. Ол туралы кейін «Қазақтың ең соңғы ханзадасының киіз үйінде» жазбасында Потанин Омбы жұртшылығының аузынан естіген қайтыс болған қазақ сұлтаны туралы сөзді келтіреді. «Мне рассказывали об одном киргизском султане (уже умершем Уськенбаеве),  который окончил курс в Омском кадетском корпусе и потом жил на родине в степи около Семипалатинска, что он любил вечерами рассказывать своим землякам содержание русских повестей и романов, и киргизы с таким интересом его слушали, что просили его записать свои рассказы; таким образом, получались тетради, написанные по киргизский и содержавшие в себе вольный перевод произведений Тургенева, Лермонтова, Толстого и других. Иногда во время этих литературных вечеров в юрте киргизы пускались в рассуждения и тогда как рассказывал очевидец, можно было слышать, как Уськенбаев пользовался русскими авторитетами. «Послушайте, а вот что об этом говорит известный русский критик Белинский», или «вот какого мнения об этом был русский критик Добролюбов», дейді.

Халиолланың елге демалысқа келгенде әдеби клуб құрып, әлем әдебиеті классиктерінің романдары мен әңгімелерін қазақша баяндап беретін әдетін бірнеше жерден кездестіреміз. Демек, Хәлел ағарту ісіне қатты қызыққан. Абайда да сондай құмарлық болған. Ертекші Баймағамбеттің жаттап алып айтатын романдары Абай аузынан айтылған шығармалар еді. Бұл әдетті бастап берген Халиолла болуы да мүмкін.

Бұл үшінші ауыздан жеткен деректер. Біздің ғазиз кейіпкеріміздің өз қолынан жеткен мұра жоқ. Әлкей Марғұлан Ленинградтағы Күншығыс халықтарын зерттеу институтының архивінде бір деректер болуы керек деп болжайды. Өзі сол жерден Халиоллаға жазылған үш хатты табады. Өзінің айтуынша 1938 жылы тапқан, Әрхам Кәкітайұлы мен Тұрсын Жұртбай бұл хаттар 1944 жылы табылды деп жазады.

Әлкей Марғұлан «Абай қолжазбасы» атты мақаласында:«… Бұл хаттар 1865-1866 жылдары жазылған. Ол – Абайдың тіршілік майданына жаңа шығып жүрген жас ақын кезі болатын. Сондықтан бұл хаттарды жас Абайдың өмірі туралы қағаз бетіне түскен бірінші деректер деуге болады.

… Халиулланы жақсы білген Н.Максимов, Г.Н.Потанин, Н.М. Ядринцевтің жазуынша, ол Толстойды, Тургеневті, СалтыковЩедринді,  Белинскийді, Добролюбовты тұңғыш рет қазақ тіліне аударған, халық эпосын жинап, зерттеуге көп еңбек сіңірген. Бір өкініштісі сол – Халиолла жастай дүниеден көшіп, оның қолжазбалары әркімнің қолында кеткен. Дегенмен Халиолланың қолжазбаларын,  әсіресе оның орыс-түрік соғысына (1876-1878) қатысқанда жазған дәптерлерін тауып, көпшілік алдына тарту аса қажетті жұмыстың бірі болар еді», дейді.  

Халиолланың орыс-түрік соғысына қатысқаны туралы өзге деректі кездестіре алмадық. Ол туралы Шоқан да жазбайды. 1964 жылы Сібірдегі генерал-губернаторлықта қызметте жүргенде Шоқан Омбыға келеді. Бәлкім, осы кезде Шоқан мен Хәлел жолыққан шығар деген дүдәмал болжам да бар. 1892 жылы «Московская иллюстративная газетаның» №274 санына шыққан «Киргизское придание» деген мақаланы Әлкей Марғұлан Халиолланың жазбасы дейді. «Классикалық зерттеулер» атты көп томдықта 19-ғасырдағы орыс басылымдарында шыққан қазаққа қатысты мақалалардың библиографиясы бар. Онда осы мақала бар. Бірақ авторы Халиолла деп көрсетілмеген.

Бізге жеткен Халиолламен тікелей қатысы бары сол үш хат. Сол хаттардың бірі – Абайдың хаты. Ақынның да бізге жеткен қолжазбасы жоқ. Бірақ зерттеушілер осы хат Абайдың өз қолымен жазылуы мүмкін деп есептейді.

Абайдың інісі Халиоллаға жазған хаты

Сізге, ардақты және құрметті, жақсы көретін аяулы ініміз Халиолла мырзаға, бізден, ағаңыз Ибраһимнен дұғай сәлем, және барлық ата-аналарыңыздан, аға-іні, жеңгелеріңізден көптеген-көп дұғай сәлемдер жолдадық.

Құдайға шүкір, осы күнде өзің көрген жандар тегіс сәлематпыз.

Сізбен, бізге хат жазған Қамаридден моллаға көптен-көп сәлем дегейсіз.

Әрбір сізге дінқарындасы тұрғысынан қылған жақсылықтары алла тағаладан қайтсын, өзіне хат жазуға уақыттар болды.

Аягөзге келген уақытта почта жүрерге асығуда екен, әртүрлі хаттарды да көрген соң, көңіліміз жай тапты. Және сізге жол қаржыға отыз теңге жібердім.

Жаңа Семейге мағлұм еткен уақытыңызда құдай тағала қаласа ат тағайындармыз.

Тәтеңіз білімнің қайнар бұлағын үйренгенің турасында бек қуанып жатыр.

Әрқашан құдай тағалаға сыйынып талап қыла көрсін дейді.

Хатыңыз тиісімен ешбір тоқтамайынша Аягөзге келіп, осы хатты жаздық. Һардайым, таупықты, абыройлы, ғұмырыңызды тілеп хат жазушы, ағаңыз Ибраһим Құнанбайұлы деп білесіз.

Тағы да көп-көп сәлем.

1866 жылында, 8 март.

***

          Қазақ даласында Абай қалыптастырған мектептің алғашқы шәкірті Халиолла еді. Оның өмірін күрт өзгерткен, тіпті қайғылы жағдайға әкелген оқиға 1869 жылы болды.

Семейде Абай етене араласқан, Құнанбай әулетіне құдалығы бар Тыныбай Қаукенов деген бай болады. Осы Тыныбай Абайдың әпкесі Мәкішті тоқалдыққа алыпты. (М. Әуезов Мәкішті Тыныбайдың ұлы Меңлібай алды деп жазады). Семейге келгенде Құнанбай тұқымы әпкелерінің үйіне тоқтайтын болған. Осы әдетпен Халиолла да қалаға келгенде бай үйіне түсіп, қызы Айғанымға ғашық болады. (Шәкәрім туралы іргелі еңбек жазған ғалым Ерлан Сыдықов Айғаным Тыныбайдың қызы емес, ұлы Меңлібайдың үлкен әйелінен туған қыз екенін айтады).

Әрхам айтады: «Бұрыннан Айғаныммен байласқан уағдасы болса керек, енді қызметкер болған соң біржола әйелдікке алмақшы болады. Халиолланың сыр айтатыны, ақылдасатын ағасы Абайға келіп осы қызды алғысы келетінін айтса, Абай: «Бұл болмайтын іс. Себебі күндестің күлі күндес деген емес пе,  Жұмәділ мен Темірғали қарындасын тірі күнінде Мәкіштің інісіне бермейді. Сендердің жүрістеріңді сезсе біреуіңді өлтіруден тайынбайды. Олардың байлығы тұрғанда орыс та, қазақ та соның сойылын соғады. Сондықтан басыңды байлап әуре болма. Қолдан келмес қорлыққа құмар болғаннан пайда жоқ», – деп ақыл айтады. Өзінің сеніп жүрген сүйеніш ағасының сөзін естіген соң Халиолла Семейде тұрақтай алмайды, қырдағы үйіне кетеді».

Атасы Құнанбай да бұл некенің шариғат заңын бұзу екенін айтып, қарсы болады. Бірақ ғашықтар жасырын уағдаласып, Алматыға қашады. Ол уақытта Хәлел сол кездегі Верный бекінісінде казак полкының есауылы Василий Леденевтің жасағында корнет шенінде қызмет ететін. Бірақ қыздың ағалары жолдан алдап тоқтатып, ғашықтарды айырады. Кейін Семейде осы іске қатысты сот болады. «Қыздың Өскенбаевқа бұрын көңілі ауғаны расталды, бірақ енді оған бармаймын деп бас тартты, сондықтан қызды зорлап Өскенбаевқа қайтаруға болмайды. Тыныбаевтың «ақша, алтын даулап берген арызының дәлелі болмағандықтан аяқсыз қалсын» деген шешім шығады. Айғаным осы оқиғадан кейін бір ай өткенде құсадан қайтыс болады. Халиолла-Айғаным оқиғасының мән-жайы Әрхам естелігінде толық баяндалған.

Абай – Халиолла-Айғаным трагедиясының тірі куәгері. Көз алдында болған оқиға. Абай неге Халиоллаға көмектесе алмады? Бәлкім, әлі жас болды. Оның үстіне Құнанбайдың десі қайтпаған, бұйрығы екі болмайтын қайратты шағы еді.

«Жетісудағы казак жасағының тарихы» атты еңбекке жазылған рецензияда Хәлелдің Алматыда құрт ауруынан қайтыс болғаны жазылыпты. Әрхам болса, қайғылы оқиғадан соң Халиолла Омбыға кетіп, сонда қызмет етіп жүріп қайтыс болды дейді.

Тұрсын Жұртбай «Құнанбай» кітабында: «Халиолла 1870 жылы 2 шілдеде қайтыс болған. 1870 жылғы 25 шілдедегі №27 бұйрық бойынша әскери тізімнен шығарылады» дейді.

Құнанбай Хәлелдің сүйегін алғызып, Шыңғыстаудағы Сарқатын қыстауына жерлейді. Хәлелмен бірге туған Смағұлдың естелігі қалыпты:

«Кәкен ағамның сүйегін әкелгенде үлкен абдыра нәрсесін қоса алып келді. Ашып көргенде бір абдырадан ылғи неше түрлі оқалаған киімдер, алтындаған қылыш, кавказдағы қанжар, пышақ, көп дүние шықты, бір абдырасы толған кітап пен қағаз екен. Қырқын беріп, бата оқырын таратқан соң шешем барлық бала-шағасын жинап алды да: «Қарақтарым, Халелім енді маған жоқ, мына боқмұрын Смағұлға бұл дүние не керек. Сендер Халелдің нәрсесін бөліп алыңдар. Әсіресе Абай қалқам, таңдаулысын сен ал», – дегенде Абай: «Әже, маған Халиолланың барлық кітаптарын берсеңіз болады. Өзге дүниелігін басқа туыстарына беріңіз», – деп Кәкен ағамның кітаптарын түгел Абай ағам алып кетті».

***

Абайдың үкілеген үміті осылай үзілді. Әрине, ақынның қазақ баласы оқыса деген ұлы мақсаты өлген жоқ. Кейін өз балалары мен оқуға бейімі бар қарадомалақтарды оқытады. Інісің бойынан көргісі келген білім мен ғылымды Абай одан қалған бір сандық кітаптан тапты. Жанына жалау болған алданышы да, жұбанышы да сол болды.

Бағашар Тұрсынбайұлы,

М.О. Әуезов атындағы әдебиет

және өнер институтының ғылыми қызметкері

Тегтер: